Ене ізгілігін іздеген келін

1893

0

«Сұрағанда әркім де береді, жомарт болсаң сұрамай бер» дегендей, анасын әркім де құрметтейді, ал, екінші анасы, енесіне келіндік парызды айтпағанның өзінде, перзентіндей қызмет ету екінің бірінде бар ма? «Балаң арам болса да, келінің адал болсын» деген сөзді қазақ тегін айтпаған. Біз бүгінгі әңгімеде Сыр елі қыз-келіншектерінің арасында ерекше аталатын есімдердің бірі Рәзия Қалжанова туралы айтпақпыз.

Рәзия Қалжанова 1953 жылғы 30 наурызда Сырдария ауданында қарасты Бесарық ауылында Қалжан әке мен Ұмытқан ананың отбасында дүниеге келген.

Қалжан Тілеубергенұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бір жарым миллионға жуық совет адамы құрбан болған Ленинград, Сталинград майданы деп аталған қырғындардың қақ ортасына түсіп, тоғыз рет жараланып, майдан даласында ес-түссіз жатқанда оны әскери басшылары өлдіге де санап қойған. Ауылына бір емес, екі рет қара қағаз келген. Майданда қайтыс болғандардың дерегі жариялаған «Боздақтар» кітабының І томында «Жауынгер Қалжан Тілеубергенов 1942 жылы қаза тауып, Ленинград облысы, Липка деревнясы маңында жерленген» деген жазулар да бар.

Рәзияның әкесі «Жаңатұрмыс» колхозы төрағасының орынбасары, бригадир, қойма меңгерушісі секілді жұмыстар атқарған.Анасы Ұмытқан – он үш құрсақ көтерген, төрт перзентін қара жерге беріп қайғыда жүрсе де, қарым талды, белім бүгілді демей, ерлермен бірге етік киіп, еңбектің ауырын арқалаған жан.

Сол заманда «Жамбыл» колхозының бір фермасын басқарған Қосымбай деген кісі болыпты. Бір жылы сиырға қарасан келіп, қырылып қалған. Мұны тән алмаған басшылар күтімсіздіктен болды деп малдың шығынын Қосымбайдың мойнына артқан. Сол кезде Қалжан әке ауылдың ірібасты адамын өз үйіне жиып, қазан көтеріп, жазықсыз жігітке көмек беруге шақырған. Басқа айтса, қылар ма еді, жоқ па, сол кісінің сөзін жерге тастамай, жұрт бар малын базарлап, сиырларын сатып, ақшасына бір-екіден бұзау алып, жүз қаралы мал жиып берген. Сөйтіп, Қосымбай сотталудан аман қалған.

 Міне, осындай елшіл, жұртшыл, үлкен жүректі кісілердің тәлімін алып өскен Рәзия да көпшіл, қоғамшыл болып қалыптасты.

1975 жылы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетін бітірген Рәзия Сырдария аудандық комсомол комитетінде есеп және қаржы бөлімінің меңгерушісі, одан кейін аудандық комсомол комитетінің үшінші хатшысы, мектептер бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Бүгінгілер біле ме, жоқ па, комсомол жұмысы қызық болатын. Әр шаруашылықта, әр мекемеде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, саяси сабақтар өтетін. Жастардың сондай бір араласуында қаладағы ПМК-66 мекемесінің жас маман инженері Орынбасармен танысады.

Бір-бірін ұнатқан жастар үйленуге сөз байласып, әке-шешелерінің рұқсатымен бас қосты. Ұзату тойына бірінші хатшыдан бастап, аудан басшылары түгел келді. Ол кездегі ұзатуда қазіргідей қыз бен жігіт бірге отырмайды. Өйткені, әлі некелері қиылмаған. Екеуі екі бөлмеде отырып, босағандан аттанарда ғана күйеу қыздың қолын ұстайды.

Осындай тойдан соң комсомолдық той болды. Сонда қала бойынша екі-ақ мейрамхана бар, Орынбасар мен Рәзияның тойы солардың бірі «Сырдария» мейрамханасында өтті. Той үстінде ПМК басшысы Виденеев өз мекемесі атынан жастарға екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Сол кездегі жас мамандарға деген қамқорлықтың бір көрінісі еді, бұл.

Рәзия түскен шаңырақта он алты жан болды. Қайынатасы да қайыненесі де ұстаз, мектеп мұғалімдері екен. Орынбасардың өзінен бұрын үйленген екі інісі бала-шағалы болып қалған. Қайынатасының тоқсанға таяп қалған шешесі Балбану да осы үйде тұрып жатты.

Тойдан соң жас келін өздеріне сыйға берілген пәтер кілтін қайынатасының қолына ұстатты. «Папа, қай балаңызды бөлек шығарасыз, өзіңіз білесіз, мен сіздермен бірге тұра беруге дайынмын», – деді. Келінінің сөзіне іші жылып қалғанын сәл күлімсіріп білдірген атасы үндеген жоқ. Отағасы Сұлтан Көшкінбаев өте сабырлы кісі болатын. Содан сол жауапты екі ай күттірді, күз түсіп, күн салқын тарта бастағанда ғана бір шешімге келді. «Орынбасар – менің інім, кемпір-шалдың баласы, шешесі міне, отыр. Сондықтан, жол сендердікі», – деді.

Бірақ, Рәзия дәл осыны күткендей буынып-түйініп тұра қашпады. «Үш бала мен әжені өзімізбен бірге алып кетейік», – деді жолдасына.

Қайнатасының қарындасы Шәрипа ападан қалған әлі жас үш ұл осы үйде еді. Олардың әке-шешелері қайтыс болған, екеуі оқушы, біреуі әлі мектепке бармаған. Өзі де біреуден қамқорлық күтетін шағында Мұңлық-Зарлықтарды қамқорлығына алды. Үлкен енесінің қас-қабағын бақты. Ешқашан мынау не, анау қайда дегенді естіртпеді. Әркімге тиесілі нәрсені айтпай біліп, орындап отырды.  

Сөйтіп, жүріп өздері екі балалы болды, сол кезде ПМК-66 оларға үш бөлмелі пәтер берді.

Ал, енді Рәзияның енесі туралы сөзге келейік.

Нәзира Бәйімбетова – білім саласына танымал тұлға, ұлағатты ұстаз. Көп жыл бойы бірнеше мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. 1955-1961 жылдары Киров атындағы №143 мектептің директоры қызметін атқарды. Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, КСРО Халыққа білім беру ісінің озаты.

Рәзия келін болып түскенде енесі елу жаста екен. «Келін ененің топырағынан» деген, алғашқы күннен-ақ ене мен келін бір-бірін сағына күтіп жүрген жандардай араласты. Нәзира ана өте биязы, ешкімнің бетіне жел болып тимейтін, қамқор пейілді кісі еді. Келінге жаңа келген жерінің үрдіс-әдетін айтып емес, көрсетіп жүріп сіңірді.

Атасы да, енесі де өз кәсібі болған мұғалімдікке шын берілген, «қырық жыл ұстаз болса да, қырық бес минуттық сабағына дайындалудан» басқаға мойын бұра бермейтін, құлағы елдің әңгіме-сөзіне бітеу, көзі жақсы мен адалға ашық жандар болатын. Рәзия барғанда сол үйде бір қабырғаға жиналған кітаптан басқа дүние-жиһаз атымен жоқ еді. Жас келін ең алдымен енесінің бойынан аса қарапайымдылық пен кішіктікті, мейірімділікті көрді. Сол көргенінен жазбады. Күні бүгінге дейін Рәзия біреудің жетпес тұсын көрсе, жалғап жібергісі келіп тұрады.

Өмір деген осы, содан бері де елу жылға жуық уақыт өте шығыпты.

1994 жылы енесі, 2008 жылы атасы қайтыс болды. 2016 жылы жолдасы Орынбасар өмірден озды. Қазір өзі ене, екі келін түсірді. Кейде өзін Нәзира енесінің орнына қойып көреді, келіндеріме сол кісідей бола алдым ба дейді, іштей толғанып.

Өткенге көз жіберіп отырса, баяғылардың «қамшының сабындай», «есік пен төрдей» деген сөздеріне ой бойлатады. Бір жылдары Сырдария аудандық Тұтынушылар қоғамы төрағасының кадр жөніндегі орынбасары, бастауыш партия ұйымының хатшысы, онан кейін аудандық Білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы болды.

1997-2008 жылдары Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитеті төрайымының орынбасары, 2008-2012 жылдары «ҚазГермұнай» БК ЖШС Әлеуметтік даму және көпшілікпен байланыс бөлімінің бастығы қызметін атқарды.

2012 жылдан бүгінге дейін «ҚазГермұнай» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Ардагер мұнайшы» қоғамдық қорының директоры болып абыроймен еңбек етіп келеді. Еңбегіне сай марапаттар да алды. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының «Еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісінің иегері атанды. Қызылорда қалалық мәслихаттың V шақырылымында депутат болып сайланды.

Екі-үш сөйлемге сыйып тұрған осынша жылдың қанша сыры, қанша мұңы, қанша қуанышы бар.

Үнемі оңаша қалғанда ойына енесі оралады. Қандай зият, қандай сұлу кісі еді. Ауыр жылдарда қанша салмақты көтеріп жүріп, Сыр елінің мыңдаған азаматының бойына білім нәрін, қазақтың ұлттық тәлімін сіңірді. Сонда ол кісінің атын өзі білетіндер ғана атап, ұмыт қала бере ме?

Осы ой Рәзияны атқа қондырды. Күндіз-түні тыным таппай ізденді, қанша ресми органдарды аралап, табан тоздырды. Аяулы ұстаздың атына өзі еңбек еткен бүгінгі Маханбетов ауылынан бір көше беру мәселесін көтерді. Оңай бола салатын не бар? Көрнекі тақтаны, тіпті әр үйге ілінетін атауларды да өзі жаздырды.

«Талпынған жетер мұратқа» деген, ақыры жергілікті ономастикалық комиссияның және Ақсуат ауылдық округі әкімінің шешімімен қала іргесіндегі Маханбетов ауылының бір көшесі ұлағатты ұстаз Нәзира Бәйімбетованың атына берілді.

Осы көшенің ашылуын жариялаған газет бетіндегі хабарда: «Н.Бәйімбетова атындағы көшенің ашылуына, одан соң аруаққа арналып  берілген асқа қатысушылар осынау еске алу рәсіміне мұрындық болған ұлағатты ұстаздың келіні, «ҚазГермұнай» бірлестігі ардагерлер кеңесінің төрағасы Рәзия Қалжановаға ризалық білдірді» деп жазды.

Осы сөздің өзі – ене ізгілігін іздеген келіннің тек ризалық пен алғыс алып келе жатқан жайының бір сипаты.

Бүгінде жетпіс жастың белесіне шығып отырған Рәзия апаның өзі:  «Менің көктеп-көгерген өмірім – әуелі Құдай, сосын үлкен енемнің батасы, анамдай болған кіші енемнің алғысының арқасы», – дейді. «Алтын алма, алғыс ал» дейді халқымыз, алтынның буы бір мезеттік, алғыстың туы ешқашан жығылмайды екен.

Нәзира Бәйімбетованың атына көше беріліп жатқанда Рәзия апамызға бір кісі келіп: «Анаңыз ба?» – деп сұрапты. «Енем ғой», – дейді бұл кісі. Сонда әлгі сұраушы: «Ойпырым-ай, тірісі былай тұрсын, тіпті қайтыс болып кеткен енесіне де осынша қызмет қылатын келін бар екен-ау», – деп таңғалыпты.

Осы бір екеуара айтылған сұрақ-жауап барша қазақ келіндеріне үлгі боларлық сөз еді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<