Ерліктің ерен үлгісі

501

0

Ерліктің ерен үлгісі Биыл жанқияр ерлік пен елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауының желбірегеніне 73 жыл толды. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы – осы жеңістің арқасы. Ел шетіне жау тиген шақта қолына қару алып, қан майданға аяқ басқан жауынгерлер қашанда құрметті. Батырлық үлгісін көрсете білген Тәнеш Оразов та – сұрапыл соғыстың куәгері. Қаһарлы Манштейн армиясының жолын тежеген жауынгер, ел амандығы үшін аянбай тер төккен абыз ақсақал бүгінде 95 жасқа қадам басты. Кейіпкеріміз туралы әңгімені сәл әріректен бастасақ.

Тәнеш Оразов – өмір сынымен шыңдалған жан. Он жасқа толған шағында ашаршылық басталып, бай біткеннің малы тәркіленіп, жер аударылды. Кейіпкеріміз қиындықтардың әсерінен ерте есейді. Шіркейлі ауылындағы орта мектепте білім алып, Ақмешіттегі мұғалімдер даярлайтын училищеге оқуға түсті. Ол кезде мұғалім ең қадірлі мамандық болса керек. Оның үстіне ата-анасы да мұғалім бол деп аманаттапты. Осылайша, бала Тәнеш алдына «қолға диплом алып, өзім ұшқан мектебіме мұғалім болып ораламын» деген нақты мақсат қояды. Дегенін жүзеге асыруға асық болатын. Оған қол жеткізуге де бір-екі ай қалған. Бірақ, жас жігіттің арманы жаздың жаймашуақ бір күнінде көкке ұшты. Радиодағы диктор Левитанның дауысы ұйқысын шайдай ашып, жатақханадағы орнынан атып тұрғызды. Оның «Герман фашизмі қасиетті Отанымызға басып кірді» деген сөзі ауыр тиді. Осылайша, жасы жиырмаға жетпей, әскерге аттанды. 1941 жылдың 21 желтоқсаны әлі күнге дейін есінде.

– Түн. Әскери комиссариаттың алды толы адам. Вокзалда қаз-қатар тізілген қызыл вагон. Мені ауылдан шығарып салған Абзал деген ағайымның жігерімді қайрап, «Жеңіспен орал, бауырым!» деген қуатты сөзі есімнен кетпейді. Пойызбен үш-төрт күн жол жүрдік. Бәріміздің көңіліміз жабырқаулы. Бұрын аяқ баспаған Ашхабадқа келдік. Күні-түні жаттығу. Командирлеріміз бар қиындықты жеңуге үйретті. Жаяу әскерлер училищесін бітіріп, лейтенант шенінің жұлдызын жарқырата тағып, офицер атандық. Неміс әскерлері жойқын қаруымен көп қаланың күл-талқанын шығарып жатты. Радиодан естілген суық хабар жан түршіктіретін. Бас штабтан түн мезгілінде бұйрық келді. Тағы да жиырма шақты вагонға отыру басталды. 1942 жылдың маусым айында Красноводск, Махачкала арқылы кемемен жүру басталды. Қайда бара жатқанымыз мүлдем құпия ұсталды, – деп еске алады майдангер.

Әңгімесін әрі қарай сабақтаған Т.Оразов бұл соғыстың мүлдем жойқын болғанын айтты. Дон мен Волга аралығындағы неміс-фашист әскерлерінің стратегиялық тобын талқандау оңайға түспеген. Соғыс 1943 жылдың 2 ақпанына дейін созылған. Жаудың көздегені – Сталинградты басып алу. Олар ұрысқа 250 мыңдай адамы бар 18 дивизияны, 740-қа жуық танк, 1200 ұшақ пен 7500 зеңбірек минометтерін жұмсаған. Десе де, жаудың беті қайтты. Шілде-қараша айында олар 700 мың армиясынан, бір мыңдай танкісінен, 2 мыңнан астам зеңбірек-минометінен, 1400 самолетінен айырылды. Атақты генерал-фельдмаршал Ф.Паулюстің 6 армиясы қоршауға алынып, тізе бүкті. Бұл шайқаста кейіпкеріміз қаншама боздақтың қыршыннан қиылғанын қайғыра еске алып, бүгінгі күнге тәубе етуге шақырады.

– Сталинград шайқасынан аман қалып, елге оралам деген ойда жоқ еді. Сол аяғымның күл-талқаны шығып, окопта көміліп қалдым. Әскери медбикелер носилкаға салып, Камышин қаласындағы дала госпиталіне жеткізді. Ауыр операция бірнеше сағатқа созылды. Алайда, дәрігерлер қатарға қосып, Саратовтағы госпитальға ауыстырылдым. Елге қайтатын шығармын деген қуаныш ұшқындады. Бірақ, жаралы офицерлерді әскерден босатпау керек деген бұйрық шықты. Мені Тәшкен соғыс округіндегі кадр бөліміне жіберді. Кадр бөлімі қолыма әскери комиссариаттарға пайдалануға жолдама берді. Жолдама туған жер топырағынан бұйырыпты. Ауылға қайтардағы сол күнгі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Бұл кездері ел еңсесінің көтеріліп қалғанын да байқадым. Әскерден оралғандар біртіндеп көбейе бастады, – дейді Т.Оразов.

Ауылға келген соң жауынгер Тереңөзектегі әскери комиссариаттың екінші бөлімінде, Арал қаласындағы әскери комиссариаттың бірінші бөлімінде қызмет атқарды. 1946 жылдың маусым айында денсаулығына байланысты әскери жұмыстан босатылып, сауда саласындағы сан алуан қызметтің тұтқасын ұстады. Облыстық тұтынушылар одағының бақылау-ұйымдастыру бөлімінің бастығы, Шиелі, Арал аудандық сауда саласында, Қызылорда қалалық тамақтандыру саласында басшылық қызметте болды.

Арамызда жүрген ардагерлер – кешегі Отан қорғаушылар, еліміздің көркеюіне үлес қосып, ерен еңбегімен соңына өшпес із қалдырған азаматтар. Біз олардың қасиетті жолын қастерлеп, оны лайықты түрде жалғастыруға тиіспіз. Өйткені, Тәнеш Оразұлы секілді жеңісті жақындатқан сарбаздардың ерлігі – бүгінгі бейбіт күннің кепілі. Олар тек Ұлы Жеңіс күні ғана емес, әрдайым құрметке лайық.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<