Іздеушілер бар болса…

1235

0

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында тұратын немере інім Бауыржан Қазиев елге келгенде менің қолыма мына­дай құжаттарды табыс етті. Ол Жалағаш қыстағындағы орта мектепте тәуір оқыды. Әдебиет, тарих пәндеріне үнемі қызығушылығын білдіріп жүретін.

Бұқарбай батыр ауылында 1901 жылы туған атасы Қази Айтуаров Қармақшы аудандық әскери комиссариаты арқылы 1941 жылы майданға аттанған. 183-ерекше байланыс батальонында қатардағы жауынгер ретінде соғысқа қатысқан. 1943 жылдың 27 ақпанында 41-дивизия құрамында Украинаның Харьков облысы Лазовая қаласы «Изюм» станциясы маңындағы ұрыста хабарсыз кетті деген соңғы мәліметті маған берді. Боздақтар кітабында «Қази Айтуаров 1906 жылы туған 1941 жылы майданға аттанған. Сталинград майданында 1943 жылдың 27 ақпанында қаза тапқан, баласы Қазиев Ақанның жазған хаты» делінген.

Әкесі соғысқа кеткенде Ақан 5 жаста екен. Қази әкеміз 1901 жылы туған. 1942 жылы маусым айында соғысқа аттанып, Сталинград майданынан мүгедек болып елге оралған менің әкем – Кәрімнің туған ағасы. Қарт әкесі мен ба­уырларына жазған хатында «Воронеж майданындамын, жағдай ауыр, бағытымыз – Украина» деп жазғанын әкем марқұм айтып отыратын.

«Соғыс өрті қаулаған Ресей, Украина, Белоруссия жерінде жандарын құрбан еткен, аттары ұмыт қалған, бауырластар зиратында жатқан жауынгерлердің есімдерін бүгінгі жастар анықтап, халқына қауыштыруда. Сол ел­дердің жас буы­­ны патриоттық бел­сенділік та­нытып, қыруар жұ­мыс атқаруда. Түрлі шараларды жыл бойы жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Ресейде Кеңес Одағының батыры П.Д.Хренов атындағы бүкілресейлік іздеушілер қауымдастығы құрамында патриот отряд командирі А.В.Корнев «Чека», «Сопша» А.Семенов жетекшілік ететін координатор тобы, тағы басқа  патриоттық топтар жұмыстар атқарады. Ал біздің елде бұл салада айтарлықтай жұмыс жоқ десем, артық айтқаным емес. Тек қана еліміздің солтүстік облыстарында, атап айтатын болсақ, Павлодар облысында «Майдан жолы» іздеуші отряды командирі Александр Шитовтың басшылығымен жұмыс жасауда. Ал Украинада Харьков қаласында тұратын қазақ қызы Макка Каражановна, Ресейде тұратын Күлән Нұрмағанбетова, Ресейдің және Украина жерінде қаза болған бауырластар зиратында жерленген қазақстандықтарды іздеп тауып, есімдерін анықтап, сайтқа салып халыққа қауыштыруда орасан жұмыстар жасауда. Солармен мен де тұрақты байланыс жасап, еңбек етудемін. Олар маған тек қана Қызылорда облысының соғысқа аттанған, қаза болған, хабарсыз кеткен бірақ жерленген жерлері белгісіз жауынгерлердің деректерін сайтқа салып, байланыс жасап тұрады» дейді Бауыржан інім.

Осы мақаланы жазудағы мақсатым – Отан үшін опат болған, жат жерде сүйектері қалған боздақтардың есімдерін халқына қауыштырып жүрген қыздарымның патриоттық істеріне ризалығымды білдіру.

Мен – бір отбасынан үш бірдей азаматы майданға аттанған әулеттің ұрпағымын. Өзім де соғыстан оралмаған боздақтардың есімін халқына қауыштыруда ізденіспен еңбек етіп жүрген жанмын. Үлкен ағам Сражадин Айт­уаров бес жауынгерлік орденінің иегері, рота командирі, Варшаваны азат етуде опат болған. Польшаның Рамерь қаласында бауырластар зиратында жерленген. Ал әңгіме болып отырған әкем Қази Айтуаров жоғарыда айтылғандай, «Боздақтар» кітабында Сталинград майданында қаза болған десе, іздеушілердің тапқан деректерінде Украинаның Харьков қаласы маңындағы елді мекендегі шайқаста хабарсыз кетті делінген. Отбасымызға келген «қара қағазда» хабарсыз кеткені жазылған еді.

Сөз соңында сол 1943 жылдың 27 ақпан күні жоғарыда айтқан құрамында шайқасқа қатысқан, жерленген жері белгісіз, мерт болғаны не хабарсыз кетіп, анықталмаған ерлердің есімдерін газет арқылы хабарлауды жөн көрдім. Есімдері орысша жазылған.

Қази Айтуаров 1901 жылы туған, Жалағаш ауданы. Айтпаев Каит Назарович 1887 жылы туған, «Еңбекші» колхозы Жалағаш ауданы, «Боздақтар» кітабында жоқ. Дойсенов Нагенан 1902 жылы туған, Ақсу сельсоветі, Жалағаш ауданы «Боздақтар» кітабында бар. Джиенбаев Нахматодин 1941 жылы туған, Қармақшы ауданы №4 сельсоветі, Қазалы АӘК шақырылған. Дильманов Далдабай 1901 жылы туған, Қазалы ауданы. Унгитбаев  Оспан 1901 жылы туған, Сырдария ауданы, «Құмсуат» сельсоветі. «Боздақтар» кітабында жоқ. Жоғарыда аттары аталған азаматтардың туған-туыстары бар болса, газет арқылы хабарласар деген ойдамын.

Сондай-ақ, мына мәліметті беруді жөн көрдім. «Боздақтар» кітабында Тасқараев Менбай бұрынғы «Белсенді» колхозы, Қаракеткен ауылдық кеңесінде 1902 жылы туған, білімі шала сауатты, колхозшы Қармақшы АӘК арқылы майданға аттанған, қатардағы жауынгер ретінде соғысқа қатысқан, 1942 жылы Сталинградта хабарсыз кеткен (Жалағаш АӘК және Қаракеткен ауылдық кеңесінің мәліметі) делінген.

Іздеушілер тобының анықтау дерегінде орысша Таскараев Мининбай, Қызылорда облысы Сырдария ауданында 1900 жылы туған, Қармақшы АӘК арқылы майданға аттанған, 101-ЕА бригадасы құрамында жауынгер-атқыш болып соғысқа қатысқан, 1943 жылдың 25 қыркүйегінде қайтыс болған, жерленген жері Смоленск облысы, Дмитров ауданы, Стрельцы деревнясы делінген. Екінші боздақ Бисенов Нурадин Бисенович 1908 жылы туған, Қазалы ауданы, Бельгияның Лимбург провинциясы Генк қаласындағы шталаг IVB концлагерінде 30 мамыр 1944 жылы қайтыс болған. Осы екі жауынгердің сүйектері табылып, дәлелденген.

      Рысбай КӘРІМОВ,

зейнеткер.

Жалағаш кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<