КӨЗДЕН КЕТСЕ ДЕ, КӨҢІЛДЕН КЕТПЕС…

500

0

Абыз Абайды  «Мұн­дай да ажал көрдің бе, Тонаудан бір күн тынбаған?»  деп налыт­қан ажал ардақты Құт­тықожа Ыдырысов аға­мызды да арамыздан мезгілсіз, күтпеген жерден алып кет­кенін естігенде төбеден жай түс­кендей болған сол бір қаралы күннен бері де қырық күндей уақыт өтіпті…
Ағамыздың ес біліп, алғаш ең­бекке аралас­қанынан күні кеше­ге дейінгі ғұмыры – бар­лық күш-жігерін, білімін, қабілетін елге қыз­мет етуге арнаған атпал азамат­тық­тың үлгісі.
Ол 1951 жылы 1 маусымда Қы­зыл­орда облысының Жаңа­қор­ған ау­данында дүние­ге келді. Еңбек жолын туған ауылы – «Түгіс­кен» кең­шарында жұ­мыс­шы болып бас­тап, Алматы халық ша­руа­шылығы инс­титу­тына түсіп, саналы ғұмы­рын ар­наған сүй­ікті экономист маман­ды­ғын ал­ды.
1974-1995 жылдар аралығында облыстың бірқатар мекемелерінде есепші, экономист, тексеруші-бух­галтер, қаржыландыру бойынша бөлім бастығы қызметтерін атқар­ды. Егемендігіміздің елең-ала­ңын­­дағы тағдыршешті кезеңде об­лыс­тық қазынашылық, қаржы бас­қар­маларының басшысы, облыс әкімінің орынбасары тәрізді аса жа­у­апты лауазымды қызметтерді абы­роймен атқарды. Білікті маман, қа­жырлы, талапшыл, табанды басшы ре­тінде тәуелсіз еліміздің қаржы, эко­номика институттарының ірге­тасы қаланып, қалыптасуына өзінің лай­ықты үлесін қосты десек, артық айт­қандық болмас еді. Осындай еңбе­гінің арқасында 2010 жылдан бері Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің ІV және V шақырылымдарының депутаты болып сайланды, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ретінде терең талданып, ғылыми негізделген көп­теген ұсыныстары қолдау тапты, қолданысқа енгізілді.  
Еткен еңбек елеусіз қалған жоқ – «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» медальдары­мен марапатталды. «Облыстың қайы­рымды адамы» номинациясын ие­ленді.  
Құттықожа ағамыз да тек Сыр өңіріне ғана емес, бүкіл елімізге танымал болған қаржы саласының корифейлері – Камал Шөкенов, Бименде Баймаханов сынды алдыңғы буыннан тәлімін алып өсті, ақыл-кеңесін орындады, нәтижесінде елге танымал тұлға деңгейіне жетті. Қаржыгер әріптестері Қамбар Әжібеков, Дайрабай Ысқақов, Жомарт Боранбаев, Сәндібек Аманжолов, Серікжан Қалиев, Рысбек Мәмбетов сынды елге танымал замандастарымен қыз­меттік әрі достық қарым-қатынаста болды.
Мамандығы нақты ғылым – қар­жы, экономика саласы болған­дықтан болар, әлде қабілеті, бейім­ділігі болғасын да, Құттықожа аға­ның қай мәселеге қатысты болса да айтар ойы нақты, көп сөзден ада, қыс­қа да нұсқа болатын.
Байыппен сөйлейтіні, өткір, жал­тақтамай нақты шешім қабылдайтын қайсар мінезі, сырттай қараған адам­ға қаталдау көрінетін, алайда түптеп келгенде, ақкөңілділігі, кең­пейілділігі кімге де болса үлгі болар­лық қасиеттер еді.
Кезінде облыс әкімінің орынба­сары, облыстық бюджет комис­сиясының төрағасы ретінде ұлттық рухани құндылықта­рымызды қас­тер­леу, туған тіліміздің деңгейін арт­ты­руға бағытталған шараларға кей­бір функционерлер қаржы бөлуге табан­дап қарсылық білдіргенде Құтты­қожа ағаның: «Түсініңіздер, қа­зақ тілі – ел бірлігі, бұл саясаттың мәсе­лесі», – деп, қайтарып тастағаны есімде. Бүгінде қандай қиын кезеңнен өтсе де, ұлтымыздың рухани деңгейі тө­мендемегені, қайта қазір «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасына то­ғысып, ұласуы ағамыз тәрізді ұлт­жанды тұлғаларымыздың арқасы еке­ні сөзсіз.  
Құттықожа ағамыз диплома­тиялық шеберлігімен де асқан тұл­ға еді. Байқоңырдағы «Про­тон» зымыраны құлаған тұста, айдалада алау болып жағылған газды ел игілігіне жарату бастамалары кезінде ағамыздың бұл қасиеті айрықша көрінді. Арнайы құрылған жұмысшы тобының басшысы ретінде тараптармен кездесулерде ағамыздың қайсарлығы мен түпкілікті ойын жеткізе білуінен олар бір тоқтамға келіп, облыс хал­қының өмір сапасын жақсартуға қажетті күрделі шешімдердің қабыл­дануына негіз қаланды.
Көркем әдебиетті, әсіресе қазақ поэзиясын терең білетініне қарап, қау­ырт жұмыс арасынан оларды оқу­ға қалай уақыт табатынына қайран қалатынмын.          
Қазақстанның болашағы жайлы әңгіме болғанда «Біздің елдің болашағы – біздің балаларымыз, сон­дықтан біздің міндетіміз оларға жақсы білім, жақсы тәрбие беру, әрі ерте бастан патриоттық рух сіңіру, еліміз сонда ғана өркендейді!», – деп нық сеніммен айтып отыратын. Мен мұның барлығын көпшіліктің айт­қанынан емес, қарамағында қызмет атқарып, өмір тәжірибесінен тәлім алуға тырысып келе жатқан, өмірде жиі араласқан ізбасар інісі ретінде жақсы білемін. Қайбір тығырыққа тірелген мәселелерде ағаның көме­гіне жүгінетінбіз, кімге де болса ақыл-кеңесі әрдайым дайын болатын.
Әмәнда аға ініге сыншыл. Қыңыр тартсаң, тезге салып жөндейді. Алға бассаң, масаттанады, қуанады, риза болады. Ойынан, сенімінен шық­саң, ащы терін алған тұлпардай ұлы бәйгелерге қосады. Міне, Құт­ты­қожа Ыдырысұлы осындай аға­лардың қатарынан еді. Өз басына ар­тықшылық тілемейтін, өзгелерге мейірбандықпен қарағандығынан да Құттықожа ағамыз жұртына жұ­ғымды, қай кезде де еңбек еткен ұжымына жағымды еді.
Құттықожа аға өзінің мол тәжі­рибесін кейінгі буын мамандарға үйретуден жалықпады, бүгінде рес­публика көлемінде оның ісін жал­ғастырушы ізбасарлары көптеп саналады. Бір парасын атайтын болсам, олар әріптес іні-қарындастары Рахымжан Нұрсейітов – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым жөніндегі комитеті төрағасының орынбаса­ры, Балжан Шәменова – «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты бас­шысының орынбасары, Райхан Ыс­қақова – облыстық мәслихат депутаты, қаржы саласының ардагері,  Сәуле Құлымбетова – Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының төрайымы, Талғат Жақыпбаев – Қы­зылорда облыстық қаржы басқар­масының басшысы.  
Рухы күшті, өз ортасында қадірлі де аяулы жандардан айырылу қа­шан да қиын әрі ауыр. Осындайда халқымыздың «Өмірден жақсы озса, жарты жұртым көшіп кетті десейші» деген даналық сөзінің мағынасына көзіңіз жетеді.
Шүкіршілігі – артында өмірін жал­ғастырар ұрпағының, оның тә­лімді тәрбиесін алған, ақыл-кеңесін естіген, болмаса да ағаға ұқсап бағуға тырысқан ізбасарларының қалың тобының барлығы.
Ата-бабасынан жалғасқан жақсы дәстүр Құттықожа ағамыздың со­ңында қалған ұл-қыздары мен неме­релеріне үлгі-өнеге екені сөзсіз. Жылдар өтер, алайда біз ағамызды жүрегімізде ұзақ уақыт сақтайтын боламыз.
Өйткені, тірісінде маңайында­ғы­ларға жан жылуын шашқан, пана болған қамқор аға өзі ортамызда болмаса да жақсылықтарымен ойға жиі оралары, көзден кетсе де, көңілден кетпесі, әлі талай сағындырары ақи­қат.
Роман МҰСАБЕКОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<