Ұзақ Бағаевтың хаты

1875

0

Еліміздің байырғы басылымдарының бірі, Сыр елі – жыр елінің рухани қарашаңырағына айналған Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің 90 жылдан астам тарихы бар. Басылымды бірнеше редактор басқарды. Солардың бірі Ұзақ Бағаев 1962 жылдың тамыз айында Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне редактор болып тағайындалған. Қаламы қарымды журналист аталған басылымды 1962-1968 жылдар аралығында 6 жыл басқарды.

Байсалды басшы 1968 жылдың қараша айында Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетіне жіберіледі. Бір жыл­дан соң 1969 жылы өзін түлетіп шы­ғарған республикалық «Социалистік Қа­зақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетіне басшылық қызметке ауысады. Бұл қызметті ол ақтық демі біткенше, 1973 жылдың 28 шілдесіне дейін ат­қарады. Ұзақ Бағаев ағамыз кейін Сыр елінен қол үзбей хабарласып тұрыпты. Оған қазақтың қайсар ақыны, артына өлмес өлең мен проза қалдырған, көңілдері жарасып, айнымас дос болған Зейнолла Шүкіровке жазған хаты дәлел. Бұл хат қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Хат 1969 жылдың 27 қаңтарында жазылыпты.

«Қадірлі Зеке! Сәлем бердік. Жазған хатыңызды алып, қуанып жатырмыз. Рахмет. Апайдың, өзіңіздің хал-ахуалдарыңыз қалай? Әрдайым ден таза, көңіл қош болуына шын тілектеспіз ғой. Біз де өздеріңізді сағынамыз, үнемі әңгімелеп, еске алып отырамыз. Осыдан екі күн бұрын радиодан даусыңызды естіп, бала-шағаға дейін дуылдасып қалдық. Осылай ұйымдастыра қойған Зұлқарнайға алғыс сезімін білдірістік.

Мұнда бірсыдырғы дұрыс жайғасқандаймыз. Балалар оқуын жалғастырып кетті. Нұрбибі де мектепке барып жүр. Ел-жұрт, қарға тамырлы қазақ қой, бұл жерде де сырластар табылатын көрінеді. Бірақ өзіңіздей, Баекең мен Қомшабай, Нұрекеңдердей сырлас болатын жандардың төбесі әзірге көріне қойған жоқ.

Талдықорған кәдімгі мақпал қардың ордасы тәрізді екен. Төбеде бұлт кіреукелеген көк аспан, айнала аппақ қар жамылған ақ дала, қармен құрсанған қалың ағаш. Жазда жайнап кетеді-міс деседі. Оны да көрерміз.

Мынау «Нағыз гүл» жарияланған газет нөмері, Зеке. Қолымызда екі-үш күн ғана ұсталды. Оқушыларымызға-жетісулықтарға жеткізуге асықтық.

Басқа не айта береміз. Достардың бәріне ыстық сәлем жолдайсыз. Апаға, Алпысбайға, қыздарға арнайы.

Жиі-жиі хат жазып, Сыр өңірінің жаңалықтарын хабарлап тұрғайсыз. Міне, Нұрбибі келе қалып, қадалып тұр: «Зекен мен апама менің сәлемім ерекше естілсін!», – дейді. Айтқаны дәл осы.

Есен-саулықпен көрісейік, Ұзақ, Нұрбибі. Талдықорған, 27.І.69.»

Хаттың жазылған уақыты Ұзақ Бағаевтың Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторлығынан Талдықорған облыстық газетіне ауысқан кезіне сай келеді.

Алматы облысы Кеген өңірінде дүниеге келген Ұ.Бағаев ағамыз Сыр топырағында абыроймен қызмет атқарған тұста үлкен құрметке бөленген. Сезімі сергек және талапшыл жан екенін көрсете білген. Ол Сыр елінің зиялы қауымымен етене танысып, біраз игі жұмыстар атқарды. Қайсар ақын Зейнолла Шүкіровпен де сол жылдары танысқан. Хаттағы мәтін соны аңғартатындай. Ұ.Бағаев Сыр елінің ақын-жазушыларымен бірге Қызылорда өңірінің мәдени-әдеби өміріне көп өзгерістер әкеліп, оны үлкен бедел биігіне көтерді, қайнаған өмірмен бірге тыныстап, артына өшпес із тастап кетті.

Хатта Ұ.Бағаев екі күн бұрын Зейнолланың дауысын радиодан естігенін, отбасымен қуанып қалғанын айтады. Радиоға шығуына септігін тигізген Зұлқарнайға алғысын білдіреді. Хаттағы Зұлқарнай – белгілі қаламгер, көрнекті аудармашы Зұлқарнай Сахиев болатын. Ол 1965-1967 жылдары Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметінде болған.

«Совет Қарақалпақстаны», Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), «Путь Ленина» газеттерінде, «Социалистік Қазақстан газетінің аға тілшісі, жауапты хатшысының орынбасары, т.б. жауапты қызметтерде болған Зұлқарнай Сахиевтің Зейнолла Шүкіровке жасаған көмегі зор болған.

Ұ.Бағаев очерктерін оқу үстінде көбіне көп байқайтынымыз – оның қаламының ел тіршілігімен үндес, халқының жүрегімен мұңдас болатыны. Мысалы, ол осы орайда өзінің «Жүрек оты» очеркінде тағдырдың қатал соққысына төтеп беріп, өмірталқысын талантымен бағындыра білген қазақтың Островскийі атанған З.Шүкіров туралы тамаша ой толғайды. Өмірдің есігін енді ғана ашқан бала балдырған шағында кәріп болып қалған кезеңінен оның кемел шағына дейін бейнелі сөздермен суреттейді. 

«Ол кезде сәби едім, сегізде едім,

Білмеймін нені арман қып, нені іздедім,

Сарытөсек науқас болып жаттым әлсіз

Өмірден күдерімді тек үзбедім…» 

Бұл – оның өз тебіренісі. Бұл оның жастық шағының суреті. Бұл – оның бүкіл өмірі…», – деп жазады Ұ.Бағаев.

Бұл – қаламдасы, замандасы болған З.Шүкіровтің өмірдегі ерлігіне, қарапайым адамға көрінбес қажырлығы мен қайсарлығына тәнті болып, тұлға ретінде мойындауы. Хатта көрнекті ақын Қомшабай Сүйеніш те сөз болған.

Ол 1937 жылы Сыр топырағында дүниеге келген. Еңбек жолын Қызылорда облыстық радиосында бастап, ұзақ жыл облыстық газетте қызмет істеген. 1983 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы кеңесшісі, 1996-2008 жылдары филиалдың директоры болды. Ұзақ Бағаевтың да, Зейнолла Шүкіровтің де сырлас досы болғанын байқауға болады. Ұзақ Бағаев Алматы облысы, Райымбек ауданында 1930 жылдың 16 қазанында туған, Алматы қаласында 1973 жылы дүниеден өтті. Биыл туғанына 90 жыл толып отыр.

Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<