БИДІҢ БАҒАСЫН БҰҚАРА БЕРЕДІ

481

0

Сыр бойы – талай тұлғаларды өмірге әкелген қасиетті де киелі мекен. Оларды ұмытпай, санада жаңғыртып жүру – ұрпақтың ұлы парызы. Бұл  тұрғыда Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақ ұлтын сақтап қалуда және елді дамытуда аянбай еңбек етіп, қасық қанын қиған, өмірін арнаған тұлғалардың есімін жаңғырту қажеттігін баса айтты. Мұндай тұлғалар барлық өлкеде бар.
Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақпен жапсарлас біздің ауылда қиын-қыстау кезеңде елдің мұңын мінберден жеткіземін деп жүріп қуғынға ұшырап, абақтыға жабылса да ұстанымынан жаңылмаған жан бар. Ол – Тұңғышбай би Күнікеұлы. Оның атымен «би» деген беделі қатар жүреді. Қазақта бидің ықпалымен, керек десеңіз, ел басқаратын патшаның өзі санасатындай жоғары болған. Ал Тұңғышбай – сондай билердің соңғы тұяғы. Осындай атпен, яғни «Билердің соңғы тұяғы» ғылыми-танымдық зерттеу кітабын тарих ғылымдарының докторы, Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Хазретәлі Тұрсын жазып шықты. Кеңестік саясатты қабылдамаған би саяси қауіпті адам ретінде қуғындалып, жер аударылып, сүйегі Орал жерінде қалды. Сондықтан ол туралы нақты мәліметтер де оңай қол жеткізетін жерде емес, солай бола тұрса да, дәйекті деректер мен архивтік құжаттарды негізге алып, көрнекті кітап жазған автордың еңбегі орасан. Автордың айтқанындай, кітаптың мазмұнын бір ғана Тұңғышбай бидің тұлғасын танытумен шектеуге болмайды. Тоталитарлық биліктің қуғын-сүргініне ұшыраған би дәстүрлі қазақ қоғамының белді бір өкілі болғандықтан, оның болмысы да, тағдыры да тарихқа, жалпыға ортақ.
Жоғарыда аталған еңбек­те, архив құжаттарында көрсе­тілген деректерге сәйкес, Тұң­ғышбай Күнікеұлы 12 ауылға би болып қызмет істеген. Ол өзінің құзырына кіретін жер, жесір даулары мен тұрмыстық сипаттағы дау-шарларда, сон­дай-ақ жылына бір рет өткі­зілетін билер съезінде Жаңа­қор­ған болысының аға биі Тас­болат Кешеуұлымен бірге әлденеше рет қатысып, билік айтқан.
Міне, пайымдап, бағалай білсек, бүгінгі тілмен айтқанда, бір аудан халқының хал-жағ­дайына алаңдап, ондағы дау-дамайды шешіп, ел ішіндегі мәселелердің түйінін тарқатып отырған. Басқасын былай қойғанда, 12 ауылдың өзі аз емес, жеңіл жүк емес. Сондай салмақты һәм жауапты тұлға, өкінішке қарай, аудан түгілі ауылдың өзінде еленбей келеді. Биыл Тұңғышбай бидің туғанына 160 жыл болады. Осы орайда, тұлғаның туған жерінен, шарапаты тиген мекеннен бір көшенің аты берілгенін қалаймыз. Оған нақты ұсынысымыз да бар: Жаңақорған ауданы, Сунақата ауылының Ю.Гагарин атындағы көшесін Тұңғышбай би Күніке­ұлының атына берілсе, құба құп болар еді.

Тұрдыбекқажы БАЛҒАБАЙҰЛЫ,
ауыл ақсақалы.
Жаңақорған ауданы, Сунақата ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<