Кондиционерді қалай дұрыс қолдану керек?

1439

0

Ыстықтан қорғанудың бір тәсілі – үйге, кеңсеге, көлікке салқындатқыш орнату. Алайда кондиционердің кесірінен суық тиіп, ауырып қалатын жағдай жиі кездеседі. Бұл кондиционердің зиянынан емес, оны дұрыс қолдана білмеуден. Кондиционерді қолданғанда мына ережелерді есте сақтаған жөн.

Температура

Медицина мамандарының айтуынша, адам ағзасы ауа температурасының күрт өзгеруіне бейімделіп үлгермейді. Суық тию, жөтел сияқты аурулар жазда сол себепті  жиілеп кетеді.

Ғимарат ішіндегі және сырттағы ауа температурасы көп дегенде 8-10 градус айырма жасау керек. Бұдан көп ауытқу болған жағдайда иммунитет әлсіреп, пневмония сияқты түрлі қауіпті аурудың туындауына себеп болады. Ең дұрысы – бөлме температурасын 3-5 градусқа дейін ғана салқындату.

Жазда ағза үшін ең қолайлы температура – 24-26 градус. Бұл көрсеткіш адамның жас ерекшелігіне қатысты өзгеруі мүмкін. Алайда жазда қанша ыстық болса да, ауа температурасын 20 градустан төмендетпеген абзал.

Қашықтық

Қосулы тұрған кондиционерден 3 метр алыс отыру керек. Дәл осындай қашықтықта ауа температурасы неғұрлым төмен және ауа ағындарының алмасуы жоғары болады. Салқын ауа ағыны тура адамға бағытталмай, төбе мен қабырғаның бойымен қозғалуы керек. Ыстықтап келгенде жылдам салқындау үшін кондиционердің түбіне отырған адамды суық ұстап, бұлшықеттері тартылып қалуы мүмкін. Салқын бөлмеден бірден ыстыққа шыққан да зиян.

Ауа ылғалдылығы

Кондиционер бөлмедегі ауа ылғалдылығын азайтады деген рас. Күні бойы кондиционер қосылып тұратын ғимараттағы адамдар тері, көздің шырышты қабығы, тыныс жолдары ауруларынан зардап шегеді. Көз және мұрынның қабыршықтануы, терлеу, тамақ ауруы мен құрғақ жөтел де ауа ылғалдылығының төмендігінен пайда болады.

Мұндай жағымсыз әсерлерді болдырмау үшін арнайы ауа ылғалдатқыш орнатып, аквариум, бөлме субұрқағы сияқты ашық суы бар орта қалыптастыру керек. Кондиционер жұмыс істейтін жерге дымқыл мата іліп қоюға да болады.

Түнгі режим

“Бөлме ыстық болса, ұйықтай алмаймын” деп, түнімен кондиционер қосып қоюға болмайды. Себебі, ұйқы кезінде адамның дене температурасы айтарлықтай төмендейді. Үй ыстық екен деп жамылғысыз ұйықтамаған жөн.

Кейбір кондиционерлерде түнгі режим функциясы бар. Ұйықтар алдында міндетті түрде осы функцияны іске қосу керек. Аталған режим салқын ауа ағынын төбе арқылы бағыттауға, ауа температурасын бөлме ішіне қарай реттеуге көмектеседі.

Зиянды бактериялар

Кондиционердің пайда болуымен бірге оның зиянды бактерия тарататыны туралы ақпарат та жылдам тарады. Алғашқы кондиционерлерді медицина орталықтарында  қолданғандықтан ол іштегі ауа мен сырттағы ауаны алмастыратын болған. Осының кесірінен кондиционер түрлі вирусты тасымалдаушы ретінде танымал болды.

Ал қазіргі кондиционердің камералары арнайы рецепторлармен алмастырылған. Жаңа жүйе бойынша берілетін ауа мен жұтылған ауа байланыспайды. Зиянды бактериялары бар ауа жұтылып, орнына салқын, таза ауа бөлінеді.

Бірақ осы тұста қарапайым ережелерді естен шығармаған жөн. Кондиционер қосылып тұрған кезде ғимараттың есік-терезесін жауып қою керек. Автомобильдің ішінде де осыны ескерген жөн.

Көпшілік кондиционер фильтрін тазалап отыру керектігін ескере бермейді. Егер оны дер кезінде тазартпасаңыз, расымен зиянды бактериялар бөлінуі мүмкін.

Күні бойы кондиционер қосып қоймай, күніне 3-4 рет есік-терезені ашып, бөлменің ауасын тазартып алған артық етпейді. Бұл бөлмені оттегімен қамтамасыз етуге көмектеседі. Арасында желдеткішті пайдалануға да болады. Ол бөлмені кондиционер сияқты салқындатпағанымен, ауа алмасуын қамтамасыз етеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<