Шешуші шайқастағы ерлік

879

0

Екінші дүниежүзілік соғыстың бетбұрыс кезеңі болған Сталинград шайқасының жеңіспен аяқталғанына 78 жылдан асты. Осы шайқастағы теңдесі жоқ ерлікке уақытында баға берілді. Өкінішке қарай, екінші  дүниежүзілік  соғыстың қасіреті мен тауқыметін бастан кешіргендердің ерлігін, жеңісті, әділеттің ақ сызығынан аттап, бұрмалап көрсету белең алды. Бұл бүгінде арамызда жүрген соғыс ардагерлері мен сол жауынгер солдаттардың ұрпақтарының көңіліне қаяу түсіреді.

Америка Конгресінің Флорида штатынан сайланған Клод Пеплердің мына сөзі бар «…Сол жылдары мен АҚШ Конгресінің сенат мүшесі едім. Кеңестердің Сталинград түбіндегі жеңісін естігенде, Құрама Штаттағы біздердің бәріміз шын бақытқа кенеліп, осынау жеңіске сүйсіндік, қарапайым американдықтар бейбітшілік тіледі…». Мексиканың қоғам қайраткері Эдуард Ментес «Кеңес жауынгерлерінің теңдесі жоқ ерлік, батылдық пен қаһармандық көрсеткен Сталинград шайқасы Ұлы Отан соғысы емес, сонымен қатар, бүкіл екінші дүниежүзілік соғыстағы бетбұрыс кезеңіне айналды. Онда фашистік Германия күйреген жеңіліске ұшырады. Олар бұл жеңілістен кейін есін жия алмады» деген болатын.

Сталинград түбіндегі жеңіс – осы шайқастарға қатысқан біздің әкелеріміз бен аталарымыздың қанымен, өмірімен келгендігін жастар естен шығармауы керек. Тағы да тарихқа үңілейік. Мәскеу түбінде сұмдық соққы алған фашист жендеттерінің ендігі үміті Сталинградты басып алу болды. Бұл шайқас 200 түн мен күнге созылды. 1942 жылы шілденің аяқ шенінде Гитлер басқыншылары күшті шабуылға шықты. Донбассты басып алды. Сталинград пен Кавказға қатер төндірді. «Неміс солдаттары Еділде тұр, енді бұл жерден ешуақытта кетпейді» деп Гитлер бүкіл дүниежүзіне жар салды.

Әрине, фашист солдаттарының елден кеткісі келмейтіні, өліспей беріспейтіні кім-кімге де мәлім болды. Осы жылдың қазан айында қазақстандық жауынгерлерге үндеу жолданды. «Сталинград – шығыс қақпасының кілті» деп аталды. Оны қорғаудың қандай маңызы барын көрсетті. Майдандағы жауынгерлер бұл үндеуді зор патриоттық жігермен қарсы алды. Қазақстан жауынгерлері Жамбыл ақынға хат жазып: «Туған жеріміз Қазақстанның кең даласы қандай қымбат болса, Еділ бойы, Дон, Украина даласы да сондай қымбат. Бәріміздің жолымыз бір – жауға қарсы алға ұмтылу. Біз барлық күшімізді, өмірімізді аямай, онан сайын соққы береміз. Сталинград үшін қазақ халқының намысы мен бостандығын сақтап қаламыз деп уәде береміз» деді.

Иә, біздің аталарымыз бен әкелеріміз, ағала­рымыз ортақ жаумен жан аямай соғысты. Атап айтатын болсақ, Мәжит Асылхожаев осы шайқаста дұшпанның 50 солдаты мен офицерін құртып, 30 фашисті қолға түсірген. Сталинград аспанында қарағандылық Нүркен Әбдіров Н.Гастеллоның ерлігін қайталап, жана бастаған ұшағын шоғырланған жау танкілерінің үстіне өртеді.

Сталинград үшін шайқас тарихтағы бұрын-соңды ұрыстардың бәрінен асып түсті. Алты жарым ай бойы болған қырғын қантөгісте екі миллионнан астам адам өлімге бас тікті. Германия майданындағы армиясының төрттен бірінен, яғни, 1,5 миллион солдатынан айырылды. Осы шайқастан кейін Гитлер «Герман бомбардировщиктері флотының қаймағы опат болды» деп мәлімдеді.

Шайқастарда ерлік көрсеткен 112 адам «Кеңес Одағының батыры» атағын алды. Оларды мәңгі есте қалдыру үшін Мамай қорғаны – халық суретшісі Е.Вучетичтің басшылығымен ғажайып ескерткіш орнады.

Сталинград шайқасы жөнінде бір мақалада айтып тауысу мүмкін емес. Жауынгер ақын Сырбай Мәуленовтің бір өлеңі еске түседі:

– Мен ағаш қол солдатпын,

Оң қолыммен шүріппе басып, оқ аттым,

Мен ағаш аяқ солдатпын –

Аяқ барда жорық жолын шаңдаттым,

Мен көзім жоқ солдатпын –

Көзім барда қас жауларды көздедім.

Мен сөзім жоқ солдатпын,

Тілім барда оқтай ұшты сөздерім.

Сталинград шайқасында бастан ауыр жараланып, көзден айырылған өз әкем, осы шайқаста аяғынан айы­рылып «ағаш аяқ» атанған қайын атам өрт ішінде шала жанған қамыстай болып елге оралды, «Сырдың суын ішіп өлсек» деген армандарына жеткеніне мақтанып тәубасына келіп отыратын.

Қайран, әкелеріміз-ай, сіздердің қадір-қасиет­теріңізді білмеппіз ғой. Білгенде соғыс жол­дары­ңызды қағазға түсіріп, ұрпақтарыңызға қал­дыратын едік қой, кеш қалғаныма өкінемін.

Әкем:

– Біздің полк алғашқы ұрысқа Рынок селосы түбінде түсті. Снаряд пен бомба жер-көкті қопарып, үйлерді жермен-жексен еткен селоның сау-тамтығы қалмаған екен. Жау трактор зауытына барып, бекінуге мәжбүр болды. Күн сайын қала қолдан-қолға беріліп, жан берісіп, жан алысып жаттық. Майдан шебі болған жоқ. Өлімді естен шығардық, біз бәріне де дайын болып соғыстық, – деп отыратын, жарықтық.

Шала сауатты болса да, тарихи кезеңдерді жатқа айтып отыратын. «1943 жылы 26 қаңтарда фашистердің Паулюс басқарған 6-армиясы, одан кейінгі 2 ақпан күні Солтүстік тобы 62-армияның қысымына шыдамай, қол көтерді» деп мағлұмат бергенде таңғалатынмын.

– Сталинград түбінде фашист армиясының 300 мың солдаты мен офицері қол көтеріп, берілгендегі қуанышымызды сендер қайдан ұғасыңдар?! – деп отыратын.

Жеңіс солдатының баласы ретінде, Сталинград шайқасына қатысқан аға ұрпақтың рухына бас иемін.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<