№108-ші қаулы қалай қабылданды?

790

0

Қызылорда және Қарағанды облыстары арасындағы жер қатынастарын реттеудің кейбір мәселелері туралы ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 22 ақпандағы №108 қаулысының өңір халқы үшін маңызы зор еді. Мұны көпшілік біле бермеуі де мүмкін. Сол үшін кейінге шегініп, тарихқа үңілуді жөн көрдік.

1959 жылы мал шаруашылығын өркендету мақсатында Ұлытау өңірінің 2,2 млн гектар жері Сыр еліне ұзақ мерзімге берілген болатын. Алайда тек ауыл шаруашылығымен айналысу облыстың экономикасын алға ілгерілетпес еді. Бұл мәселе Аралдың тартылуымен де байланысты-тұғын. Жағдайды түбегейлі өзгерту алдағы күннің еншісінде еді.

Бір кездері жаппай оңтайландыру жүріп жатқан тұста Қызылорда облысын түгелдей таратып, басқа облыстарға қосып, экологиялық қауіпті аймақта тұрған аудандардың халқын басқа жаққа көшіру жөнінде әңгіме болғаны рас. 1985 жылы облысқа басшылыққа келген Еркін Әуелбеков Қазақстан Компартиясы ХVI съезінде сөйлеген сөзінде делегаттар назарын Қызылорда облысының не себепті үнемі артта қалып келгенін, уақыт талабына сай халқының 90 процентін қазақтар құрайтын аймаққа ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді. Осыдан соң облыстың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде одақтық, республикалық деңгейде 5 бірдей қаулы қабылданған еді. Елбасы, сол уақытта Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болатын. Ол 1985 жылы 27 наурызда Үкіметтің №113 қаулысымен Мемлекеттік жер қорының есебінен Жезқазған облысының (қазіргі Қарағанды облысы) аумағынан 2,2 миллион гектар жерді 2010 жылға дейін ұзақ мерзімге пайдалану үшін Қызылорда облысының шаруашылықтарына беру жөнінде шешім шығарды. Батыл әрі дұрыс шешім экономиканы реформалау мен мемлекетіміздің қалыптасу жылдарында  облыстың таратылуынан  құтқарып қалды.

Сексенінші жылдары жалға алынған аумақта «Құмкөл» мұнай кенішінің ашылуына байланысты басқа да кеніштерде барлау және мұнай өндіру жұмыстары белсенді жүргізіле бастады. Осыдан кейін өңір мұнай-газ өндірісі дамыған ірі аймаққа айналды. Оңтүстік Торғай мұнай-газ бассейнінде 21 көмірсутекті кен орны тіркелді. Ашығын айтқанда, аймақтың индустриялық-инновациялық дамуы мұнай-газ секторының дамуына тікелей байланысты еді. Ал сол сектордың басым бөлігі, яғни 80 проценті жалға алынған жерде болды. Жалға берілген уақыт аяқталуға жақын қалған тұста өңірдің сол кездегі әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед игі бастама көтерді. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс II сессиясында өзекті мәселе етіп депутаттар алдына қойды. Депутаттар осы мәселеге қатысты бірқатар маңызды жайттарды алға тарта отырып, «жалға алынған жерді облыстар арасындағы әкімшілік шараларға өзгерістер енгізе отырып, біздің облысқа беруге ықпал жасауыңызды өтінеміз» деген мәтіндегі Үндеуді ел Президентінің атына, Үкіметке жолдау турасында бірауыздан шешім қабылданды.

Мұнан соң 2007 жылы 5 желтоқсанда «Сыр бойы» газетінің №267 санында Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Нұрсұлтан Назарбаевқа Үндеуі жарияланды. Онда былай делінген:

«… Қызылорда облысы жалға алған аумақты жарты ғасырдай уақыттан бері (Қазақ ССР Министрлер Советінің алғашқы қаулысы 1959 жылдың 23 маусымында қабылданды) пайдаланып келеді. Осы уақыт ішінде аталған жерде жаңа елдімекендер салынып, Атанши ауылдық округі құрылды, ауыл шаруашылығының мұқтаждары үшін 191 трубалы және 152 шахталы құдық, 100-ден астам суат пайдалануға берілді. Осы аумақта Қызылорда облысының бес ауылдық аудандарының жайылымдық жерлері орналасқан. Қазіргі кезде аумақтың алыс мал жайылымдық учаскелерінде 1000-ға жуық адам тұрады, жыл сайынғы маусымдық жұмыстарға 10000-нан аса ауыл тұрғыны тартылады. Сонымен бірге, аталған ұзақ мерзімге пайдаланылатын жер Қарағандыға қарағанда Қызылорда облысына үш есе жақын орналасқан және жалға алған аумақта Қарағанды облысының бірде-бір елді мекені жоқ.

… Осының бәрін есепке ала отырып, жоғарыда аталған ұзақ мерзімге пайдаланылатын, Ұлытау ауданы аумағының бестен бір бөлігінен де аз 2,2 миллион гектар жерді облыстар арасындағы әкімшілік шараларға өзгерістер енгізе отырып, Қызылорда облысының құрамына бергенді дұрыс деп есептейміз».

Көп ұзамай  ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 22 ақпандағы №108 қаулысы шықты. Онда «ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің Қызылорда және Қарағанды облыстары әкімдерінің осы қаулының қосымшасына сәйкес Қарағанды облысы Ұлытау ауданының аумағындағы жалпы алаңы 2210,9 мың гектар жерді Қызылорда облысының пайдалану мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту туралы ұсынысына келісім берілсін» делінген.

Ежелден Арқа мен Сыр арасындағы байланыс үзілген емес.   Өндірісті Қарағанды аграрлы Қызылордаға жол беріп, өзіне қарасты жерін жалға өткізді. Қарағанды үшін көмір, қорғасын, мыс – жүздеген жылдарға жететін қазына. Ал Қызылорда мал, күрішпен ұзаққа бармайтынын сол кездегі басшылық жақсы білді. Сондықтан Сырдың болашағы үшін кемел келешектің негізін көздеген ірі жобаның бірі – осы қаулының тағы да 15 жылға ұзаруы болатын. Бүгінде өзінің жемісін берген сол шешім тәуелсіз ел тарихындағы маңызды оқиғаның бірі еді.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<