Сағынышпен сарқылған ғұмыр…

64

0

Шіліңгір шілденің ыстық күні от қарып тұр. Ешкінің асығындай ғана шүйкедей кемпір, аяғына асығыс ілген кебісін тырп-тырп ба­сып, ескі жұрттағы жаман та­мына асығып келеді. Қуғын көр­ген кісідей дегбірі қалмай, ар­ты­на жалтақтай береді. Мұның есіл-дерті ескі тамға ауып, көзді ала солай қарай тартып тұратын қы­лығына күйіне сөйлеп, ізін қуа шы­ғатын келіні Үміткүлдің ащы даусын естіп қалам ба деп жүрегі су-су етеді. Елдің бәрі қайнысы Айтуғанның сөзін екі етпей, адуын мінезді кісінің алдынан кесе-көлденең өтпегесін, Үміткүл де өктемдеу сөйлейді. Жолы кіші болса да, бір уыс кемпірдің қарсы келмейтінін біліп, қайнысына сездірмей, оңашада ықтырып-ақ алады. Сыртынан быжылдап сөй­легені болмаса, келінінің өзі­не аяу­шылықпен қарайтынын Ораз­күл ана жүрегімен сезеді.

Қозыкөш жердегі ескі жұртта қаңырап қалған қиюы кеткен қор­жынтамына да жетті-ау. Күнбатыс жақта шалының өз қолымен жа­саған орындығы сол жерде тұр екен. Шаңқай түсте қайбір көлеңке болсын, сонда да болар-болмас кө­леңкеге ыңғайланып, үйдің дуа­лына арқасын тіреп отыра кетті. Ерні кеберсіп, аңызаққа қарамай ентігіп келгесін шөлдеп-ақ отыр. Көзін сығырайтып, жусаны мен адыраспаны ыстық күнге шыдас бермей, сап-сары болып күйіп кет­кен жотаны бауырлай барып жо­ғалған ескі жолға қарады.

«Құдай-ау, ел басына күн ту­ған қанды қырғынды қарғайын ба, жалғыз ұлымнан айырған не­місті қарғайын ба? «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұ­ратқа» деп, қанша жылдан бері сар­ға­йып, сарылып, сарқылып күт­сем де, жарқылдаған жарығым, Ма­ха­шымның маңғаз дидарын бір көруге, бір хабарын білуге зар қы­латындай не жаздым саған? Бір атадан, бір әкеден қалған қаншама боздақты қыршынынан қиған, қар­­ғыс атқыр қу соғыс, қарғыс ат­сын сені…» Жан дүниесі, өкпе-бауыры іріп кеткендей, солқ етіп бір өксіп алды.

Естуінше, шалы Мұратбайдың әкесі Айт пен оның інісі Арқаш осы маңайға белгілі, нағыз батыр тектес, алып денелі, қарулы, сый­лы кісілер болған екен. Кез кел­ген ауыр тірлікті ағайынды жі­гіт­тер бет қаратпай бітіріп, тіпті бір ауылдың шабындығын түске дейін орып тастайтын деген аңыз­ға бергісіз әңгімелер бар. Бір отыр­ғанда бір қойдың етін бір-ақ жейтін ағайынды екі жігітке тең келетін шалғышы болмаған екен. «Ой, қайта-қайта демалып жүреміз бе, Арқашжан бір тұрайық» деген сөз ел аузында әлі бар. Үлкені Айттан жалғыз Мұратбай туған, ал оның інісі Арқаштан Айтуған, Айтуғаннан Үсен, Үсеннен Қа­сым, Тәшім, Әшім туады. Бәрі де нар тұлғалы, бойшаң болмаса да, мы­ғым денелі.

Бұның шалы Мұратбайды да ел-жұрты қатты қадірледі. «Алып­тан алып туады» дегендей, Айт әкесі сияқты Мұратбай да еңсегей бойлы, дене-тұрқы ірі, батыр тұл­ғалы еді жарықтық. Алып бол­мысы жұрттың арасында көзге бірден түсетін. Таңғалатыны, өзі қандай ірі, сұсты болса, жүрегі сондай нәзік, мінезі жұмсақ еді. Со­ғыс уақытында Көлто­ған­ның суармалы бетінде қауын егетін. Иісі бұрқырап, тең­киіп-тең­киіп жатқан қауын-қар­бызы көргеннің көзін арбап, сі­ле­кейін шұбыртатын. Бей­неттен тайсалмайтын алып­тың ұрпағы күн-түн демей бақша­сы­ның ба­сында. Анау-мынау таны­­май­тын адам қауын-қар­быз сұрамақ тү­гіл, сұсынан сес­кеніп жанына жа­­қын­дай да ал­майды. «Ит пен бала қорыған жерге өш» демекші, ауыл­дың қара­домалақ­тары қа­пы­сын тауып, ілінгенін ұрлап-жыр­лап, олжа қыл­ған қауын­дары сукә­мек боп, әуре­леніп жүр­генінде бір күні Мұрат­байдың қо­лына түседі. Зәре­лері зәр түбіне кетіп, «өлген жеріміз осы ғой» деп тұрғанда, бала­ларды қолынан жетектеп, өзі жерді қазып жасаған жерөлшекке апа­рады. Қауын­дықтан шертіп жү­ріп бес-алты шырыны балдай, піс­кен қауын-қарбызын теріп әкеліп, балаларды әбден тойдырған ғой. «Бұдан кейін ұрламай-ақ, өзі­ме келіп сұраңдар, мақұл ма, айна­лайындар? Соғысқа кеткен әкеле­ріміз, ағаларымыз аман келсін, Махамбет аға аман келсін деп тілек тілеп жеңдер» деп бастарынан си­пағанын кейін ел ағасы, абыз ақсақал Әбсадық Әйтілеуов жыр­дай етіп айтып жүрді. Сонау қиын-қыстау кезеңде Тәшкен ша­һа­­рында өткен балуандар күре­сіне әдейілеп барған бұны мен­сін­бей, көкірегіне нан піс­кен әй­гілі өзбек палуанының қабыр­ғасын қаусатып, таза жеңіп, ауыл­ға ол­жалы оралған сәтінде де ма­сай­­рап, мастанбаған, кеу­десін кер­меген, мақтануды білмеген қай­­ран шалының қарапайым­дылы­ғы­­на іштей тәнті болып, тәңі­ріне шү­кіршілік ететін. Кейін, Көл­­то­ған­нан Шұқыройға кететін үлкен арықты қазған кездегі ерінің қай­ратын өзі көзімен көрді. Әйгілі «Мұрат­­байдың кетпені» аталған, өзі­нен басқа ешкім шаппақ түгілі кө­тере алмайтын, шеңбері бір құлаш кетпені әлі сақтаулы тұр.

Осы жерге келгенде Оразкүл кейуана жымиып қойды. Күйеуі сыртқы бейнесіне кереғар, жұмсақ жан дүниесімен бұл бейбаққа әке­­сіндей қамқор, ағасындай ме­йірім­ді бола білді. Қанша құрсақ көтеріп, бөпелері тұрмай шетіней бергенде де, бетіне салық қылмай, іштен тынып, Құдайдың сынағы деп, үмітін үзбеді жарықтық. Сөй­тіп жүргенде осы Махашты ту­ды. Қол бастаған қолбасшыдай бол­сын деп, есімін Махамбет деп өзі қойды.

Жалғыз ұлдың тілеуін тілеп, қалқиып қатарға қосылғанын әл қыла алмай алшаң басып жүрге­нінде соғыс деген зұлматтың өрті бұрқ еткен. 17-18 жасқа енді тол­ған, қылшылдаған бозымдардың ба­сы­на бір-ақ күнде зобалаң туды. Оның қатарында оң-солын ажы­ра­тып қалған жиырмадағы жігіт­тер, отбасылы, бала-шағалы болып үл­­герген ес тоқтатқан азамат­тар, еркекпін деп еңсе тіктеген қан­ша­ма жақсылар мен жайсаңдар топ-топ болып соғысқа аттанды. Со­ғыс комиссариатынан шақырту алған отбасылар қайғы жұтып, қимастарын шығарып салған қа­тын-қалаш, кемпір-шал, бала-шаға ұлардай шулаған сол бір сойқан күндер санадан өшер ме? Әсіресе, жалғыз-жарымын аттандырған аналардың ашынған үні мен жас келіндердің сыңсыған дауысы құ­лағынан кетер емес.

Сол нөпірдің арасында бұның 18-ге жаңа толған Махашы да 1943 жылы наурыз айында ауыл­дағы 4-5 жігітпен бірге ажал шаш­­қан аждаһаның апанына аттан­ған еді. Шақырту алғандар­дың басы көптеу болса Бірліктен Жа­ңа­қор­ғанға апарар қара жолға түсіп жаяу аттанатын, аз болса, атар­ба­мен жөнелтетін. Қолдан жа­салған, шиқылы алыстан естілетін, көк ат жеккен арбаны Оразкүл әже сол үшін жек көріп кеткен. Тап бір жалғыз ұлын сол атарба әкет­кендей. Бірақ Махаштан келген алғашқы хат та сол атарбамен жет­кесін, кейіннен сол шиқылды асы­ға күтетін болды.

«Е-е, дүние-ай…» деп бір күр­сі­ніп қойды Оразкүл әже. Апта бол­маса да ай аралатып жалғыз ұлы­нан келіп тұрған хаттарын сынық көңілге демеу еткен сырты бүтін, іші түтін қос қария 1945 жылдың мамырына да ілінген. Дәм жазып, елге оралған кім болсын жік-жапар жалғыз ұл туралы ежіктеп тұрып сұрайтын. Әсіресе, Махамбетпен қанды қырғынға бірге аттанған Қожаттың баласы Еркінбек пен Егемберді молданың баласы Ға­йыс елге аман-сау оралғанда ар­найы үйіне барып, «Махашымды қайда тастап кеттіңдер, неге ер­тіп келмедіңдер?» деп зар жы­ла­ғанын көрген елдің сай-сүйегі сырқыраған. Бұдан кейін бір Құ­дайына сыйынып, жалғыз ұлдың тілеуін тілеп, жолына телмірген мәнсіз-мағынасыз күндер жалға­сын тапты.

Жеңістің 10 жылдығын той­лаған жылы шалы Мұратбай ауыр­май-сырқамай, кешкі асын ішіп болып, дастарқан шетіне қи­­сайған күйі бақиға аттанған. Жалғыз ұлдың жолына қарап, өлі-тірісінен бір хабар алмаған күйі, жанындағы жалғыз серігі – жанына жалау болған Оразкүлін тастап кете барды. Ішіне жинаған шер-ше­мені ақкөңіл, палуан шал­ды осы­лайша алып тынды. Дәтке қуат етіп, сүйеу болып жүр­ген шалы­ның қазасынан соң кейуана тіптен жалғызсырады.

Оразкүл әженің көзін көрген көнекөздерден естігеніміз, бала­ларға ерекше мейірімді, айнала­йын­нан басқаны айтпайтын, кіп-кіш­кентай қағілез кемпірдің жа­­­ны­нан бір елі қалмайтын жал­ғыз ешкісі болыпты. Жетім лақ кезінен өзі асырап-бағып, «Маха­шым аман-есен келсе, тойына соям» деп ырымдаған. Онымен адам­ша сөйлесіп, сырласып, мұ­ңын шағып, кейде кәдімгідей ұры­сып алса, кейде айналып-тол­ға­нып отыратын еді дейді. Еш­кісі де байғұс кемпірдің жан күй­зелісін ұққандай, айналасынан ұза­май, тұмсығымен түрткілеп, бала­сын­дай еркелейді екен…

Көптен күткен Жеңісті бүкіл ел тойлап, бөркін аспанға атып жатқанда, бұл дәл қазір отырған жерінде көз жетер соқпақ жол­ға күнұзақ телмірген. Тап қазір Ма­хашы келе жатқандай, жаяу­лап-жалпылап, сүріне-қабына, Жа­ңа­қорғанға баратын қара жол­мен жотаға тағы бір шығып қарады.

Кейінгі жылдары қайнысы Ай­туған жаңа үй салып, кейуа­на­ны аулақта қалған ескі жұртта тас­тамай, өзімен бірге көшіріп алып кетті. Жаңа тамға барғаны құрысын, баласы келіп, бұны апа­лап іздеп, ескі жұрттан таппай жүргендей боп қарадай берекесі қашты. Күндіз-түні ескі үйіне тұра қашып, қапысын тапса, осын­да кеп жығылатын. Жаздың аптабы, қыстың бораны демей, қаусап тұрған ескі үйінің іргесінде жарбиып отырған кемпірді көр­гендер, «е, алжи бастапты-ау бай­ғұс» деп мүсіркейтін еді. Олар қай­дан білсін, кіп-кішкентай қара кем­пірдің мына жарық дүние­де жалғызын күтуден басқа алда­нышы қалмағанын…

Көп ұзамай, алпысыншы жыл­дары болса керек, жалғыз кемпірді ескі жұртқа қуып келіп, ертіп кетуден шаршады ма, басқа амалы қалмады ма, қайнысы Айтуған бұның қоржын тамын бұзып, алып кеткен еді. Екі ортада сандалып делқұлы болуға айналған жанға ес кіріп, қашып кетуін қояр деді ме екен… Бірақ бұл оқиға қалқиып тұрған ескі үйін дәтке қуат етіп сағалап жүрген байғұс анаға ауыр соққы болды. «Мұратбайдың оша­ғы сөнді, Махамбетім өлді» деп қатты қапаланып, көп күн жатып қалыпты.

1943 жылы 18 жасында елін қорғауға аттанған Махамбет Мұ­ратбайұлы жеңісті хабарлап, сү­йіншілеп жазған соңғы хаты мен суретін 1945 жылдың мамыр айын­да туысқан ағасы Байдүй­сенов Сейітханға жолдаған екен. Бұл хат пен сурет қым-қиғаш сәттерде сорлы ананың қолына тимепті. Хат-хабар сонымен үзілген. Не тірі, не өлі деген мәлімет жоқ. Осы соңғы деректен кейін Оразкүл ке­йуананың жалғыз ұлын, жан-жүрегі езіліп, сабырын сарқып, сарғая сарылып, әлі де бақандай 33 жыл күтетінін ешкім білмеген еді. Ұлының жолына жаутаңдай қарап, жүрегіндегі әлсіз үміт сәулесін үзбеген күйі, жалғыз ұлын жамандыққа қия алмаған бай­­ғұс ана 1978 жылы қайнысы Ай­ту­ған­ның шаңырағында өмір­ден озды.

Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әні жарыққа шыққанда тыңдаған жанның жыламағаны жоқ шығар. Тап осындай қара кем­пір әр ауылда болғаны шындық.

ХХ ғасырдың ортасында жар­ты әлемді зар қақсатқан соғыстың қасіреті тарих бетіне қанмен жа­зыл­ғандай. Сан мыңдаған ана­ны баласынан, баланы әкесі­нен айы­рып, қаншама қыршын боз­дақты жалмаған, қаншама әу­летті ұрпақсыз қалдырып, шаңы­рағын ортасына түсірген соғыстың же­ңіспен аяқталғанына 81 жыл то­лып отыр. Ұмытыла бастаған та­рих беттерін ақтарғанда, кейінгі ұрпақ ондай зауалды көрмесе екен, болашақтары бақытты, түн­дері тыныш, өмірлері бейбіт болса екен деген тілек айтқым келеді.

Нұрханша ҚЫПШАҚБАЕВА,

Бірлік халық театрының режиссері.

Жаңақорған ауданы