ҚАЗАҚ ӨНЕРІНДЕГІ ҚОЖЫҚОВТАР ҚОЛТАҢБАСЫ

896

0

Бұл тақырып қазақ өнері мен мәдениетінің, ағарту ғылымы мен тарихының өткен ғасыр басындағы бұлақ бастауына қарай еріксіз тартып әкетеді. Қазақ өнеріндегі Қожықовтар қолтаңбасының ізін тану үшін олардың әрқайсысының өмір жолы мен еңбегін саралап шығу бір мақаланың ауқымына сыймайтынына көз жеткіздік. Сондықтан ағайынды Қожықовтардың шыққан тегі мен сол кездегі тарихи оқиғалардың олардың өміріне, келешегіне тигізген әсеріне соқпай кете алмадық.  

  

Қоңырқожа

Қожықовтар әулетінің қазақ өнеріндегі орны туралы айту үшін ең алдымен Қоңырқожа Қожықовтың феноменіне терең бойлау керек сияқты. Ол қайраткерлігімен, ұстаздығымен танылып, төңкеріске дейінгі және кейінгі кезеңдегі еліміздегі көзі ашық адамдардың бірі болған. Екі түйесі мен бір бұзаулы сиырынан басқа малы жоқ әкесі Қожық ел жайлауға көшкенде соларға ілеседі екен. «Қожа ауылының қалың көші келе жатыр» деп сөз тергендер көп ұзамай мал дәрігері Қожыққа жүгінетін болған.

Кедейлігіне қарамастан, Қожық баласын алдымен төртжылдық түземдік орыс мектебіне оқытады. Оны үздік бітірген Қоңырқожа 1900 жылы Тәшкендегі императорлық мұғалімдер семинариясын тауысып, «халық мұғалімі» атанып елге келеді. Ол заманда мұндай оқуға бірді-екілі адамның ғана қолы жеткені белгілі. 1905 жылы болашақ қайын жұрты Мұңайтпас болыстың ауылына мектеп ашу үшін барады. Осы ауылда, яғни Перовск уезінің №5 ауылында Қазақстандағы, қала берді Орта Азиядағы  еуропалық үлгідегі тұңғыш мектеп ашылады да, үлкен оқуды бітірген зиялы жігіт сонда мұғалім болып барады. Міне, осы жерде екі әулеттің тағдыры тоғысады.

Бұрын балаларын молдадан сауаттандырған ауыл адамдары (олардың арасында Қоңырқожаның туыстары да бар) мұндай мектептің ашылуына қарсылық білдіреді. Дегенмен, мектеп төңкеріске дейін жұмыс істейді. Қоңырқожадан кейін революция белсенділерінің бірі болған Арбаб Сарынов, 20-жылдары комсомол ұйымдарында жұмыс істеген Шахзада Жүсіпов, қазақ тәуелсіздігі идеясының негізін қалаушылардың бірі – Сұлтанбек Қожанов дәріс алады. Мұғалім әсіресе, қыз балаларға білім беруді ойлап, оқушыларды ауыл-ауылдан өзі жинайды.

Мектепке қазақ қыздары да келе бастайды. Мұңайтпас болыстың Ләтипа атты қызы Қоңырқожа мұнда келместен бұрын атастырылып, қалың малы алынып қойған еді. Қоңырқожаның да төре руынан атастырылған қалыңдығы бар. Мундир киіп, алтын түйме таққан жас жігіт алдарына келгенде одан қыздардың қай-қайсысы да көз алмаған. Жас Ләтипа ұстазына бірден ғашық болады. Мектептегі сабақ молдалар мен Қоңырқожаның ағайындары тарапынан туындаған қарсылықтарға қарамастан жүріп жатады. Бірақ бір күндері қыздар біртіндеп сабаққа келуді тоқтата бастайды. Ата-аналары жібермей қойды ма, әлде басқалай себебі бар ма, белгісіз… Мектепте тек Ләтипа отыратын болды. Мұңайтпастың екінші қызы Күләндәм да көзге көрінбей қойғасын Қоңырқожа болыстан мән-жайды сұрайды. Сонда Күләндәм мұғаліміне Ләтипаның шымшығанынан өне бойының көкала торғайдай болғанын айтып шағымданады. Басқа қыздардың да көрген күндері осы. Олардың сабақтан қалудан басқа амалы қалмаған. Сөйтсе, Ләтипа ғашықтықтан осындай қадамға барыпты. Қоңырқожаға қараған қыздарға күн көрсетпеген.

 Мұңайтпас болыстың үш әйелінен 19 баласы болыпты. Олардың бәрінің алдындағы жауапкершілік жүгі жеңіл емес-ті. Ғашықтар екі жақтың да келіспейтініне көздері әбден жетеді. Ақыры қол ұстасып қашып кетуді қош көреді. Ләтипа қамаудан қашып шығып, үш күн бойы іздерінен ерген қуғыншыларға ұстатпай кетеді. Бұл әрекетті сүйекке түскен таңба ретінде қабылдайтын кезде мұның соңы ұлы даумен, қантөгіспен біткен екен. Қоңырқожаның ағасы өліп, көп мал барымтаға түскен. Тіпті ұрысты басу үшін патшадан солдат алдырған. Қожықтың ауылына келген барымташылар жалғыз сиырды қанағат тұтыпты. Сонда Қоңырқожаның шешесі «Көздегендерің іші боқ, сырты түк мал болса, алыңдар, құдай маған баға жетпес байлық – ұрпақ береді» деген екен. Ананың сол сөзі айнымай келді. Ләтипадан туған Қожықовтар түгелімен қазақ өнеріне қызмет етіп, аттары әлемге танылды.

Ерлі-зайыптылар Перовскке тұрақтап, Қоңырқожа теміржолшылардың кешкі мектебіне оқытушы болып орналасады. Онда Ресейден жер аударылған жұмысшылар оқыды. Осы жерде антидержавалық көзқарасы қалыптасып, 1905 жылы Перовск станциясы теміржолшылармен бірге ереуілге шыққаны үшін түрмеге жабылды. Оны патшаға қарсы үгіт жүргізді деп айыптады. Қамаудан босаған соң отбасымен Түркістанға қоныс тепті. Онда 1914 жылы Құлахмет дүниеге келді. Түркістандағы қазақтар көтерілісінен кейін Скоблев қаласына (Ферғана) жер аударылды.

Сол кездің өзінде Қоңырқожа Орта Азия мен өлке тарихы туралы энциклопедиялық білімнің иесі еді. Орыс, араб, парсы, шағатай, басқа да түркі тілдерін жетік білген. 1912 жылы Қарнақ орыс-түземдік мектебінің меңгерушісі бола жүріп араб қарпімен бастауыш сыныптарға арналған оқулық шығарған. Сол жылы Романовтар билігінің 300 жылдығына орайластырылған шағатай тіліндегі кітабы жарық көрген.

Қоңырқожа Ләтипаның ағасы Серәлімен Мұңайтпас ауылына бала оқытуға барған кезден бастап жақын дос болды. Кезінде әкесін мектеп үшін қыстауын босатып беруге үгіттеп, көндірген. Жас жұбайлардың қуғындағы қиын өмірлерін жеңілдету үшін Серәлі қолдан келген көмегін аямады. Ол  Қоңырқожа оқыған түземдік мектепті тәмамдаған соң, Петербор университетінің заң факультетіне түскен. Қазақтан шыққан тұңғыш заңгердің бірі осы – Серәлі Лапин. Кейін жас жігіт Самарқан өлкелік губерниясында жұмыс істеді. Сол жерде заңгерлік кеңсе ашып, 1916 жылғы көтеріліске шыққан қазақ, өзбек, қырғыздардың ісімен айналысады. Тәшкенде, маңызды кассациялық істер бойынша Петерборда жиі болатын. Кейін Петерборда тұрақтап, сонда заңгерлік кеңсе ашады. Николай ІІ патшаға Романовтар династиясының таққа отырғанына 300 жыл толу құрметіне арналған салтанатқа келетін мұсылмандар намаз оқитын орын жоқтығын айтып, Ресейдің сол кездегі астанасынан мешіт салынуына ықпал етеді. 

С.Лапин бірінші түрік-орыс сөздігін жасап, Самарқан, Бұхара, Хиуадағы тарихи ескерткіштерде жазылған сөздерді тәржімалады. Кейін шығыстанушы академик Бартольд оның талдаған этнонимикаларының дұрыстығын мойындаған. Қоңырқожамен бірігіп, көптеген шығыс қолжазбаларымен сирек кездесетін кітаптарды қазақша сөйлетті. С.Лапин 1919 жылы белгісіз жағдайда қазаға ұшырайды.

1917 жыл. Түркістанда Қоқан автономиясының уақытша өкіметі құрылған кезі. Оның басы-қасында Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаевпен бірге Қоңырқожа да жүрді. Уақытша өкімет тағдыры қалай болғаны белгілі. Қоқанда құрылған ұлттық қозғалыс пен Қазақстандағы Алашорданың арасында сабақтастық бар. Бірақ большевиктердің күші басым. Оны басқарған М.Фрунзе Мұхамеджан Тынышпаевқа өзін інісінің досы ретінде сыйлайтынын, бұл істің соңы жақсылыққа апармайтынын айтып хат жіберіпті. (Тынышпаев Фрунзенің інісі Константинмен бірге Верный гимназиясында оқыған.) Қоқан уақытша өкіметі құлаған соң Қожықов пен Тынышпаев Қоқаннан кетеді. Мұстафа Шоқай тағдыры бүкіл елге аян.

Кейін 1922 жылы Қоңырқожа Тәшкенге қоныс аударып, сондағы Қырғыз халық-ағарту институтында дәріс оқиды және Мемлекеттік Банк меңгерушісі болады. М.Тынышпаев болса, Түркістан су шаруашылығы бөлімін басқара жүріп институтта жаратылыстану ғылымдарынан сабақ береді. Санжар Асфендияров халықтық жер комитетінің бөлім меңгерушісі болып жүрді. Ол Серәлі Лапиннің қызы Рабиғаға үйленген. Рабиға төңкеріске дейінгі жылдарда Петербордағы Смольный ақсүйек қыздар институтын бітірген. Сол жылдары дәрігер Халел Досмұхаммедов те жұмыс істеді. Ләтипаның Жағыпар мен Әбдірахман атты бауырлары да Ташкенде тұрды. Әбдірахман – Германияда білім алған тұңғыш қазақ. Халық ағарту институтында Дінше Әділов, Мұхтар Әуезов, Құрманбек Жандарбеков, Сұлтанбек Қожанов тыңдаушы болып жүрді. С.Қожанов Қожықовтар отбасында Күләндәммен танысып, кейін екеуі үйленді.

Қожықовтардың қонақжай үйі адамнан арылмайтын. Ауыз әдебиеті мен шешендік сөздердің білгірі Қоңырқожа батырлар жырын, Кенесары ханның ерлігін таңды таңға ұрып айтып беретін. Бір кітабында Абылай ханның қазаққа сіңірген еңбегін айтқаны үшін Түркістаннан жер аударылған еді. 

Қоңырқожа жер бөлу, су пайдалану және шаруа қожалықтарын ұйымдастыру жұмыстарына да белсене араласа бастайды. Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Меңдешовпен және орталықтан келген В.Куйбышев, Г.Сафаровпен бірге ТуркЦик құрамында болған. Сол кезде оған қазақ жерінің түкпір-түкпірін шарлауға тура келеді. 1922 жылы Қытайдан оралған қазақтарды Жетісуға орналастыру және аштыққа ұрынған қазақтарға жәрдем көрсету жөніндегі төтенше өкілдік жұмысын атқару тапсырылды. Оған өз ісінің білгірі, жер жағдайын, халықтың тұрмыс-тіршілігін жетік білген маман ретінде жауапты міндеттер жүктелген. Мұндайда дау-дамай, келіспеушілік те қатар жүретіні белгілі. Қоңырқожа осының бәрін бейбіт түрде әділ шешіп отырған. К.Алтайский мен М.Қаратаевтың авторлығымен жарық көрген «Гудок в степи» атты кітапта Жасанкөлге қатысты тығырыққа тірелген шиеленістің шешімін тапқаны үшін бұл жиын «Қоңырқожаның съезі» деген атау алғаны айтылады. Сонымен қатар ол аймақтанушы-сарапшы ретінде Қазақстандағы шекарасын белгілеу жұмыстарына қатысқан. Молотов жазбаларында: «Қазақстанның шекарасы сауатты жасалғаны сонша Ленин оған ешқандай түзету енгізбеді, тек құжат Тәшкенге қатысты сұраққа байланысты тартпада жатып қалды» делінген.

1925 жылдың 15 сәуіріндегі Қазақ АКСР Кеңестерінің V съезінің күн тәртібіне «қырғыз» аталып келген ұлттың «қазақ» деген тарихи әрі нақты атауын қалпына келтіру мәселесін қоюда Қоңырқожа Қожықов көп еңбек сіңірген. Тарихшы-ғалым Б.Еңсепов «Қызылорда – Қазақ АКСР-інің астанасы» атты зерттеу мақаласында Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабын келтіреді. Онда «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан неге деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл»,  демек, большевиктерге ұнайды, ал «орда»  ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезд төралқасынан кезектен тыс сөз алып ұсыныс жасады. Бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау, екіншісі Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады»  дейді.

Қоңырқожа Қожықов Алматыдағы тұңғыш ұлттық мәдениет институтының, өлкетану мұражайы мен өнер училищесінің ашылуына ықпал еткен. КСРО Ғылым Академиясының қазақ филиалында еңбек етіп жүргенде С.Асфендияровпен бірге  «Қазақстанның материалдар мен деректердегі тарихы» атты монографиясын жазған. Сол уақытта ол Қорқыт ата кесенесін, Қожа Ахмет Яссауи мазарын, Сауран, Отырар қалаларының орнын мемлекет қарауына алу туралы да бастаманы көтерген. Тарихи мұралар атласын жасаған. 1935 жылы «Жетісудің ежелгі ескерткіштері» атты кітап шығарған. Тұтқындалғанға дейін Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорын толықтыру бағытында жұмыс істеді. 1936 жылы ол Саураннан Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың қолжазбаларын тапқан. Кітапханаға «Шахнаманың» шағатай тіліндегі нұсқасын тапсырған. 1938 жылы тұтқындалып, түрмеде 58 жасында өмірден өтті.

(Жалғасы бар) 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<