Азаттық жолындағы күрес

1148

0

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы кезінде Сәкен Сейфуллин  «Өзге оқыған замандастары өз пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын шын сүйетін ұлтшыл» деп жазды.

Алаш ардақтысының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Алдымен әділетсіз өмірдің ащы көрінісі он үштегі бала жүрегін жаралайды. Əкесі Байтұрсын мен оның інісі қысымға, қорлық пен зорлыққа шыдамай, уезд басшысы, полковник Яковлевтің басын жарады. Бұл жағдайдың соңы олардың дүние-мүлкін тартып алып, өздерін Сібірге 15 жылға жер аударуға апарып соғады. Ахметтің әкесі орыс отаршылдарымен осылай жағаласып, Қазаннан келген әскери округтің сот комиссиясы шешімімен каторгаға айдалған. Байтұрсын Шошақұлы туралы М.Дулатов былай дейді: «Егер Еуропаның әралуан және әдемі табиғаты Ньютон, Маркс, Толстой, Рафаэль және т.б. ғылым мен өнердің ұлы адамдарын тудырған болса, ал Азияның далалық табиғаты Шыңғысхан, Темірлан, Кенесары, Сырым және т.б. сияқты өзіндік ерекше ұлы қаһармандарды туғызды. Күшті адамдардың санына құрметті Ахметтің әкесі Байтұрсын Шошақұлы да жатады. Болашақ күшті және табиғатынан туабіткен қуатты Байтұрсын бостандық сүйгіштігімен ерекшеленді және өзі де ешқандай билікті мойындамады».

Ахмет ауыл молдасынан хат таниды, содан соң Орынбордағы мұғалімдік мектепте төрт жылдай оқып, білім алды. Оны бітірісімен Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде мұғалім, кейіннен Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарды. Осы тұста ол өмір, тіршілік майданына араласып, әділет үшін күресті, зорлықшылдарға қарсылық білдірді, патшаның отаршылдық саясатын айыптады. Жастығына қарамастан терең білімді де білікті, еркін мінезді, ойшыл Ахметтің ел ішінде беделі өсіп, салмағы арта бастады. Жан-жақты ізденіп, сан алуан кітаптар оқып, аудармамен шұғылданып, ғылым жолына түсті.

Ахметтің саяси күрес жолына түсуіне ықпал еткен оқиға 1905 жылғы патша манифесі болды. Ол 1905 жылы жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы авторларының бірі болды. Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасы Виттенің атына жазылған бұл петицияда сол кездегі қазақтың бүкіл талап-тілегі көрініс тапты. Онда қазақ халқы патша үкіметінің отарлық саясатты тоқтатуын, тартып алынған жерлерді қайтаруын, дала губернаторының қазақты ешқандай сотсыз айдатып жіберуін тоқтатуды, қазақша газет, мектеп, баспахана ашуға цензура қоймауын, халықтың мүддесін қорғау үшін Ресей Думасына қазақтардан депутаттар сайлануын талап етті. Петиция Петербургке жөнелтілген соң, бір жарым айдан кейін қазақтардан Мемлекеттік Думаға депутаттар сайлануға рұқсат берілген хабар келді. Депутат болып сайланған қазақтар Дума мінбесінен сөз сөйлеп, ұлт мүддесін қорғады.

Дегенмен қазақтардың саяси белсенділігінің артуы патша үкіметіне ұнаған жоқ. Сөйтіп, петиция авторларын қудалап, соттап, жер аударды. Осы кезде Қарқаралы училищесінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Ахметті жұмыстан босатып, Қарқаралы абақтысына қамады. Ол ешнәрсеге мойымастан өзінің «Маса», «Қырық мысал» жинақтарын жазып, баспадан шығарды. Екінші рет 1909 жылдың шілде айында губернатор Тройницкийдің бұйрығымен қайта тұтқындалып, Семей түрмесіне қамалды. Бір жылдан соң, 1910 жылы наурызда түрмеден босатылып, Орынборға жер аударылды.

Ахметтің Орынборда болған кезі – саяси қызметінің жарқын беттері. Онда 1917 жылға дейін қызмет жасады. Орынборда болған кезінде Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастарының инициативасымен елден қаражат жинап, 1913 жылдан бастап «Қазақ» газетін шығарып, оған 1917 жылдың соңына дейін редактор болды.

Бес жылдай уақыт өз қаражатымен шығып тұрған «Қазақ» газеті, ең алдымен, қазақ халқының ұлттық азаттығы мен мәдени-әлеуметтік дамуы үшін күрескен орган болды. Атамыздың өз тілімен айтқанда: «әуелі газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі болады». Бұл – мерзімді баспасөздің қоғамдық ақпараттық қызметіне жан-жақты берілген баға.

«Қазақ» газетінің жарық көруі қазақ ұлтының өркендеуін өмірлік мақсатына айналдырған көрнекті қайраткерлер А.Байтұрсынұлы, Ə.Бөкейханов, М.Дулатовтың тынымсыз еңбегі мен күресінің нәтижесі болды. Бұл газет туралы Мұхтар Əуезов: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ахаңның жаңа істеген еңбегі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатып кеткен мәңгілік ескерткіш» деп жазды. «Қазақ» газетінің бетінде Ахмет Байтұрсынов қазақ қоғамының келелі саяси-әлеуметтік мәселесін көтеріп, оны өзінің отарлық бұғаудан қазақты құтқару жолындағы күресінің құралына айналдырды. Өзінің саяси-әлеуметтік көзқарасын газет бетінде насихаттаумен қатар, оны іске асыру үшін үлкен ұйымдастыру жұмыстарын да жүргізді. Жалпықазақ съездерін шақыруға мұрындық болып, оларды шақыру, өткізу жұмыстарына белсене қатысты. Сондай съездің алғашқысы 1917 жылы 2-8 сәуірде Орынбор қаласында «Торғай облыстық съезі» деген атпен өткізілді. Съезде он төрт мәселе талқыланып, ауылдық, уездік, болыстық және облыстық азаматтық комитеттер құруға шешім қабылданды. Жалпықазақ съезін шақыруға шешім қабылданып, Əлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған сегіз адам ұйымдастыру бюросын құрды. Оған съездің бағдарламасын даярлау, өткізілетін уақыты мен орнын белгілеу тапсырылды. Съезд мерзімді баспасөздің маңыздылығын ескере отырып, «Қазақ» газетін жиірек шығарып тұру қажет деп тапты. Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру қажет деп, әрбір жүз мың үйге бір мектептен болу керектігін көрсетті. Съезд қарарларын орындауды ұйымдастыра отырып, Ахаң қазақтың ұлттық-демократиялық партиясы «Алашты» құруға белсене қатысты. Оның бағдарламалық құжаттарын даярлауға және құруға атсалысты.

1917 жылы шілденің 21-26 аралығында шақырылған Екінші Жалпықазақ съезі Орынборда болды. Съезде қазақтың территориялық-ұлттық автономиясын құру, жер мәселесін шешу, мемлекет басқару ісін, халықтың милиция, сот құру, халыққа міндетті түрде бастауыш білім беру, қазақтың саяси партиясын құру, т.б. болды. Съездің шешімі бойынша Алашорда үкіметі құрылды, құрамы бекітілді. Оқу-ағарту комиссиясы құрылып, оның төрағалығына Ахмет Байтұрсынұлы бекітілді. Онда қызметте жүрген кезінде қазақ халқының жаппай, соның ішінде қазақ балаларының ұлт тілінде сауат ашуын қалап, білім беруге арналған бағдарламалар дайындады. 1920 жылы тамызда құрылған Қазақ АКСР үкіметінің құрамына еніп, 1920-1921 жылдар аралығында Қазақ АКСР халық ағарту комиссары қызметін атқарды.

Ахмет қай кезде болмасын саяси қызметпен қатар ағарту қызметін де алып жүрді. Алдымен төл әліпбиімізді жасап, оқулықтар құрастырды. 1912 жылы ана тіліміздегі тұңғыш әліппеміз «Оқу құралын» жазып шығарды. Одан кейін қазақ тілінің «Тіл құралы» атты тұңғыш оқулығы жазылды. Бұл – сөз, сөйлем, буын, дыбыс, сөз тұлғалары, сөз жазудың жалпы ережелері, жұрнақтар, сөз таптары жөнінде тұңғыш теориялық мәселелер талданып, таразыланған құнды еңбек. «Əдебиет танытқыш» атты ғылыми-зерттеу еңбегі әдебиеттің барлық жанрларына, көркемдік құралына Еуропаның әдебиеттануындағы ұғым, термин, категорияларға қазақша балама табады. Баспасөзде қазір кеңінен қолданылатын сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл анықтылығы, тіл дәлдігі, көрнекілігі, оның тараулары, көрнектеу, меңзеу, теңеу, ауыстыру, бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, әсірелеу, арнау, қайталақтау, шендестіру, дамыту, үдету, түйдектеу, бүкпелеу, кекесіндеу сияқты ұғымдарды тұңғыш енгізіп, термин дәрежесіне көтеріп, анықтап бергені тарихи шындық. Оның әдебиет, лингвистика салаларында жасаған терминдері күні бүгінге дейін өз құнын жоймай халық игілігіне жарауда.

Халқы үшін осындай өлшеусіз қызмет қылған Ахмет азап отынан айналып кете алмады. 1929 жылы 2 маусымда Алматыда тұтқындалып, сол жылдың соңына қарай Мәскеудегі «Бутырка» түрмесіне жіберілді. 1930 жылы 4 сәуірде ату жазасына кесіледі. Бірақ бұл шешім қайта өзгеріп, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылып, Архангельскіге жер аударылды. 1934 жылы Максим Горькийдің әйелі Е.Пешкованың араласуымен айдаудан босайды. Одан кейін бірнеше жыл өз отбасымен Алматыда тұрып, 1937 жылы қайта тұтқындалып, ату жазасына кесіледі. 1937 жылы 8 желтоқсанда үкім орындалып, атылды. Ол өз өмірінде жалған жаламен 5 рет түрмеге қамалған. Соңғысынан аман қала алмады.

Тарих өз шындығына бәрібір жетпей қоймайды. Елу жылдан соң шындық ашылып, 1988 жылы ақталды.

Қ.ҚЫПШАҚБАЕВ,

«Болашақ» университеті жоғары колледжінің оқытушысы,

педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-зерттеуші

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<