Бәрі де Отан үшін!

317

0

Кеңес Үкіметінің радио арқылы Отанды қорғау жөніндегі шұғыл шақыруына үн қосқан облыс еңбекшілерінің жиындары, жиналыстары жер-жерде өтті. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Отан үшін» деген жалынды шақыру облыс тұрғындарын жанкешті еңбекке жұмылдырды.

Қызыл Армияны, тылды ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуде Қызылорда облысына айрықша мән берілді. 1941 жылдың маусым айынан қазан айының 15-не дейінгі аралықтың өзінде ғана Отан қорғау қорына облыс еңбекшілері, соғыстың басталған күнінен есептегенде, 2 млн 449 мың сомның облигациясын, 916 мың сом нақты ақша аударған. Осы 4 ай мерзім ішінде 1298 центнер астық, 134 центнер ет, 6 центнер сары май жиналып, сонымен қатар, жауынгерлерге арнап 708 қысқа тон, 2215 пима, 3480 қалпақ, 1920 жүн шұлық, 2319 мақталы шалбар, 2987 құлақшын, 878 қалың көйлек және тағы басқа көптеген киімдер жіберген. Бұл дүние-мүлікті жинастыруға сол кездегі облыс аумағындағы 266 колхоз, 359 өндіріс орны, мекеме, ұйымдар қатысқан.

Астық тапсыруды 1941 жылы Сырдария, Қармақшы, Жалағаш, Арал және Жаңақорған аудандары мерзімінен бұрын орындады. Әр гектардан жоспардағы 9,5 центнер орнына 11,5 центнерден өнім алынды. Нәтижесінде облыс бойынша 170 мыңның орнына 178,8 мың центнер астық тапсырылды. Сондай-ақ, майданға көмек ретінде күріш алқаптарының өнімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді.

Мал шаруашылығында 6 мыңнан астам малшы (еңбекке жарамды колхозшылардың 25 пайызы) жұмыс жасады. Соғыс жылдарында орта есеппен төлдейтін әрбір жүз малдан 119 қозы, 78 бұзау, 78 құлын, 46 бота алынды. Облыс мал өсіруден, төлдейтін мал санын арттырудан, жем-шөп қорын жасаудан бірнеше рет республикада алдыңғы орындарды жеңіп алды.

 Арал балықшылары Қазақ КСР балық өнеркәсібінің барлық қызметкерлеріне, балықшыларына, инженер-техниктеріне үндеу арнады. Онда: «Сталинград түбіндегі жауынгерлердің жеңісімен рухтана отырып, біз, Солтүстік Аралдың балықшылары, социалистік жарысты өрістету негізінде Қызыл Армияға балық қанша қажет болса, сонша беру үшін күресеміз», – делінген.

Облыс 1942 жылы 1941 жылға қарағанда 2 миллион пұт астықты артық дайындады. Шиелі ауданындағы «Авангард» ауылшаруашылығы артелінің колхозшысы Ким Ман Сам 20 гектар күріш егістігінің әр гектарынан 160 центнерден өнім жинады.

Тек 1942-1944 жылдары мемлекетке 53600 центнер ет, 2800 центнер май, 3870 центнер жүн, 25480 дана мал терісі соғыстан бұрынғы үш жылғыдан артық көлемде тапсырылды. Облыс малшылары осындай жанқиярлық еңбектері үшін КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туына ие болды.

Барлық кәсіпорындар соғысқа қажетті өнімдер шығаруды қолға алды. Әскери тапсырыстар, қару-жарақ және басқа да заттар жасалды. 1942 жылы 17 желтоқсанда «Қызылорда колхозшысы» атты танк колоннасы, Жаппасбай Нұрсейітов атындағы сүңгуір қайық және тағы басқа техникалар іске қосылды.

Киім тігу, мина мен қол гранатасын шығаруға Қазалы депосына 5, Қызылорда депосына 7, Арал депосына 1 станок бөлінді. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің 1943 жылғы 23 қаңтардағы қаулысы бойынша Жосалы механикалық зауытына 82 миллион шойын минасын жасау және басқа да қорғаныс заттарын шығару міндеттелді.

Күріш көлемі 1943 жылы тағы да 3 мың гектарға ұлғайып, 27 мың гектар тың және тыңайған жерлер игерілді.

Майданға көмек көрсету жөніндегі патриоттық бастамаға үн қосқан Қ.Баймағанбетов, Ш.Қоянов, Қ.Пірімов, Ы.Жақаев, Ким Ман Сам, Қ.Ділімбетов сынды облыс колхозшыларының әрқайсысы майдан қорына 100 мыңнан 325 мыңға дейін ақша аударды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<