Болат қылыштың баяны

2217

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық залында орналасқан орыс қылышы – келушілердің ерекше назарын аудартатын бірде-бір экспонат. Өткен  ғасырдың басында Ресей империясында жасалған қарудың өзіндік қызықты тарихы бар.

ХІХ ғасырдың басында бүкіл Еуропаны бағындырып, «Қасиетті Римнің» императоры титулын алған Франция билеушісі Наполеон Бона­парттың жеңімпаз армиясын күйреткен Ресей империясы соғыстан титықтап шыққаны тарихтан белгілі. Қарулы күштердің әлеуетін жетілдіру мақсатында арнайы реформалар жүзеге асырыла бастайды. 1815 жылы император І Александрдың жарлығымен Орынбор губерниясы, Златоуст қаласында қару-жарақ фабрикасының іргесі қаланады. Фабрика белгілі неміс металлургы Эверсман фон Август Фридрихтың жетекшілігімен салынып, Еуропаның орталық қалалары, сондай-ақ Тула, Олонец қалаларынан 100-ден астам арнайы мамандар шақырылады. Алғашқы 3 жыл бойы дайындық жұмыстары жүргізіліп, 1821 жылы қару-жарақ шығарыла бастайды.

1829 жылдан бастап Златоуст гравюралары бірнеше халық­аралық көрмелерден жүл­делі орындарға ие болады. 1851 жылы Лондонда қола медаль, 1867 жылы Париж қаласында екі күміс медаль, 1897 жылы Брюссельде алтын медальмен марапатталады. 1835 жылы Златоуст қару-жарақ фабрикасы Ресей империясында суық қару шығаратын бірден-бір кәсіпорын саналды. І Жаһандық соғыста орыс армиясын 600 мың қылыш, қанжар және атты әскерге арналған сүңгілермен, ІІ Жаһандық соғыста Кеңес Одағы қарулы күштерін 583 мың қылыш, немістер «Шварц­мессер» атаған 1 миллионға жуық қанжармен қамтамасыз етті. Одан кейін 1945 жылы 25 маусымда Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадында шеруге шыққан әскерилер Златоусттың суық қаруларын сән үшін пайдаланды.

Аталған фабрикадан шық­қан орыс қылышы – қазір музей қорындағы өте құнды экспонаттардың бірі. Себебі, мұндай гравюраланған қылыш өте сирек кездеседі. Қылыш музей қорына 1968 жылы өткізілген. Жүзі болат темірден, сәл иіліңкі жасалып, сабына дейін дола салынған. Қылыш бір жүзді, ұзындығы – 890 мм, жүзінің ұзындығы – 745 мм, ені – 30 мм, салмағы – 750-800 гр. Қылыштың жүзі мен сабының түйіскен жеріне Ресей императоры ІІ Николайдың монограммасы, екінші жағына империяның екібасты самұрық бейнелі гербі оймаланып, сабы  арнайы гравюраланған металмен қапталып, жоғары жағына барыстың мүсіні орнатылған. Тарихи деректерге сүйенсек, орыс императоры ІІ Николайдың арнайы жарлығымен Златоуст фабри­касынан 1909 жылы шы­ғарылған қылыш, казак атты әскер офицерлеріне арнайы сый ретінде берілген.

Қазіргі уақытта Златоуст фабрикасы қару-жарақтарды кәдесый ретінде шығаратын кәсіпорынға айналған.

Г.ӘУБӘКІР,

«Ақмешіт» филиалының экскурсоводы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<