Музей – халықтың жадын, тарихын сақтайтын, қорғайтын және оларды жалпақ жұртқа көрсететін бірден-бір орын. Негізгі құндылығы – жәдігерлер, халықтың рухының белгісі, өмірінің айнасы. Кез келген халықтың рухани болмысы оның материалдық дүниелерінде көрініс беріп отыратыны белгілі. Бүгінгі технологияның қарыштап дамыған заманында көне заттардың күнделікті тұрмысқа қажетсіз болып қалғаны бар. Алайда сол заттардың халқымыздың тарихын зерттеуде, болашақ ұрпаққа танытуда қаншалықты маңызды екенін ескере бермейміз. Музей үшін сол заттар – халық жадын жандандыруға қызмет ететін, мамандардың зерттеулеріне арқау болатын, ондаған, жүздеген жылдан кейін де болашақ ұрпақ таңдана тамашалайтын құнды дүние.
Осындай құндылықтың бірі – Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған тон. Музей қызметкерлері жыл сайын жергілікті тұрғындардың қолында сақталған тарихи, этнографиялық экспонаттарды, сонымен бірге салт-дәстүрге байланысты фольклорлық жәдігерлерді жинақтау жұмыстарын жүргізеді. Міне, осындай жинақтау жұмыстары кезінде аудан тұрғыны Көптілеу Қазақбаева үйінде сақтаулы тұрған тонды музейге сый ретінде тапсырған.
Тон – ерлерге арналған сырт киім, қалың матадан тігілген. Іші жылы болу үшін мақта немесе жүн салынған, ал өңірі мен жағасы аң терісімен көмкерілген. Жеңі ұзын, етегі тізеден төмен түседі. Суық мезгілде киюге арналған және Орта Азия халықтарының, соның ішінде қазақтың дәстүрлі тұрмыстық киімі.
Қазақ халқының ұлттық киімдері – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігінің, табиғатпен етене өмір сүруінің және рухани мәдениетінің айқын көрінісі. Ұлттық киімдер көшпелі өмір салтына, климаттық жағдайға және шаруашылық ерекшеліктеріне сай жасалған. Олардың ішінде ерекшесі – тон. Ол – жай ғана суықтан қорғайтын сырт киім емес, әлеуметтік мәртебені, тұрмыс деңгейін, эстетикалық талғамды және салт-дәстүрді білдіретін маңызды мәдени мұра.
Қазақ даласының қысы суық, жазы ыстық болып келетіндіктен, жылуды жақсы сақтайтын әрі төзімді киім қажет. Осы қажеттіліктен тон пайда болды. Негізінен мал мен аң терісінен тігілген. Бұрынғылар мал шаруашылығымен айналысқандықтан, қой, қозы, ешкі, түйе терілері кеңінен қолданылған. Одан тігілген тондар күнделікті тұрмысқа ыңғайлы, жылы әрі ұзаққа шыдамды болған. Ал аң терілерінен тігілгендері сәндік бағалы киім ретінде бағаланған.
Тонның басты ерекшелігі – жылуды жақсы сақтайды. Ішкі жағындағы жүн суықты өткізбей, адам денесін аяздан қорғаған. Сондықтан қыстың қақаған аязында, боранды күндерде, ұзақ сапарларда таптырмас киім саналған. Көшіп-қонып жүрген малшылар, аңшылар, жолаушылар үшін өмірлік маңызы бар киім болған. Ол кейде көрпе орнына да пайдаланылған, яғни тек киім емес, тұрмыстық қажетті заттың бір түрі.
Тонның бірнеше түрі бар. Ең көп тарағаны – қой тон. Халық арасында кеңінен қолданылып, қарапайым әрі қолжетімді киім саналған. Түйе тон өте жылы әрі қалың болғандықтан, әсіресе қыстың қатты суығында немесе ұзақ көш кезінде киілген. Ал түлкі ішік, қасқыр ішік, қарсақ ішік, бұлғын ішік сияқты бағалы аң терілерінен тігілгендерін көбіне бай-дәулетті адамдар, ел ағалары, батырлар мен билер киген. Иесінің әлеуметтік жағдайын, байлығын және беделін көрсеткен.
Тон тігу – үлкен шеберлікті талап ететін күрделі процесс. Алдымен теріні дұрыс сойып, тазалап, илеп, жұмсартқан. Теріні илеу кезінде табиғи әдістер қолданылып, оның мықты әрі ұзаққа шыдамды болуы қадағаланған. Кейін теріні пішіп, тігіп, үлгісін жасаған. Пішімі кең, қозғалысқа ыңғайлы болуын ескерген. Кейбір тондардың жағасы, жеңі мен етегі барқыт, мақпал, жібек маталармен көмкеріліп сәнделген. Әсіресе салтанатты тондарға ою-өрнек салынып, зерлі жіптер пайдаланылған. Бұл бұрынғылардың жоғары эстетикалық талғамын көрсетеді.
Қазақ қоғамында тон сыйлау үлкен құрметтің белгісі саналған. Қадірлі қонаққа тон жабу, құдалықта немесе үлкен тойларда сыйлау дәстүрі кең тараған. Бұл қонақжайлылықты, сыйластықты және кеңпейілділікті білдірген. Кей жағдайда бітімгершілік пен татулықтың белгісі ретінде ұсынылған, яғни қазақ қоғамында қарым-қатынас құралы ретінде де маңызды рөл атқарған.
Тонға байланысты қазақ тілінде мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестер бар. Мысалы, «Тонның ішкі бауындай» деген тіркес адамдар арасындағы өте тығыз, ажырамас қарым-қатынасты білдіреді.
Уақыт өте келе тұрмыс салты өзгеріп, заманауи киім түрлері кең тарағанымен, тон өзінің ұлттық мәнін жоғалтқан жоқ. Қазір сирек қолданылғанымен, ұлттық киім ретінде этнографиялық мерекелерде, театрландырылған қойылымдарда, музейлерде кеңінен көрсетіледі. Сонымен қатар қазіргі сән саласында ұлттық нақыштағы тондар жаңаша үлгіде тігіліп, заманауи стильмен үйлестірілуде. Бұл – ұлттық мұраны сақтап, оны жас ұрпаққа танытудың маңызды жолы.
С.РЫСБАЕВ,
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану
музейінің әдіскері





