Елу жылдың белесінде

685

0

Адам баласы өз ғұмырында көп нәрсені бастан өткереді ғой. Оқу бітіріп, диплом алу. Қызметке орналасу. Өмірдің басқа да белестерінде тіршілік қамымен ойға, қырға шапқылау. Соның біразы ұмытылып, ой-санаңнан өшіп қалғанын да байқамайсың. Ұмытылмайтыны – тек балғын балалық шақ. Міне, бүгін де сол қызық пен шаттыққа толы, алаңсыз кездеріміз сағым жылдардың аржағынан қол бұлғайтын секілді.

Қазір өзім де ағалық жасқа жеткен,жастарға жол көрсетіп, тәлімгер шәкірттер тәрбиелеп жүрген ұстаздың бірімін ғой. Сөйте тұра, көңілден тәтті елесі кетпес, тайға мініп, желмен жарысып,  ауылда асыр салған, сосын қаздың балапанындай тізіліп, мектеп табалдырығын аттаған жасөркен кезімізді жиі еске аламын. Биыл сол алтын ұядан қанаттанып түлеп ұшып, әрқайсымыз арман қуып жан-жаққа кеткенімізге тұп-тура 50 жыл болыпты!

«Елу жылда ел жаңа» дейтін дана халқымыз жаңару мен жаңғырудың табиғи қалыпты дүние екенін қалтқысыз таныған ғой. Ұлы Даланың қастерлі өлкесінің бірі, шежірелі Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Мәдениет аталатын алақандай ауылға аңсарымыз ауып тұрады. Кезінде даңқы алысқа кетіп, ерлері дүрілдеп, тұлпарлары дүбірлеп жататын ауыл келбеті бүгінде мүлде өзгерген.Өзі аудан орталығы Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай қырық шақырымдай жерде орналасқан. Білетініміз, іргесі 1929 жылы «Кедей бірлігі» артелі ретінде қаланды. 1950 жылы «Қызыл жұлдыз», Жамбыл, «Қызыл диқан» және «Бірлік» ұжымдары бірігіп, Жамбыл атындағы іріленген ұжымшар болып қайта құрылды. 1963 жылы көршілес «Қазақстанның 20 жылдығы» атындағы ұжымшарымен қосылып, «Мәдениет» атты кеңшар болып ұйымдасты. Бүгінгі күні уақыт талабына сай бірнеше ірілі-ұсақ шаруа қожалықтарына бөлінген.

Әрине, ауылдың «колхоз», «совхоз» болып аталғаны шартты ұғым, кеңестік дәуірден қалған бертіндегі атаулар ғой. Әйтпесе, ауылымыздың тарихы тым әріден басталатыны ақиқат. Мен өзім ғылым саласында жүргендіктен жеріміздің тарихын, өткені мен бүгінгісін бір кісідей жақсы білемін. 1980 жылдары Мәскеуден арнайы шыққан ғылыми экспедиция Жалағаш ауданының табиғатын, мал өсіру, егін өсіру саласының тым әріден басталатынын анықтап, қайран қалғанын оқығаным бар. Олардың айтуынша, бұл өңірде тіпті «бор дәуірінің» өзінде жайылма көл сулары болғаны, оны жергілікті түрғындарегін шаруашылығы мен жасыл желектер өсіруге пайдаланғаны анықталды. Тек, кейінгі ғасырларда болған қатты қуаңшылық пен құбылмалы ауа-райының салдарынан көп алқабымыз шөлейтке айналып кеткен екен. Сонда да, топырағынан кие дарыған бұл өңірді бүкіл түркі жұрты қасиетті мекен ретінде қадір тұтады.Ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін мен күріш өсіру саласы жақсы дамыған.

«Мәдениет» ауылындағы біз оқыған №32 «1 Май» мектебінің тарихы да тым әріден басталады.Осы білім ордасында 1970-1974 жылдары директор болған Әленов Шакизада Әбішұлының жазуы бойынша, іргесі 1925 жылы бастауыш мектеп болып қаланған. Кейін1932 жылы жеті жылдық мектепке айналып, 1959 жылдың жаңа оқу жылынан бастап «1 Май» орта мектебі болып аталады. Ал, 1985 жылы 15 наурызда ауылымыздың белгілі тумасы, ел ағасы, отызыншы жылдардағы репрессия кезеңінде «халық жауы» ретінде жазықсыз атылып кеткен қоғам қайраткері Ілияс Жүсіпұлы Қабыловтың есімі берілді.

Осы қара шаңырақтың табалдырығын қол ұстаса бірге аттап, 1972 жылы бірге бітірген 45 түлектің (20-сы қыздар) бүгінде бірқатары арамызда жоқ екенін ойласам, жүрек тұсымыз шымырлайды. Асанов Бердібек, Әбдікеров Төлеген, Елеуішов Әлкебай, Жақсыбаева Алтын, Қамзаев Бекен, Қаражанова Құлғанша, Салиева Базаркүл,Өмірзақов Есен сияқты жарық дүниеден ертерек кеткен сыныптастарымызға «топырағы торқа болсын» дей отырып, жарқын жүздерін сағынышпен еске аламыз және барған сайын дұғамызды оқимыз.

Сол сияқты, ойымызға білім нәрін құйған, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуымызға» бар күш-жігерін арнаған ардақты ұстаздарымыздың көпшілігі бақилық болып кеткенін де өткен шақпен айту қиын екен. Біз мектеп табалдырығын аттаған уақытта мектеп директоры Кәрбоз Серікбаев деген кісі еді, одан соң Шахман Елубаев, бітірген кезімізде Әленов Шакизада деген ағамыз басшылықта болды. Үшеуі де өмірде көргені көп, көңілге түйгені мол, білімі мен біліктілігі, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қасиеттері астасып жатқан, елге сыйлы парасатты азаматтар еді. Бұл кісілермен ауыл тұрмақ, аудандағы атқамінерлердің өздері санасатын. Сөздері өтімді, істері нақты болатын. Білім ошағының көркейіп кеңейуіне, іші-сыртының жарқырап жаңаруына, оқу мен білімге қажетті парта, тақталармен қатар, домбыра, баян сияқты музыкалық аспаптармен, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне жанын сала жүгіретін. Соның нәтижесінде мектебіміздің оқушылары аудан, облыс көлеміндегі спорттық жарыстарда, пәндік олимпиадаларда тек алдыңғы қатардан көрініп, маңдайымыз жарқырап, мерейіміз үстем жүретін қуанышты күндер аз емес еді.

Шәкірттердің мектеп бағдарламасын ғана игеріп қоймай, жан-жақты терең білім алуы, тәрбиелі азамат болып шығуы ең алдымен, оқытқан мұғалімдердің біліктілігіне байланысты екені даусыз. Бұл ретте, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болған «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «КСРО баспа ісінің озық қызметкері» энциклопедист-ғалым Бекраш Жүсіпов, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық кызметкері» Бейбіт Оразымбетова, математика пәнінің мұғалімі Тәуекел Төремұратов, сурет пен еңбектен дәріс берген Мәлік Лаубаев, «Аға мұғалім» атағының иегері, орыс тілі пәнінің мұғалімі Ырысалды Нұрмағанбетова, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, дене шынықтыру-әскери дайындық пәнінің шебері Таңсықбай Шапағатов,биология мен неорганикалық химия пәнінің мұғалімі Мирхан Таукеева, тағы да басқа аты-жөндері аталмаса да, мәңгілік жадымызда сақталған ұстаздарымыздың тағдырымыздағы алар орны ерекше.

Абай атамыздың: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген даналық сөзі осы тамаша жандарға арналған сияқты. Жастар бойындағы жоғары адамгершілік қасиеттер – құрмет пен сыйластық, табандылық пен адалдық, парасаттылық, еңбексүйгіштік, жарқын өмірге ұмтылушылықтың бәрі мектепте қалыптасады. Бүгінде біріміз белгілі тарихшы, біріміз ғалым аграном, біріміз ақ пейілді дәрігер, біріміз жаны жомарт мұғалім атансақ, сол аяулы ұстаздарымыздың төккен маңдай тері мен жастайымыздан біліммен сусындатқан шапағатының нәтижесі екені рас. Математика пәні болса, отыра қалып есепті жаңғақша шағуға машықтанатынбыз. Химия, биология, физикадан небір қызықты тәжірибелер жасаймыз. Әдебиеттен таласа-тармасып, жарысып өлең-жыр жаттаймыз. Бүгінгідей іздеген нәрсеңнің жауабы дайын ноутбук, калькулятор дегендер жоқ. Өткен сабақтың бәрі миымызда сақталады. Есептен бақылау, орыс, қазақ тілдерінен диктант, әдебиеттен шығарма жазу дегендеріңіз ой мен ақылдың күшімен орындалатын дүниелер болғандықтан, санамызға шегеленіп қалатын. Кейбір мысалдарды күні бүгінге дейін сұрасаңыз, зуылдатып айтып беретіндей зеректік қалыптасқан еді. Бұл мақтанғандық емес, шынымен солай болатын. Оқыту әдісінің тікелей балалармен жұмыс істеуге, ой-өрісін дамытуға бағытталғаны сол заманның өз ерекшелігі дер едім. Осы күндері мектеп түлектерінің екі ауыз сөздің басын құрай алмайтындәрменсіздігіне қарап, салыстырмалы түрде айтқаным ғой.

Мысалы, тарихшы Шәмшәгүл Тоқсанова апайымыз сабақты қалай өткізетінін еске түсірейін.«Топырағын түртіп қалсаң, тасын төңкеріп қарасаң, ежелгі заманнан сыр шертетін қазыналы жерімізде талай дүние тұнып жатыр» деп бастайтын ол кісі бізді басқа бір жұмбақ әлемге тез ілестіріп әкететін. Расымен, қалың Алаштың төрт астанасы бірдей орын тепкен Сырдың бойында өткеннің ізіндей, көненің көзіндей көне мәдени орындар жетерлік. Бұл атыраптың әр төбесінде жазылмаған шежіре тұнып жатыр. Мысалы, апайымыз айтқандай, XVII ғасырда қалмақтармен күресте ерлігімен ерекше көзге түскен ба­тыр­лардың бірі – Келменбет (Сарықасқа) Келдібайұлы. Батыр есімімен қосақтала айтылатын «сарықасқа» сөзі оның тұлпарының түсі екен. Өз кіндігінен тараған ұрпақтары «Мәдениет» ауыл­­ынан тыс жерлерде де жиі қоныстанған. Міне, осындай құлағымызға кішкентайымыздан етене таныс дүниелерді айта отырып, негізгі тақырыпқа қалай ауысып кеткенін аңғармай қалатынбыз.

Қызықты өтетін пәндеріміздің бірі әдебиет. «Сыр елі – жыр елі» деген тәмсіл де бекер айтылмаса керек. Ауылымыздағы екінің бірі сөзуар. Болатбек Нұржанов дейтін жыршының «Шәкір-Шәкірат» дастанын жатқа айтатынын көзіміз көрді.

«Киікшіден шыққан қос жүйрік

Сүйкімбай менен Сүйіндік…

Ән менен сөзін ажарлар», – деп, Омар шайыр Шораяқұлы жырлағандай атақты Сүйкімбай мен Сүйіндік жыраулардың кіндік қаны да біздің ауылда тамған. Беріден салсақ, белгілі шығыстанушы ғалым, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Өтеген Күмісбаев дүниеге келген. Тірі болғанда биыл 84 жасқа толатын атақты ақынды бүкіл ауыл баласы мақтан тұтатынбыз.

1968 жылдар-ау деймін, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рабиға Кәрімбаева апайымыз «Ақын ағаларың келгенде қолтаңба аласыңдар» деп, «Алақан» атты өлеңдер жинағын таратқаны есімізде. Бірақ, қанша асыға күтсек те, Мәскеуде аспирантурада оқитын ақыннан қолтаңба алудың сәті түспеді. Кейін Алматыда Өтеген Күмісбайұлымен бір отырыста кездескенімде осы дайындығымызды айтып беріп, басқа бір кітабын қолтаңбасымен алғаным бар.

Біздің мектептегі бір ерекшелік, білім беру жүйесі тек бір тілде ғана өтетін, сондықтан басқа ұлттың өкілдері де қазақ тілінде оқитын. Соған қарап, әлемдегі барлық ұлттар тек қазақ тілінде ғана сөйлейтін шығар деп ойлап жүріппіз. Балалық-ай десеңізші! Тату-тәтті бір жүретін оқушылар заман талабына сәйкес, ортаңғы сыныптан бастап ауылдағы шөп шабу, сақманға бару, мал кезегі сияқты жұмыстарды да бірге атқара беретінбіз. Өкінішке орай, қазіргі таңда ауылда да, қалада да жасөспірімдерді еңбекке баулу дәстүрі ақсап жатыр. Қазір адам баласына қажеттің бәрі бар. Не ішем, не кием демейсің. Бірақ, сол барды ұқсатып, жоқты  тауып, ешкімге алақан жаймай, тіршілік құрудың басты шарты – білім мен еңбекті ұштастыру екенін түсіне алмай жүргендер көп. Осы болмашы дерт қоғамда терең меңдеп кетпесе екен деп қауіптенем. Бүгінде «білім-ғылым-өндіріс» атты үштағанды нығайту жалпы еліміздің болашағын дамытудың кілті екенін, орай келген сәттерде, жастарға айта беруіміз қажет деп ойлаймын.

Иә, біздің аға ұрпақ өкілдері жастайымыздан білім алуға құштарланып, қабырғамыз қатайғанша қара жұмыста шыңдалып өстік. Мүмкін, уақыт та солай қатал болған шығар. Бірақ, одан жаман болғанымыз жоқ. Қатарластарымның алды мемлекеттік басқару органдарында, атқару мекемелерінде, мәслихаттарда, экономика мен ауыл шаруашылығында, білім мен ғылым саласында, жоғары оқу орындарында, мектептерде түрлі қызметтерде абырой биігінен көрініп келеді. Бәрін бірдей бір мақаладақамту мүмкін емес, елге белгілі, өмірі жастарға өнеге боларлықтай бірнеше сыныптасымның дерегіне тоқталып өтейін.

Өз ақыл-ойын, таным түсінігін, рухани жан-дүниесін табанды еңбегі арқылы жетілдіріп, ұштап, күш-қайратын, жігерін осы мақсатқа жұмылдыра білетін адамдар болады. Сондай жанның бірі, мектепте жүргенде-ақ өз бағытын анық айқындап алған Нұрлыбек Жолдасбаев Мәскеудің Тимирязев атындағы академиясын бітіріп, туған ауылымыз «Мәдениет»кеңшарының директоры, Жалағаш және Жаңақорған аудандарының әкімі, Қызылорда облыстық ауылшаруашылығы, жер қатынастары, әлеуметтік еңбек қорғау басқармаларының бастығы, облыс әкімінің орынбасары лауазымдарында абыройлы еңбек етіп, ел алғысына бөленді. Еліміздің экономикалық дамуына сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталып, «Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері», Жалағаш, Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы атанды.

Өмір белестерінде қандай қызмет атқарса да адамдарды ортақ іске жұмылдыру, ұйымдастыра білу сияқты қасиеттерімен жарқырап көрінген Қартаңбай Қалиянов деген сыныптасым еңбек жолын қатардағы жұмысшылықтан бастады. Әскерден оралған соң, Алматы Мемлекеттік дәрігерлік институтының дайындық курсына түсіп, провизор мамандығын алып шықты. Содан Шымкент облыстық дәріхана басқармасында аналитик болып бастап, кейінірек Қызылорда темір жол дәріханасының меңгерушісі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды.Қазақстан Республикасы дәрігерлері мен провизорларының бірнеше съездерінің делегаты, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды. Алдыңа мақсат қоя біліп, соған жете білу – қайсарлық па? Қайсарлық! Қалай айтсақ та, қарапайым жұмысшыдан облыс деңгейіндегі басшылық қызметке дейін көтерілу бүгінгі жастарға үлкен үлгі-өнеге боларлық іс.

Мамандық таңдау кез-келген адам баласының өмір жолындағы өте жауапкершілікті, маңызды қадам екені хақ. Мамандық таңдаудан жаңылмау өмір жолыңды дұрыс таңдау деген сөз. Заулаған уақыт көшіне ілесу, еңбек жүйесіндегі бәскелестікке дайын болып, заманның талабына сай кәсіп иесі атану кеше де, бүгін де өз маңыздылығын жойған емес. Мектеп бітірушілер өмірінің жауапты сәттерінің бірі болып саналатын осы мамандық таңдауда сыныптасым Маханбетқали Қабылтаев екеуміздің көзқарасымыз бір арнада тоқайласып, екеуміз де Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылық институтын таңдадық. Тек, алғашқы жылдары мен жұмыс істеп, әскерге барыпамалсыз үш жылдан кейін ғана өз мақсатыма жете алдым.

Өмірлік мамандығын дәл таңдап, оған шын берілген Маханбетқали институтты сәтті бітіріп, өзінің еңбек жолын «Мәдениет» ауылында өндіріс бригадирі, агроном болып бастап, Жалағаш аудандық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, «Таң» совхозы партия комитетінің хатшысы, директоры одан соңаудандық әкімдіктің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, «Табиғат жәние жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің директоры болып, бірқатар қызметтік белестерден абыроймен көріне білді. Зейнетке шыққан соң да ат үстінен түспей, бірнеше шаруа қожалықтарын басқарып, аудандық, облыстық марапаттарға ие болды.

Біздің елімізде экономикамыздың алтын өзегі – аграрлық сала. Содан болар, ауыл десе қашанда бүйрегім бұрып тұрады. 1976 жылы әскерден оралған беті ат басын бірден Алматы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына тіредім. «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» факультетінің дайындық курсына түсіп, иститутты үздік аяқтап, енді ауыл қайдасың деп тұрғанымда өмірім күрт өзгерді. Осы институтқа оқытушылық қызметке қалдырылып, студенттерге дәріс оқи жүріп, қызығы мен шыжығы аралас ғылымға қадам бастым. Техника ғылымдарының кандидаты атанып, 140-тай ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбектер жариялаппын, оның үшеуі монография, екеуі оқулық.

Қазақстандағы аграрлық білім мен ғылымның көшбасшысы, 90 жылдан аса тарихы бар қара шаңырағымыз – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Теориялық және қолданбалы механика» кафедрасының доценті, университет профессоры, инженерлік факультеттің деканы, «Механика және ауыл шаруашылығы техникасын құрылымдау» кафедрасының меңгерушісі, «Білімгерлер контингентін қалыптастыру институтының» директоры – қабылдау комиссиясының Жауапты хатшысы  сияқты түрлі лауазымдарда қызмет атқара жүріп, студент шәкірттер тәрбиелеуге де белсене араластым. Қазіргі кезде университет жанындағы Республикалық оқу әдістемелік Кеңесінің ғылыми хатшысы ретінде ЖОО-лардағы білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді үйлестіре отырып, бәсекеге қабілетті білім беру бағдарламаларын әзірлеуге жетекшілік жасап келемін. Әр еңбектің өтеуі болатыны заңдылық. Мемлекет тарапынан еңбегің еленіп жатса, құба-құп. Осы орайда ҚР Білім және ғылым мнистрлігінің «2008 жылдың үздік оқытушысы» грантының иегері атанғанымды, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, ел Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталғанымды айта кетсем, еңбегімізге берілген әділ баға деп білемін.

Осы ғылым әлемінде жарты ғасырдай жүріп жинақтаған өмірлік тәжірибемді орай келсе, туған ауылымның дамуы үшін де керекке жарату ойымда жүр. Ауылды дамытуға соңғы кездері ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баса назар аударып келеді, әр сөзінде ауыл шаруашылығы – Ұлттық экономиканың негізі болып табылатындығын қадап айтып, еліміздегі бәсекеге қабілетті агрокешен құру көлемін арттыруды тапсырып отыр. Бұл өзінен өзі жүзеге асатын шаруа емес. Ол үшін субсидиялау, астық тұқымымен, шикізатпен, жемшөппен және жол, көлік, ауыз су, газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылым мәселелерін шешу, мектептер мен аурухана, спорт алаңдарын салу және жөндеу сияқты көптеген бағдарламаларды жүйелі жүзеге асыру қажет.

Мақаламның басында атап өткенімдей, Жалағаш ауданы таза егін шаруашылығымен – күріш, бидай, арпа, жүгері, жоңышқа өсірумен айналысады. Қызылорда облысы елімізді күрішпен қамтитын алдыңғы қатардағы аймақ саналса, сол ақмаржанның үштен бірге жуығын өндіретін біздің аудан. Ел аузында «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген жақсы бір лепес бар. Менің жерлес диқаншы ағайындарым ел ризығын еселеу жолында аянбай еңбек етіп, бар күш-жігерін танытып келеді. Мәселен, өткен 2021 жылы ауданда 36 731 гектар алқапқа егін егілсе,  соның 21 600 гектарына күріш өсіріліпті. Тіпті, күрішке деген сұранысқа сәйкес, 3568,5 тонна күріш өнімі экспортқа шығарылыпты. Яғни, мемлекет тарапынан қолдау күшті болса, күріш көлемін де артыруға мүмкіндік бар деген сөз. Алайда, Сыр өзеніндегі су деңгейінің төмендеуінен су тапшылығы туындап, біраз шаруашылықтар соның қиындығын сезініп отырғанын да айтпасқа амал жоқ. Бұл енді үкіметтік деңгейде назар аударылатын күрделі мәселе.

Шөлдік белдемде орналасқандықтан Жалағаштың жері топырағы сұр, сортаң, солтүстігінде тақырлы, ал оңтүстігінде ақшыл сұр, қызыл құмдауыт болып келеді. Ендеше, ауыл кәсіпкерлерімен тікелей кездесіп, ауылдағы инновациялық технологияларды өндіріске қолдану және енгізу бойынша ғылыми тұрғыда кеңестер беріп, семинарлар ұйымдастырсақ деп көздеп отырмыз. Мәселен, аймақтардағы табиғи ерекшеліктерге орай, жер, топырақ және ауа-райының өзгеше жағдайларына байланысты жоғары өнім беретін өсімдік сорттарын себу, асыл тұқымды мал түрлерін таңдау, жайлымдарды тиімді игеру, қаржыландыру көздерін анықтау және т.б. мәселелер аясында ауыл еңбеккерлерінеи нақты тәжірибелік көмек көрсете аламыз деп ойлаймын. Бұл енді ойда әбден піскен дүниелер, оның жүзеге асуы алдағы күннің ісі.

Жуырда алыс-жақындағы сыныптастармен ақылдаса отырып, туған ауылымыздың бүгінгі келбеті, тыныс-тіршлігі туралы ой алмастық. Ауыл тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңдегідей емес, қазір есін жиып, еңсесін тіктеп келеді. 2015 жылдан бері Мәдениет ауылдық кітапханасында ауылдық онлайн орталығы өз жұмысын бастады. Ақпараттық онлайн орталықта ауыл тұрғындары кәсіпкерлік туралы, интернеттен ақпарат іздеу, түрлі онлайн-сервистерді пайдалану, электронды сандық қолтаңба алу сияқты мүмкіндіктерге қол жеткізіп отыр. Жұмыссыз жастар үшін де компьютерлік сауаттылығын арттыру, жаңа кәсіпті меңгеруде көмегі мол болмақ. Әлі де бірлесе атқарылар істердің тізбегі аз емес. Қолдан келсе, туған жердің келбетін көркейтуге әр азаматтың тыс қалмағаны абзал.

Біздер мектеп бітіргенімізге 50 жыл толуына орай Қабылтаев Маханбетқалидың ой тастауымен «Мәдениет» ауылының орталығынан «Туған жерге тағзым» атты Сыныптастар саябағын ашу мақсатында жер телімін рәсімдеп, игілікті істі қолға алдық. Қазіргі таңда саябақты әрлендіру жұмыстары толығымен аяқталды. Саябақ құрлысына барлық сыныптастар шын ықластарымен атсалысты. Құрылыс барысында Әбенов Ерғали қорға қомақты қаржы салып, құрылыс жұмыстарының тез және сапалы жүргізілуіне бас-көз болды. Ал, Нұрлыбек досымыз отырғызылатын ағаштарды облыс орталығынан өзі таңдап, тегін алып берді. Баймахан, Мақсат, Әлімбек, Ақберген, Нұрман саябақты қоршау, ағаш егу жұмыстарын атқарды.Бұл жерде бөле жаратын ештеңе жоқ, барлығы да өз мүмкіндіктерінше қолдау көрсетті. Менің тарапымнан мерейтойға арналып, сыныптастар мен ұстаздар үшін мерекелік төсбелгі дайындалды.

Айтпақшы, өз ортамыздан отбасын құрған Абенов Ерғали–Қыстаубаева Нәзира, Жақсылықов Баймахан– Жақсыбаева Алтын, Қабылтаев Маханбетқали–Бәйімбетова Қожагүл сияқты сыныптастар біздерді асыға күтіп жүргендерін айтып, тезірек қауышуға шақырыпты. Біз де осындай сезімдеміз.

Өмір белесінде әр қиырда жүрген, ұл-қыз өсіріп, алды 20, арты бес-алтыдан немере сүйген, Илясова Тұрсынкүл сияқты шөбере көрген ата-әжелердің туған жерде бас қосып, өздері білім алған шаңырақтағы партаға отыратын күндері де алыс емес.

Тек, елімізде тыныштық, әр отбасында аманшылық болсын деп тілейік!

Исабек ЖАНАШЕВ,

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің  ғылыми хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<