Халқына теңдік сұраған

454

0

Егемендік алғаннан кейінгі кезеңдегі мемлекетіміздегі жаңарулар мен тың серпілістер тарихи оқиғаларға жаңа тарихи таным бағытында, тың деректер негізінде қайта сараптап зерттеу мүмкіндігін туғызды. Отандық тарихтың ақтаңдақ беттерінің орнын толтырып, болған оқиғалар мен құбылыстарды жаңа көзқарас тұрғысынан сараптап, тарихи шындықты зерттеп-зерделеп жария ету ұлт зиялылары қызметі арқылы жүзеге асатыны мәлім. Уақыт жекелеген тұлғалар мен тарихи үрдістерді шынайы түрде толық қарастыруды қажет етіп отыр.

Мұхамеджан Тынышбаев – туған халқына бостандық, теңдік әперіп, өркениетті елдердің қатарына қосу мақсатында өзінің  перзенттік күш-қуатын, ақыл-білімін, адамдық қасиетін күрес жолына сарп еткен ұлы қайраткер. Далалық өркениет пен қалалық тұрмыс-тіршіліктің, мал шаруашылығы мен егіншілік мәдениеттің ара қатынасын зерттеу нысаны еткен. Осының нәтижесінде туындаған еңбектері оны инженер әрі тарихшы, әрі өлкетанушы ретінде көрсетті. Өз өлкесін зерттеу барысында оның тарихи дүниетанымы қалыптасып, шынайы тұжырымдар жасады.Патшалық кезең мен тоталитарлық жүйе дәуіріндегі өкімет саясаты «ұлтшыл», «халық жауы», «шовинист» деген айып тағып, тағдыры талқыға салынған, қиындық болатынын біле тұра ұлты үшін аянбай еңбек еткен. Оның өмірі мен қоғамдық саяси қызметін, тарихи еңбектерін, көзқарастарын зерттеу – қоғамдық ғылымдардың, ең алдымен тарих ғылымының алдында тұрған үлкен іс.

Мұхамеджан Тынышбаев Жетісу облысы Лепсі уезі, Жыланды тауының баурайында дүниеге келген. 1900 жылы Верный қаласындағы Ерлер гимназиясын үздік аяқтап, император Александр І атындағы Жол қатынасы инженерлері корпусы институтына оқуға түседі. Студент шағында баспасөз беттерiнде патша үкіметінің отарлау саясаты туралы мақалалар жазып, ел iшiнде үкiметке қарсы үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзумен айналысты. Сонымен бiрге патша билiгiне оппозициядағы орыстың түрлi партияларына түрiкшiлдiк және мұсылмандық қозғалыстарға да қатысты. Оның осы кезде жазылған атақты «Қырғыздар және азаттық қозғалыс» деген баяндама-мақаласынан соң империя жандармериясы соңына тыңшы қойды. 1907 жылы Жетісу облысының мұсылман халқы атынан ІІ Мемлекеттік Думаға сайлануы, оның сол кезеңде-ақ халық алдындағы бедел мен сенімге ие болғанын көрсетеді.

М.Тынышбаев 1916 жылғы 25 маусым жарлығына қарсы шық­қан халық көтерiлiсiнiң салдарын (Жетiсу облысындағы қазақ-қырғызға жасалған қанды қырғын, халықтың босқындыққа ұшырап, бұрынғы жұпыны күйлерiненде айырылуы және т.б.) күнi бұрын-ақ болжап, бас көтеруді болдырмауға тырысты. Күшi басым империялық билiкке қарсы шығудың қарусыз халыққа тек қайғы-қасiрет әкелетiнiн алдын ала түсiнiп, елдi сабырға шақырған «Қазақ» газетi төңiрегiндегi зиялылармен бiр пiкiрде болды. Кейiн осы көтерiлiстiң зардабын жою iсiмен айналысты.

Ол 1917 жылдың ақпанында дүниеге келген Уақытша үкiметтiң Түркiстан Комитетi құрамына мүше болып, халық проблемасын шешуге барынша атсалыс­ты. Қоғамдық-саяси қызметiнiң келесi бiр өте маңызды кезеңi – 1917 жылы қараша айының соңында құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясы үкіметінің төрағасы болуы. Кейіннен 1917 жылдың соңына қарай Алашорда үкiметi жағына шығып, Алаш зиялыларының ұлттық автономия мәселесін көтеруіне ықпал етеді. Бiрақ басталып кеткен азамат соғысы бұл шешiмнiң орындалуына қолайлы жағдай туғыза қойған жоқ. Соған қарамастан, Алашорда үкіметі бұрынғы империя метрополиясы мен отар аймақтарында пайда болған түрлі саяси билік құрылымдарымен келіссөздер жүргізіп, қазақ мүддесін қозғауға ұмтылды. М.Тынышбаев белсенді мүшесі болған ұлт автономиясының көсемдері, ең алдымен, халықтың амандығын, бүтiндiгiн сақтауға тырысты.

Ол 1920 жылы 1 қазанда Ташкентте ашылған Қазақ Ағарту институтының оқытушысы болып қызмет істеп, онда түркі-моңғол тарихынан дәріс оқып, физика, математика пәндерінен сабақ берді. Институт ұжымы оқу орнын қалпына келтіру мақсатында халықтан қаржылай көмек сұрауға М.Тынышбаевты Шымкент және Әулиеата уездеріне жібереді. Институтты ұйымдастырушылардың бірі ретінде қызмет бабымен іссапарға шыққанда қазақ жастарын білім алуға шақырған. Сондай-ақ ол өзінің жұмысбасты болғанына қарамастан, оқу орнында дәріс беруін тоқтатпаған. Ол институт басшылығына таңертеңгі сағат 8-9 аралығында, түстен кейін 16-дан соң оқу орнына сабақ жүргізуге мүмкіндігі болатынын айтып хат жазған. Бұл құжат М.Тынышбаевтың ұлт мүддесі жолындағы жанқиярлық қызметінің бір ғана көрінісі еді.

Осы институтта жүріп, жүйелі түрде тарихи-зерттеушілік жұмыстармен айналысып, қазақ халқының этникалық және саяси тарихын зерттеумен айналысты. Ол 1920 жылы Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамын құрушылардың бірі болып, «Сана» журналының шығуына атсалысты. Осы журнал бетінде қазақ халқының қамын жеген, мүддесін көздеген зиялы қауымның шығармашылық еңбектері жарық көре бастайды. Солардың  қатарында 1923 жылы М.Тынышбаевтың «Түрік-Моңғол тарихы» деген еңбегі де бар. Онда ХІІ ғасырдағы моңғол шапқыншылығына  дейінгі қазақ тайпаларының географиялық орналасуы, құрылымы, өзіне тән қоғамдық-діни, мәдени дамуы туралы тың мәліметтер келтірді. 1924 жылы 22 маусымда болған археология және этнография секциясының кезекті мәжілісінде қоғамға толық мүше болып қабылданады.

1925 жылдан бастап Ташкент қаласындағы Орыс Географиялық қоғамы бөліміне мүше болып жүрген кезінде өлкетанушылық, этнографиялық зерттеулермен шұғылданды. Соның нәтижесінде ғалымның «Қазақ-қырғыз тарихына материалдар», «Көксу үйіндісі және Қойлық қаласы», «Қызылөзен үйіндісі және Баласағұн қаласы» атты еңбектері жарық көрді. Бұл еңбектерде Қазақстанның Жетісу өлкесіндегі орта ғасырларда мәдениеттің ошағы болып, Жүсіп Баласағұн сияқты ойшылдар еңбек еткен, моңғол, жоңғар шапқыншылығы нәтижесінде үйіндіге арналған Қойлық, Қызылөзен, Баласағұн, Ілебалық сияқты қалалардың тарихтағы орны баяндалады. Ол осы кезеңде  тарихшы-ғалым ретінде өзіндік зерттеу жолына түсті.

Оған сол заманда қатар өмір сүрген ғалым-зерттеушілер де ықпалын тигізді. Қазақ халқының тарихына байланысты замандастары жариялаған еңбектерге дер кезінде пікір айтып отырды. 1925-1926 жылдары А.Чулошниковтің «Қазақ-қырғыз тарихының очерктері» атты еңбегіне сын-ескертпесі жарық көрді. Осы еңбекте қазақ хал­қы тарихының көп жағдайда бұрмаланып берілгендігіне төзе алмаған ол нақты деректер негізінде еңбектің кемшіліктерін көрсетті. Міне, сондықтан М.Тынышбаевтың бұл тарихи еңбектері – ұлт тарихының кейбір күрделі мәселелері мен тарихнама туралы құнды пікірлер айтқан ғылыми туындылар.

Тарихи деректерді, өлкетанушылық материалдарды жинақтауда М.Тынышбаев халық ауыз әдебиетін халықтың тарихы мен мәдениетінің негізгі дерегі ретінде қарастыра отырып, өлкетанушылық, этнографиялық тұрғыдан ғылыми мәселелерді шешіп отырды. Өз өмірінде мамандығына байланысты қызметінен басқа көптеген ғылыми-зерттеулер, мақалалар жазды. Олар барлық қоғамдық қызметтері сияқты тыңғылықты жасалып, зерттелгендігімен, толық сындық-сараланудан өтуімен және өзіндік ой-тұжырымның жасалуымен ерекшеленеді.

Тарихшы-ғалымның  ғылыми қызығушылығы өз халқының мүддесі және оның  өткені мен болашағы туралы ойларының көп толғанысынан туындады. Ол Орыс Географиялық  қоғамының Түркістан бөлімшесі қоғамымен байланысты болды. Қоғамның әр мәжілісіне сарапшы ретінде ғана қатысып қоймай, баяндамаларын да жасап тұрды. Өмірінің көп  кезеңін ізденіспен өткізген ол тарих ғылымын құнды зерттеулермен толықтырып отырды. Орыс Географиялық қоғамының Жетісу, Түркістан бөлімшелерінің және 1920 жылы Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының мүшесі болады.

Оның  көзқарастары мен еңбектері жалпы қазақтың мәдениеті мен тарихының дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ халқының шығу тегін анықтау үшін деректерді ұзақ  жылдар бойы жинақтайды да, кейінірек қазақ шежіресін жазуға негіз етті және ізденістері Қазақстанды зерттеу  қоғамының еңбектерінде жарияланды.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қоғамның дамуында ұлт бірлігін нығайту ісінде тарихи мәселелер маңызды орын ала бастайды. Мұны жекелеген замандастарынан кеңірек те тереңірек түсінген М.Тынышбаев инженерлік қызметпен қоса ғалым-тарихшылықты қатар атқарды. Нәтижесінде инженерлік қам-қарекетті тарихшылықпен қатар алып жүрген ол ғылыми-танымдық және қолданбалық маңызын осы кезге дейін жоймаған тарихи зерттеулер тізбегін қалдырды. Кәсiби қызметiнде Жетiсу жол құрылысы, Қызылорда, Алматы қалалары сәулет-ғимарат нысандарын жобалау және салу, «Түркiстан-Сiбiр» темiр жолын тұрғызу тәрізді ірі техникалық туындыларын қалдырды. Соның ішінде Т.Рысқұлов басшылық жасаған атақты «Түркiстан-Сiбiр» темiр жолын салудағы тұңғыш қазақ инженерінің ерен еңбегi Отан тарихында алтын әріппен қалды. Қазақстанның көлік және коммуникация әлеуетін қалыптастыруда Мұхамеджан Тынышбаев көшбасшы.

Кеңес үкіметі Алаш зиялыларының іс-әрекеттерін жіті назарда ұстап, 1937-1938 жылдары жаппай жазалауға ұшыратқан кезеңде М.Тынышбаев та 1930 жылдың тамыз айының 3-жұлдызында қуғынға түсті.

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында М.Тынышбаевтың бұрын-соңды жарық көрмеген қолжазбаларын жинақтап, толықтырып барлық еңбектерін «Шығармалары» ретінде жариялау еліміз, ұлтымыз үшін керек.  Әсіресе, оған қатысты тарихи құжаттар мен деректер елімізде, ТМД елдері қалаларының (Мәскеу, Петербург, Самара, Уфа, Том, Қазан, Ташкент,  Ашғабад және т.б.) архив қорларында және алыс шетелдерде түрлі ресми-қоғамдық мекемелер мен жеке коллекционерлер қорларына шоғырланған. Оларды іздеу, жинау, деректанулық талдау жұмыстары үздіксіз жалғаса берсе деген ойдамыз.

Кенжегүл АХМЕТОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ақмешіт» филиалы меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<