Халқының бірлігін армандаған

1172

0

Тәуелсіздік алғанға дейін Әйтеке бидің туған және дүниеден қайтқан жылы, мәңгілік орын тепкен жері белгісіз болып келді. Қазақтың үш биі жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінде «Газет ішіндегі кітап» деген айдармен олардың атқарған қызметтері жайлы жазыла бастады.

Сонда Әйтеке биді жазған ғұлама жазушы, классигіміз Әбіш Кекілбаев: «Әйтеке бидің туған жылы, дүниеден қайтқан жылы, жерленген жері осы уақытқа дейін ел жадынан шыққан. Себебі, бұған дейін айтылып келгендей Әйтеке бидің Төле биден, Қаз дауысты Қазыбек биден кіші емес, менің пайымдауымша жасы үлкен болуы керек. Себебі қазақтың басына келген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бұрын дүние салған» деген еді. Шынында да Әбіш ағамыз айтқандай «Әйтекені іздесек,  оның бабалары Тоқпан, Сейітқұл, Жалаңтөс жатқан өңірден іздеу керек» деген-ді. Солай болды да. Әйтеке би бабамыз Тоқпан батыр, Сейітқұл әулие, оның баласы Ақша, одан кейін Бәйбек жатқан қорымда, Өзбекстанның Науаи облысы, бұрынғы Бұқара облысына қараған Нұрата ауданындағы қазіргі Нұрата қаласында жерленгені анықталды.

Енді Әйтеке бидің туған, қайтқан жылдарына келетін болсақ, өмірінің 30 жылын ұлы бидің деректерін зерттеуге арнаған, ол жайлы жазған  дилогиялық романында марқұм Мұхадес Есламғалиұлы: «Өткен ғасырдың 80 жылдары Нұратаға барғанымда жергілікті ақсақалдар 1950 жылдарға дейін сақталған құлпытаста 1644 жылы 23 наурызда дүниеге келген деген жазуды көретін едік деп айтатын» дейді. Ал өлген жылы туралы да Әбіш ағаның пікіріне тағы да келісуге тиіспіз. Қожаберген жыраудың бізге жеткен «Елім-ай» дастанында:

– Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,

Келгенде елу алты жасқа ажалы жетті.

«Бағыну бір көсемге дұрыс қой» деп,

Боларын осы апаттың болжап кетті, – дейді.

Бұл өлеңде Әйтеке бидің «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бұрын қайтыс болғаны аңғарылады. Бұдан байқайтынымыз, Әйтеке би 1644 жылы туып, Қожаберген жырау айтқандай 56 жасында өмірден өтсе, қайтыс болған жылы 1700 жылға сәйкес келеді. Бұған тағы бір дәлел, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтың зиялы қауымының бастамасымен және қолдауымен Әйтеке бидің қабірі қазылып алынып, оның бас сүйегі Ресейдегі Герасимов атындағы лабораторияға жіберіледі. Соның қорытындысымен Әйтеке бидің 1644 жылы туып, 1700 жылы, шынында да «Алқакөл сұламадан» бұрын 56 жасында дүние салғаны анықталды. Енді осыған сәйкес осы кезге дейін әйгілі бабамызды Төле биден, Қазыбек биден кіші деген пайымға өзгеріс енгізуге ұсыныстар түсіп жатыр.

Зерттеуші-ғалым Мұхадес Есламғалиұлының Әйтеке би жөніндегі екі романнан тұратын дилогиясында да мынандай тұжырым келтіріледі: «Әйтеке бидің арғы атасы – Сейітқұл, оның баласы – Жалаңтөс баһадүр, олардың арғы жағында Ораз – бұлардың бәрі текті адамдар. Хан тұқымымен терезесі тең, өз ұсыныстарын өткір өткізе білетін кезеңде өмір сүрген. Хан әулеті Әйтеке бидің ұлы бабаларымен де үзеңгілес болған. Тағы бір себеп Тәуке хан болған кезді, қазақ елінің «Алтын ғасыры» деп айтып жүрген заманында Әйтеке бимен Тәуке замандас, құрдас болған. Тәуке Есімханның немересі болса, оның азан шақырып қойған аты – Таутеке. Ал Жалаңтөстің де өзінің немере інісіне Таутекеге ұйқастырып Айтеке деп ат қойған» деп тұжырым жасайды. Шынында да солай болуы керек. Өйткені Айтеке, Таутеке аттары да сәйкес, жастары да қатар болған. Сол Айтеке 25 жасында 25 рулы елдің бас биі болса, Тәукені хан сайлаған кезде, Әлімұлы, Байұлы, Жетірудың, бүкіл Алшындардың бас биі болып, 25 руға төрт Шөмекейді қосып 29 рудың атынан тас тастап үлкен үлес қосқаны тарихи құжат-деректермен дәлелденіп отыр.

Тәукені хан сайлағаннан кейін Әйтекенің ұсынысымен хан тағының жанында «Билер кеңесі» құрылған. Хан кез келген шешімін «Билер кеңесі» мақұлдағаннан кейін ғана халыққа жариялауды ұсынған да Әйтеке бабамыз болған.

Тәукенің кезінде халықтың ауыз әдебиетінен бізге жеткен бір өлең бар:

– Әз Тәукені хан сайлап,

Софы Әзизді пір сайлап,

Ақсарбас қонды

Әйтеке бидің басына, – деген.

Осы үш жүздің пірін сайлауда да Әйтеке бидің үлкен орны болды. Үш жүзден келген пірлер сайысында ол қалың қазақтың арасынан таңдап алған Мүсірәлі Жәдікұлы шашасына шаң жұқпай жеңіп шығып, үш жүздің пірі болып сайланғаны да нақты дәлелдермен белгілі. Ал халықтың сол кездері Тәукені «әз Тәуке» деп, Мүсірәлі Жәдікұлын «софы Әзиз» деп қосымша ат қоюы да халықтың ханына, үш жүздің піріне деген құрмет-қошеметі болса керек.

Қазақ сахарасына көз тіккен көрші елдерден қауіптенген Әйтеке би 1698-1699 жылдары Түркістанда өткен үлкен екі жиында мынандай ұсыныс жасайды: «Ресеймен, Қытаймен не басқа бір елдермен одақ жасаудың ешбір қисыны жоқ. Олардың көксегені – терезесі тең одақ емес, қазақтарды қайткенде де бодан елге айналдыру. Қазақ елі әлі де іргесі мықты ел бола алады. Өйткені қарамағындағы қарақалпақтар мен құрамаларды есептегенде әлі де өз жұртынан 80 мыңдық қол жинай алады. Шекара аймақтарында соғыс әдістері үйретілген жасақтар ұстайық. Шекараларға таяу ауылдарды ішкі бетке көшірейік. Мал-мүлікті аямайық. Ресейден, Қытайдан, Хиуадан және Бұқара мен Түріктерден қару-жарақты ептеп сатып алайық. Әскери әдістерге әбден жетілген тұрақты әскер ұстау үшін керекті қаражатты төрелерден, сұлтандардан, ауқатты адамдардан жинайық. Бүкіл қазақ жасағы бір қолбасшыға бағынсын. Қолбасшы Ресей, Қытай, Түрік не Еуропаның әскери өнері жетік бір елінде оқытылсын. Ол өзі шешен адам болсын. Ол тек хан кеңесіне ғана бағынатын және айрықша құқықты адам болсын. Қолбасшы қарадан шыққан адам болсын. Өйткені төре арасы тату емес, қай-қайсысы да хандық жолында қарабастарын ойлаудан әрі аспайды» дейді. Осылайша бір жағынан Қытай, бір жағынан жоңғар және орыс казактары шекараға әскерлерін шоғырландырған қиын күндерде Әйтеке би Төле бимен, Қазыбек бимен біріге отырып елді, жерді қорғауға белсене араласады.

Мәртөбе мен Күлтөбеде күнде жиын болып осы мәселелер айтылғанмен, сұлтандар мен төрелер тарапынан Әйтеке бидің ұсынысы қолдау таппай, қастандықпен дертті болып атажұртына – Нұрата тауына оралады. Атажұртқа келер алдында Төле би, Қазыбек би секілді үзеңгілес серіктеріне сәлем жолдаған толғанысында Әйтеке би: «Елінен айырылған ер бақытсыз, жерінен айырылған ел бақытсыз. Құдайым ондай күнді маған көрсетпегей» деген екен. Елім деген ердің тілегі ақ қой қашанда. Көкірегі даңғыл дана би өз тілегеніндей елінің «Ақтабан шұбырындыға» ұшырағанын көрмей бұл жарық дүниемен қош айтысты.

Ал енді әз Тәукенің кезінде өзінің маңыздылығын жоймаған қазіргі тарихшыларымыз айтып жүргеніндей, дала конституциясы деген атпен өмірге келген «Жеті жарғы» заңы қазақтың алғашқы Ата заңының негізі болып саналады. Осы «Жеті жарғыны» жазар кезінде негізгі баптарды «Билер кеңесінде» талқылатып, әз Тәукеге бекіттіріп, өмірге әкелген де Әйтеке би бабамыз. Бұл тарихшыларымыздың соңғы зерттеулерінде жаңа пікірлермен, жаңа тарихи деректермен дәлелденді.

Оның айтып кеткен киелі сөзі бар: «Біз үш жүзге бөлініп керіспейік, келісейік. Ал керісе қалсақ, үшеумізге де бір хандық түгілі ондық та жоқ» деген болатын.

Тәуелсіздік алғалы Әйтеке биді ұлықтауда біраз шаралар қолға алынды. Ақтөбе облысында бір аудан Әйтеке бидің атында. Қызылорда облысы Қазалы ауданы орталығына Әйтеке бидің есімі берілді. Туған жылы, өмірден қайтқан жылы белгілі болғаннан кейін биыл алғаш рет бабамыздың 380 жылдығын халықаралық дәрежеде атап өтуге ұсыныстар түсіп жатыр. Республикалық Жалаңтөс баһадүр қоры облыс әкіміне, республика Үкіметіне ұсыныс жолдады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Әйтеке би жерленген Науаи облысының әкімдігі мен Қызылорда облысының әкімдігі достық қарым-қатынас түрінде меморандумға қол қойып, ол күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

Биыл Әйтеке бидің 380 жылдығын екі аймақ бірігіп үлкен дәрежеде өткізуді қолға алып жатыр, бұл – құптарлық іс. Енді Әйтеке бидің 380 жылдығын кең көлемде атап өтуге байланысты Ақтөбе облысының жұртшылығы да, Әйтеке би есімін еншілеген ауданында, елді мекендер мен мектептерде, клубтарда үлкен шаралар өткізіп, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеуде, Әйтеке бидің  рөлін насихаттауда көптеген жұмыстар атқарады деп ойлаймын. Дәл осындай бастама Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде де қолға алынғаны дұрыс деп есептеймін. Мұнан халқымыз ұтпаса, ұтылмайды. Әйтеке бидің кемеңгерлігі, оның бүкіл қазақтың басын біріктірудегі ұлағатты сөздері ұрпақтар жадына сіңіріліп отыруы керек.

Биылғы 380 жылдығында Әйтеке би атындағы қоғамдық қор Ақтөбе облысында ашылды. Жамбыл облысында Сейітқұл әулие, Әйтеке би қоғамдық қоры құрылып, қазір жүйелі жұмыс жасап жатыр. Жақында осы қордың бастамасымен Тараз қаласының бір көшесіне Жалаңтөс баһадүрдің есімі берілді. Ал енді Әйтеке бидің жатқан жеріндегі бейіті анықталғаннан кейін оның басына қазақ зиялылары мен кәсіпкерлерінің қолдауымен Әйтеке бидің үлкен кесенесі, Сейітқұл әулие, Әйтеке би кешені басында музей, сонымен бірге үлкен мешіт, тілеухана, қонақүй салынып, 3 гектар жер қоршалып, абаттандырылып, тек қана Қазақстанның емес, басқа да елдерден туристер баратын үлкен орынға айналып, Сейітқұл әулие, Әйтеке би мемориалдық кешені деген атқа ие болды.

Өткен жылы делегация бабамыз жатқан осы кешенге барып, бидің 379 жылдығын Науаи облысында атап өттік. Ал биыл Науаи облысының Нұрата аудандық әкімдігімен келіскеніміздей бүкіл Қазақстан, Өзбекстан Республикасы болып үлкен дәрежеде атап өту екі елдің арасында алтын көпір болып жатқан бабамыздың алдындағы перзенттік парызымыз болмақ. Биыл жыл көлемінде республикалық Жалаңтөс баһадүр қоры осы мақсатта қолдан келген барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмыс жасайтын болады.

Өткен жылы бидің бел баласы Өтебас биге арналған «Халықтың қамын ойлаған Өтебас би» атты үлкен ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Ол Әйтеке би өмірден өткеннен кейін қалың Алшындарды Тасым батыр екеуі Сыр еліне қарай қайта көшіруде үлкен рөл атқарған. Сонымен бірге Әйтеке биден кейін бүкіл Алшындардың бас биі дәрежесіне көтерілген. Қазалы ауданының Мүсірәлі баласы Қосымқожа, Байжан би баласы Сартай батыр, Жалаңтөс баһадүр немересі Дәулет бақсы жатқан, Адам Ата қорымына жерленген.

Сол кездегі аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың басшылығымен, халықтың қолдауымен өткен ғылыми-теориялық конференцияда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымының докторы, профессор Мұхтар Әбілсейіт «Мұрағат деректері Әйтеке би ұрпақтары жайлы не дейді?» деген тақырыпта баяндама жасап, Өтебас бидің өз дәуірінде атқарған қызметтерін тың мәліметтермен халыққа таныстырды. Осы баяндама негізінде Өтебас бидің тікелей ұрпағы Сұлтангерей Есбергенұлы Шекеевтің құрастыруымен шыққан «Бабалар рухына тағзым» атты кітабы конференцияға қатысушыларға таратылды. Әйтеке бидің 380 жылдығында әкесінің атындағы кенттен бір көшені осы Өтебас би атына беріп, торқалы тойды бірге тойласақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Едің бірлігін, халықтың амандығын, тәуелсіздігін аңсап өткен Әйтеке бидің рухы бүкіл қазақ халқын желеп-жебеп, қолдап жүрсін демекпін.

Нажмадин МҰСАБАЕВ,

республикалық «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті,

Қызылорда қаласының, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<