Ядролық сынақ және қазақ даласы

964

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ұйымдастыруымен Zoom платформасында «Ядролық сынақ және Қазақ даласы» атты ғылымитанымдық онлайнконференциясы өтті.

Шараға университеттің оқытушы-профессорларымен қатар Ресейдің Томск политехникалық университетінің профессоры Н.Барановская, Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты ядролық процестер зертханасының инженері Д.Азнабаев қатысты.

Университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Б.Прмантаева Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде жасаған алғашқы қадамдарының бірі әлемдегі қуаты тұрғысынан 4-ші ядролық қарудан бас тартуы болғанын атап өтті. «Семей полигоны алаңында  40 жыл бойы  500 ядролық сынақ өткізілгені белгілі.  Қазақстан ядролық қарудан өздігімен бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде әлемге  бейбіт даму жолын таныстырып, жаһандық қауіпсіздікке өз үлесін қосты», – деді ол.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушы профессорлары өз баяндамаларында «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының тарихына шолу жасап, антиядролық қозғалыстың күш-жігері арқасында 1989 жылы жоспарланған  ядролық сынақ саны азайтылып, атом қаруының сыналуына қарсы ашық түрде жасалған әлемдегі тиімді шаралардың бірі болғанына тоқталды. Сонымен қатар конференцияда ядролық сынақтар мен оның зардаптары, ядролық техногенез және оның биогеохимиялық көрсеткіштердегі көрінісі  туралы жан-жақты талқыланып, университет және Ресей ғалымдары ойларын ортаға салды.

Ядролық қару мәселесі әлі көптеген ғылыми конференциялардың мазмұнын айқындай беретіні анық. Шараны қорытындылай келе қатысушылар ғылыми тұжырымдар мен құнды ой-пікірлерімен бөлісті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<