Эбруч мүсінінің құпиясы

634

0

1848 жылдың тамызында күннің  ыстығынан тартылған Збруч өзенінен (Австрия мен Ресейдің арасындағы шекаралық өзен, Батыс Украина)  Збруч мүсіні деп аталып кеткен  ғажайып бір тас ескерткіш табылды. Оның  биіктігі 2,67 метр болатын төртқырлы баған үлгісінде сұрғылт түсті әктастан жасалған еді. Ол өте бағалы әрі жұмбақ тарихи ескерткіштердің  қатарын толықтырды. Қазынаның  сырын ашуға ұмтылғандарды қиялға бергісіз көптеген сауалдар толғандырды. Журналист Андрей Подволоцкийдің  былайша ой түйіндеуі кездейсоқ емес: «Оның табылуы – адам таңғаларлық жаңалық. Збруч мүсінінің құпиясы осы күнге дейін ашылмай келеді…».

Бұл тарихи құндылық талай адам­дардың назарын өзіне аударды. Тас мү­сіннің сырын ашуға тарихшылар мен ар­хеологтар, өнер зерттеушілері мен жер­гілікті өлке­танушылар көп еңбектенді. Жер­гілікті  аты әйгілі граф Мечислав По­тоцкий және поляк ақыны Тымон За­бо­ровский бұл ерекше жаңалыққа өз көзқарастарын білдірді. Тарихи ескерткіштің құпиясын ашуға  белгілі академик  Борис Рыбаков ықы­лас та­нытты. 2011 жылы Украина  Ғы­лым академиясының Археология инс­ти­­ту­тының қызметкерлері Алексей Комар мен Наталья Хамайко да өз көз­қарас­та­рын білдірді. «Загадки ис­тории» жур­налының редакциясы да осы жауабы табылмаған жұмбақты шешкісі келетіндер қатарынан шет қалмады. Бұл басылымда Марина Викторова алғаш рет мақаласын жариялады. Ол өз мақаласына «Су­дан шыққан мүсін» деген тақы­рып қойды. Ал екінші мақаланы Андрей Под­волоцкий жа­риялады. Бұл жа­рияланым «Орыстың ежелгі символы» деп аталды. Збруч мүсіні жайлы зерттеу жүргізіп, пікір біл­дір­гендердің бәрі де бұл тілге қатысты ескерткіш, ол славяндарға тиесілі деген байламға ғана келді. Өйткені, олар бұл мүсінді  өзгелерден қызғанғандай сыңай та­нытып, өздерінен басқа ешкімге де қиғысы келмеді. Ғалымдардың тап осындай қорытындыға келуі шын­дыққа жанаса ма? Не үшін олар жа­саған қорытындыларда дәлдік пен нақтылық жоқ?

Ал біздің зерттеулеріміз Збруч мүсінінің славяндарға ешқандай қатысы жоқтығын көрсетті. Оған көп­теген дәлелдеріміз бар. Ол түр­кілердің, анығырақ айтсақ, дулат тайпасының патшалар әулетіне тие­сілі.  Осы орайда: «Түркілер (дулаттар) мұнда қайдан жүр?» деген тағы бір заңды сауал туады.

Волга Болгарияның орта ға­сыр­дағы тарихшысы Гази-Барадж  «Ба­радж тарихы» еңбегінде 620 жылы Ұлы Болгарияның ханы Құбы­рат­тың бұйрығымен оның інісі Шам­бат Аскал ауылы орнынан Киев қа­ла­сын тұрғызды. Содан соң олар әскер­імен өздерімен жауласқан аварларға қарай жылжыды. Талантты қолбасшы Шамбат олар­ды бас идіріп, жаулары Венгрия, Польша, Батыс Ук­раинаға (қазіргі атауы) аттанып, жеңіске жетті. Шамбат өзінің аталары патшалық жасаған  Дуло (дулат) әулетінің құрметіне Дулоба (Дулеба) деп аталатын жаңа мемлекет құрды. Би­лікті қолға алған соң ол өзінің туған ағасы Құбыратқа бас игісі келмеді. Ұлы Бол­гария ханы мұндай әрекеттен соң өзінің айт­қанына құлақ асқысы келмейтін бауырын Қый ( түркіше қый – кесіп тастау)  деп атады.

Шамбат Дулобаға (Дулеба) 33 жыл бойы даңқ пен құрметке бөленіп билік жасады. Ол өте мықты мемлекет құрды. Түптің түбіне келгенде  Шам­бат күшейе түскен франктардан жеңі­ліске ұшырады. Ол Фанагория (Азов жағалауында) қаласына орналасқан Ұлы Болгария ханының әске­ріне қа­шып келді.

Құбырат өзінің тәккаппар әрі даңқ­құмар інісін кешірді. Ол оны тағы да Киев қаласына билік құру­ға жұмсады. Киев қаласының тұр­ғын­дары ер тұлғалы, іскер қала бас­шысын құрмет тұтып, жақсы көрді.  Олар өз қаласына Құбырат айт­­қан­дай, Қый (ерке бауырын осылай ата­ғандай) деген атау қойды. Бұл атау Византия императорының Константин Багрянородныйдың  «Империяны бас­қару жөнінде»  еңбегінде ұшырасады.

Сонымен, Дуло (дулат) патшалар әу­леті Украинаның ортасында да, батыс жа­ғында да өмір сүрді. Олар өз бабала­рының аруағына арнап қа­сиетті тас мүсін жасауға тапсырыс берді. Сол кездегі түр­кі халықтарының діни нанымдарына бай­ланысты ата-бабаларының рухын құр­меттеді.

Бұл мүсіннің басты кейіпкері кім? Біздің ойымызша, бұл символикалық кескіндеуде ағасы мен інісі Құбырат хан мен Шамбат әйелдерімен көрініс тапқан (жоғардағы бөлік). Збруч мүсіні мынадай үш деңгейден тұрады және осынша бөлікке бөлінген: жоғарғысы – тәңірі, ортадағысы – жарық дүниедегі пенделер, төмен­дегісі – жер астындағылары. Ежелгі түркілер діни нанымдары бойынша Тәңірге табынып,  жоғарыда бейнелеп көрсеткеніндей  дүние үш бөліктен тұрады деп ұққан.

Тас мүсінде түркілерге тән, тіптен галереяға дерліктей портреттер дәс­түрлі нанымдар мен көптеген  әртүрлі бейнелер мен таңбалар бар.

Сонымен осы тас бейнеге назар аударайық. Ол тастан жасалған. Сла­вяндар  ежелгі замандарда  мүсіндерді ешқашан тастан қашаған емес, ағаштан ойып істеген.  Тас мүсіндер  (балбалдар) – ол түркілердің ежелден қалыптасқан дәстүрлі өнері. Оны оқып , танып білу ғана керек.

Енді осы тас мүсінге талдау жасап көрелік. Тас мүсіндер (балбалдар) – түркілердің  ежелден қалыптасқан сал­тын білдіреді. Басқа киген қал­паққа назар салыңыз. Одан көретініңіз түркілерге тән бас киім бөрік. Бұл осы тас бейнеде нақты көрініс тапқан. Сол замандағы түркілердің киім үл­гісінің, ортақ істегі бірлігі мен ынты­мақтастығының нақты айғағы. Бас киім түркілер үшін ерекше маңыз ат­қарған, сол дәстүр бүгінге дейін жал­ғасып келеді.

Тас бейненің кеудесіндегі сла­вян­дардың көктем құдайы, махаббат пен некенің қорғаушысы, (академик Борис Рыбаковтың танымы бойын­ша) сақинасы деп жүргендері – сол за­мандарда пат­шалық құрған дулат­тардың таңбасы. Бір еске салар­лығы, сол тас мүсіндегі дулат­тар­дың таңбасын сикейлер осы күнге де­йін сақтап келеді. Бір айта ке­тетіні, си­кейлер (сикели) осы күнге дейін өз­дерін Аттила мен түркі халық­тарының ұрпағы деп санайды. Олар Румынияда, Венгрияда, Воеводинада өмір сүруде. Польшадағы Стефан Баторий – (түркіше – батыр) сикеи­лерден шыққан ұрпақ.

Мүсінде мүйіз бейнесі – дулат патша­лық рудың символы. Ол руға Баламер мен Аттила және олар­дың ұрпақтары Құбы­ратхан мен Шам­бат жататын. 1893 жылы Перм гу­берниясы Чердың уезі Керчев де­рев­нясында Аттиланың екінші ұлы Теңіз­ханның жазу мен суреті бар тостаған табылды. Ол суретте қош­қардың мүйізі бейнеленген. Сон­дықтан, мүйіздің суреті ол дулат пат­ша­лық рудың ежелгі дәстүрі деуге болады.

Збруч мүсінінде қылыш бейнесі ерек­ше көрініс тапқан. Академик Бо­рис Рыба­ков ол славян құдайы  Пе­рунға қатысты деп ойлайды. Бұл – өте қате пікір. Мұндай қарумен сла­­­вяндар ешқашан қаруланған емес.  Бұл қару түркілерге ғана тие­сілі. Мү­сінде жалғыз ғана жануар – жыл­­қының бейнесін көресіз. Бар­шаға мәлім, сол жылқы дегеніңіз түр­кі­лердің ең сүйікті жансерігі бол­ғаны аян. Мүсіндегі үш бөлік те бір-бірінен  көлемі және тақырыптық жағынан да ерекшеленіп тұр. Оның жоғарғы бөлігінде ең ерекше орын алған  Құбырат хан мен Шамбат өз әйел­дерімен бейнеленген. Олардың бәрі де композициялық жағынан нақты көрініс тапқан.

Ал енді орталық бөлікте дулебі­лердің (дулаттардың) өздері тұр. Айт­пақшы, белгілі араб саяхатшысы Максуди және басқалар дулебілер славян тайпалары емес деп жазған. Батыс Украинадағы көп әрі ерекше ха­лықтардың бірі – полищуктер ежелгі дулебілердің ұрпақтарына жа­тады. Олар дене құрылысы мен тектілігі және мәдениеті жағынан славяндардан өзгеше ерекшеленіп тұрады. Бұл халықтың тап осындай өзгешілігі көптеген ғалымдардың ба­сын осы күнге дейін қатырып жүр.

Мүсіннің ортаңғы бөлігінде ба­ла бейнеленген. Ол – ұрпақ жал­ғас­тығының айқын көрінісі. Соңғы бө­лігінде тағы да адамдар бейнеленген. Олар қолымен жерді тіреп тұр. Бұл суреттегі ең басты идея ата-бабалар әруағы үнемі өз ұрпақтарын қолдап, демеп отырады. Бұл да түркілердің рухани жан дүниесін көрсетеді.

Збруч мүсінінде адамдардың қо­лын бейнелеуге ерекше назар ауда­рылған. Осы көріністерден-ақ олар­дың ойлары мен сезімдері айқын аңғарылады. Сонымен жоғарғы бө­лік­тегі суретте адамның оң қолы кеу­десінде, ал сол қолы кіндік тұ­сында тұр. Түркілер өз Тәңіріне тап осылай  ризалығын білдіреді, өзінің аталарымен және ұрпақтарымен сә­лем­деседі, ізгі ниетін білдіреді.

Екінші бөліктегі адамдар екі қолын екі жаққа қарай жайып, алақандарын ашып тұрғанын байқайсыз. Бұл олар­дың өмірге деген құштарлығын аң­ғартады.

Үшінші бөліктегі суреттегі қол бос емес, салмақ түсіп тұр. Бұл түркілерде өз басындағы жеке қателіктері үшін және ата-баба әрауақтары алдында да өте ауыр жауапкершілік барын көрсетеді. Бұл  моральдық жүйе мен адамгершілік ізгі қасиеттер түркі әлеміне ғана тән.

Тас мүсінде көзге онша аңғарыла бермейтін тағы бір ерекшелік бар. Ол – төменгі бөлікте бейнеленген адам­дардың мұрты мен сақалы. Жасы ұлғайған адамдардың ата атанып, сақал мен мұрт қойғаны, олардың өзі­не деген құрметінің айғағы болған. Сақал мен мұрт түркілердің тастан қашалған ескерткіштерінде жиі кез­деседі.

Жоғары бөліктегі адамдардың сырт киімдерінің ұзын болуы да түркілерге тән. Ол шапанды көбірек еске түсіреді. Енді ең соңынан бұлтартпас нақты айғақтарды айталық. Бұл – төменгі бө­лікте бейнеленген аспарухтық бол­гарлардың таңбасы. Таңба – нағыз шебердің туындысы.

Таңқаларлығы Збруч мүсіні бас­тапқыда Богит тауындағы құлама жар­тастардың арасында, Збруч өзенінің бас жағында тұрды. Оны 1984 жылы КСРО ҒА Археология институтының Карпаттағы экспедиция мүшелері тапты. Түркілер өздерінің діни на­нымдарында аспан әлеміндегі өз Тә­ңіріне табынып, онымен байла­нысқа түсуге жақынырақ болу үшін биік тау жоталарын, өзендердің ең жоғарғы бастау алар тұстарын, табиғаты кере­мет аймақтарды таңдады. Бұл мүсін­нің табылған орнында да ежелгі түр­кілердің өшпей қалған ізі бар екені анық.

Сонымен біздің көз алдымызда  күр­делі бейнелер – түркілердің  ата-баба­лары тұр. Бір айта кететіні, құ­­дайлар мен адамдарды топтап бей­нелеу түркі­лерге ғана тән. Жур­налист Мария Викто­рова былай деп жазады: «Ол кезде славян­дардың діни ұстанымдарында  бір құдай – бір мүсін болған». Збруч тас мүсіні ант­ропоморфтық қатарға жатады. Ол кездерде славяндардың қолынан бұл келмеген. Ал мұндайлар түркілерде жетіп артылады. Бір айта кететіні,  тас мүсін мен адам бейнесін (бал­балы) тастан қашап жасау тәсілі ду­лат­тардың отаны Оңтүстік Сібір мен Мон­ғолияда, Қазақстанда кең тараған.

Ал, басқа мүсіндердің Збруч мү­сінімен қандай ұқсастығы бар? Ар­хеологтар А.До­сымбаева және Н.Бө­генбайдың «Жайсан – Шу өзені ал­қабы түркілерінің киелі жері» атты кіта­бында көп мәлімет келтірілген.

Збруч мүсіні – таңғажайып, қай­талан­бас, стандартсыз мүсін. Алайда, ол жалқы емес. Оларға ұқсас мүсіндер Еуразияның көптеген жерлерінде кездеседі. Ондай мүсіндерге ұқсас келетін мүсіндер Моңғолияның, Тува­ның, Алтайдың, Оңтүстік Орал­дың, Жетісу мен Сарыарқаның аумақ­та­рында кездесетіні зерттеліп, анық­талған.

Тас мүсіндердегі құрамдар (ком­по­зи­ция) түркілердің пәлсапасын (фи­лосо­фиясын), олардың дүние­та­нымын және өмір жұмбақтарын сезінудің,  сонымен бірге адамгершілік құн­ды­лықтар жүйесін, тарих және өткен­ге көзқарас танытуын, бүгін мен бо­­лашаққа, солардың барлығын ке­шенді түрде біліп, ұғынудың  бір сипаты.

Збручтағы артефакт түркілердің  руха­ни байлығының ұлан-ғайыр көк­­жиегін көр­сетеді, ол – ежелгі мә­де­ниеттің энцикло­педиясы, баға жет­­пес байлық. Құбырат хан мен ұр­пақ­тарының және ата-бабаларының баға жетпес өнеріне жете мән беріп, көңіл бөлудің кезі келді, өткеннің құндылықтарына оң көзбен қараудың сәті жетті. Сондықтан да Збруч ар­тефактісінің көшірмесін Астана мен Алматыға, Тараз бен Шымкентке орнату – бүгінгі күннің талабы. Бүгінгі таңда ол Краков музейінде сақтаулы, ал оның көшірмесі де бар және олар Мәскеу мен Киевтің, Львов пен Тернопольдің музейлерінде салтанат құрып тұр. Біз өз тарапымыздан атал­ған музейлерге түркілердің баға жетпес байлығын көздің қарашы­ғындай сақтағаны үшін алғыс айта­мыз. Түркілер мен славяндарға Құ­бырат хан мен Шамбаттың даңқты ісі жарқын жол ашып, қолдай берсін деген ниеттеміз.

Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-ның ғылыми қызметкері, Чувашия Ғалымдар академиясының академигі,

Ресей және Чувашия Жазушылар одақтарының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<