Күрескер

708

0

XIX ғасыр аяғы XX ғасыр басында қазақ елінде Петербург, Мәскеу, Омбыда оқып, білім алған саяси санасы оянған жалынды жастар өсіп шықты. Оның қарсаңында Ресейде түрлі қоғамдық қозғалыстар жүріп, саяси партиялар пайда болды. Ол әлеуметтік, ұлттық, азаттық, теңдік мәселелерін көтерді. Батыс елдердегі сияқты Ресейде де жеке басшылық тәр­тібін (билігін) тізгіндейтін конгресс, парламент сияқты ха­лық қатысуы мен сайланған депу­таттар кеңесі – мемлекеттік Дума дүниеге келді. Дума депутаттары арасында пат­ша­лық жүйені қолдайтындар да және оған қарсы әр ұлттың өз билігі өзінде болуын жақ­тай­тындар да болды.

Қазақ жерінде «Айқап» журналы, «Алаш» газеті шыға бастады. Сол кезде Қазан қала­сында жарық көрген Міржақып Дула­товтың «Оян, қазақ!» поэмасы елді дүр сіл­кін­дірді. Онда мынадай ұран сөздер ай­тыл­ған: «Көзіңді аш! Оян, қазақ! Көтер басты. Өткізбей қараң­ғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп. Қазағым, енді жату жарамас-ты!» Шығарма күшінен қорыққан патша үкі­меті Міржақып Дулатовты түрмеге жапты, бірақ халық үнін өшіре алмады. Ресейде рево­люция болып, патша үкіметі құлағанда қоғам қайраткері, ақын Жүсіпбек Аймауытов: «Қазағым, қақтықпа, қамалма. Ел болар қамыңды амалда. Өтті түн, атты таң, шықты күн. Сал малды, сал жанды, аянба!» – деп үндеу тастады.

Артынша 1917 жылы Қазақстанда саяси-әлеуметтік «Алаш» партиясы дүниеге келді. Сол жылы Октябрь революциясы аяқ­та­лып, Кеңес өкіметі жарияланғаннан соң, желтоқ­сан айында Орынбор қаласында өткізілген құрыл­та­йында Алаш Орда өкіметі жарияланып, оған Әлихан Бөкейханов басшы болып сайланды. Бірақ, Алаш Орданың өкіметінің өмірі қысқа, қиындықтарға тап болды.

Бұрынғы Ресей жерін, бүтін бір мемлекет ‒ Кеңес елі деп жариялағанда жаңа бастама Кеңес елін бөлшектеуге тырысқан қозғалысты заңға қарсы деп, олардың жолын кесті. Кейін Алаш партиясы басшыларын, мүшелерін тұт­­қындады. Сол кезде бостандық алу үшін жеке-жеке елдер емес, бүкіл қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, басқа халықтар бір болып күреспесе жеңіске қол жетпейтінін білген Мұстафа Шоқай болды. Алғашқы кезде Қоқан Республикасына басшы болып сайланған Мұстафа Қоқан өкіметі қирағаннан кейін көп­теген ұлт кадрлары, мәселен, Ахмет Бай­тұр­сынов, Халел Досмұхамедов сияқты қазақ зия­лылары тұтқындалды. Қоқан өкіметін боль­ше­виктер құлат­қаннан кейін, қыспақтан амалдап құтылған Мұстафа Шоқай алдымен Кавказ жеріне жетіп, Грузияда тұрақтап, одан әрі Түркия еліне барып тұрмақ болды. Бірақ, Кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізу үшін оған халықаралық трибуна қажет болатын, дауысы әлемге жететін ел керек еді. Содан қалтасында қаражаты жоқ, тек өз күшіне сенген Мұстафа Шоқай Парижге келіп тұрақтады. Оның бұл әрекеті ақыл болды. Бұл жерде «Яш Түркістан» журналын шығарып, пәтер жалдап, түрлі саяси материалдар жазып, қаламақы тауып, күн көріп қана қойған жоқ, ірі Кеңес өкіметіне қарсы батыл күрес жүргізді.

Мұстафа танымал тұлғаға ай­налды. Алаш­тар мен Мұстафа мақсаты бір, бірақ жолы әр қилы. Алаштықтар тегіс ұсталды. Мұстафа күресін тоқтатпады. Оның ерен ерлігі мен даналығын тек салыстыру арқылы айқындауға болады. Оның бірінші ерлігі – қаражатым жоқ демей шет елге кетіп, күрес жүргізе білуі. Екін­шіден, қазақ зиялыларына қарағанда оның көрегенділігі.

Елін тастап, шет жерге кетіп, күрес жүргіз­ген­дердің бірі А.Герцен болатын. Ол да Анг­лияға барып,  «Полярная звезда» журналын шығарып,  «Колокол»  газетін бастырып, Ресей­дегі «Басыбайлық құқығын» ащы сы­нады, оны Ресейдің дамуына кедергі деп білді. Сондықтан А.Герцен тарихта дворян-рево­лю­ционер деген құрметті атаққа ие болды. Бірақ, оны Мұстафамен салыстырғанда Гер­цен­нің біршама ерекшеліктері болды. Бірін­шіден, А.Герцен шет елге қашып кеткен жоқ. Екіншіден, ірі дворян отбасынан шық­қан­дықтан мол қаражатпен кетті, тұрмыс қиындығын көрмеді. Үшіншіден, Ресей өкіме­тіне қарсы болып күрескен жоқ. Ол тек «Басы­бай­лыққа» қарсы болды. Бұл жөнінде Ресей императоры Николай I А.Герценге жақтас болды.

А.Герцен үстем тап ‒ дворяндарға қарсы шықты. Ал Мұстафаны Кеңес елі жағынан ешкім қолдамады. Қайта Қазақстанның Сыр бойында қалған жақын-туыстары қуғындалып,  түрмеге жабылып, жазаланып жатты.

Одан соң мақала жазып, тамақ асырап, газет, журнал шығару өте ауыр жұмыс болатын, Мұстафа Шоқай осының бәрін мойымай көтере білді.

Бір күні Мұстафаның жұбайы Мария «бір доллар ғана қалды, не істейміз?» деп абыр­жыды. Сонда Мұстафа оған «Сол бір долларға борщ жаса да, осында жүрген бір Ресейлікті соған шақыр» дейген ақыл береді. Мария солай етеді. Келген кісілер екеу екен. Әрқайсысы бір доллардан қалдырып кетеді. Ертеңіне борщты екі долларға жасайды. Сөйтіп асханаға айнал­ған үйі Мұстафаға тағам, қара­жат болып, күрес жүргізуіне мүм­кіндік береді. Осындайда «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда» деген мақал ойға келеді.

Парижде әлем мәдениеті көрмесіне КСРО-дан бір топ делегация келеді. Ішінде әйгілі қазақ әншісі Әміре Қашаубаев, Өзбекстаннан Тамара ханум бар.

Мұстафа өзінің ауыр халін біл­дір­мей, келген қонақтарды ресто­ранға шақырып, сый көрсетеді. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қам­пайтар» деген осы. Әрине, елге кел­генде Әміре қуғындалды. Бірақ ол өз алдына әңгіме. Қазір пікір Мұс­тафаның кемеңгерлігі мен ерлігі жайлы.

Ал Ресейде Николай I-ден кейін таққа отырған Александр II 1861 жылы Ресейде «басыбайлықты» жойды. Бірақ, бұған қарсы болған үстем тап ‒ дворяндар 1881 жылы Александр II императорды өлтіріп тынды. Сөйтіп қатаң император Николай I жасай алмаған реформа, Александр II  өмірін қиды. Бұл тек Мұстафаның атқарған ісінің маңызын көрсету үшін айтылған дәлел. Мұстафа өмір мен өлім арасында күрес жүргізді. Не үшін? Халқының бостандығы үшін.

Келесі салыстырғалы отырған саяси күрес­кер, ол Мексикаға кетіп, әбден қорша­ланған үйде тұрып, қаражаттан қиналмай өмір сүріп, Сталинге қарсы кітап жазып, қар­сылық көрсеткен А.Троцкий. Ол Кеңес жүйе­сіне қарсы болған жоқ. Өйткені бар билік революция жасап, оған басшылыққа Ленинді әкелген мен едім, енді сол өкімет көлденең келген Сталинге тиді деп ызаланып Сталинмен күресті. Шет елде жатып, Кеңес өкіметіндегі сыбайластарымен бірігіп Сталинді өкіметтен құлатып, оған өзі келмек болып жоспар жасады. Жаңа өкіметке келер адамдардың тізімін жасады. Бірақ сол тізім Сталиннің қолына түсіп, 1940 жылы Мексикада Троцкийдің көзі жойылды. Тізімге кірген, кірмегендер тегіс ұсталып, 1937-1938 жылғы репрессиямен аяқ­талды. Троцкийдің әрекеті мыңдаған қазақ зиялыларына тиді, «халық жауы» аталып, қуғынға түсті.

Троцкийге қарағанда Мұстафа Шоқай жеке адамға емес, жалпы бұрынғы патшалық үкімет кейінгі кеңес үкіметі саясатына қарсы шықты. Мәселен, 1937 жылы, 1936 жылы қабылданған КСРО Конституциясы бойынша Жоғары Кеңеске депутаттар сайлауы басталды. Айталық, КСРО жоғары кеңесіне Қызылорда, Шым­кент облыстары кірген. Оңтүстік Қазақстан сайлау округі бойынша депутаттыққа екі кандидатура ұсыныл­ды. Одақтық кеңеске  – Моисей Лазарев, ұлттар кеңесіне – Біржан Манкин. Сай­лаушылардың КСРО Жоғары Кеңе­сіне депутаттыққа кандидатпен кездесуі 1937 жылдың 5 декабрінде Шиелі станциясы вокзалы алдындағы алаңда өтті. Мыңдаған адам жиналған митингіде Біржан Манкин сөз алды. Ол қырықтар шамасындағы, шашын артына қайырған, толық сары кісі екен. Мен оқушымын, сол кездесуде болдым. Сөзінде Манкин Отан үшін, Сталин үшін бір қасық қаным қалғанша күресемін деді. Моисей Лазарев кездесуге келген жоқ. Оны біз тек сайлау плакатындағы суреті арқылы білдік.  Сайлау 1937 жылы 12 декабрьде өткізілді. Бірақ сол айдың 20-ларында екеуі де, «халық жауы» болып ұсталды. Сонда Моисей Лазарев Троцкий тізіміндегі кандидатура екен, ал Манкин ‒ қосақ арасында кетті. Міне, Троц­кий­дің тигізген зобалаңы.

Ал, Мұстафа Шоқай халқымызға ондай ойран салған жоқ, қиындық әкелген емес. Тек Түркістанды ғана азат етуге шақырды. Сол үшін жапа шекті. Бұл – бір.

Екіншіден, Троцкий шет елге қашып кеткен жоқ. Оны үкімет өзі жіберді. Революция кезінде патша семьясынан жиналған құнды заттармен кетті. Одан соң Мәскеудегі үкімет басында отырған оның жақын сыбайластары, оған қаражат жіберіп, оның бункерде тұруына жағдай жасады.

Ал Мұстафаға, жалдап алған бөлмеге ешқандай көмек жасалмады. Беретін жер болмады, ол өзін-өзі қаржылады, асырады. Осындайда Мұста­фаны тарихта кіммен салыс­тыруға болады?

1940 жылы фашистік Германия Францияны басып алған соң түрмеге түскен Мұстафа Шоқайдың кім екенін білген Гитлер оны түрмеден босатып Германияға алдырады. Мақсаты КСРО-ға соғыс ашуға дайындалып жатқан фашистик Германияға керек болады деген ой. Ол кезде Германия Таяу Шығыс саясатын жүргізуші фон Папен болатын. «Барбаросса» жоспарын орындау үшін Орта Азия халықтарымен жұмыс жүргізу Мұстафа Шоқайға тапсырылды. Сондықтан Фон Папен және Мұстафа Шоқай бір бағытта жұмыс атқаруға тиіс болды.1941 жылы маусым айының 22 күні кездейсоқ КСРО-ға жасалған соғыс өте ауыр тиді. Соғыс болады деп ойламаған ел көп шығынға ұшырады. Неміс фашистеріне тұтқынға түскен ортаазиялықтардан фашистер Түркістан легионын құрып, оған Мұстафаны басшы етті. Бұл соғыста Мұстафаның ойы, егер КСРО талқандалса, онда ол Орта Азияны өз алдына тәуелсіз ел ету еді. Бұл оның бұрынғы мақсаты болатын. Әрине, Мұстафа Шоқай бұл ойын Фон Папенмен бөлісті. Ал, Фон Папеннің ойы мүлде басқа еді. Ол – егер КСРО соғыста жеңілсе, Германия Орта Азия арқылы Индияға жетіп, сонда Таяу Шығыс пен Орта Азияны фашистік Германияға бағындыру. Фон Папеннің мұндай мақсатын Мұстафа білмеді. Фон Папен арқылы мұны білген Гитлер 1941 жылы Мұстафаны Берлиндегі ауруханаға жатқызып, оның көзін 27 желтоқсанда жұм­дырды. Әрине, оның өліміне кінәлі тек Фон Папен еді.

1945 жылы  9 мамырда фашистік Германия талқандалуымен аяқталған соң, 1946 жылы фашистік Германия басшыларына Ньюрнберг процесі басталды. Сот процесіне дейін көзі жұмылған Гитлер, Геббельс, Гимлерден басқа­лары түгел сотқа тартылды. Сот үкімі оқылып жатқанда, «Фон Папен өлім жазасы – дарға асудан құтқарылсын, түрмеден босатылсын» деген шешімді естігенде Геринг ызаланып, айқай салғаны сонша­лықты, тіпті оның көзәйнегі еденге түскен. Себебі Фон Папен нағыз жауапкерлердің бірі – «Dfang nach Osten» саясатын жасаушылардың бірі болатын.

Сондықтан Фон Папеннің өлім жазасынан құтқарылып, бостандыққа шыққаны Геринге сұмдық болып естілді. Сөйтсе, Фон Папен немістерге жат, екіжүзділік көрсетті. Ол өз әйелін Рим Папасына жұмсап, өзінің соғысқа қатыспағанын, жазадан босатылуын өтініпті. Сонымен Рим папасы тілегімен нағыз жауыз Фон Папен өлім жазасынан аман қалды. Бұл әділетсіздік еді. Геринг – әскери қылмыскер. Фон Папен де – қылмыскер, идеолог, саясаткер. Герингтің дарға асылуға алты сағат уақыт қалғанда жақтастары, оған «цианистий калий» жеткізіп, уланып өлді, дарға ілінбеді. Қалған қылмыстылар түгел дарға асылды. Міне, жауыздықпен жасалған соғыстың трагедиясы. Бұл фашистік Германияның ақыры, күйреуі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Мұстафа Шоқай туралы түрлі жалалар айтылды. Бірақ шындық жеңді.

Фашистік Германия архивін парақтап ақтарған АҚШ, Англия, Франция, КСРО зерттеушілері Мұстафа жазған, айтқан, қол қойған бірде-бір құжат таппай, оны алдымен АҚШ, Англия, Франция, артынан КСРО зерттеушілері ақтап шықты. Кейін оны біздің еліміз мойындады. Нәтижесінде Мұстафа неміс-фашистеріне қызмет атқарған жоқ. Ол қажырлы еңбекпен Орта Азия халықтарының бостандығы үшін өмірін күреспен өткізді. Сол үшін жанын пида етті. Сондықтан елі Мұстафа Шоқайды құрметтейді, жоғары бағалайды.

 

Досмұхамед КІШІБЕКОВ, 

ҚР ҒА академигі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<