Мұстафа Шоқай және Алаш қозғалысы

5310

0

Алашорда үкіметі мен Түркістан автономиясының құрылғанына 100 жылдан асып барады. Бұл екі мемлекет – тарихшылар мен мамандардың пікірі бойынша Алаш қозғалысының басты нәтижесі. Әрине, бұл пікірді құптамайтындар да бар. Олар Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай арасындағы пікір айырмашылықтарын алға тартады.

Расында, Бөкейханның әуел­де Түркістан автономиясын қала­мағаны рас, десе де, үзілді-кесілді қарсы болмаған. Себебі, ұлт-азаттық қозғалысқа Түркістан өлкесінің халқы қосылмай, азаттық жолындағы жеңіске жету қиын болатынын Алаш қайраткерлері жақсы білді. Белгілі ғалым Сұлтан Хан Аққұлы «Под «единым Туркестаном» Мус­тафы Шокая подразумевалась «Мусульманская федерация восточной России» атты мақаласында: «Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев және басқалары 1917 жылы 26 қарашада Қоқан қаласында Түркістан мұсылмандарының ІV төтенше құрылтайы жариялаған Түркістан автономиясы Уақытша үкіметінің комиссары Әлихан Бөкейханның резиденциясында жос­парланып, жүзеге асырылды» дейді. Алаш қайраткерлері бұл жоспардың негізгі мақсатын жаңадан құрылған Түркістан автономиясы келешекте біртұтас түрік мемлекетінің субъектісі болады деп түсіндірген көрінеді.                        

Айта кету керек, Алашорда үкіметі мен Түркістан автономиясы құрылмай тұрып, Алаш қайраткерлерінің қатысуымен біртұтас Түркістан туралы идея бірнеше жиылыста қаралып, талқыланған болатын. Алайда, бұл мәселе бойынша Бөкейхан, Шоқай және басқалары бірыңғай бір мәмілеге келмеген сияқты. Сол күндері Мұстафа Шоқай қайшылықта қалып жүрді. Түркістан өлкесінде жоспарланып отырған екі мемлекетті орыстар еркіне қалдырады деп ойлаған жоқ. Өзінің ой-пікірлерін Қоқан және Алашорда үкіметтерінің басы-қасында жүрген зиялы азаматтарға жеткізді. Негізінен екіге бөлінбей, біртұтас Түркістан мемлекетін құрғанды жөн көрді. Алашорда қайраткері Міржақып Дулатов 1929 жылы 30 қарашада Біріккен саяси Бас басқармасына берген жауабында былай деген: «Біздің съезіміздің аяғына қарай Қоқаннан Мұстафа Шоқаев келді. Ол қазақ автономиясының жеке құрылуына қарсы болып, Түркістанмен бірігуге үгіттеді және Түркістан үкіметінің құрамына өзі және Тынышпаев Мұхаметжан кіргенін айтты…». Мұстафа Шоқай біріккен жағдайда ғана большевиктердің қарулы шабуылына қарсы тойтарыс беруге болатынына сенді. Бірақ ұлт жетекшілері бұл ұсынысты қабыл алмады. Ақырында, «бүкіл қазақ жері Түркістан автономиясына біріктірілсін» деген алғашқы ұсынысынан бас тартуға мәжбүр болды. Қоқанға барып құрылтайшылар алдында былай деді: «Қазіргі жағдайда толық жарамды мемлекет құру оңай емес. Оған лайық тәжірибе де, кадр да, келешек автономияны қорғайтын қарулы күш те жоқ.  Біз Ресеймен достық қалыпта, бейбіт өмір сүруіміз керек. Осыған географиялық жағдайдың өзі еріксіз көндіреді. Мен Кеңестердің саясатын қабыл алмаймын, бірақ большевиктердің қиратушы күшіне сенемін…».

Өкінішке қарай, құрылтай­шы­лардың қалауы болды. Үш күнге созылған құрылтай қаулы қабылдап, Түркістан автономиясын жариялады. Мұстафа Шоқай жауапкершіліктен қашқан жоқ. Құрылтай жиналысына төрағалық етті. Автономия қаулысын өз қолымен жазып, өзі жариялады. Дегенмен, әлсіз үкіметтің төрағасы да, мүшесі де болғысы келмеді. Бұл пікірін ашық айтып, үкіметтен тыс қала отырып, қолдау көрсететінін мәлімдеді. Бірақ құрылтайшылар оған көнбей, үкімет құрамына кіргізіп, оған сыртқы істер министрінің міндетін жүктеді. Бірінші министр және ішкі істер министрі болып Мұхамеджан Тынышпаев тағайындалды. Бірақ тартқыншақтық білдіріп, үкіметті дұрыс басқара алмады. Нақтылап айтқанда, Уақытша үкімет қаржы мәселесін шешу мақсатында жергілікті мемлекет банктерін тәр­кілеу жөнінде қаулы қабылдаған болатын.

Алайда «жаңа үкіметтің бұл қадамы большевиктердің нара­зылығын тудырады» деген желеумен Тынышпаев қаулыны орындаудан бас тартты. Уақытша үкіметтің мүшелері бір келісімге келемін деп жүргенде большевиктер Қоқандағы банктердің бар ақшасын сыпырып, Ташкентке алып кетеді. Министрлер кеңесі Тынышпаевтың бұл әрекетін «саботаж» деп бағалап, оны қызметінен босатып, орнына бір ауыз­дан Мұстафа Шоқайды сайлайды.

Ол жаңа үкіметтің негізін қалауға белсене кірісті. Уақытша үкіметтің бағдарламасын бекіткен соң, қарулы күштерін, қаржы істерін, салық жүйесін және автономияның мекемелерін ұйымдастыру үшін бірқатар қаулылар қабылданды. Кейбірі жүзеге асырыла бастады, яғни 30 миллион сомның заемы шығарылып, таратылды. Автономияны қорғауға қажет қару-жарақ пен оқ-дәрі сатып алынды. Азық-түлік сатып алуға министрлердің бірі Кавказға жіберілді. Қаладағы шаруа мен жұмысшыларды автономияның туы астына біріктіруге, сол кездегі көне мемлекеттік аппараттарды тартуға күш салынды. Тіпті, сайлау туралы Заң да қабылданды. Сонымен қатар, большевиктермен келісім жүргізілді. Революция көсемі В.И.Лениннің атына жеделхат жіберіліп, заңсыз құрылған Кеңес үкіметінің билігін тоқтатып, Түркістан Уақытша үкіметін тану сұралды.

Дегенмен, большевиктер Түр­кістан Уақытша үкіметіне ультиматум жариялап, үзілді-кесілді Кеңес үкіметіне бағынуды талап етті. Мұстафа Шоқай мен кабинет мүшелерін тұтқындап, жазалауға құштар жалғыз большевиктер болмай шықты. Түркістан автономия­сына қарасты қарулы жасақты басқарған Құрбашы Иргаш (Ибрагим Ходжиев) «елімізді жаулардан  («от большевиков и неверных») босатып аламыз» деп күтпеген жерден төңкеріс жасайды. Қоқан үкіметінің әскери қолбасшысы М.Чанышев және қарамағындағы орыс офицерлерін қамауға алып, үкімет мүшелерін түгелдей жазалауға бұйрық береді. Кешікпей Үкімет мүшелерінің бірқатары қамауға алынып, қалғандары Қоқан қаласынан кетіп үлгереді. Солардың қатарында Мұстафа Шоқай да болды. Автономистерге қарсы төңкерісті ұйымдастырған Улемистер ­(Шу­ро-и-Улема) Қоқан хандығының қайта құрылғанын және Ергаштың хан сайланғанын жария етеді.

Осыдан кейін Ергаш және оның шағын әскері Қызыл әскерімен ашық шайқасады. Сол күндері Ресейден тұрақты әскер тиелген 11 эшелон жіберілген болатын. Жолай оларға Қызылорда уезіндегі Ақмешіт пен Қазалы қыстағында шоғырланған қызыл әскердің бөлімшелері қосылады. Ол аз болғандай, Кеңес үкіметі жедел шаруалар армиясын құрып, құрамына 17-50 жас аралығындағы ұлты орыс және армян азаматтары кірді. Әсіресе, шаруалар армиясына әдейлеп кіргізген дашнактар (ұлтшыл армяндар) өздерінің қатыгездігімен айрықша көзге түсті. Сонымен қатар, большевиктер қарулы күштерін жасақтап үлгірмеген үкіметке қарсы зеңбіректер мен аэропландар пайдаланды. Нәтижесінде, ондаған қаладағы кеңселер, мектептер, дүкендер және мешіттер қираған. Кейбір деректер бойынша 11000-ға жуық жеке үй күлге айналған, 15000-ға жуық бейбіт тұрғыны қаза тапқан, дүние-мүліктері талан-таражға салынған. Қысқасы, Қоқан қаласының басым бөлігі 3-4 күн ішінде жермен-жексен болып тегістелген. Соңы азаматтық соғысқа ұласқаны белгілі. Тек, отызыншы жылдары ғана Кеңес үкіметі  басмасшылардың қарсылығын бір­жолата жойып, жеңіске жетті.

Кеңестік Қазақстан тарихнамасында Мұстафа Шоқай басқар­ған Түркістан автономиясын боль­ше­виктердің тұрақты әскері қанды қырғынмен таратты дейді. Бес томдық Қазақстан тарихының төртінші томында былай делінген: «…1918 жылы ақпанның басында қызыл гвардияның отрядтары автономияның аздаған күшін тас-талқан етті. Автономия басшыларының бір бөлігі атылды, қалғандары қамауға алынды. Мұстафа Шоқай қашып құтылды». Алайда, өзбектің ғалымы, академик Р.Абдуллаев өзінің шығармаларында былай дейді: «Мустафа Шокай из-за своей молодости не справился с должностью главы правительства Кокандской автономии. Ибо он не смог предотвратить боевые столкновения между плоховооруженными силами этой автономии и красноармейцами советской власти. Более того, правительство Кокандской автономии, главой которого он являлся, 18 февраля 1918 года была свергнута не советской властью большевиков, а религиозной организацией «Шураи-и-Улема», с целью восстановления Кокандского ханст­ва, с провозглашением хана этого исламского монархического государства Иргаша».

Әрине, тарихтың бұл тұстарын айқындау керек. Мұстафа Шоқай заңды құрылып, бірнеше мемлекет мойындаған Түркістан мемлекетінің басшысы болғаны анық. Бұл халықтың қалауымен құрылған мемлекет 1918 жылы жойылған жоқ, күшпен тарқатылды. Мұстафа Шоқай шетелге кетуге мәжбүр болды. Жиырма жылдай эмиграцияда жүріп, Түркістан мемлекетінің «қуғындағы үкіметін» басқарды. Қауіпсіздік органдарының мәліметіне қарағанда, Мұстафа Шоқай ағылшын мемлекетінің басшылары Кеңестік Түркістаннан келген делегацияны қабылдаған кезде: «Олардың сіздермен келісім жүргізуге құқы жоқ. Түркістан атынан мен ғана сөйлей алам» деген екен. Сондықтан да, ол тарихта «Мұстафа Шоқай – Түркістан мемлекетінің басшысы» деген атпен қалып, оған мемлекет басшысына лайық құрмет көрсетілуі керек. Сонымен қатар, Мұстафа Шоқай –  Алаш қозғалысының жетекшілерінің бірі. Алаш қозғалысының саяси желеумен жүргізілген жаппай репрессиядан аман қалған соңғы уәкілі. Алаш қозғалысы жобасы Мұстафа Шоқайдың өліміне байланысты 1941 жылы біржола жабылды.

Кеңес кезеңіндегі Қазақстан тарихының түрлі себептермен толық зерттелмей немесе бұрмаланған кейбір маңызды түстарын жаңа көзқарастар тұрғысынан қайта қараған дұрыс шығар. Осы уақытқа дейін қос үкіметке («Алашорда» мен «Түркістан автономиясы») сыртқы істер министрі болған Мұстафа Шоқайдың біртұтас Түркістан туралы идеясы пікірталас туғызып келеді. Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ә.Қара: «…Мұстафа Шоқайдың Еуропа елдерінде әлемге жар салып айтып жүрген біртұтас Түркістан идеясы өзінің жеке идеясы емес, қайта 1918 жылдың күзінде, ішінде Бөкейхан да бар, Алашорда жетекшілерімен бірге қабылданған ортақ шешімдері» дейді. Бұл пікірді Сүлтан Хан Аққұлы да қолдайды. Дәлел ретінде Башқұрт жетекшілерінің бірі Заки Валиди Тоган естеліктерінен үзінді келтіреді: «Алихан Букейхан, Мухамеджан Тынышбаев, Мустафа Чокаев и я говорили с Юсуфом Акчуриным о замысле создания в Самаре «Федерации юго-восточных мусульманс­ких областей». Когда речь зашла о предполагаемом названии будущего государства, Акчурин посоветовал именовать его «Федерацией восточных турков». Алихан в свою очередь внес свои коррективы. Он сказал, что следует избегать названий, которые давали бы русским повод для наклеивания на нас ярлыка пантюркизма. В будущем и такое название вполне может стать приемлемым, а пока надо ограничиться «Мусульманской Федерацией Восточной России».

Қалай дегенде де, Мұстафа Шоқай біртұтас Түркістан идеясы жолын ұстаушы екені  ақиқат. Осы идея үшін өмірінің соңына дейін күресті. Оның айғағы – Мұстафа Шоқай басқарған «Түркістан автономиясы» және Батыс елдерде бастырып шығарған кітаптары мен журналдары, саяси-қоғамдық пулицистикалық мақалалары. Кеңестік кезеңде билік басындағы идеологтардың деректеме базасын шектеп отырғандары рас. Қазіргі кезде бұрын жабық болып келген архив қорлары толық ашылды. Сондықтан да тарихшылар мен мамандардың Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан және басқа Алаш қайраткерлеріне байланысты тарихи оқиғаларды терең зерттеп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп жазғандары дұрыс.

Осы уақытқа дейін Мұстафа Шоқайдың саяси қызметіне мемлекет тарапынан ресми баға беріліп, тарихтағы орны айқындалған жоқ. Себебі, кейбір тарихшылар мен мамандар «Мұстафа Шоқай сұрапыл соғыс жылдары атышулы «Түркістан легионының негізін қалады» деген ескі ұғымды қайталай береді. Бұл – шындыққа сыйыспайтын, деректермен бекітілмеген жалған әңгімелер. Тіпті, Кеңес өкіметі де оны «фашистермен сыбайлас болды» деп айыптамаған. Ресми құжаттарда «матерый панисламист-алашордынец», «организатор буржуазно-националистического «автономного правительства», «находясь в эмиграции с 1919 года, вел активную антисоветскую работу, вплоть до своей смерти, последовавшей в 1941 году» деп қана айтқан. Жазушы-чекист Серік Шәкібаевтің «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабын да билік басындағылар қолдамаған. Кітап баспада қозғалыссыз 2-3 жыл жатқан. Шәкібаев арызданғаннан кейін барып, Қазақстандағы Мемлекет қауіпсіздік комитетінің (КГБ) араласуымен жарыққа шыққан. Расын айтқанда, Мұстафа Шоқай фашистік Германияның басшыларымен еш уақытта кездеспеген, келіссөз жүргізбеген және «Түркістан легионын» құрып, оған  жетекшілік етпеген. Бұл жайында Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ресей ФСБ-нің (КГБ) берген ресми анықтамасы және облыстық соттың шешімі бар. Мұндай жалған әңгімелер  оқырманды шатастырады. Сондықтан да, тарихшылар мен мамандардың арасында бірауыздылық болғаны дұрыс. Сонда барып Мұстафа Шоқайды айналасындағы жалған әңгімелерден аршып аламыз. Болмаса, көрнекті тұлға жайында мемлекет тарапынан тұжырымды шешім қабылданып, еңбегіне лайықты ресми баға беріліп, тарихтағы орны айқындалмайды.

Мұстафа Шоқайға қатысты тағы бір мәселе – оның сүйегін Қазақстанға әкелу. Шетелде жатқан сүйегін, өзі аңсаған туған еліне алып келіп, Түркістан қаласындағы белгілі адамдар жатқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына ресми түрде жерленгені дұрыс болар еді. Рас, «Еуропаның төрінде, жақсы жерде жатыр» деп, бұл ұсынысты қолдамайтындар да бар. Қазірдің өзінде Берлиндегі мұсылмандар бейіті тарлық етіп жатқан көрінеді. Тіпті, өлген адамдардың сүйегін бірінің үстіне бірін жерлеп жатыр дейді. Бұл рас болса, жуық арада Мұстафа Шоқайдың сүйегі түгіл, басына қойылған ескерткішін таба алмай қалуымыз ғажап емес. Сондықтан бұл мәселені ойланып, туған-туыстарымен ақылдасып, шешкен дұрыс. Қазір Түркістан облыс орталығы болды. Елбасының идеясы бойынша түркі әлемінің орталығы атанбақ. «Түркістан» атты қала басқа түркі елдерінде жоқ, жалғыз. Мұстафа Шоқай да «Түркістан» деп дүниеден өтті. Сондықтан да, оның осында жерленгені дұрыс. Бұл, әрине, бүгін-ертең шешілетін мәселе емес. Дегенмен, осы мәселеге байланыс­ты ғылыми ортада, коғамда және билік уәкілдері мен ұлы күрескердің ағайын-туыстарында ортақ пікір қалыптасқаны абзал.   

Сонымен қатар, Мұстафа Шоқайдың азаматтығы шешілмей келеді. Қазір оны шетелдіктер Франция азаматы дейді. Өйткені, ­жиырма жылдай Париж маңындағы Ножан-сюр-Марн қаласында тұрып, өмір сүрген. Дегенмен, эмиграция­да жүріп, жайбарақат өмір сүрген жоқ. Қуғында болып, туған елінің тәуелсіздігі үшін аянбай күресті. Сол жолда құрбан болды. Қазір Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып, өркениетті елдердің қатарына қосылды. Мұстафа Шоқайдың Қазақстанда, Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келгені рас. Қазір азаматтығы жоқ адам ретінде шетелде жерленген. Бұл – қазақ деген атымызға ұят. Сондықтан да, өлгеннен кейін болса да, Қазақстан  Республикасы азаматтығы берілсе, әділеттік қалпына келер еді.

Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет болғанына келесі жылы  30 жыл толады. Осы тарихи датаға байланысты облыс орталығында, жаңадан тұрғызылып жатқан шағын аудандардың бірінде «Тәуелсіздік алаңы» ашылып, сол алаңның төрінде Түркістан автоно­миясының басшысы Мұстафа Шоқай мен Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхан және басқа да тәуелсіздік жолында қаза тапқан тұлғалардың ескерткіштері тұрғызылып жатса, елдің жүрегінде қалатын тарихи маңызы зор іс-шаралардың бірі  болатыны анық.

Әмірхан БӘКІРҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<