Өркениет жолындағы жаңғыру

951

0

Рухани жаңғыру – кез келген қоғамның, ұлт болмысының мәдени дамуы. Уақыт өзгерген сайын адамзат қоғамы да өзгереді, өзгеру үстінде. Қазақ даналығында айтылған «елу жылда ел жаңа» деген өсиет уақыт талабын зерделеуден туындаған.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық сана мәселесі көтерілген. ХХІ ғасырда өзекті саналатын ұлттық санамызға қатысты міндеттер айқындалған. Олар – бәсекеге қабілетті болу, ұлттық прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, қоғам мен жеке адамның рухани өмірінде білімнің салтанат құруы. Осы мақала аясында елімізде бірнеше жобалар іске асырылды. Мәселен, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихынан хабардар етті.  Адамдардың тағдыры мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс тапты дей аламыз. Сонымен қатар,  «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбын ұқтырып, қаншама тұлғалардың танылуына мүмкіндік берді.  «Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш» деп Елбасының өзі айтқан болатын.

Тұңғыш Президенттің осы мақаладағы тағы бір тапсырмасы қазіргі күні өз жемісін беруде. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы білім қуған жастар үшін рухани азық болды. Білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалды.  2018-2019 оқу жылында студенттер осы оқулықтардан білім нәрімен сусындай бастады.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы бұқара халыққа жол тартқаны белгілі. Онда әрбір азамат туған жерінің тарихын білуге, құндылықтарын қастерлеп, дамуына өз үлесін қосу қажет деп айтылған. Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі, танымдық мұрасы мен дүниетанымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өлең-жырлары, ұлттық ойындары, музыкалық мұрасы, аспаптары – баға жетпес асыл қазына. Сол тарихи әрі рухани байлықты сақтап, Ұлы Дала кеңістігінен шыққан өркениеттік жетістіктерді ұмытпау әрі дәріптеу міндетіміз.

Тұңғыш Президент мақаласында Еуразия кеңістігін мекендеген түрік тайпаларының әлемдік өркениетке қосқан үлесін көрсетіп, тарихи сананы жаңғырту туралы сөз қозғайды. «Өз ұлтыңның мәдениетін, әдебиетін, тарихын, ұлттық құндылықтарын білу қажет» дейді. Бұл мақала, әсіресе, жас буынды  Отанды сүюге, құрметтеп-қастерлеуге, өз елін, тегін, тарихын білуге үйретіп, оларды адамгершілікке баулып, өз ой-пікірін білдіре алатын білімді, өнегелі азамат болуға негіздейді.

Н.Назарбаев: «Біз Ұлы Дала елі» деп аталуымыз керек деп есептеймін. Кейбіреуі өздерін «Аспан асты елі», ал кейбірі «Күншығыс елі» деп атайды. Біз – Ұлы Даланың ұрпағымыз. Бұл даланы біздің ата-бабамыз бізге қалдыру үшін қанын төгіп қорғаған. «Қазақстан» деген атаумен қатар, «Ұлы Дала елі» атауы да қолданылса дұрыс болады деп ойлаймын» – деген болатын өз сөзінде.

Кез келген ұлт үшін өткенін, әлемге және адамзат қоғамының дамуына әсерін зерттеу, әлемдік тарихта және өркениетте өз орнын анықтау – табиғи құбылыс. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан тұрақты дамып келе жатқан, өз позициясын және көзқарасын еркін білдіретін қуатты, тұрақты елге айналды. Елбасы мақаласы еліміздің көпқырлы, жан-жақты тарихын терең түсінуге және қабылдауға мүмкіндік береді. Біздің халқымыздың әлемдік өркениетке, оның дамуына қосқан зор үлесін зерттеуге шақырады. Біздің Ұлы Дала әлемдік мәдениет пен өркениетке өзінің қомақты үлес қосқаны анық.

Әлемнің жылдам дамуына ықпал ететін маңызды оқиғалардың бірі – металлургия өндірісі. Ежелде адамзат мыстан, темірден, алтыннан және күмістен бағалы тастар шығарды. Біздің Ұлы Дала осындай ауқымды өндірістік объектілердің бірі екенін Елбасы өз мақаласында айтады. 1969 жылы Қазақстанда табылған «Алтын адам» әлем ғылымы үшін өте маңызды жаңалық болды, яғни, біздің ата-бабаларымыз алтын-күмісті күнделікті өмірдің барлық салаларында қолданғаны тарихи түрде дәлелденді.

Өзінің мақаласында Елбасы біздің Ұлы Дала – бүкіл түркі әлемінің туған жері, сондай-ақ, әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігі екеніне, алма мен қызғалдақтың тарихи отаны болғанына ерекше назар аударды. «Қазақстан әлемдік өркениетке не берді?» деген сұраққа нақты жауап берді. Біздің тарихымызды әлемдік тарихпен байланыстырып, Қазақстан мен оның халқы әрқашан әлемдік ғылым мен білім беруді дамытуға, өркениеттің дамуына елеулі үлес қосқанын атап өту керек. «Ұлы Даланың жеті қыры» атты стратегиялық мақала кемел келешегіміздің бағыт-бағдарын айқындап көрсетті.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<