Азамат соғысының қаһарманы

2836

1

       Азамат соғысының басынан аяғына дейін қатысқан Бекназаров Пірмағанбет туралы жазуды жүрексіне қолға алдым, себебі маған дейін бұл кісі туралы, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Сыр бойы журналистикасының корифей-майталманы  Шәкірат Дәрмағамбетов ағамыз  жазған мақаласы, Арал мен Қазалы аудандық және облыстық газетте жарияланған болатын. Пірмағанбеттің ұлы менің бала күнгі досым Серіктен:  «сол газет сақталды ма?»- деп сұрағанда, өкінішке орай сақталмапты. Серіктің қолындағы құжаттарымен танысып болып тәуекелге барып қолыма қалам алдым.

        1902 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген Пірмағанбеттің әкесі Бекназар мен анасы Ажар қарапайым шаруа адамдары болды. 1917 жылы патша тақтан құлағанда, ел қатарлы  кедейлердің де күні туды деп қуанды. Петроградта большевиктер билік басына қарулы көтеріліс нәтижесінде 1917 жылдың 25 қазанда (7 қараша) келсе, арада 5 күн өткенде Перовск (Қызылорда) мен Қазалыда кеңес өкіметі бейбіт жолмен орнады. Көршілері «уралецтер» деп аталып кеткен орыстар кішкентай сары бала Пірмағанбетке іштері тартып, сеніп өз балаларына күтуші қылып алды, осылайша 13 жасынан бастап нан тауып әке шешесіне көмекші болды. Кейін орыстың  балаларымен дарияға суға түсіп, бірге қармақ салған жылдарының пайдасы тиді, жазбаша сауаты болмаса да, ауызекі орысша сөйлесе алатыны іске асып, Қазалы паровоз депосына жұмысқа тұрды, мал соңында жүрген қазақ үшін, ол кезде бұл үлкен мәртебе еді.

       1918 жылы қаңтарда 16 жасында жұмысқа тұрған Пірмағанбет, депода көп істей қойған жоқ, азамат соғысы басталып кетті. Кеңес өкіметі орнаған соң Орынбордан қуып жіберген Орал казактарының атаманы, Қазалы қаласының тумасы А.Дутов өз әскерін жинап бүлік шығарып, 1918 жылдың 3 шілдесінде Орынбор – Ташкент теміржолын басып алды, бүкіл Орта Азия мен Қазақстанның Кеңестік Ресеймен байланысы үзіліп қалды. Осындай қауіп төнген кезде Ақтөбе майданы құрылып, оған қару-жарақ пен оқ-дәрі жіберу үшін В.И.Ленин өзі  Швецарияда жасырынып жүргенде танысқан революционер Әліби Жанкелдиндінің қолына үлкен құзіреті бар мандат беріп, төтенше комиссар етіп аттандырды. Ол отряд келем дегенше, атаман Дутовқа қарсы соғысу үшін теміржол станцияларынан қызыл гвардияшылар отрядтарын құрып аттандыру көзделді. Қазалы депосында да, қызыл гвардия отряды жасақталып  жатқанда жұмыс істегеніне жарты жыл болса да, орысша сөйлей алатын пысықтығымен көзге түскен Пірмағанбет таңдап алынды, тіпті жасын нешеде деп ешкім де сұрамады.

       Қазалыдан жасақталған отряд Ақтөбе майданына жетісімен соғысқа кірісіп кетті,  арғы жағынан келген Әліби Жанкелдин әскері де қыспаққа алып, стратегиялық маңызы бар теміржолды жаудан азат етті, атаман Дутов Жетісуға қашып кетіп, сол жақта Қытайға өтіп кетті,  1921 жылы чекист Қасымхан Шадияров арнаулы операция барысында атып өлтіретінін, Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» фильмі арқылы жақсы білеміз.

Атаман Дутов бүлігін басуға қарсы әскери қимылдарға жетекшілік еткен комиссар П.Кобозев Ақтөбе майданы жойылғанмен, Орал өңірі әлі жау қолында екенін айта келе қызыл гвардия отряды Орал майданы құрамына өткенін  мәлімдеді. Осылайша, қазалылық қарасақал руының бозбала жігіті Пірмағанбет Бекназаров азамат соғысының даңқты батыры В.И.Чапевтың 25-ші дивизиясының құрамына өтті, жалғыз емес әрине қасында Қазалыдағы депо жұмысшылары В.И.Чекурин, В.Н.Объедков және С.Қалымбетов,Н.Сәдіров, Б.Мәшенбаев, Н.Айымқұлов болды. Орал майданындағы соғыста командирі Павлов комиссары И.М.Ильин болды. Ақ гвардияшыларды Орал майданында жеңу оңай болмады, алдымен 1919 жылы генерал Деникин әскерін жойғанмен, кеңес өкіметін көп ұстап тұра алмады, адмирал Колчак әскері Орал өңіріне қайтадан басып кіріп, бұл жер уақытша құрылған Сібір үкіметі құрамына өткенін мәлімдеді. Қызыл гвардияшылар амалсыз партизандық соғыс тәсіліне көшті.   1919 жылдың жаз айында М.В.Фрунзе басқарған Шығыс майдан әскерлері көмекке келіп адмирал Колчак армиясын қуып шықты. Алайда жау әлі қауіпті болғандықтан, Пірмағанбет Қызыл Армия сапында 1920 жылы Орал майданы жойылғанға дейін болды.  Қазалыға  қайтарда барлығына да, Чапаевтың 25-ші дивизиясының қызыл әскері деген әскери билет берді, кейін билеттің түсі қызыл болғандықтан «қызыл партизан» билеті деп атап кетті, кейін осы билеттің үлкен көмегі болып бір өлімнен аман қалады.

       Қазалыға келген соң әскери қызметке төселген 18 жастағы Пірмағанбет Бекназаровты азық-түлік отряды құрамына қабылдады, командирі  М.Красноперов болды. Бұл бір қиын кез еді, соғыс аяқталған жылы егін шықпай 1921 жылы елді аштық жайлағаның көзбен көрді, осы кезде ғой  В.И.Лениннің Арал балықшыларына хат жазып аштыққа ұшыраған Ресейге көмектесуін сұрағаны.  Азық түлік отрядтың негізгі міндеті кулактардың артық астығын тәркілеу болды, бұл да бір қауіпті кезең еді, тап жаулары реті келгенде қапыда өлтіріп кететін еді.  Осы азық-түлік отрядының командирі М. Красноперов өмірінің соңына дейін Қазалы станциясында тұрды, сексеніші жылдардың басында қайтыс болды, Пірмағанбет  «командиріме барып келем» деп, кейде үйіне айтып кететін, жалғыз басты қарт большевиктің хал-жағдайын біліп тұратын.  Пірмағанбет осы отряд құрамында, ел жаңа экономикалық саясатқа өткен соң, өзінің еңбек жолын бастаған паравоз депосына қайта келіп жұмысына кірісті.

       1922-жылдан бастап теміржолда қызмет істеді қатардағы жұмысшыдан кондуктор резервінің бастығына дейін көтерілді. 1939 жылы қаңтар айында ВКП(б) қатарына қабылданды, яғни коммунист болды.

       1941 жылы соғыс басталғанда коммунист ретінде майданға сұранғанда керек маман ретінде броны бар болғандықтан жіберген жоқ. Сол жылы «Курс повышение квалификации командного состава» деген курсты бітіріп № 2893 куәлігі мен қоса кіші лейтенант шенін алды. Бұл кез аса ауыр кез еді, теміржол наркомы Л.М.Каганович бұйрығымен темір жол әскери жағдайға көшірілді. 1941-1942 жылдары жау басып алған елдердегі завод пен фабриканың құрал жабдықтары Қазақстан мен Орта Азия республикаларына көшірілді. Одан кейін майдан үшін тылда жасалынған соғыс техникасы мен қару- жарақ жабдықтары тиеген вогон составтарды үздіксіз жүріп-тұруына жауапты қызметте болды. Бұл да қауіпті қызмет еді, бұлардың қызметінің атқарылуын Қазалы станциясының Счастнов көшесіндегі № 13 ғимаратта ораласқан НКВД – нің бөлімшесі қадағалап отырды.

       Соғыс кезінде теміржол арқылы майданға баратын жүкті үздіксіз жүргізіп тұрғызғаны үшін  КСРО-дағы ең жоғарғы Ленин (№ 135735) орденімен марапатталса, соғыстан соң «Знак почета» (№10368) ордені мен «За доблестный труд» медаліне ие болды. Соғыстан соң жеңістің 20 жылдығына байланысты шыққан медалмен марапатталды.

       1957 жылы теміржолдың жеңілдігіне байланысты 55 жасында зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке шыққасын шаруа баласы болғандықтан қарап отыруды ар санап, Қарақұмның «Тастақ» деген жерінде, кейін Қазалы станциясының солтүстігіндегі теміржол өткелі орналасқан жерге таяу, қауын-қарбыз және бақша дақылдарын егіп тоғыз баласын қатарынан кем қылмай өсіріп, бәрін аяқтандырып 1985 жылы 14 қаңтарда 83 жасында дүниеден өтті.

       Пірмағанбет кеңестік идеологияға қолың бір сермеп, екі рет үйленген жүрегінің түгі бар адам болған. Бірінші жары  заманында елге танымал болған акын Досқалдың қызы Найман ана және Қоныс деген байдың қызы Зибагүл ана, осы ардақты аналар өмірге 4 ұл мен 5 қыз әкелді. Найман ана Пірмағанбеттен соң екі апта өткесін қайтыс болса, Зибагүл ана 2003 жылы дүниеден озды.

Пірмағанбеттің үлкен ұлы Қабіл (1937-1992) мекемеде бас механик болды, Аршагүл жоғары білімді мұғалім болды, зейнеткер Алматыда, Ботакөзі ауылшаруашылық маманы болды, зейнеткер Төретам кентінде, Бағдагүлі тәрбиеші-әдіскер болды, зейнеткер, Серік теміржолдың зейнеткері, Кенжегүл медбике болып қызмет істеді, зейнеткер, Жәнәбіл (1958-2013), Жанарыстан (1964-2001), Ақкөжегі Төретам кентінде кәсіпкер.                Пірмағанбет әкеден жалғыз бала болғандықтан, кейде «менің соқыр болса да, бір қарындасым болғанда арқалап жүріп бағар едім» деген кездері де болған екен, екі әйел алуының сыры осында жатқан сияқты, яғни бала жанды болған. Жаратушы өзінің пендесіне осындай ұл мен қыз берді, қазір ұрпағы жүзден асып өмірде өз орындарын тауып әрқайсысы өз алдына үй болып кетіп, одан тараған немере мен шөберелерінің өздері аяқтанып кетті.

       Сырттай қараған адамға Пірмағанбет қызметте абыройлы болып, уайым қайғысыз ұзақ жасаған адам болып көрінгенмен, қызы Бағдагүлдің күйеуі, кезінде НГЧ-2 мекемесін басқарған, құрметті теміржолшы Ашықбай Тоғымовқа өзінің екі рет өлімнен қалай аман қалғанын айтып жаздырып кеткен болатын. 

       Енді азамат соғысының қаһарманы П.Бекназаровтың естелігін оқып көрелік: « Мен, бірінші рет өлімнен аман қалған кезім азамат соғысы кезінде болды. Орал өңірін адмирал Колчак басып алған кезде партизандық соғыс тәсіліне көштік, сол кезде жолдастарыммен ақтардың қолына түсіп қалдық, ақтың офицері бізді тергеп болып, партизан екенімізді білгендіктен, таң атқасын елдің алдында атып тастайтын болып, бір биік үйге қамады. Қасымдағы адамдар қашу жолын іздей бастағанда жалғыз мүмкіндік бұрын кантромарка пешінің бітеп қойған мұржасы болды. Оны ашып көргенде, кішкене тесіктен 16 жастағы мен ғана өте алатын болып шықтым, арамыздағы  ең жасымыз аман қалсын деп, бір-бірінің иығына мініп маған қаш деп бұйырды, үш адамның үстіне төртінші болып мініп тесіктен әрең дегенде өтіп, күзетшінің көзін ала беріп жерге секіріп түсіп, жақын жердегі көлге күмп етіп түсіп таң атқанша арғы бетке жүзіп өтіп қызылдарға қосылдым.

       Екінші рет өліп кете жаздағаным өз ағайынымнан болды. Соғыстан соң Ленин орденді теміржолшымын, әрі Қазалы станциясының бас кондукторымын, сөзім жоғары жаққа жүріп тұрған кезімде, өзімнің Қарасақал руының Пұсырман аталығындағы туыс інім «Ө.Ж.» мені теміржолға жұмысқа алшы дегесін, шиттей бала-шағасы бар қой деп жұмысқа алдым. Қазақтың «ағайыным барда, жауым жоқ деп айтпа» деген сөзі рас болып шықты. Әлгі туыс інім менің үстімнен, аудандық партия комитетіне «П.Бекназаров коммунист болса да, екі әйел алып, бай-феодал болып өмір сүруде» деп арыз жазыпты.

      Қылышынан қан тамып тұрған комунистік идеология кезінде, бұған таптық тұрғыдан қарап, үлкен саяси қылмыс ретінде қарайтын. Сонымен менің ісімді аудандық партия комитетінің бюросында арнайы қарайтын болды. Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып 1937-1943 жылдары Тұңғышбай Арқабайұлы Сегізов болғанда жұмыс бабымен де, күнделікті де кездесе қалсақ та сөйлесіп тұратын едік.  Жаңадан келген аупарткомның бірінші хатшы сырттың адамы болғасын танымаймын, бір сойқан болатының біліп жанымды шүберекке түйіп бардым.

Аупарткомның бюросында менің ісім қаралды, қан-сорпам шықты, абыройдан айырылайын десе, аяқ астынан екен, естімеген сөзім қалмады. Маған соңғы сөз берілгенде: «бәрі де рас, бірақ мені кешіруге болатын шығар, азамат соғысы кезінде қызыләскер де болдым, жау басып алған кезде партизан да болдым» деп, «қызыл партизан» деп аталып кеткен куәлігімді көрсеттім. Бірінші хатшы куәлікті оқып шығып ойланып тұрып қасындағыларға берді, бюро мүшелері де қарап шыққан соң, аудан басшысы: «сыртқа шыға тұр» дегесін, қабылдау бөлмесіне шықтым. Біраз уақыттан соң қайтадан шақырып: «партиядан шығарамыз, бас кондуктор қызметінен алынып, қатардағы жұмысшы боласын, Чапаев дивизиясындағы қызыләскер болғанынды ескеріліп, органға қамауға бермейміз» деп аупартком бюросының Қаулысын оқыды. Сол кезде қабылдау бөлмесінде жәй киім киген жас жігіт отырғаның көргенмін, сөйтсем ол мені бюродан соң тұтқындауға келіп отырған НКВД –нің қызметкері екен. Маған ату жазасын бермегенмен, тап жауы ретінде соттап Сібірге айдап жіберетіні анық еді, ол жақтан аман келем бе, келмеймін бе, белгісіз еді. Осыдан кейін «жау жоқ деме, жау жар астында»  деген сөзге сеніп, екінші әйелімнен туған балаларымды өз атыма жаздыртпай, Зибагүлдің фамилиясына жаздырттым»-деп айтып кетіпті абзал азамат.

Менің досым Серік те: «бала кезімде әкем біздің басымыздан сипап отырып, партия билетіне айырбастап алған балаларым ғой деуші еді, кезінде оны түсінбедік» дей келе: «Бақытжан менің паспортымда әкемнің есімі жазылмай, анамның фамилиясы ғана болды» деп айтқан болатын.

       Керек кезінде соғыста да, еңбекте де адал еңбегін пайдаланып, өздерінің ең жоғарғы Ленин орденін беріп, барынша көтермелеген адал азаматты бір күнде қаралап шығарған коммунисттік жүйе оның жүрегіне ауыр дақ қалдырғаны анық. Пірмағанбет бақытын отбасынан тапты. Ал, бүгінгі көзқараспен қарасақ Пірмағанбет – азамат соғысының нағыз қаһарманы.

                                                                          Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

тарихшы,

                                                                          Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<