ҚАРАМАН ӘЛМАХАНОВ. Ол туралы кім не біледі?

1206

0

Бұл есім Сыр өңіріне, әсі­ре­се, Қармақшы, Жалағаш ау­дан­дарына жақсы таныс бо­лу­­ға тиіс. Өткен ғасырдың 60-70-жыл­дарында ол аталған ау­­дан­­дардың ауылдарында жиі бола­­тын.


Қызылдың қиясындағы, об­­­лыс­­тың ең шеткері ауы­лы “Жа­ңа­қала”, қазіргі Т.Көмек­баев ау­ы­лында тұрақтап тұр­маса да, ара-тұра келіп шар­уашылық жұ­мыстарына ара­ласып жүретін еді. Сол кез­де біз бала едік. Ол ау­ыл­ға келгенде көшеде көре қалсақ, соңынан еріп, қызық­тап жү­ретініміз есімізде. Ол сон­да өзгелерден несімен ерек­ше­ленетін? Неге біз үшін оны көру қызық еді? Өйткені, ол қазақтан гөрі неміске кө­бірек ұқсайтын. Немісті тек ки­нодан ғана көріп жүр­ген біздер үшін ол “тірі не­місті” көргенмен бір­дей еді. Үл­кен­дерден “ол плен­де бол­ған”, “неміс­тердің армия­сын­­да ко­мандир болған”, “Түр­­кіс­тан ле­гионында бол­ған” дей­тін, бірін түсініп, бі­ріне өре­міз жетпейтін “бол­­ған” дей­­тіндер де бізді қы­­зық­тыра түсетін. Ірі де­несі, қашан көрсең де бойын тіп-тік ұстайтыны… сосын тү­рік тақиясы (қазір біліп жа­тыр­мыз ғой солай дей­тінін) және “гит­леровский” мұр­­ты таң­ғалдыратын. Расы ке­рек, жанына жақын­дауға қор­қа­тынбыз. Қол беріп аман­дас­қан-амандаспа­ғанымыз есім­де жоқ.


Ол сондай бір жұмбақ адам болатын. Кейін есейе келе, ол туралы “тұтқынға түскен қа­зақ­тарды құтқарған”, “ату жаза­сы­на кесілгенде орыстың бір пол­ковнигі “бұл советке қызмет іс­те­­ген адам” деп ату­дан аман алып қалған” дейтін ақылға қо­нымды да, сондай-ақ, “немістің самолетін тура Кремльдің қасына қонды­рып, өзі Сталинге барып, мен осындай адаммын “депті” дей­тін қоспасының көбігі көзге ұрып тұратын әңгіме­лердің де сан алуанын естідік.


Қазір соғыс жауынгерлері ту­ралы мәліметтер ресейлік бір­­­неше сайттарда топтас­ты­рылған. Сол сайттардан бұ­рынғы тұтқында болғандар, сонда қаза тапқандар жөнін­де де деректерді табуға бо­лады. Бірде есіме түсіп қарастырып көрсем еште­ңе шық­пады. Ресейлік іздеу­ші­лердің бі­рімен ақылдасып көрсем, ол ту­ралы егер фа­шистер жағында, яғ­ни ле­гионда болса, дерек та­бу­дың қиындығын айтты. Со­ны­мен, үміт үзілгендей де бол­ған. Дегенмен, кей-кейде ғалам­тор­дан аты-жөнін іздестіріп қоя­тынмын.


Бірде… оның есімі жарқ ете қалды. Дереу әлгі сайтты ашып, ол туралы сонда жа­зылған шағын өмірбаянды өзі­ме көшіріп алдым. Бұл нақ­ты дерек екені күмәнсіз. Сол деректерге қарағанда, Қа­ра­ман Әлмаханов 1915 жылы Қармақшы ауданы К.Маркс кол­хозында, №9 ауылда туған. Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауыл сове­тіне қарасты “Ортақ­шыл” кол­хо­зындағы орталау мек­тептің ди­ректоры болған. 1939 жылғы қыр­күйекте Ши­елі аудандық әскери комис­сариаты арқылы әскерге алын­ған. Аға лейтенант. Белосток қа­ласындағы 10 армия, 5 кор­пус, 130 артполкінде взвод ко­мандирінің көмекшісі бо­лып қызмет атқарған. 1941 жыл­ғы 13 шілдеде тұт­қынға түс­кен. Одан әрі қайда бол­ғаны туралы мәліметті бір­де­ңені басқаша жазып қо­яр­­мын деген оймен орыс ті­лінде қалай жазылса солай бергенді жөн көріп отыр­мын. “Место нахождения в пле­­ну: г. Белая Подляска, Дем­блин, Седлец, лагерь “Ос­т­виц” г. Бреслау, Варшава, г. Ва­ломин, Яблоново, м. Ле­гио­ново (Поль­ша), г. Альби (Юж­ная Франция), г. Вена (Австрия) г. Сангоданс, м. Калий-Вернет, р-н Тарго (г. Лан­немезан)”. Бар дерек осы. Ол тура­лы материалдың то­лық құ­­­жаттары сайтқа са­лын­баған. Бірақ, оған қатысты іс ма­териал­дары сол сайтқа иелік ететін ме­кеменің архи­вінде жатқаны анық.
Осы деректі көрген соң “мүм­кін тағы да бірдеңе та­былып қалар ма екен?” деген оймен ғаламтордан ол кісі туралы жиірек іздестіре бас­тадым. Бірақ… тіпті, кейін жо­ғарыдағы мәліметтер де та­былмай қалды. Сайтты жа­уып тастаған болу керек. Есе­сіне, осыдан екі жылдай бұ­рын “Жди меня” хабарына “Әкем Қараман Әлмахановты іздеймін” деген Раиса Коно­пелько есімді әйелдің іздеу салғаны көзіме түсті. “Жди меня” өкінішке орай, бұл әй­елдің қайдан екені туралы мәліметті жарияламапты. Со­дан “Жди ме­няға” “Мен Р.Коно­пельконың із­де­ген адамын бі­лемін” деген ма­­ғы­нада хат жібердім элект­ронды пошта арқылы. Ұялы бай­ланыс теле­фонымды да қал­дырдым. Электронды пош­таға еш хабар түспеді. Обалы не­шік, ресейлік нөмірден бір-екі рет қоңырау түсті. Бірақ, сол кезде телефон “мошенниктері” туралы сөз қы­зып тұрғандықтан көтер­ме­ген едім. Содан арада әжеп­тәуір уақыт өткен соң “Жди меняға” “мен сіздерге хат жаздым, хабар болмады” десем, “сізге екі рет телефон шалған, көтермегенсіз” де­ген жауап келді. Мұндай өкін­беспін. Сосын енді “Мен Қараман Әлма­ха­­нов деген әкесін іздеген Раиса Ко­нопелько есімді әй­елді іздеймін” деп өз атым­нан хат жібердім. Арада ша­малы уақыт өткен соң, менің мес­сенджеріме Ирина Стан­кевич есімді келіншек ха­барласып, өзінің Раиса Ко­но­пельконың қызы екенін, “Жди меняға” мамасының ай­туымен хат жазғанын айтты.

Раиса Конопелько 1946 жылы туған. Ал, оның анасы, яғни, Қараман әкеміздің әйелі Со­фия шешеміз 2011 жылы қайтыс болып кетіпті. Сөйтіп, іздегеніміз табылды.
Енді елден Қараман әке­міздің туған-туысқандарына сұрау сала бастадым. Сөйтсем, ол кісінің Бақыткүл, Бейбіткүл есімді екі қызы, сондай -ақ, Хадиша есімді қарындасынан туған жиендері бар екен. Басқа да туысқандарын біле бастадым. Оларға Иринамен қалай байланысуға болатынын жеткіздім. Олар қазірдің өзін­де өзара хабарласа бастағанға ұқсайды. Ендігі мәселе не?


Біріншіден, ең бастысы, Қ.Әл­махановқа қатысты тиіс­ті мем­лекеттік ме­кемеде жатқан іс ашылып, сондағы мате­ри­ал­дар сарап­талып, халыққа жа­рия болуы керек. Сонда ғана Қ.Әлма­ханов туралы нақ­ты факт сөй­лейтін болады.


Екіншіден, кезінде ол тұт­қыннан босатқан адам­дар­­дың өздері болмаса да, ұрпақ­тары бар ғой. Олардың әкелері, ата­лары Қараманның арқа­сында тұт­қыннан қалай босаған­дарын ұл-қыздарына, жақын-жуық­та­ры­­на айтып кет­кен болар. Сол әң­­гі­мелерді жи­настырған жөн. Сондай ес­­телікті айтқысы, жаз­ғысы кел­ген кісілер осы мақала жа­­­рияланып отырған газет ре­­дак­циясына хабарлас­са бо­­лады. Немесе тікелей ма­ған шық­са да, қарсы­лығым жоқ. Бұл үшін жаз­бала­рыңыз болса, abdolla61@mail.ru элек­тронды поштасына немесе 87773024679 (уатса­бы бар) те­лефонына хабарла­сыңыз.


Үшіншіден, Қ.Әлмаханов егер ақталған болса, (осы кезге дейін ақталмауы мүм­кін бе?) оның есімі Ұлы Отан соғысына қатысқандар тізі­міне енгізілуі тиіс.
Төртіншіден, Қараман әке­міздің қызы Раиса Конопелько қазір Белоруссияның Могилев қаласында тұрады. 14 нау­рызда 75 жас толады. Арада қанша жыл өтсе де, әкесін із­деген қызды, оның ба­ла­ларын атамекен, ата­жұртқа шақырып, қонақ ету жа­ғын да ойластырған абзал. Егер елшілік арқылы кіріссе, бұл ше­шуі қиын мәселе емес де­ген ой­дамын. Ел елдігін та­нытуға тиіс.


Бесіншіден, Қараман Әл­ма­ха­нов туралы кім не бі­леді? Мүмкін біреулердің үйінде оның суреті сақталды ма екен? Соның бәрін газет ре­дак­цияларына, маған ұсын­саңыздар екен.


Соғыс! Оның лаңы әлі біткен жоқ. Қараман Әлма­ха­новтың тағ­дыры – соның жарқын мысалы.


Ол кісі естуімше, соғысқа де­йін барлау қызметіне да­йын­дықтан өткен екен. Бар­лаушы болуға тиіс еді. Тұт­қынға түсті. Үстіне неміс фор­масын киюге мәж­бүр бол­ды. Бірақ, туған хал­қына деген адалдықтан айныған жоқ. Әйтпесе, тұтқынға түскен кеңес азаматтарын, әрине, ең ал­дымен қазақтарды, сол азаптан құтқару үшін басын бәйгеге тікпес еді ғой. Оның талай тұтқынды босатқаны туралы әңгіме бекер емес, тіпті, нақты адамдардың есім­дері де аталатын. Ұрпақтары өздері-ақ айтатын болар деген оймен, олардың есімдерін әдейі атамай отырмын.


Ел басына түскен нәубет ер азаматты сан сынаққа са­ла­ды. Оттың ортасында жүріп жа­қынға жәрдемдесу оңай ма? Қараман Әлмаханов сон­дай ауыр сынақтан сынбай өткен санау­лы­лардың бірі тәрізді. Солай еке­ніне сене­міз. Ал, соны бәріміз бірге нақтылап, оның тұлғасын қара күйе, қара дақтан аршып алу – бізге бүгінгі күннің жүк­теп отырған міндеті деп түсін­геніміз абзал.

Абдолла ДАСТАНОВ,
Қазақстан Журалистер одағының мүшесі.
Қарағанды облысы,
Сәтбаев қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<