ҚАСІРЕТ немесе екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы құпиясы туралы

2262

0

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толса да оның қалың жұртшылыққа беймәлім сырлары әлі де жеткілікті. Солардың бірін жуырда ресейлік федералдық «История телеарнасы өз көрермендерінің назарына ұсынды. Аталмыш хабарға орай, біз онда айтылған жайларға баға беруді оқырмандардың өз қалауына қалдыруды жөн көрдік. Себебі, ХХ ғасырда бүкіл Кеңес Одағының құрамына енген халықтардың, оның ішінде қазақ халқының 20-30 жылдары, кейінгі репрессия мен екінші дүниежүзілік соғыста көрген қасіреті ғасырларға жүк болатын, бірнеше ұрпақтың өмір бойы жазылмайтын дертіне айналып отыр. Сонымен айтпағымызға келейік.

 «История» арнасының түсіру тобы мен шығармашылық өкілдері осыдан бірнеше жыл бұрын алдымен Англияға, ізінше Германия мен жапсарлас жатқан Австрияға барып, өткен тарихымыздың тағы бір қасіретті оқиғасын алдымызға жайып салды. Оқиға Лондон төңірегінде егде тартса да сау-саламат өмір сүріп жатқан орыс эмигранты, британ азаматы Николай Дмитриевич Толстойдан сұхбат алудан басталады. Алдымен әңгімемді Н.Толстой кім деген сауалдан бастағым келеді. Ол атақты әлемдік деңгейдегі ұлы жазушы ресейлік Лев Толстойдың аталас немересі. Туған жері Ұлыбритания. Әкесі Дмитрий кезінде революция шарпыған Ресейден шетелге қоныс аударған. «Тегім – орыс, тәрбием, болмысым британдық», – дейді Николай Дмитриевич арна тілшісіне берген сұхбатында.

Атақты жазушының немересі ағылшын тілінде сөйлейді. Мамандығы бойынша тарихшы. Бірнеше кітаптардың авторы. Әлемдік демократияның үлгісі саналатын елде тұрып жатқанына қарамастан өткен ғасырдың 90-жылдары британ билігі тарапынан қуғынға ұшырағанын, ел элитасының соғыстан кейінгі сатқындық саясатына қарсы келетін кітаптар жазғаны үшін сот арқылы өзіне 1,5 млн.фунд стерлинг айыппұл салынып, өмір сүрудің бар қиямет-қайымын басынан өткізгенін айтады. Оны британияның зиялы қауымы құтқарып қалады. Арнайы қор ашып, көмек көрсетеді. Қазір ол үлкен ферманың қожайыны.

Жалпы Толстой не үшін қудаланды? Тарихтан мәлім, 1945 жылдың ақпан айында Ялтада антигитлерлік коолиция жетекшілері – Сталин, Рузвельт, Черчилль бас қосып, онда әлемнің соғыстан кейінгі құрылымы қандай болу керектігі, ұлы мемлекеттерге әлемнің қай аймағына ықпал жасауға болатыны талқыланды. Қаралған мәселенің бірі ретінде Сталин одақтастардан өздері оккупациялаған аймақтарында қолға түскен барлық кеңес азаматтарын өз отанына қайтару керектігін талап еткен. Сол кездегі есеп бойынша әртүрлі жағдайда неміс тұтқынына түскен қызыл әскерлерді, Германияға тегін жұмыс күші ретінде айдалғандарды қосқанда олар шамамен 5,5 млн адамды құрайтын еді.

– Бірақ, – дейді Николай Дмитриевич, – мен британ мұрағатында отырып кез келген шетелдік азаматқа рұқсат етіле бермейтін сұмдық фактілерге көз жеткіздім. Одақтастар арасында еліне кеңес азаматтарын ғана қайтару туралы шешім болғанына қарамастан британ қорғаныс және сыртқы істер министрлігі еуропада бұрыннан орнығып қалған, революция кезінде қоныс аударғандарды да зорлап эсшелондар мен кемелерге малша тиеп, осы операция кезінде қарсыласқандарды ұрып-соғып дегендей және басқалай кісі төзгісіз азаптарға салған. Бұл өркениетті демократия рухымен әлемге үлгі болатын британ сатқындығының жиеркенішті көрінісі болып табылады. Ең сорақысы- британ офицерлері мен солдаттары үшін кеңес азаматымен революция кезінде қоныс аударған репатриант деген ұғымдардың ара жігін айқындаудың қажеті болмай қалды. Британ билігінің қатарында мұндай зорлық-зомбылыққа төзбей, қарсы әрекет жасауға талпыныс жасағандарда болды. Тіпті соғыс экономика министрі лорд Селборд Ұлыбритания Сыртқы Істер Министрі Мартин Иденге  ресми хат жолдап олардың қайтадан НКВД түрмесіне түсетініне аяушылық сезімін білдірген. Бірақ хат жауапсыз қалады. Ағылшын билік элитасында «орыстар жабайы халық. Оларға тұрпайы болғандықтан аяушылық жоқ. Қандай жаза болмасын қолдануға лайық» деген түсінік қалыптасты.

Кеңес азаматтарының соңғы легі Ұлыбританияда 1944 жылдың маусым – шілде айларында пайда болды. Екінші майдан ашылысымен одақтастар әскерінің күшімен Франция, Бельгия, басқа елдер азат етілді. Гитлер Францияда кеңестің тұтқынға түскен жүз мыңдаған солдаттары мен офицерлерін үлкен қорғаныс бекіністерін салуға пайдаланды. Тіпті олардың нақ санын анықтау мүмкін емес еді. Оларды британ-американ армиясы азат еткенде әлгілердің жағдайы мүлдем аянышты болатын. Азат етілген кеңес тұтқындарын британдықтар Лондонның маңайындағы арнайы лагерьлерге орналастырды. Осылардың барлығынан британ жұртшылығы мүлдем хабарсыз еді. Одақтастар неміс жерін оккупациялағанда Кеңес Одағы мен ағылшын-американ әскерінің ықпал жүргізу шекарасы австрия аумағынан өтетін. Міне, осы жерде революциядан кейін бас сауғалап, Европаны паналаған казактардың мыңдаған отбасылары шоғырланды. Кезінде олар алдымен Италияны паналады. Ол жерде фашист диктатурасы құлаған соң Альпі тауынан асып, Австрияға келіп құлаған.

Жалпы казактар, негізінен Гитлер жағында коммуналдық нысандарды күзетті, басқа да қосымша қызметтер атқарды. Оларды соғысқа қосуға немістердің өзі сенімсіздік танытатын. Бірақ казактардың арасында әлбетте, қылмыс жасағандар да болды. Тарихшылардың зерттеуі бойынша соғыс кезінде шетелде кеңес саясатына қарсы насихат науқанын жүргізген казак атамандары Петр Краснов, Андрей Шкуро сияқтыларды НКВД қолға түсіру амалдарын іздестіргені де шындық еді.

Сонымен бірге Австрия жерінде революциядан кейін бас сауғалаған казактардың көпшілігі бірінші дүниежүзілік соғыста Антанта құрамында патшаға адал қызмет атқарып, тіпті ерліктері үшін Британияның мемлекеттік марапаттарына ие болғандар бар еді.  Большевиктерге қарсы ымырасыз күрес жүргізген казак атамандары П.Краснов пен Андрей Шкуро (соңғысы  азамат соғысы кезінде бейбіт халыққа қарсы жантүршігерлік қылмыстарымен, тонау мен зорлау-зомбылықпен ерекшеленді) екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңес заңымен қатаң жазалануға лайықты еді. Солай болды да. Олар Австрияда тұтқындалып, 1947 жылы Мәскеуде әскери трибунал үкімімен дарға асылды.

Бұл мәселенің бір жағы. Ал Толстойдың британ мұрағатынан тапқан деректері бойынша сол Австрияда бұрыннан тұрақты тұрғын ретінде мекендеген  жүздеген мың казактардың олардың өз еркінен тыс зорлық-зомбылықпен Кеңес Одағына қайтарылуы британ үкіметінің сатқындығы болып табылады. Олардың көпшілігінде ұлттар лигасы берген құжаттар болған. Немістер ұқыпты халық. Құжаттары болмаса оларды Австрия жерінде бір күн де ұстай алмайды.  Былайша айтқанда, казактардың көпшілігі кеңеске қарсы соғыс қимылдарына қатыспаған жай ғана шаруа халық болатын.  

Казактар айлап зорлық-зомбылықпен Кеңес Одағына қайтарылды. Бұл үдеріс жау тигендей төтеннен шұғыл түрде жүргізілді. Казактар жүк машиналарына тиелді. Британдықтар қарсыласқандарды сол мезетте атып тастады. Жылап сықтаған, еңіреген әйелдер мен қарттарға ешқандай аяушылық болмады. Олар соққыға жығылды. Атылды. Соққыға жығылғандар арнайы көліктерге тиеліп жатты. Ағылшындар ебін тауып қашқандарды күні түні іздеп тау шатқалдарын тінітті. Ұсталмағандардың кейінгі тағдыры қалай болғанын ешкім білмейді. 1945 жылдың маусым-шілде айларында 2,5 мың казак, оның ішінде 700 бала-шаға, әйел, қариялар зорлықпен көліктерге тиеліп, теміржол станцияларына жеткізілді.

Фильмде бір әйел бастан кешкен оқиғаны былайша баяндайды.  Сол дүрбелеңде оны анасы австриялық әйелге тапсырып, сәбиін сақтауды өтініп жалынып жалбарынған.  Сол кезде ол бар болғаны 1,5 жаста екен. Асырап алған анасынан оқиғаның қалай болғанын естіген. Бүгінге дейін туған анасының кім екенін білмейді. Қуғын-сүргін болып жатқанда айтып үлгіре алмапты.

– Мен жалпы түсінігім бойынша дондық, болмаса кубандық казактың қызы болуым керек. Бір дерек болса отаныма барып елімді, көріп, ағайын тапсам деген арманым бар. Бірақ анамның есімі кім болғанын білмеймін. Өйткені ол кісі немісше, ал мені асырап алған австриялық әйел орыс тілін білмейді. Қуғынға ұшырап, сонынан британ солдаты қуып келе жатқанда қайдан үлгірсін. Анамның қолынан мені алып ғана үлгірген, дейді – әлгі әйел. Австриялық әйел өзінен туған үш баламен оны төртінші етіп жеткізген.

Фильмде сондай-ақ сол қырғыннан қашып құтылған тағы бірнеше казактың ұрпағы оқиғаларды тізбектеп айтып берді. «Сендер Кеңес Одағына барасындар деген хабарды естігенде бір казак полковник 3 баласын, әйелін, соңынан өзін атып өлтірген. Мұндай қайғылы оқиғалар Англиядан Мурманск, Одесса қалаларына кемемен жеткізілген репатрианттар қатарында да көп болғанға ұқсайды. Тіпті оларды «қарсы алған» НКВД және СМЕРШ (армиядағы қарсы барлау қызметі) қызметкерлер де мұндай көктен түскен сыйдан таңырқаған көрінеді. Себебі олардың сұраған  тізімінде бірлі-жарым қылмыскерлерден басқа революциядан кейін көшіп кеткен казактар және басқа да сипаттағы азаматтар жөнінде мағлұмат болмаған еді. 

 Телеарна жүргізушілердің пікірінше, зорлықпен Кеңес Одағына әкелінген сол азаматтардың барлығы НКВД-ның сүзгі лагерлерінен қайта өткізілген. Бірқатары 10-20 жылға сотталған. Бір өкініштісі, олардың қатарында отанын сатқан власовшылармен бірге Брест қамалын қорғау кезінде және басқалай жағдайда ерлік көрсетіп, ес-түссіз жағдайда неміс тұтқынына түскендер, еш кінәсі жоқ казактардың ұрпақтары жазықсыз шапа шекті. Бұл енді сол қасіретті заманның қиянаты болып табылады.

Осы қанды оқиғаға байланысты британдық журналист Лоувенс Лис «Британдық сатқындық» атты деректі фильм түсірді. Фильмде ағылшындарға қарағанда американдықтардың біршама аяушылық сезімдері болғаны айтылады. Германияның тегін жұмыс күші ретінде Кеңес Одағынан зорлықпен алып кеткен азаматтардың өзі 5 млн. адамға жуықтайды. Олардың 15 проценті екіұдай ойда болса, қалғандары Батыста қалғысы келген. Негізінен олар Кеңес Одағына қайтарылды. Түрмеге түскендері 1955 жылғы кешіріммен босатылды. Ал сол түрмеге жетпей өлгендердің санын ешкім анық айта алмайды. Австрияда «Казак қорымы» деген бар. Бұл сол қанды қырғынның айқын көрінісі болып табылады.

Фильмді Толстой: «Батыстағылар бізді жабайы халық дейді. Ұнатпайды. Ресейге деген қызғаныш сезімдері бар. Өйткені, менің ата-бабамның жері ұлан – ғайыр. Қазба байлыққа бай. Осы үшін қызғанады. Менің отандастарым осыны жақсы түсінулері керек. Елдің бірлігін сақтау барлығынан маңызды. Осыны бағалап, түсінгендерін қалаймын», – деп түйіндейді.

Мен осы деректі фильмді көріп отырып, ғасрылар бойы талай сүргінді, қасіретті көріп, тозақ отына шарпылған ата-бабаларымның қасіретін көз алдыма елестеткендей болдым. Көріп, сезіп отырып, бүгінгі күнімізге шүкіршілік жасадым…

                                                                               Жолдасбек Ақсақалов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<