Қошқармүйіз құпиясы

810

0

Фото: ашық дереккөз

Ортағасырлық Жанкент қалашығы – республикалық сипаттағы археологиялық ескерткіш. Қала жұрты Сырдарияның сол жақ бетінде, Қазалы қаласынан 35-40  шақырым жерде орналасқан. Ортағасырлық Жанкент қалашығы Әл-Жувейнидің, Ән-Насавидің және Әл-Омаридың кейбір деректерінде «Шаһаркент» деп те берілген. В.Бартольдтің пайымдауынша, Жанкент Х-ХІ ғасырларда Оғыз мемлекеттік бірлестігі билеушілерінің қысқы ордасы болған.

Жанкентте 1867 жылы П.Лерх және М.Приоровтар кішігірім қазба жұмыстарын жүргізіп, жобасын түсірген. Зерттеуді келесі жылы (1868 ж.) В.Верещагин жалғастырды. Ал 1946 жылы Хорезм археология-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С.Толстов) кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қаланың нақты жобасын сызып, әуеден суретке түсірген.

Жанкент қаласының ортасында кең көлемде археологиялық қазба жұмыстарын 2005 жылдан бастап Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бірлесе отырып, РФ ҒА М.Миклухо-Маклай атындағы Этнология институты қарқынды жүргізе бастады. Көп жылғы археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған археологиялық жәдігерлердің ішінде қошқар бейнесіндегі діни-ғұрыптық бұйымын ерекше атауға болады.

Археологтардың айтуынша облыстық музей қорына келіп түскен қошқармүйізді алтарьдің бас бөлігі – оғыздар тұрмысында пайдаланылған ошақ бөлігі. Былтыр Жанкент археологиялық ғылыми-зерттеу экспедициясы нәтижесінде музей қорына өткізілген қошқармүйізді алтарьға тоқталатын болсақ, зооморфты қошқар мүйізінің диаметрі 9,5-10 см, фрагментінің биіктігі 12,5 см, мойын бөлігінің ұзындығы 3,5 см, ені 6,5 см, қалыңдығы 6 см құрайды. Бұйымның жоғарыдан қараған көрінісінде яғни, бармақ басындай төрт бұрышты қиықшаның үстінде 0,5 мм болатындай бөлігі жоғары шығыңқы болып келген. Үшбұрыш, симметриясы сақталған, параллель сызықтармен әшекейленген. Қошқар мүйізінің айналасына түртпе оюы ойылып, алдыңғы және артқы жақ бөлігінде шақпақталған, үшбұрыш оюлары айналдыра үйлесімін тапқан. Мүйіздің төменгі, яғни жиектемелерінде өсімдік тектес ою-өрнектері сақталған. Ал артқы бөлігі екі айрық арқылы екі жаққа қараша үйдің шаңырағы тәрізденген шеңбермен қошқар мүйізі толқын оюымен безендіріліп сәнделген. Бұйымның түсі қызыл-қызғылт сарыдан қою қоңыр болып келген,  VІІ-ХІ ғасырларға мерзімделеді.

Қошқармүйізді алтарь оғыздарда ғибадат орнымен қатар үй ішіндегі шырақтың  функциясын атқарған. Мұндай формалы керамикалық алтарь ортағасырда Сырдарияның  көптеген қалалары мен аймақтарында кеңінен таралған. Керамикадан жасалған жәдігерде қошқар бейнесі, оның ішінде мүйіздері жақсы көрініс тапқанын көруге болады.

Зерттеулер барысында Сырдария оғыздарының басты тотемі қошқар екені нақтыланып отыр. Сонымен бірге исламнан бұрын түркілер арасында отқа табынушылардың  ғұрыптық рәсімінде  қошқар бейнесі ерекше орын алған. Халық сенімінде қошқар байлықтың белгісі, денсаулық шекарасының сақшысы деген түсінік қалыптасқан. Оғыздар Сырдария алыбындағы жерлерді өз иеліктеріне қаратқанда отқа табынушылар осы қошқар бейнесіне сыйынуды дәстүрге айналдырған.

Көрнекті археолог К.Байпақовтың «Культ барана у сырдарьинских племен» атты мақаласында қошқар бейнесімен берілген саздан жасалған материалдарды бірнеше хронологиялық топқа бөліп қарастырған. Бірінші кезеңін б.з. I-VII ғасырлар аралығына, екінші кезеңін VIII-XII ғасырлар  аралығына, үшінші кезеңін XIII-XIV ғасырлар аралығына, ал төртінші кезеңін XV-XVIII ғасырлар аралығына жатқызып, кезеңдер бойынша зерттеген. Бірінші және екінші топтағы саздан жасалған қошқар мүсінді пішіні, үшінші топқа алтарь протомалары жатқызылған.

Зооморфты қошқар бейнелерді тұрмыста қолдануды Жетіасар мәдениетін қалыптастырған қаңлылардан оғыздар мұра еткен деседі. Жанкент қалашығын зерттеу барысында оғыздардың қошқармүйізді алтарьларды қыш пештің алдыңғы жағына орналастырғаны анықталып отыр. Нан пісіретін пеш аузына қошқар бейнесінің салынуы өзбек, қарақалпақ  халықтарының көне мәдениет ескерткіштерінде де кездеседі.

Алғашқы қошқар бейнесіндегі діни-ғұрыптық бұйымдар сақтарда да көрініс тапқан. Сақтардың қыш  бұйымдарындағы қошқар бейнесі олардың дүниетанымында тұмар қызметін атқарса, одан кейін оғыздар арасында қошқар культі тайпа қорғаушысы ретінде танылған.

ХІІІ-ХІV ғасырларда Сырдария аңғарларында ірі сауда және мәдени орталықтарда пайда бола бастады, яғни көзешілік қыш-құмыра өнеріндегі  қой, қошқардың нақты бейнесін салу дәстүрі өркендей түсті. Жан-жануарлар, үй малы әлемімен байланысты архаикалық діндердің көп элементтері зороастризм, шаманизм, тотемизммен сакральданып, кейіннен ислам дініне кіргізіліп, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатыр. Қойға, қошқарға қатысты наным-сенімдер жүйесінде қазақ халқы төрт түліктің теңеуін «түйе – байлық, жылқы – сәндік, сиыр – ақтық, ешкі – жеңілдік, қой – мырзалық» деп түсіндірген.  Қазақтар сыйлы қонаққа қой басын тартады. Қадірлі адамға  сойылған қойдың басын маңдайынан төрт құбыламыз тең болсын деп тіліп, жол ашу ырымын жасайды. Сонымен қатар, оң жақ құлағын кесіп алып, үй иелерінің кішісіне береді, қонаққа құлақсыз тартады. Бұл ырым ырысым, несібем өз үйімде, өз босағамда қалсын деген ниеттен туындаған.

Зерттеуші К.Скалон жерлеу орындарынан табылған керамикалар ғұрыптық рәсімге пайдаланғандығын негізге алып, қошқар бейнесіндегі мүсіндерді қандай да бір магиялық күші бар деген тұжырымға келген. Дешті Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қалашығы  алдағы уақытта да өзінің сырын ішіне бүккен жәдігерлерімен бізге талай ой саларына күмәніміз жоқ.

Гүлжанар ОРАЗАЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<