Репрессия жылдарындағы Сыр бойы

1406

0

Қазақ елі көгін тәуелсіздік таңы арайландырғанына да отыз жылға жуықтады. Бұған дейін ел басынан небір оқиғалар өтпеді десеңші, қазақты тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман қалды деп айтуға толық негіз бар екені белгілі. Соған қарамастан, қаншама қиын тұстарды басынан өткерген халық қай кезеңде болмасын елдік, ерлік дґстүрінен тайған емес, ұлттық рухын, намысын биік ұстады.

«Қой үстіне бозторғай жұ­мырт­қа­латамын» деген ке­шегі Кеңес өкіметі қазақ еліне көптеген нәубет әкелгені белгілі болғанмен еліміз өз алдына дербес мемлекет ретінде даму жолына түскенше мұны айта алмағанымыз да, айтқызбағаны да шындық. Қазір құжаттарды салыстыра қарасақ, қазақ елі 1950 жылдардың екінші жартысына дейін дүрбелең жылдарды, аштық пен қуғын-сүргін, соғыс қиындығын көрген екен. 1941-1945 жылдардағы соғысқа дейін қазақ елі  1916 жылдан 1933 жылға дейін созылған аштықты, 1917-1918 жылдардың от-жалынды күндерін, 1918-1921 жылдар аралы­ғындағы Азамат соғысын, 1925 жылдан 1939 жылға дейін созылған «Қызыл қудалау» мен 1927-1928 жылдардағы кәмпеске сұмдығын, 1928-1931 жылдар аралығындағы шаруалар көтерілісін, кеңес өкіметінің сорақы саясатына, қорлығы мен зомбылығына төзбеген елдің жаппай шет елдерге қоныс аударуы қасіреті мен 1936-1938 жылдар ара­лығындағы «Қызыл террор» зұлматын бастан өткеріпті. Мұның себептерін іздесек, барлық сүрлеу ұлтшылдыққа, қазақ елін отар ретінде қараған жымысқы саясатқа келіп тірелері анық. Сондықтан біз 1928-1931 жылдардағы шаруа­лар көтерілісінің себептеріне қазіргі Қызылорда облысы территориясына қатысты талдау жасағанды жөн санадық.

Көптеген еңбектерде Кеңес өкіме­тінің алғашқы жылдары туралы атүсті баян етіледі, оның себептерінің бірі – сол тұста қазақ елі, қазақ ұлты көрген азап пен мехнатты ашық көрсетпеу, жасыру ғой деп ойлаймыз. Осыдан келіп, 1917-1919 жылдарға қатысты коммунистер рөлі, большевиктер партиясының әділдігі туралы жалған ақпарат пайда болады. Сондықтан біз бұл туралы жайттарды анық, ашық баян етуді мақсат тұттық. Мәселен, сол тұста Перовск совдепі қазақ кедейлерінің жағдайын ойлады, қамқоры болды деген әңгіме жалған екені анық. Бұлай деп айтуымызға деректер жеткілікті. Дәйектерге жүгінсек, большевиктердің өзі орыс ұлтшылдығының туын биік ұста­ғанын байқаймыз. Ақмешіт совдепі билігін қолында ұстаушылардың бірі большевик В.Е.Агапов туралы да бірге болғандар мен көзкөргендердің, қару­лас­тарының өздері де түрліше баға береді. Сол жылдарда «жлобиндіктер» деп аталатын Перовскіде орналасқан, тек қана Гержодқа бағынатын арнайы полктің солдаттары жергі­лікті халыққа білгенін істеп көп зор­лық жасаған. Солдаттардың басы­натындығы соншалық, олар қала­лық милиционерлердің өзін адам санатына алмаған. Перовск совдепіне 1918 жылы 20 қарашада қалалық милиция комиссары Эрфурттың жолдаған хатында Жлобин  полкі қызыл әскерлерінің бір взвод болып қаланың әр жерінде тонаушылықпен айналысқаны, мал базарында 8 қазақ пен 1 милиционерге шабуыл жасағаны, олардың қазақтардан 3900 сом тонап алғаны, бір жлобиндіктің қауын сатып тұрған қазақты наганмен атқаны және т.с.с деректер бар. Түркістан өлке­сіндегі саясат туралы: «Қыр­ғыздарды тонау «кеңес» фир­масының атымен жүрді, осындай жағдайда түркіс­тандық кеңес үкіметі мұсылман жарлы-жақыбайларына қар­сы күрес жүргізді, оларды өз­де­ріне жат және жау санайды, осы күресте европалық ұлт өкілдерін өздеріне одақтас етіп алып отыр. Сонымен бір­ге, орыс кулактарын, патша шенеуніктерін, тіпті бас­бұзар поптарды қосып ал­ған…» деп көрсетеді. Мұны Қазан төң­керісіне қатысқан боль­ше­виктердің бірі, оқиғалардың куәгері Георгий Сафаровтың өзі осылай жазып отыр. Демек ел орыс ұлтшылдығының ­зардабын тартқан деп қорытынды жаса­уымызға болады.

Жазықсыз қамау, кінәсіз атуда шек болмаған. 1918-1920 жылдары Перовск абақтысына қамалғандар саны туралы бір деректерде 266 адам делінсе, бірінде басқаша көрсетіледі. Ал С.Жүсіп болса 339 адам деп көрсетеді. Біз де соңғы пікір дұрыс деген ойдамыз. Қамалғандар тізімін қарасақ, олардың басым көпшілігі қазақтар не мұсылмандар еке­нін көреміз. Сейдалы Лапин мен Әлиасқар Лапинге «Кеңес үкіметіне қарсы зиянды үгіт-насихат жүргізді» деген айып тағылса (С.Лапин, Ә.Лапин және 9 адам кейін жазықсыз атылып кетеді), «ұрылар шайқасы» («Воровская шайка») деген желеумен қамалған Зарқұм Қуанышбаев, Қойшыбай Маркеев, Жартыбай Қожақұлов, Сейдахмет Зарқұмов, Қырықбай Биімбаев, Тобырбай Досанов, Бижүсіп Силдаев, Үмбет Түкішбаев, Жүсіпахмет Зарқұмов жаламен тұтқындалып, кейін атылып кетеді.  Бұл – Сыр бойындағы сол дүрбелең жылдардың шын­дығы болатын.  

Қазан төңкерісіне дейін де, одан кейін де ел ішіндегі алауыздық шарықтады, мұны орыс билігі әдейі ушықтырып отырды. Көптеген тарихи зерттеулерде айтылмайтын жайт – 1916 жылы да елде аштық болды. Перовск уезінде жазықсыз мыңдаған адам жапа шегіп, әулет болып оққа ұшты. Аштыққа ұрынған елдің бір-екі жылда көтеріліп кете қоюы да сирек кездеседі. Олай болса біз әңгіме етіп отырған кезеңде Перовск уезі халқы да, Сыр бойындағы ел де аш-жалаңаш болды деп қорытынды жасауымыз керек. Оның үстіне кеңестік азық-түлік дайындау отрядтары елдің соңғы талшығына дейін қалдырмай тартып алып отырған. Пікірімізді нақты деректермен дәйектей оты­ралық. Б.Өсербаев, М.Когут, Т.Пан­кова құрастырған «Совет үкіметі үшін күрес» атты кітапшада «…Орынборда Дутовтың үстемдік етіп тұруына байланысты Түркістан өл­кесіне азық-түлік жеткізу тоқтап қалды. Перовскіде аштық басталды… Сонымен бірге екі мың түйеден кер­уен ұйымдастырылып, астық алып келу үшін Атбасарға жөнелтілді…» деген мәліметті И.А.Усовтың естелігінен кез­дестіреміз. Ал осы тұста өткен кеңестердің ІV съезінде аштыққа ұшыраған мұсылман жұрты туралы бір ауыз да сөз айтылмаған. Деректерге жүгінсек, аштық сол кездегі Түркістан республикасының барлық аймағын, Перовск мен Арал, Ақтөбе аралығын шарпыған тәрізді. Түркістан республикасы әскери-ре­волю­циялық кеңесінің төрағасы Казаковтың барлық облыс, уезд, болыс, қала совдептеріне аштыққа қарсы шұғыл шара көру туралы телеграмма беруінен де көп жайтты байқаймыз. Елден астық тартып алынды. Ал орыс ұлты өкілдеріне келсек Н.Сафаров орыс переселендерінің Ақпан төңкерісінен бастап қыс­тақ­тарға, ауылдарға қожа­лық ете бастағанын, қазақтардың дүниесін өз қалтасына қол салғандай тартып ала беретінін, олардан бәрін күшпен тартып алуға болады деген пікір саналарына сіңіп кеткенін де ашық жазады. Сол кезеңде Перовск, Қазалы уездерінде де, жалпы Қазақ елі бойынша есептегенде қазақтар 95 процентті, ал европалықтар 5 процентті құрайтын. Сонымен қатар, европалықтар (орыстар) көбіне әскери, пошта, темір жол, телеграф және т.с.с мекемелерде қызмет етті. Тәртіп бойынша оларға азық-түлік беріліп отыратын. Бұл да тауқыметті тек қазақтар ғана көргенін дәйектей түседі.

Шалқар, Арал теңізі маңы мен Жаңақорған төңірегіне дейінгі аралықта еркін ғұмыр кешкен қалың елдің 1918-1920 жылдары үдере көшіп, бірі Өзбекстан мен Ауғанстанға, кейбірі Ресей мен Орталық Қазақстанға, енді бірі құс ұшпас жапан дала, қалың құмға қашуы сол кезеңнің картинасы екені ақиқат. Мыңдаған қазақ жол азабын көтере алмай өлсе, көбісі шекарашылар оғына ұшты. Сонымен қатар, ел жұқпалы індетке тап болады. 1918 жылдың мамырынан басталған холера мен сүзек індеті уезд халқын ойсыратып өтті. Мәселен, Шухард деген уездік комиссардың Перовск совдепіне 1918 жылы 15 маусымда жазған хатында Тартоғайда індеттен қырылғандар жайлы хабарды тексергендігі, мүрделердің екі сағаттан ұзатылмай терең қазылған орларға көміліп жатқандығы, бір рет қана алты күн бойы көмілмей қалған мүрде анықталып, кінәлілер жазаланғаны туралы баян етілген. Облыстық мұрағат қорындағы  1918 жылдың 27 наурызында жасалған N11 тізімге назар аударар болсақ, Кеңтүп болысының бай деген адамдарының тізімі жасалып, оларға салық мөлшері белгіленгенін, бұл тізімде де тек қазақтар аты-жөнін ғана көреміз. 1919 жылы болыстық кеңестердің сайлауын өткізу кезінде елге шыққан сайлау өткізушілер орыс ұлтынан болғанын, олардың кейбірінің қасына қазақтар қосылғанын құжаттар көрсетуде. Бұл – сол кездегі орысшыл биліктің қазаққа сенбегенін көрсетеді. Сонымен қатар осы уәкілдер қазақ ауылдарында адам қал­мағанының да куәсі болған. Мәселен, Перовскіден шыққан Макар Зимин (қасында Мұса Тәжбенов бар) уаткомға ­баянхат жолдап, Қостам болысында әр ауыл­да 3-4 адам ғана қалғанын, сайлау өткізудің мүмкін еместігін жеткізеді. Бұл да біздің жоғарыдағы пікі­рімізді тиянақтап, кеңес өкіметін арқа тұтқан орыс ұлт­шылдығының өсуін, жер­гілікті халыққа зәбір көр­сетуін, елдің олармен кү­ресін көрсетеді. 

1919 жылы 4-5 үйден құрылған майда жер өңдеу серіктестіктері (ТОЗ) 1927-1928 жылдары артельдерге біріге бас­тады. 1920-1925 жылдар бүкіл ел сияқты Сыр бойы аймағын мекен етушілер үшін де оңайға соққан жоқ. Ресейдегі аштық, соғыс зардаптары Сыр еліне де өз зардаптарын тигізді. 1920 жылдан бастап Қазақстанда жаппай жүргізілген астыққа мемлекеттік монополия мен салғырт салу ісінен біз әңгімелеп отырған аудан да тыс қалған жоқ. Осы жылдың басында енгізілген салғырт (ет салымы) әдісі мал шаруашылығына да бү­йідей тиді. Егін өсіретін шаруашылықтардан астық тү­гелге жуық тәркіленіп алынды. Астық комитеттеріне бұған қатысты жасырын нұсқау түсіп, ел соңғы дәніне дейін мемлекетке өткізуге мәжбүр болды. Ел арасында қылмыс көбейді. Бір ғана Қараөзек болысына қатысты 1926 жылғы құжаттарда «…Болыстық ат­қару комитетінің тергеу бө­ліміне өткен жылдан осы уақытқа дейін 275 қылмыстық іс және басқалары келіп түсті, оның 10-ы халық сотына, 8-і халық тергеушісіне, 11-і уездік қалалық милицияға жіберілді. Болыстық милициядағы 246 істің 6-ы қалыңмал, 14-і тө­белес жөнінде, қалған ­226-ы қылмыстық істер…» деп көрсетеді. Деректерден сол кездегі қылмыстық істердің басым көпшілігі ұрлық, мал ұрлығы болғанын көреміз. 

1920 жылдардың соңы да елге оңай соқпады, 1927 жылдан бастап қазақ ауылы баяғы 1922 жылдардың кебін қайта киді. Астық жинаушы өкілдер елге ойран салды, ойына келгенін істеді. Астық дайындау науқанының асқынғаны сондай, тіпті ақылға сыймайтын жайттарға да жол берілді. Тіпті егін екпейтін, тек таза малмен күн көріп отырғандарға да салынды. Мәліметтерге жүгінсек, ұжымдастырудың бас кезінде қулыққа барған кеңес өкіметінің 1929 жылдан кейін ұжымдастыруды күштеп жүргізе бастағанын да байқаймыз.

Ел басындағы ауыртпалық, аштық азаматтарды ашындырмай қойған жоқ. Бірақ, олар әлі де «адамзат баласын тең етемін, рахат өмірге жеткіземін» деген Кеңес өкіметінен үмітті болатын. Бұл кезеңнің айтулы оқиғаларының бірі – байларды  тәркілеу (кәмпескелеу) бол­ды десек, бұл қазақ халқы үшін өлшеусіз қасірет әкелді. Мәскеудің нұсқауына сай бай-шонжарларды тап ретінде жою мақсатында бай шаруашылықтарын тәркілеу декретін жүзеге асыру үшін БК(б)П Қызылорда округтік комитетінің 1928 жылғы 19 тамыздағы шешімімен құрамында 24 адамы бар округтік комиссия құрылды. Жергілікті жерлерге өкілеттік беріл­ген адамдардың келуімен барлық аудандарда аудандық комиссиялар құрылып, үгіт науқанын жүргізуге 100-ден астам өкіл қатыстырылды.

Қазақстан үкіметі мү­йізді ірі қараға (сиырға) ай­нал­дырғанда 400 бас малы бар қазақ байлары тәркілеуге жатады деп белгілегенмен, Қызылорда округі бойынша анықталған 56 байдың 12-нің малы 400-ден аз болып шықты. Тәркілеу барысында 34 байдың малының саны үкімет белгілеген мөлшерден төмен болды. Бұл тәркіленген шаруашылықтардың 60 проценттен астамы орта шаруалар болғанын көрсетеді. Тәркі­ленген малды бөлу со­рақы­лықпен жүргізіліп жатты. Алдымен малды жинау пунк­тіне айдап әкеліп, жемсіз, сусыз қамап қойды. Малды артельдерге бөліп, оларды межелі жеріне  жеткізем дегенше көпшілігі жол бойында қырылды. Округ бойынша 10632 бас мал кедейлер мен батырақтарға бөлінсе, олардың 101-і БКП(б), 55-і БЛКЖО, 847-і Қосшы одағының мүшелері еді. Ал 116-ы жұмысшы, 770-і ұйымдаспаған халық тобы өкілдері болатын. Байлардың малына иелік жасағандардың қатарында жайылымдық жері мен жем-шөбі жоқ, малды асырап-бағуға жағдайы жоқ тақыр кедейлер де көп болды. Бұл өлкедегі мал санының кемуіне, елдің күйзелуіне әкеп соқтырды. Тәркіленген бай мүліктері арасынан киіз үйлер мәдени-ағарту меке­ме­леріне, кілемдер мен киіз­дері қызыл ­отаулар мен шай­ханаларға, үйлері мектептер мен медпункт­терге, ауыл­шаруашылық құрал-жаб­дық­тары Қосшылар одағына, жем-шөп пен қыстаулары батырақтарға, артельдер мен ұжымшарларға бе­рілді. Қа­зақстанда деревнялар мен ауылдарға ауыл шаруашылығы өнім­дерін дайындау жөнінде барынша қатаң нұсқау алып, өздеріне ерекше құқықтар берілген 812 уәкіл аттанды. 1929 жылы олар 15 мың адамды, ал 1930 жылы 16,3 мың адамды қамауға алды. 

Мұндай жаппай жазалау шаралары жергілікті жерлерде жағдайды шиеленістіре түсті. Қазақ ауылы өзінше қарсыласып жатты. Мал мен мүліктерін сату, қалалар мен құрылыс алаңдарына, басқа аудандар мен округтерге, тіпті, шетелдерге қоныс аудару етек алды. Өз мүлкі мен отбасын қорғау мақсатында өкімет органдарына қарсылық білдіру, шаруалар көтерілістері бой көрсете бастады. Ел күшпен ұжымдасты, тәркіленген мал­дың көбі қырылып қалды. Алайда, жоғарыда атап өтке­ні­­міздей, өкімет тарапынан болған қысым, тәркілеу кезіндегі сорақалық, астық жинауға қатысты жөнсіздік пен зорлық елдің жаппай көтеріліске шығуына әкеп соқтырды. Мәселен, ауыл еңбек­шілерінің ал­ғашқы ұйым­­дасқан көтерілістері Қазақстанда 1929 жылы бас­талды.  Осы жылдың кү­зінде Сырдария округі Бос­тандық ауданының Ұзын, Піскем, Жаңақырғыз қыс­тақ­­тарында бас көтеріп, Қазақстан құрамындағы Қа­ра­­қал­пақстанның ­Тақ­та­кө­пір, Қоңырат аудандарында да толқулар болды. Мұндай жайт Ақтөбе округінің Табын, Ойыл аудандарында, Гурьев (қазіргі Атырау) облысының бірқатар аудандарында да болып, 1929 жылғы қараша айында Қостанай округі Батпаққара ауданының бірқатар ауылдары көтеріліске шықты. Батпақ­қарадағы көтеріліс дүмпуі Нау­рызым, Жетіқара, Торғай және т.б. аудандарға жетеді. Жер-жерде көтерілістер шыға бастайды. Оны басуға Кеңес өкіметі Қостанайдан, Ақтө­беден, Торғайдан, Троиц­кіден, Ақмоладан мұздай қару­ланған әскер шығарады да, адамдарды аяусыз қырып, көтерілісті басады. Бұл партиялық-чекистік сараптауда «ұлтшыл эле­менттердің жауыздық әре­кеттері» деп бағаланады. Батпаққара ісі бойынша 530 адам қылмыстық жауапқа тартылып, оның 115-і ОГПУ «үштігінің» шешімімен атылады. 1930 жылдың қысы мен көктемінде кез келген толқу мен бас көтерулер аяусыз басып тасталып отырды. Соған қарамастан наразылық күшейе түсті де, бүкіл елдік бүліншілікке айналып кету қаупі туды. БКП (б) Қазөлком Бюросының 1930 жылғы 2 қаңтардағы қаулысына сәйкес Қарақалпақ, Бостандық, Бат­паққара аудандарындағы шар­уалар көтерілісі «бандиттік, басмашылық көрініс» деп бағаланды.

Енді кеңес өкіметінің әлгіндей сая­сатынан кейін көтеріліске дінбасылары, ишан, ахун, имамдар да араласа  ­бас­­тады. Бас көтерулер бүкіл қазақ даласын, көршілес қыр­ғыз, қарақалпақ елін де қам­тыды. Оны басуға Қызыл армия бө­лімдері жіберілді, соғысқа айналып кету қаупі туды. Біздің өңірде Арал, Қазалы, Қар­мақшы, Тереңөзек аудандарында да болды. Қазақстан тарихының 4-томында былай делінеді: «1930 жылдың ақпан-наурыз айларында кө­теріліс Сырдария округінің Созақ, Сарысу, Шаян аудандарында, Ақтөбе округінің Ырғыз, Шалқар аудандарында, Қостанай округінің Наурызым, Торғай аудандарында, Алматы округінің Бүйен-Ақсу, Бөрібаев, Лепсі (сәуірде Балқаш, Шоқпар) аудандарында, Қызылорда округінің Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Арал аудандарында, Семей округінің Көкпекті, Зайсан аудандарында, Өскемен округінің Шеменойха, Бұқтырма, Қа­тонқарағай аудандарында халық наразылығын білдірді. Көтеріліс басқа аудандарды да қамтыды. Шын мәнінде республиканың бүкіл аумағы Азамат соғысы қарсаңында тұрды. 

Көтерілістерді басу ке­зін­­де Қызыл әскерлерден де шығын аз болған жоқ, бірақ масқара фак­тілерде кездесті. Негі­зінен Ақтөбе, Қызылорда өңіріне Ор қаласынан арнайы жіберілген 8-атты әскер дивизиясы мен ОГПУ әскер­лері жұмылдырылды. Құлқа­мыстағы со­ғыста 36 көтерілісші өлтірілді. Олар­дың бір бөлігі тұтқынға алынып, қалғандары Қа­рақұмға қашты. 8-атты әскер дивизиясы бөлімшелері Сидельников пен ОГПУ уәкілі Рязанцев қолбасшылық еткен отряд Садыртам алқабында наразы топты оқпен кө­міп, нәтижесінде 200 адам өлді. Қазақстанның басқа өңір­лерінде де ашынған халық жан аяған жоқ. Бірақ, Қызыл әскер мен ОГПУ отрядтары оларды аяусыз басып, қырып жіберді. 1930 жылдың ақпан-наурыз айларында жағдай Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Аламесек аудандарында шиеленісті, ол жерлерде халықтың жаппай Қарақұмға көшуі тіркелді. Қарақұм көтерілісі де қызыл әскер күшімен басылды, ол туралы 8-атты әскер дивизиясы ерекше бөлімінің бастығы А.Бармас: «Қырып тастадық, мәйітті санап болмайды» деп жазды. 

Сыр бойында да көтері­лістің күш ала түсуіне Кеңес өкіметінің дінге қатысты саясаты да біршама әсер етті. Мәселен, Қалжан ахун мешітінің және т.б. көптеген мешіт-медреселердің мал қо­раға айналуы, ел Тапал ахун атандырған – Нұрмұхаммед Қадырұлы және т.б. көптеген діни оқымыстылардың, мол­далардың ұсталып, қамалуы, қуғындалуы, атылуы елдің ашу-ызасын туғызғаны анық. Бұл көтерілістердің бар­лығы әскер күшімен басылды. Жоғарыда біз көрсетіп отырған деректер 1929-1931 жылдарда Сыр бойында болған толқу, көтерілістердің бір күнде өмірге келмегенін, жылдар бойы жинақтала келіп, осы жылдары бұрқ еткенін көрсетеді. Жақында Сыр бойында Асандар көтерілісінің 80 жылдығы атап өтілді. Бұл шарада кезінде  Қазалы, Арал, Қармақшы аудандарын қамтыған шаруалар көтерілісінің елдің кеңес өкіметі саясатына қарсы жылдар бойы жинақталған қарсылығының шыңы ретінде аталды.

Ойымызды қорыта тү­йіндей айтар болсақ, Сыр бо­йындағы 1925-1931 жылдар аралығындағы толқулар, бас көтерулер, жекелеген қарсылықтар, көтерілістердің барлығы кеңестік саясатқа ел қарсылығының көрінісі екені анық. Бұлардың себебі ретінде: Орысшыл биліктің қазаққа жасаған ұлтшылдық қысымы, елдің бір емес, бірнеше рет аштыққа ұшырауын айтамыз.

Кеңес үкіметінің шаруалар ас­тығын, малын тартып алуы, күш­пен, зорлықпен ұжымдастыру, қазақ елін­дегі кәмпеске жағдайды ушық­тыра түсті. 

Жазықсыз қудалау, қамау, ату, дінге, діни адамдарға қарсы жасалған зорлықшыл саясат, қазақ азаматының құ­қықтары қорғалмауы, ел ішіндегі ауру мен індет те қарсылыққа себеп болды.

Жоғарыда баян етілген жайттардан көріп отырға­ны­мыздай, 1916 жылдан 1936 жылға дейін қазақтың көрмегені жоқ. Ал одан кейінгі 1937-1940 жылдардағы қызыл репрессия, 1941-1945 жылғы соғыс, 1946-1956 жылдар аралығындағы қуғын, әйтеуір барлық зұлматты бастан ке­шіре отырып, кейінгі ұрпақ үшін ғұмыр кешкен ата-баба әрекетіне риза боласың, ерлі­гіне, елдігіне тағзым етесің.

Алдажар ӘБІЛОВ, 

филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<