Ржев майданының жауынгері

1432

0

Мен Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында жеңілістің дәмін татпаған, неміс фашизмінің сол заманының озық қару-жарақтарымен қаруланған, сан және сапа жағынан басым жаудың «Орталық» тобының Мәскеуге тікелей, өткен ғасырда Наполеон бастаған Стратегиялық маңызы бар Ржев- Сычев бағытында шабуыл жасап, келе жатқан жойқын күшіне қарсы тұрған қазақтың 100-ші және 101-ші ұлттық дербес атқыштар бригадасының құрылу тарихы, жорық жолдары, жауынгерлердің соғыстағы ерліктері жайлы зерттеп, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының қолдауымен «Ржев қазанында қайнағандар» атты кітабымды жазған болатынмын.

Бұл Ұлттық 100-ші, 101-ші қазақтың дербес атқыштар бригадасы, жау Мәскеуге жақындағанда КСРО мемлекеттік қорғаныс комитетінің Бас ставкасының директивасымен құрылған болатын. Жоғарғы командование, қазақ халқының олардың ата-бабаларының Евразия құрлығында ұшан-ғайыр жерді сыртқы жаудан қорғап, бүгінгі ұрпағына мұра етіп қалдырғаны және жауынгер досына адал, дұшпанына қатал болған халық екендігі пәрмен берген.


Соғыстың алғашқы жылдарында мұндай ұлттық құрамалар одақтас республикаларда құрылып жатты. Бірақ майдандағы соғыс қимылдары мен жан алып-жан беріскен шайқастарда олардың көбісі өз міндеттерін ақтай алмауына байланысты майдандағы түрлі әскери құрамаларға таратылып кеткен.

Ал республикамыздың солтүстік шығыс, оңтүстік облыстарынан жасақталған 100-ші, батыс өңірлерінен құрылған 101-ші қазақтың ұлттық дербес атқыштар бригадасы үш жарым жыл Қазақстан Республикасының ту астында алдарына қойған жауынгерлік стратегиялық міндеттерін Отан-Анаға берген анттарына адал болып, ата-бабаларының рухына сеніп, ерлікпенен шайқасты. Кеңес жері жаудан тазартылғаннан кейін 1944 жылдың тамыз айында бригадалар таратылып, негізін қалаған 47-ші Невель және 90- атқыштар дивизиясының құрамына берілген еді.

Тарихи естелік кітабыма енген жерлес жауынгерлер «Ржев өлі аймағынан» жарым жан болып оралған жауынгер ағаларымыздың көзін көрдім. Тұздас-дәмдес болып силасып, олардың майдан жолдарынан хабардар болдым. Көзі тірілерімен әлі де хабарласып тұрамын. Солардың бірі, 101-ші бригаданың соңғы жауынгері, Аралдық 18.01.1923 жылы туған Бәйішев Ырзағұл ақсақал қазір Нұрсұлтан қаласында тұрады. Жақында арнайы барып, хал-жағдайын біліп қайттым. «Ржев қазанында қайнағандар» кітабының материалдары тікелей РФ.ҚМ.ОМ алынған «Особый опись» №1, дело №29 құжаттары негізінде жазылған. Осындай қол жетпейтін «Аса құпия» құжаттар мен деректерді біздерге жеткізген Ржев қаласы мен Оленино ауданының «із кесушілер» тобының жетекшісі отставкадағы полковник марқұм Жук Дмитрий Ивановичқа ризашылығым шексіз.


Ржев өлі аймағының қазанында қайнағандардың бірі – жан беріп, жан алысқан шайқастарда ауыр жараланып, ұзақ емделіп, майдан жолын, екінші дүниежүзілік соғыстың жалыны шарпылған Отан Анаға берген антына адал болып, жауынгерлік міндетін ерлікпен абыроймен атқарып, 1946 жылы елге оралып, бейбіт еңбекке арласқан, өңіріміздің белгілі еңбек соғыс ардагері Бөрібай Құлманов . Ол 6 маусым 1920 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Амангелді ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 12 жасында жетім қалып, Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген.

Өмір тауқыметі оны ерте есейткен. Қызылорда ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсіп, агроном мамандығын алған. Мәскеудегі РСФСР Жоғарғы Кеңесі атындағы жаяу әскерлерінің кіші командирлерін даярлайтын училищесіне оқуға түседі. Соғыс басталған кезде училище курсанттары мен Мәскеудің қорғаныс шептерін нығайтуға қатысады. 1941 жылдың күзінде Калинин майданының құрамындағы 39-шы армияның сабында минометшілер ротасының командирі болып, «Ржев өлі аймағындағы» қанды шайқастарға қатысып, ерлікпен шайқасқан. Немістер Мәскеуге қарсы екінші рет шабуылға дайындалды. Осы бағытта жау 1941-1942 жылдың қысында «Орталық» топтың 2/3 бөлігін шоғырландырды. Бұл ҰОС-да Ржев-Сычев плацдармы деп аталды. Жауға қарсы («1941-1945жж. Ұлы Отан Соғысы» энциклопедиясында 1985ж. 125 бетінде) 1942 жылдың 25 қарашасында Г.Жуковтың сценариімен жасалынған «Марс» операциясы басталды.

Америкалық тарихшы Дэвид М. Глантцтың естелігінде бұл операцияның мақсаты Гитлердің «Орталық» армиясын Ржев-Вяземск шебінен қуып шығу болғанымен-де, оның сәтсіздікке ұшырағанын жазған. Калинин және Батыс майданының әскерлерінің алдында 1943 жылдың қаңтарына дейін Ржев, Сычевка, Оленина, Белый аудандарынан Гитлер армиясынан тазарту міндеті қойылған. Гитлер қаңтардан бастап батыс европадан 12 дивизиямен 2 бригаданы Ржевке әкелген. Өкінішке орай осы аймақ тек 1943 жылдың 4 наурызында ғана жаудан босатылды. Кеңес жауынгерлеріне бір жыл бойы қан кешуге тура келді.

«Правда» газетінің тілшісі Илья Эренбургтен «Төрт жыл соғыстың қай майданы есіңізде қалды?» дегенде ол «Ржев» деп жауап берген. Бұл анық ақиқат еді. Өйткені «Ржев түбіндегі «Марс» деген кодтың атауы бар әскери шайқастар туралы мәліметтер ұзақ уақыт құпия сақталды. Тарихшылардың пікірінше соғысушы жақтардан Ржев-Вязма шайқасының Марс операциясы барысында шығын 1 млн 350 мың адамға жеткен. Кеңестер жағынан 855 мың адам опат болған, хабарсыз кеткен, тұтқындалған (Военно исторический журнал 1995г. №5 стр142.). Константин Симонов бұл өңірді «Өлім аңғары» деп атағаны тегін емес. Осы қанды қасаптың күәгері болған майдан газетінің тілшісі, ақын Александр Твордовский «Я убит под Ржевом» деген өлеңін жазған. Оның «Фронт горел как на теле рубец. Я убит и незнаю, нашли Ржев наконец?» деген өзекті өртейтін жолдары сол кездің ащы шындығы болатын.


Кеңестер Одағының маршалы Г.Куликов Ржев-Вязьма Сычев бағытындағы шайқастар мен «Марс» операциясының шығыны 2 млн адамға жетті. Бұл Сталинград шайқасында опат болғандардан екі есе артық болды деп жазған. Осы Шайқастарда 39-шы армия өзінің минимум тапсырмасын орындаса, 22 армия 3 мех корпустың қимылдары сәтсіз аяқталып, қоршауда қалып жойылған (ЦАМО РФ опись №1 дело № 29). Ржев алқабының қанды қырғынында ерлікпен шайқасқан жерлесіміз Бөрібай Құлманов 1942 жылдың қаңтар айында Ржев қаласының Петровка елді мекенін жаудан тазартудағы ұрыста ауыр жараланады. Госпительда ұзақ емделіп шыққаннан кейін, өзінің жауынгерлік тәжірибесін жас жауынгерлерге үйретуге жұмсайды. Осы мақсатта Орта Азия әскери округіне қарасты №29 полкте взвод командирі болып қызмет атқарған.

Кейін үкімет тапсырмасымен Қытайда қызметте болған. Елге оралғаннан кейін халық шарауашылығын қалпына келтіруде шаруашылық партия жұмыстарында басшы қызметтер атқарып, абыроймен бедел биігінен көріне білген. Майдандағы ерліктері мен бейбіт замандағы еңбектері ескеріліп, жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», ҰОС ордендері және бірнеше жауынгерлік медальдарымен «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Бұл күндері жүз жасқа толып отырған соғыс, еңбек ардагері, елінің құрметіне бөленіп, еңбегінің зейнетін көріп, бала-шағасының ортасында, халқының, елінің тілеуқоры болып отырғанына қуанамыз.

Рысбай Кәрімов,


Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,


Жалағаш ауданының құрметті азаматы,


«Ржев қазанында қайнағандар» кітабінің авторы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<