Шығыс жастарының жарық жұлдызы

491

0

Кеңес дәуірінде тәрбиеленген қазақстандық жастар Ғани Мұратбаев есімін жақсы білетін және оны үлгі тұтатын.

…1969 жыл, 29 қазан. Студентпін. Комсомолдың туған күніне байланысты Мәскеудің К.Скрябин атындағы ветеринария медицинасы мен биотехнология академиясының (қазіргі аты) жоғары курс студенттерінің ұйымдастыруымен Краснопресненский ауданындағы Ваганьков қорымында Ғани бейітінің басында митингі болды. Онда сөйлеген аспирант Тілеуберген Сайдулин, студенттер Қуаныш Айтаханов, Құралбек Бөрібеков Мұратбаевтың өмірі, оның Орта Азия комсомолдарын ұйымдастырудағы атқарған жұмыстары туралы айтты. Қабір басына гүл шоқтары қойылды. Бір минуттық үнсіздік жаряланды.

Ғани бейіті қорымның 20-бөлімшесіне орналасқан екен. Айналасын бейіттер қоршаған алақандай жерде, үйілген топыраққа темірқазық қағылып, оған жапсырылған қаңылтырдан төмендегідей жазу оқыдық: «Ғани Мұратбаев.  3-VI-1902 – 15-IV-1925.  КИМ атқару комитетінің мүшесі. РЛКСМ Орталық Комитетінің мүшесі».

Ғани есімін ертеден есте сақтап, оның өмірінен үлгі алып, тәрбиеленген бізге қабірдің бұл жағдайы қатты әсер етті. Мен Мәскеуде оқитын қазақ жастарынан құралған «Арман» атты жерлестер қоғамының жетекшісі едім. Уақыт создырмай Қазалы ауданының комсомол комитетіне, Ғ.Мұратбаев атындағы совхоз басшыларына, «Лениншіл жас» газетіне хат жазып, Ғани қабірінің жайы, жасап жатқан қамқорлығымыз туралы хабарладық. Бейіт басына ескерткіш тұрғызуға көмек сұрадық. Бір жыл өткеннен кейін Қызылорда облыстық комсомол комитетінің секретары Жәлел Бәкіровтен хат алдық. Ол Абылай Айдосовтың Мәскеудің Краснопресненский аудандық комсомол комитетіне жолдаған хатын қоса жіберген екен. Онда Мұратбаевтың есімімен бүкіл Қазақстан жастарын, оның ішінде облыс комсомолдарын тәрбиелеп отырғанын және көптеген жерде ескерткіш орнатылып, мектептер мен көшелер, совхоздар мен колхоздар, стадиондар Ғани есімімен аталатынын айта келіп, аудан комсомолдарынан Ғани қабіріне қамқорлық жасауын сұраған екен.

«Арман» ұйымы мен оқуға түскеннен бірер жыл бұрын құрылған екен. Оның жұмысын жалғастырушы болдым, негізінен мәдени-әлеуметтік мәселелермен айналыстық.

Жалпы Мәскеуге «Қазақстан күні» немесе басқа да шараларға республикадан артистер, ақын-жазушылар келіп тұратын. Кездесулер өткізіп, бір жағынан көрермен санын көбейтіп, залды толтыратынбыз. Сол кезде Халық артистері Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова және  Сара Тыныштығұлова, апалы-сіңлілі Нақыпбековалардың концерттеріне жиі баратынбыз. Сонымен қатар М.Горкий атындағы әдебиет институтында талантты жастар оқыды. Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов келгенде поэзия кештері өтетін.

Мәскеуде көп жастар білім алды. Сол кездері МГУ сияқты іргелі оқу орындарына квота бөліп, республикалардан ұлттық кадрлар дайындайтын, соның есебінен бірталай адам оқыды. Әрине, оған қарапайым адамдардың қолы жете бермейтін.

Көбі өз білімімен түсетін. Солардың бірі мен болдым. Техникумды қызыл дипломмен бітіргеннен кейін, бір пәннен емтихан тапсырып академияға түстім. Ол кезде елдегі ер балалар ауыл шаруашылығы мамандығына, қыздар педагогикалық оқуға баратын еді. Мәскеуде оқу үлкен дәреже болатын. Мысалы, мен Жалағаш ауданында тұрған кезімде оқуға түстім. Сонда бүкіл ауданнан менен басқа Мәскеуде ешкім оқыған жоқ. Кейін 3-4 жылдың төңірегінде  ондаған адам біздің ауданнан студент болды.

Досым Сүлеев, Мейірбек Молдабеков, Тасқын Оқапов бірі аспирант, бірі стажер болып Мәскеуге келе қалды. Біз оларға ақша жинап «Шертер» деген ансамбль құрып, инструменттер алып бергеніміз есімде. Бұл ансамбль 1971 жылы біз өткізген әл Фарабиге арналған іс-шарада концерт қойып берді. МГУ-да Асқар Жұмаділдаев, Энергетика институтуында Зейнулла Инсепов деген жігіттер Лениндік стипендиямен оқыды. Қуаныш Айтаханов, Жадыра Дәрібаева, Бақберген Досманбетов те сонда білім алды.

Студенттерге ақша жетпейтіні белгілі ғой. Жастар сабақтан кейін вагон түсіріп, кешке құрылыста қарауыл болып, тағы басқа жұмыстар істейтін. Тағы бір мүмкіндік, бұл Қазақстанның Мәскеудегі өкілдігінде жылына екі рет тұрмысы нашар деген студенттерге материалдық көмек беріп тұратын. Мұны Д.Қонаевтың қамқорлығы дейтін. Әр адамға 50 рубльден беретін, бұл стипендиядан да көп. Мұны бәрі біле бермейтін, біздің қоғамдық ұйым осы көмекті алуға қолғабыс тигізетін еді. Өкілдік басшысының орынбасары Сәбит Жаданов пен басқа қызметкерлердің есігі студенттерге әрдайым ашық болатын. Қонақүй тапшы, елден келген ағаларды орналастырып, қала қыдыртып және басқа көмек  ұйымдастыратынбыз.

Қызылордадан келген хат бойынша мен Краснопресненский аудандық комсомол комитетінде болып, ондағылармен сұхбаттастым. Ғани бейітіне қамқорлық жасау жөнінде сол қорымға жақын орналасқан «Мосгорспецстрой» мекемесінің жастар жетекшісі Владимир Токарев және басқалармен кездестім. Олар бұл проблеманы шешуге құлшына кірісті. Бірнеше рет кездесіп, Ғани оның жасаған жұмыстары туралы әңгімелеп бердік. Суреттер, кітаптар сыйға тарттық. Ескерткіш тұрғызу үшін бірнеше рет сенбілік, жексенбіліктер ұйымдастырылды. 1967 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігі арқылы ескерткішке тапсырыс берілгенін білдік және сол ескерткіштің таяу уақытта бітетінін естіп, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне, «Лениншіл жас» редакциясына, Ғани Мұратбаевтың жұбайы, Алматыда тұратын Бақытжан Мұратбаеваға хабарладық.

Көп уақыт өтпей-ақ СССР Журналистер одағының лауреаты, белгілі журналист Сейілхан Асқаровтан хат алдық. Ол хатында «Құрметті достар! Сіздердің 11 апрель күні «Лениншіл жас» редакциясына жазған хаттарыңызды кеше маған тапсырған болатын. Сіздердің Ғани ағаның есімін еске сақтау жөнінде жасап жатқан жұмыстарыңыз мені қатты толғандырып, міне  сіздерге жауап жазуға асығудамын.

«Журналист» журналының бірінші санында менің Ғани Мұратбаевтың қазіргі бейітін қалай тапқаным туралы айтылған. Ол бейіт қазір 20-бөлімшеде 1925 жылдары қайтыс болған КИМ активистерінің бірі, қырғызстандық Маралбаевтың обелискісі жанында орналасқан.

Міне, Ғанидың жерленген жерін тапқаннан кейін Қазақстанның тұрақты өкілдігінің қызметкері жолдас Сүлейменовтің қатысуымен Ғанидың бұрынғы 13-бөлімшедегі Арыстанов, Тұрманжанов жолдастардың қате тапқан бейітін жойған болатынбыз. Қалтамдағы соңғы тиынға сатып алған гүл шоқтарын сол қате табылған бейітке қойып жүргенім есімнен кетпейді.

Сіздердің жазып отырған ескерткіштеріңіз маған жақсы белгілі. Оған бүкілодақтық көркем-өндірістік шеберханасында 1967 жылы тапсырыс  берілген болатын. Мен бұл мекеме басшыларымен бірнеше рет кездесіп,  келісе алмаған едім. Соңғы рет 1971 жылы болғанмын. Әрине, ескерткіштің ақыры дайын болғандығына қуаныштымын» деген еді.        

Алпысыншы жылдардың аяғында Ғанидың бейітін қырық жылдан астам уақыттан кейін Мәскеудегі студенттер мен қазақстандық жазушы-ғалымдар Арыстанов, Тұрманжанов бұрынғы 13-бөлімшеден тапқан екен. Бірақ ол бейіт Ғ.Мұратбаевтыкі емес екенін Алматыдан жасақталған арнайы комиссия (журналист Сейілхан Асқаров, Ғанидың інісі Жұмағали Елеусінов, антрополог Ноэль Шаяхметов)  дәлелдеп, басқа жерден тапқан. Өйткені Ғанидың аты жазылған қаңылтыр христиан шіркеуінің көсемдері жатқан жерге қойылыпты, оның мүмкін еместігі айдан анық еді. Қате табылған бейіт туралы мәлімет Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы Қалаубек Тұрсынқұловтың Мәскеу студенттеріне жазған жауап хаты (12.11.1968 ж.) мен «Журналист» журналының 1972 жылғы №1 санында А.Яковенконың «Ночь на Казанском вокзале» мақаласында жазылған.

Жоғарыда сөз болған ескерткіш 1973 жылы шілде айында Ваганьков қорымында салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына ВЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Е.Тяжельников, хатшылары Б.Пастухов, З.Новожилова, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы З.Камалиденов, Қазақ ССР Министрлер Советінің тұрақты өкілі У.Атамбаев, Өзбекстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Э.Ғафуржанов, Ғани ізбасарларының бірі Ж.Арыстанов, жұбайы Б.Мұратбаева студенттер, мәскеуліктер қатысты.

Сұр гранит бетіне Ғанидың бейнесі салынып, оған былай деп жазылған: «Түркістан Жастар Одағы Орталық Комитетінің жауапты ұйымдастырушысы. КИМ атқару комитетінің мүшесі Ғани Мұратбаев 1902-1925. Қазақстанның комсомолдары мен жастар атынан».

Кезінде Ғани Мұратбаевтың 75 жасқа толған күнін атап өтуді ұйымдастырушылардың бірі болдым. Ол кезде Қызылорда облыстық комсомол комитетінінің идеология мәселесі бойынша хатшысы едім. Облыс жастары  осы мерейтойға байланысты бірқатар жұмыстар атқарды. Солардың бірі Ғанидың туған күні оның ескерткіштері мен бюстерінің жанында жастарға билеттер тапсыру, мектептерде бөлмелер мен бұрыштар ұйымдастырып, оған материалдар, кітаптар, фотосуреттер қойылды. Облыс пионер отрядтары және комсомол жастар бригадаларының Ғани Мұратбаев есімін алуы үшін социалистік жарысының қорытындысы шығарылды. Сонымен қатар спорттық ойындар, эстафеталар өткізіліп, комсомол өміріне байланысты кинофильмдер көрсетудің онкүндігі болды. Ленинск қаласынан 30 сәуір күні Ленинск – Орынбор – Ульяновск – Мәскеу – Ленинград-Псков – Калуга – Гагарин – Тула – Ақтөбе – Арал-Ленинск маршруты бойынша жүретін мотоцикл жүргізушілердің жорығы басталды. Олар Ғани ескерткішіне гүл шоғын қойып, оралды.

Ғанидың туған күнінде Қазалы ауданында үлкен мереке өтті. Оған облыстың барлық аудандарынан жастар, мәдениет қызметкерлері шақырылып, ардагерлер қатысты.

Қазір қайраткерді бүкіл еліміз біледі және ардақтайды.  Жастар  жетекшісіне  Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында және Ғанидың туған жері Қазалыда ескерткіштер қойылған. Шаруашылықтар, мектептер мен көшелерге есімі берілген. Қызылорда  қаласындағы үлкен стадион  атымен аталады. «Менің ағам» атты көркем фильм және «Такая короткая жизнь…», «Біздің Ғани» атты құжаттық фильмдер оның мағыналы өміріне арналған.

Қазақстан мен Орта Азия республикалары жастарының жарқын көсемі болған, аққан жұлдыздай аз, бірақ мәнді өмір сүрген Ғани Мұратбаевтың өмірбаяны жастарға үлгі. Өткен ғасырда жастар алдында басқа мақсаттар тұрды, жиырма бірінші ғасырдағы жас толқынның талап пен талғамдары бөлек. Дегенмен, қай уақытта болмасын жастарға арналған мемлекеттік саясат пен оны орындайтын ұйымдар және өз көшбасшылары  болуы шарт. Халықтың арасынан шыққан жастарға жетекшілік ететін, өз ісімен қоғамды тәнті еткен Құрмет сияқты жігіттер бар, бірақ соларды пайдаланатын жастар құрылымы жоқ, сондықтан бұл да ойланатын шаруа. Алда бүкіл республика шеңберінде «Келешек» деген атпен жастар ұйымын барлық партиялардың жанынан құрып, жұмыс жүргізсе дұрыс болар еді.

Атамұрат Шәменов,

мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<