Тәуелсіздік: 2011-2012 жылдар

1075

0

Осыдан он жыл бұрынғы «Сыр бойы» беттерін парақтап отырмыз. Бұл жылдардың Қазақстан экономикасының тұрақталып, өрлеу жолына түскен кезеңі екені бірден-ақ көзге ұрады. «Сыр өңіріндегі өрлеу», «Кәсіпкерлік өрісі кеңейіп келеді», «Арзан өнім тұтынушыларын табады», «Озықтың» озық үлгісі» деген сияқты газеттегі тақырыптар да осыған дәлел.

Жаңа жылдың басты жаңалықтарының бірі VІІ қысқы Азиада ойындарының Сыр еліндегі алау эстафетасы жайындағы мақала да еліміздің өзге мемлекеттер алдындағы абырой айбарын танытқандай.

Газет әртүрлі жанрларға орын берген. Көркем әңгіме де, очерк те, әзіл-сықақ, сын да бар. Соның бірі менің қонақасы жайындағы жазған мақалам екен. Мұнда жайнаған дастарханда қазы-қарта, жеміс-жидек, балық, құс етінің самсап тұрғаны, мұның адам тәбетін оятып, көңіл-күйді көтеріп, қазаға келгеніңді ұмыттыратыны туралы ой қозғалған. Өкінішке қарай, содан бері он жыл өтсе де, дәмге қайысқан қаза дастарханы әлі сол күйінде келе жатыр. Бұл қоғамның барлық саласында, әсіресе ғылым мен технологияда қаншама өзгерістер орын алғанымен, сартап санадағы түсінікке түрен түспегенін көрсетеді. Амал не?..

Мені сол кездегі облыстық тіл басқармасы мен «Сыр бойы» газетінің біріккен рейдтері де ойға қалдырды. Олар қаладағы бірқатар нысандардағы көрнекі ақпараттардың тіл туралы заңнамаларға сәйкес келмейтінін сынап, суреттерімен қоса жариялаған. Бүгінгі күні бұл тұрғыдағы өзгерістер де өз жетістігіне мақтана алмайды.

Осы жылдың қаңтарындағы басты оқиға – Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа арнаған Жолдауы. Жолдауда еліміздің даму тұрғысында атқарылатын алдағы кезеңнің айқын міндеттері көрсетілген.

Бұл жылы еліміздегі құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9 трлн теңгені құрапты. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 6,1 млн шаршы метрге жеткен. Дәл осындай табыстардың тәуелсіздік жылдары тек 2011 жылдың үлесіне тиесілі екенін айтуымыз керек.

Шынында айтылып отырған кезең кез келген саланың нақты табыстарымен таңбаланған. Дарияда су мол, сол кездегі цифрларға қазір қызыға қарайтынымызды жасыра алмаймыз. Міне, қараңызшы: Сырдарияға «Тоқтағұл» су қоймасынан секундына 920 текше метр, «Шардарадан» 650 текше метр су жіберіліп тұрған. Біз гидротехник емеспіз, бірақ бұл көрсеткіш пен бүгінгі өлшем арасы жер мен көктей. Алайда, дария толар, бір жақсылық болар деп топшылаймыз. Ал, бірақ, «бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнекей жағада тұрған» Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің орны енді ешқашан толмайды. Осы жылғы мамыр айында 174 соғыс ардагері бар екен, ал, қазір Жеңіс жауынгерлерін саусақпен санаймыз. Дегенмен, оларға деген құрмет пен сыйдың жыл сайын еселеніп келе жатқаны ғана көңіл тоғайтады.

Жоғарыда газет беттерінен көркем дүние де, очерк те табылады деп едік. Сондай жанрдағы әңгіменің бірі 1989 жылы Норвег теңізінде опат болған «Комсомолец» сүңгуір кемесі, оның 1 рангалы капитаны Талант Бөріқұлақов туралы жазылған. Амантай Шәріптің қаламынан туған очерк жүрек тебірентеді. Мұңайып отырып, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді.

Біз әңгімелеп отырған жылы Қазақстан экономикасының биік белестерге көтерілгенін айтқан едік. Бұл ақиқат Президент Н.Назарбаевтың сөзінен де нақты көрініс табады.

Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының  ІV құрылтайында былай дейді: «1992 жылы тұңғыш құрылтайда «Құрылтайға қатысқан қонақтар Қазақстанның көркейіп-гүлденуіне таяу жылдарда куә болар» деп айтып едім. Сондағы тілегім Жаратқанға жеткендей, айтқаным келіп, Қазақстан аз уақытта әлемге танылған айдынды ел болды…». Сондай-ақ, Президент экономикасы қуатты, саясаты тұрақты еліміздің ядросыз әлем құру бастамасы жер жүзіне ізгілік өнегесін көрсеткенін айтады.

Осындай тарих қатпарына кеткен оқиғалар газет беттерін парақтағанда тіріліп, сап түзеп шығады.

Бұл жылы «KazSat-2» көкке көтерілді. Мұнан бұрынғы қазақстандық жер серігі техникалық ақаулар кесірінен сәтсіздікке ұшыраған еді. Газет Қазақстанның жер серігін екінші рет ұшыруы ұлттық экономикамыз үшін салмақты инновациялық серпін әкелетінін жазған.

2011 жыл мәдени, рухани дем берер оқиғаларға да толы. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Орынбор-Алматы-Астана-Ақмешіт» атты Қазақстан астаналарындағы Сыр бойы өнер керуені ұйымдастырылған. Осы керуенде Н.Бекежанов атындағы драма театры, Тұрмағамбет атындағы ұлт аспаптар оркестрі, «Томирис» би тобы, «Мереке» ансамблі, басқа Сыр өнерпаздары болған. Газетіміз олардың өнері туралы тұшымды мақалалар жазған. Сонымен бірге, газетте жерлесіміз Ұлан Рысқұлдың «Қазақстан барысы» атанған қуанышы айшықты берілген.

2 қыркүйек күні Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Сыр еліне жұмыс сапарымен келгені жан-жақты қамтылған. Осы сапарда Президент «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзит дәлізі жобасының барысымен танысқан. Қазір бұл автодәлізді тәуелсіздігіміздің Сыр еліне тарту еткен ірі сыйларының бірі деп мақтанышпен айта аламыз. Осы сапарда Президент Сырдария ауданының Н.Ілиясов атындағы ауылында болып, «Нағи ауылында сексен жылда істелмеген шаруа атқарылыпты» деп ризалық білдірген еді. Бұл, әрине, ауылға қаржы құйып, ел жағдайын көтерген «Абзал и К» серіктестігінің серпінді еңбегі болатын.

Қысқасы, біз 2011 жылдың оқиғаларына орала отырып, еліміздің даму мен өркендеуі жолындағы тарихқа айналған тамаша кезеңдермен қайта қауыштық.

Ал, 2012 жылдың шежіресін шертетін қалың тігінді бізге осы игіліктердің жалғасын паш етті.

Осы жылы қаңтар айында Президент Н.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауы жария болды. Бұл Мемлекет басшысының он жетінші Жолдауы екен. Мұнда халықты жұмыспен қамту, баспана мәселесін шешу, аймақтарды дамыту, келшегі жоқ деп саналатын жерлердің тұрғындарын даму бағытындағы қалаларға көшіру, әкімшілік кедергілерді қысқарту, халықтың компьютерлік сауатын арттыру, т.б. мәселелер сөз болып, олардың шешу жолдары нақтыланған. Біз Президент Жолдауының санын неге айттық, себебі, Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеретін осындай міндеттерді он жетінші рет айтып отыр дегенді білдіргіміз келді. Әуел баста «алдымен экономика, сосын саясат» ұстанымын алға шығарған Елбасы өзінің көрегендік, көшбасшылық қасиеттерімен Қазақстанды дәл осындай міндеттерді шешу арқылы алға оздырды, әлемге мойындатты.

Осы тұрғыда мына оқиға елең еткізеді. Бұл Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі 2-жаһандық саммиттің жұмысы жөніндегі бас мақаладағы бір көрініс. Саммитте Н.Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамаға қазақтың тұмарын тағады. Бұл Елбасының миллиондар тағдырын бір саусақ астындағы түймеге сыйғызып отырған озбырларды жерге қаратып, ядросыз әлемді жақтаған адамға қазақ халқының ықыласын жеткізгені еді.  

Ал, Сыр еліндегі тәуелсіздік шапағатын газет бетіндегі «Тәуелсіздік тартуы» деп аталатын айдардың жиі кездесетіндігімен де түсіндіруге болады. Бұл айдар аясында қолданысқа берілген әлеуметтік нысандар жарқырата көрсетілген, қолына жаңа қоныстың кілтін ұстаған тұрғынның шат күлкісі де көңілді көтереді.

Бұл жылдың еліміз үшін, әсіресе Сыр халқы үшін аса қуанышты оқиғасы – жерлесіміз, ауыр атлет Илья Ильиннің Қазақстан тарихында тұңғыш рет екі дүркін олимпиада чемпионы атануы.

Осыдан он жыл бұрынғы газет беттері ауру-сырқау мәселесінен ада. Қазіргі кездегі екпе алу, сақтықта болу деген сияқты әсердің салқыны мүлде кезікпейді. Екі жылдың көлеміндегі газет тігіндісін түгел сүзіп шыққанда Конго-Қырым безгегінің алдын алу жөніндегі бір ғана жиын өткенін жазыппыз.

Әр жылдың өз несібесі, өз жаңалығы, өз жақсылығы бар. Бүгінгі күндердің бейнесі де сарғайған парақтарға қатталып, тарихқа айналады-ау…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<