Талайлы жылдар таңбасы

748

0

Облыстың мемлекеттік архивінде Сыр бойы халқының жүріп өткен жолына тарихи тұрғыдан баға беретін құжаттар дерегі сақталған.

ХХ ғасырда қазақ халқы басынан кешірген зұлмат – аштық, жаппай ұжымдастыру, ұлтының жоғын жоқтаған ел азаматтарының жаппай жаламен тұтқындалып, қуғын-сүргінге ұшырауы. Қазақстанды басқарған Ф.Голощекин (1925-1932 ж) елді индустрияландыру және ұжымдастыру саясатын қарқынды жүргізді.

Қазан төңкерісінен үлкен үміт күткен қара халық Голощекиннің «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранымен қазақ даласындағы кіші революция жүргізуінің құрбаны болды. Халық саны күрт кеміп, демографиялық өсіп-өну тежелді. Өршіл халықтың сағы сынды. Осы уақыт аралығында қазақтың 42 проценті аштықтың құрбаны болды. 1920 жылы мал саны 40 миллион болса, арада 3 жыл өткенде 4 миллио­ны ғана қалуы осының дәлелі еді. Елдің күнкөрісі сауын сиыры мен қыл құйрықтысын топырлатып айдап кетті.

Аштықтан аман қалу үшін жер­лес­теріміз үдере көшіп, ел ауды. Архив қорында 1933 жылы 15 сәуірде Тәжікстан Республикасы Исфара ауданы Лекан колхозының тұрғындары атынан Төлебай Қисықовтың жазған хаты сақталған. Бұл хатта «Біз Қызылорда ауданы 2-ауыл тұрғындары, 1932 жылы аштықтан отбасымызды, балаларымызды аман алып қалу үшін Тәжікстанға үдере көштік, енді туған жерімізге қайта оралып, еңбек еткіміз келеді, бірақ қайтуға қаражатымыз жоқ. Сондықтан Тартоғай стансасына дейін пойызбен жетуге қаражат берсеңіздер. Барлығымыз 30 отбасы, 810 адамбыз» делінген.

Архив қорында сақталатын облыстық прокуратура құжаттарында 1937-1938 жылдары жаппай қуғын-сүргінде айыпталып, 1956 жылы ақталған азаматтардың істері кездеседі. Солардың ішінде үш азаматтың айыпталуына «алашордалықтармен» байланысы бар, ­конт­рре­волюциялық ұйымның мүшесі және жапон шпионы деген кінәлар тағылған екен. Олар Шиелі ауданының тумасы, сауатты азамат Қалжан Қоңыратбаев, Қармақшы аудандық мал азығын дайындау мекемесінің меңгерушісі қызметін атқарған Мыр­зақұл Шахаров және Арал параходшылығы бастығының көмекшісі қыз­метін атқарған Цой Шен Хак.

Қалжан Қоңыратбаев – атақты ғалымдар Әуелбек және Әлібек Қоңыратбаевтардың бауыры. Қоңырат­баевтар әулетінің үш азаматы да жазықсыз жапа шегіп, Кеңес органдары тарапынан қудалауға ұшыраған. Алаш ардақтыларын ашық қолдап үн қосқан Сыр елінің азаматы Көлжан (құжатта осылай) Қоңырат­баевқа НКВД-ның үштігі 1937 жылы көктемгі егіс жұмыстарына зиянын тигізді, Алашорданың «Ақжол» газетінің таралуына көмектесіп, алашордалықтардың мақалалары мен әндерін насихаттады, Сұлтанбек Қожановпен тікелей байланыста болды деп айыптады. Айыптардың негізсіз екендігі дәлелденіп, 1956 жылы ақталды. Асыл азамат жаламен конц­лагерьде 10 жыл жазасын өтеді.

Ал, Қармақшы аудандық мал азығын дайындау мекемесінің меңгерушісі қызметін атқарған Мырзақұл Шахаровтың ісінде Кеңес Үкіметіне қастық жасау әрекетімен астыртын контрреволюциялық ұйымның мүшесі болғандығы, колхозшыларды қыс мезгілінде елді мекеннен тыс жерде канал қазуға мәжбүрлегені, 1936 жылы ерте көктемде тоң жерге дәнді дақылдарды еккізіп соның кесірінен астық түсімінің төмендеуіне әкеліп соққаны үшін айыпталғаны айтылады. Бірақ тағылған айыптардың негізсіз екендігі дәлелденгенмен, кейінгі тағдыры белгісіз.

НКВД-ның ерекше үштігінің шешімімен Цой Шен Хактың өмірі ойран болды. Тұтқындалғанға дейін Арал параходшылығы бастығының көмекшісі қызметін атқарған. Айыптауда 1922 жылы Читадағы жапон консулы Сотоның тапсырмасымен Ленинград қаласындағы әскери училищеге шпиондық әрекеттерімен кіріп, сол оқу орнын бітіріп шыққаны жазылған. Оқып жүргенде Амурдағы әскери теңіз флотында қызмет істеп, құпия мәліметтерді жапон консулдығына хабарлап отырды деп айыпталған. Бірақ тұтқындалушының күштеп мойындағанынан басқа ешқандай дереккөздері табылмаған.

«Халық жауларын» анықтау бо­йынша жоспарлы жұмыс жүргізілген. Сол кездердегі қатыгез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да жапа шекті. Деректерге қарағанда Қызылорда облысынан 7 мыңға тарта жазықсыз адам қуғын-сүргін азабын тартқан.

Сонымен қатар, жазықсыз жала жабылып, ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылған азаматтардың жанайқайы, Отан алдында, халық алдындағы өздерінің адалдықтарын дәлелдей алмай, жала жабылып сотты болған, кейін өздерін ақтау туралы 1956-1957 жылдары КСРО Бас прокурорына жазған өтініштері де сақталған.

Мәскеу. КСРО-ның Бас Прокурорына Қызылорда қаласы Завод көшесі №109 үй тұрғыны Дохненко Геннадий Петровичтен деген өтінішке назар аударайық.

Онда «Мені 1948 жылы 20 қазанда Қазақ КСР Қызылорда облысының жергілікті қауіпсіздік басқарма органдары тұтқындады. 1949 жылы 3 қаңтарда Қызылорда облыстық соты РКФСР 10 жыл мерзімге еңбек түзету лагеріне жіберді, 5 жыл мерзімге сайлау құқығынан шеттетіліп, Ақтөбедегі Алға қыстағында, кейін Қиыр Шығыстағы Советская Гавань қаласы және Хабаровск өлкесі Ванико портында мерзімімді өтедім. Хабаровск өлкелік сотының тұрақты сессиясының анықтауы бойынша 1954 жылы 25 тамызда мерзімінен бұрын босатылып, Қызылорда қаласына келдім. 1954 жылдың 20 қыркүйегінен 1956 жылға дейін «ОБлМетТопПром» құрылысында прораб-құрылысшы және инженер-құрылысшы ретінде жұмыс істеп, зейнетке шықтым. 1949 жылы 8-9 қаңтарда жіберілген менің өтінішімнің қаралмай қалуына байланысты, жеке ісіммен толық танысып, қайта қарауды сұраймын. Іс негізінен менің «халық көсеміне жала жапты» деген кінәмен және қол астымда жұмыс істейтін бір адамның жалған құпия өсегі негізінде қозғалған. Мен тұтқындалғаннан кейін МГБ тергеу органдары жала жауып, олардың екеуі қылмыстық құрамы жоқтығына байланысты алынып тасталды. Мен өзімді кінәлі деп санамаймын. Өмірімдегі бүкіл еңбек жолымда өзімнің Отаным үшін адал еңбек еттім. Кеңес үкіметіне қарсы ешқандай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген емеспін.

Менің ісімді қайта қарауды және ақтауды өтінемін» – делінген.

Тағы бір өтініште Арал қаласы Дзержинский көшесі №16 үй тұрғыны Кузнецов Александр Федорович былай дейді: «Мен 1906 жылы Астрахань облысы Тишков селосы балықшы отбасында дүниеге келдім. Ауыл мектебінде 5 жыл оқып, білім алғаннан соң, әкеммен бірге Каспий теңізінде балық аулаумен айналыстым. 1928 жылы Волга-Кас­пий Госрыбтресінің Тумак балық кәсіпшілігіне балықшы-аушы болып орналастым, мұнда 1930 жылға дейін жұмыс істедім. 1930 жылы мен Арал теңізіне қарасты Аралгосрыбтресінің «Авань» балық зауытында балық өндіру бойынша нұсқаушы қызметіне тұрып, осы жерде 1932 жылға дейін істедім. 1932 жылы мені осы зауыттың директорының көмекшісі лауазымына ауыстырды. 1933 жылдың басында мені осы Аралгосрыбтресінің «Сарабасат» шағын балық зауытының директоры лауазымына ауыстырды. 1934 жылы балықты өндіру мен өңдеудегі жоспарды табыс­ты орындағаным үшін мені «Авань» балық зауытының директоры лауазымына тағайындады. Балықты өңдеу мен өндіруді асыра орындағанымыз үшін 1935 жылдың аяғында бұдан да ірі балық зауыты «Ұзынқайырға» директор қызметіне ауыстырылдым. Өткен жылдардың балық өңдеу және өндіру жоспарлары негізінде 1936 жылы «Ұзынқайыр» балық зауытының балық өндіруі 29000 центнерге жоспарланды, іс жүзінде 52000 центнерге орындалып, 180 проценті құрады.

1937 жылы 22 сәуірде мені Арал аудандық НКВД бөлімінің уәкілі тұтқынға алып, 10 күннен кейін Ақтөбе облысының НКВД облыстық бөліміне жіберді. Маған «Аралгос­рыбтрест» мекемесіндегі контрреволюциялық, зиянкес диверсиялық ұйымның мүшесі деген айып тағылды. Мұндай ұйым туралы ешқандай түсінігім болмағандықтан, жала жабу сипатындағы құжаттарға қол қоюдан бас тарттым. Тергеу мерзімі біржақты және әділетсіздікпен 8 айға созылды.

Әділетсіз айыптауларға қарсылық білдіре отырып, маған екі рет аштық жариялауға тура келді, бірақ бұл менің тергеу ісімді сәл ғана баяулатты. 1937 жылы 10 желтоқсанда мені өзге де сотталғандармен бірге Ақтөбеден Углич қаласына жөнелтті. 1937 жылы 17 желтоқсанда Углич қаласына келген соң, маған Ақтөбе облыстық НКВД үштік сотының сыртымнан шығарған үкімімен 10 жылға сотталғанымды және мерзімді еңбек түзету лагерінде өтетінімді хабарлады.

1937-1942 жылдары Углич қаласындағы НКВД еңбек-түзету лагерінде болып, Углич ГЭС құрылысында істедім. Құрылыс біткеннен кейін Нижний Тагил қаласындағы лагерьге әкеліп, онда мен Ново-Тагил металлургиялық комбинатындағы құрылыс­та 1947 жылға дейін жұмыс істедім. Осы жылы лагерьден

босатылып, Арал қаласындағы балық өнеркәсібі флотына жұмысқа орналасып, халқыма қызмет етіп келемін.

Табиғатымнан теңізші және балықшы болғандықтан, жұмысымды жақсы көремін. Лагерьден кейінгі 10 жыл бойы жұмыс істеген уақытымда бірнеше алғыс хаттармен және 2 мақтау қағазымен марапатталдым.

Міне, 3 жыл болды «Арал­рыбвод» флотының капитанымын, ұжым және әкімшілікке беделдімін. Менің әйе­лім Арал портында бухгалтер болып істейді. Біздің 6 жасар ұлымыз бар, қазір біз өз өмірімізге ризамыз және бақыттымыз. Бұл үшін біздің партия­мызға, Үкіметімізге шын жүрегімізбен алғыс айтамын.

Қазір жасым 51-де, зейнетке шығатын уақытым таяу. Ал 10 жылдық еңбек өтілім жазықсыз қамауда болуыма байланысты есептелмейді. Сондай-ақ соттылықтың лайықсыз және жағымсыз көлеңкесі өзімді КСРО-ның толыққанды азаматы ретінде сезінуіме мүмкіндік бермеу­де. Мұны 6 жасар ұлымнан жасыруға мәжбүрмін. Мен өзімді кінәсіз санаймын және санап келемін. Мен ешқашан ешқандай ұйымға мүше болған емеспін және үкіметке қарсы шыққаным жоқ. Бұлай жасауға менің отансүйгіштігім, ұлы Отаныма деген сүйіспеншілігім, ар-намысым жібермейді.

Жоғарыда айтылған шы­найы сөздерімнің негізінде, сізден 1937 жылы сырттай соттаған істі қайта қарауыңызды, Қазақ КСР Ақтөбе облыс­тық НКВД үштік сотының әділетсіз үкімін жоюыңызды және мені ақтауыңызды, сонымен қатар өзімді Ұлы Отанымыздың толыққанды азаматы санауыма мүмкіндік беруіңізді сұраймын».

Ұлты мен діні, тілі мен діліне қарамастан, мыңдаған адамдар, тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, өзгеше ойлағаны үшін кінәсіз сотталып, туған жерінен аяусыз айдалып, түрмелерде көз жұмды. Жоғарыда келтірілген фактілер – сол зұлмат тарихтың бір парағы.

Еліміз тәуелсіздік жариялап, ес жиып, көш түзегеннен кейін өткен жолымызға бағдарлап қарап, халыққа жасалған қиянаттардан, адамдарға тағылған жазықсыз жаладан тазару басталды. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге байланысты және саяси қуғын-сүргін құрбандарына тигiзген моральдық және материалдық залалды өтеудi қамтамасыз ету мақсатында елімізде 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Заң қабылданды. 1996 жылы 30 желтоқсанда Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1997 жылды жалпыұлттық келісім және саяси репрессия құрбандарын есте сақтау жылы деп жариялауы да қоғам өміріндегі бұл тақырыптың орнын көтеріп, өзектілігін анықтап берді. Бүгінгі жас ұрпақ үшін, азат, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының оларды еске алуы – қасиетті парыз.

Жанат АЛТЫНБАЕВА,

облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<