Тамұқтан өткен тағдыр

574

0

Ғайпен Бейісовтің «Тамұқтан өткен тағдыр» атты кітабын екі рет оқып шықтым. Себебі: біріншіден автор – шынында да тамұқтан өткен. Ол өмірдің талай сынынан сынбаған, тағдырдың дауылы мен жауынынан ықпаған, сұрапыл соғыс кезінде де адалдықтың ақ туын жықпаған, елін сатпаған қас батыр. Кітап оқиғалары көзбен көріп, қолмен ұстаған нақты деректерден туған шынайылығымен ерекшеленеді.

Енді автордың өмірінен қысқаша мәлімет. Ол 1921 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысының Махамбет (бұрынғы Бақсай) ауданына қарасты Талқайраң ауылында дүниеге келген. Бақсай аудандық партия комитетінде жұмыста жүргенде әскерге шақырылып, училищеге оқуға жіберіледі. 1941 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, 15 қыркүйекте Украинадағы Лоховица қаласының маңындағы ұрыста ауыр жараланып, неміс фашистерінің қолына түседі. Бірнеше ай бойы лагерь азабын тартып, Түркістан Ұлттық комитетіне жұмысқа тұрады. Соғыс жылдарында Вермахтың Жоғары бас командованиесі Түркістан насихат бөлімінің әскери фототілшісі болып шығармашылықпен айналысқан. Оның  «Бұлбұлдың үні», «Ананың қамқорлығын ұмытпа», «Жауынгердің күнделік дәптерінен үзінді», «Жараланған жүрек», «Демалыста» атты қадау-қадау әңгімелері үш тілде жарық көреді. Аталған әңгімелер неміс армия басшылығының тапсырысы бойынша жазылғанмен, оларда Кеңес үкіметіне қарсы бірде-бір сөз жоқ. Әңгімелерінің барлығы Отанға, туған жерге деген сағыныш лебімен ерекшеленеді.

1945 жылы легионерлердің қашуын ұйымдастырды деген күдікпен Ғ.Бейісов үш жолдасымен бірге ату жазасына кесіледі. Дәл осы кезде Кеңес армиясының қарқынды шабуылынан немістер шапшаң шегінуде еді. Үкім орындалар түнде түрме күзетшілері қашып кетіп, бұлар аман қалады. Неміс түрмесінен босаған соң өз еріктерімен Қызыл Армия қатарына қабылданады. 1946 жылы әскер қатарынан босап елге оралған Ғ.Бейісов РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-1б -бабына сәйкес «халық жауы» ретінде он жылға сотталып, Сібір, Карлаг, Степлагта тозақ өмірді бастан кешеді. Осы жылдары төменде аттары аталатын жерлес ағаларымызбен лагерьдің қиыншылығын бірге көреді.

Екіншіден кітапта жерлестеріміз Мұстафа Шоқай, Мәжит Айтбаев, Шеген Қодаманов, Үсен Қошалақов жайлы көпке мәлім емес материалдар келтірілген. Алғашқы екеуі жайлы көптеген дүние баспа беттерінде жарияланғанын  есептеп,  соңғы екі ағамыз жайлы, олардың жазықсыз жапа көрген тағдырына тоқталуды мақсат еттік.

Сәл шегініс. 1941 жылы қараша айына қарай неміс лагеріндегі тұтқындар саны 3,6 миллионға жетті. Орыс генералдарының соғысқа дайын еместігі, т.б. жағдайлар есептелмей, 1941 жылы И.В.Сталин «бізде тұтқын жоқ, тұтқынға түскендер – халық жаулары» деген мазмұнда бұйрық берді. Ал шын мәнінде тұтқынға түскендердің біразы Отанын сатқан жоқ. Тұтқыннан қашып шығып, соғысқа қатысқандардың өзі сотталып түрмеге жабылды. Бұл – соғыс тарихының дұрыс шешімін таппаған ақтаңдақ беттері. «Түркістан легионы», «Түркістан ұлттық комитеті», «Түркістан ұлттық кеңесі» ұйымдарына мүше болғандар РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабымен жазаланды. Біз айтып отырған жерлес ағаларымыз Ш.Қодаманов пен Ү.Қошалақов әділетсіздіктің құрбандары болып, осы бапқа ілінді.

Енді Ш.Қодаманов ағамыздың өмірінен мәлімет бере кетейік. Шеген Жармұхамедұлы Қодаманов Гурьев обкомының хатшылығынан Алматыға шақырылып, 1934-1937 жылдары Алматы облысы, Қаратал ауданы партия ұйымының 1-хатшылығынан республика азық-түлік жөніндегі халық комиссарының орынбасары және қант тресінің басшысы қызметіне ауыстырылады. Бұл кезде Мирзоян республика басшысы еді. Адамдарды бір-біріне жау етіп қызыл жағалылар мен үндеместердің «қара тізіміне» жансыздардың ақпары бойынша ілінгенін Ш.Қодаманов  білген жоқ.

Бірнеше аудан басшысымен бірге 1938 жылы 23 наурыздан бастап Кеңес өкіметінің дұшпандары деген желеумен жауапқа тартылады. РСФСР Қылмыстық Кодексі 58-бабы 2,7,11-тармақтарымен айыпталып, 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Үш жыл жетпіс бір күнге созылған азапты тергеуге 1941 жылы 28 тамызда нүкте қойылып, Ш.Қодаманов үш серігімен 5 жылға сотталады. Сөйтіп Ресейдің Свердлов облысындағы саяси тұтқындарға арналған лагерьге айдалды. Өмірлік жары Қатша анамыз осы кезде қос ұлы Тельман мен Эрнестті, қызы Жәмиланы нағашыларына жібереді. Шеген аға мен бір топ серіктері Бас қолбасшыға арыз жазып соғысқа жіберуді өтінгенмен, саяси көзқарастағы тұтқындар айып батальонына алынбайтыны жайлы жауап келеді. Жеңістің құрметіне бір топ саяси тұтқынға кешірім жарияланып, жазасын мерзімінен бұрын өтеп, Шиеліге аман оралады.

Тергеуі бар, түрмесі бар азапты 7 жылды бастан кешірген Шеген ағаға Қызылорда облысы мен Шиелі ауданының НКВД мен КГБ өкілдері бұрынғы сотталған саяси тұтқын ретінде сенімсіздікпен қарап, 1949 жылы оған қисынсыз айып тағып, екінші рет сотталады. Бұл жолы жазасын Ресейде емес өз еліміздегі Степлаг пен Карлагта өтеп, алты жыл бойы түрменің быламық ботқасының дәмін татады. Екінші сотталғанда Шеген мен Ғайпен аға танысады.

Сібірдің түрмелерінде отырған 23 легионер Жезқазғандағы «Казмедстрой» құрылыс тресіне жұмысқа салынып, сондағы дала лагерінің азабын тартқандардың ішінде 1937 жылдан Колыма лагерінде отырған, жасы 50-ден асқан, мерзімі бітсе де түрмеден босатпаған, жерлесіміз Шеген Қодаманов та болады. Вермахтың Жоғарғы бас командованиесі Түркістан насихат бөлімінің әскери фототілшісі, неміс түрмесінен қашып шығып, Қызыл Армия қатарында соғысқа қатысып, 1946 жылы «халық жауы» ретінде 10 жылға сотталып, Сібір лагерьлерінің азабын тартқан Ғ.Бейісовпен танысады. Лагерьдегі балтикалықтар, кавказдықтар, ресейліктер жасырын ұйым құрып бунт жасамақшы болып жатқанда, Ш.Қодаманов қазақ жігіттерін үгіттеп оларға қосылмауға шақырып, тыныштандырып бір апаттан алып қалады.

Бір күні Шеген ағай мынандай бір әңгіме айтты деп еске алады Ғ.Бейісов:

– 1937 жылы жаздың шуақты күндерінің бірінде Алматыда ОК-ның кезекті бюросы өтті. Бюроға сол кездегі Қазақстан басшылары Мирзоян, Исаев, Құлымбетов қатысты. Ішінде мен де болдым. Бюро аяқтала бергенде Қазақстанның бас прокуроры Сүлеймен Есқараев «менің кезектен тыс мәлімдемем бар» деп қолын көтерді. Жиналысты басқарып отырған Мирзоянның рұқсатын күтпестен сөйлей жөнелді. Негізі сөзін Мирзоян мен Исаевқа арнап былай деді: «бірге жүрген жолдастарымызды алып кетіп, қайтып оралмай, жоғалып кетіп жатыр. Обком хатшылары, министрлер, жауапты қызметкерлер бүгін түнде алып кететін болар деп ұйықтамай күтіп отыратын болды. Мен республиканың бас прокурорымын. Ұсталатын кісіге ордерге қол қоюым керек. Кімді ұстап жатқанын, қайда әкетіп жатқанын білген емеспін, білмеймін. Ондай прокурор республикаға керек пе, бұл нәубеттің тоқталатын күні бола ма? Осылай қой құрлы маңырай алмай кете бере ме? Мұны Сталинге айтып тоқтата алатын сіз екеуіңіз деп орнынан тұрып жүре берді. Тұтқадан ұстап тұрып, артына бұрылып бір сәт қарап алды да, есікті сыртынан жапты. Отырғандардың бәрі де іштей қоштасып тұрғанын түсінді, ертеңіне С.Есқараев жұмысқа шықпай қалды. Менің көп араласқан жан жолдасым еді. Іштей «Сүлеймен-ай, не істегенің, ендігі күнің не болар?» деп, сөйлеуге тілім келмей отырып қалыппын, – деді.

Шеген аға әңгімесін аяқтағанда Ғайпен аға:

– Мұның түбі не болар, немен тынар? Бұған бір тоқтау болатын күн болар ма екен? – деп сұрақ қояды.

Сонда:

– Арқан қанша ұзын болғанмен оның бір  шеті болмай ма? Мұның да шетін күте бер, – деп жауап беріпті.

Иә, азапты жылдардан кейін Шеген ағаның тұжырымы шындыққа айналды. Сталиндік жүйенің бұғауы быт-шыт болып үзілген жылы ол табандылығы мен мықтылығының арқасында жалыны бет шарпитын тозақ отынан екінші рет құтылып, елге аман-есен оралады. Бұған дейінгі өзіне жабылған жаладан толықтай ақталды. Республиканың сол тұстағы басшылығы саяси қуғын-сүргінге дейінгі өмірлік және іскерлік бай тәжірибесін ескере отырып, оған Алматы қант заводы директоры лауазымын ұсынды. Шеген ағай болса жасының тоқтасқанын желеу етіп, бұл ұсыныстан бас тартады. Бір жағынан Алматы абақтысындағы басынан кешірген ауыртпалығы да жан дүниесін қинайды, күйзелтеді. Осы себепті ендігі қалған өмірін туған жерінде өткізуді қалайды.

Басшылық қызметте, партияға мінсіз қызмет атқарып ысылған, шарболаттай шыңдалған Шеген ағай 1955-1963 жылдар аралығында Шиелі ауданының «Төңкеріс» колхозында еңбек етті. Алғашқылардың бірі болып табысты сала – құс фермасын ұйымдастырады. Сыр маржаны – күріш өсірді. Колхоз экономикасын өркендетуге лайықты үлесін қосты. Жасы жетіп, зейнеткерлікке шықса да, үйде қол қусырып қарап отырмай қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрді. 1974 жылы өмірден озды. Өмірдің тәттісі мен ащысын теңдей отырып көрген Шеген аға мен жұбайы Қатша апайдың кіндігінен төрт ұл мен үш қыз тарайды. Олар – Тельман мен Эрнест, Лазарь, Бақытжан, қыздары – Жәмила, Сәлима, Шәрипа. Бақытжан кезінде Арал ауданының әкімі қызметін атқарды. Қазір зейнетте. Бүгінде бұрынғы Төңкеріс ауылы қайтпас қайсарлығының арқасында қызыл империяның қандыбалақ қолымен орнатқан тозақ отынан екі рет аман оралған азамат Шеген Қодамановтың есімімен аталады.

1947 жылы көкектің 8 жұлдызында Алматы түрмесінде жатқан Түркістан комитетінің 49 қызметкеріне «Түркво» әскери округінің трибуналы 10 күн ашық сот процесін жүргізіп, оның он бірін ату жазасына кесуге үкім шығарады. Сол тізімге екінші болып жерлес ағамыз Ү.Қошалақов ілінеді. Кейін ату жазасы 25 жылға ауыстырылды. Сөйтіп ол Жезқазғандағы Степлагерьге айдалады. Лагерьде өткен ауыр күндердің бірінде Артур Қалдыбаев екеуі демалыс күні Ш.Қодаманов пен Ғ.Бейісовке келеді. Өткен күндерін еске алып, біраз уақыт әңгіме құрады. Ү.Қошалақов ағамыз «Туркво» әскери трибунасы жайлы ойын былай өрбіткен екен:

– Сот Кеңестің өмір бойы халықтан жасырып келе жатқан құпиясын айнадай ашып берді. Түркістан қозғалысы, оның көсемі Мұстафа бек Шоқай құпия болудан қалды. Бұл ашылуды Кеңес өзі білген емес. Білсе ашық процесс жасамас еді. Мен бұл процесті жеңіліс емес, жеңіс деп түсінемін. Біз жеңдік, бұдан былай Түркістан ұлттық күресі құпиялықтан әлем аренасына шықты деп есептеймін. Сіздер білу үшін 49-дың кімдер екенін таныстырып кетейін. 49-дың ішінде комитетшіктер болды. Қалғандары – көшеден ұстап әкелген сияқты, ешуақытта комитетте болмағандар. Тіпті саясаттан хабарсыз, жай легионерлер. Көшеден ұстап әкеліп 49-ға толтыруды мақсат етіп, тергеушілер Түркістанның құпиясын таптық деп үкіметті алдады. Көсеміміз Мұстафа бек Шоқай өз күресін бізге эстафета ретінде тапсырып кеткен. Біздер де жаман орындаған жоқпыз, көсеміміздің еңбегін ақтадым дегім келеді. Мен сол эстафетаны кейінгі жастардың басы, басшысы саған тапсырып кетем. (Ғ.Бейісовке) Сол үшін миыңа білгенімді құя берем. Сен кімге тапсырасың, оны өзің білесің, Неге саған айтып кетемін, оны түсінуге тиістісің. Менің срогімнің бітуіне 23 жыл бар. Оған дейін боламын ба, болмаймын ба? Ал сен жассың, оның үстіне срогіңнің жартысына жуығын отырып тастадың. Бостандыққа шығатын мүмкіндігің бар. Сол уақытта сендер сияқтылар Мұстафа бектің эстафетасын жалғастыратын боласыңдар, – деп сөзін аяқтады.

Төртеудің лагердегі жан тебірентетін сырласу уақыты аяқталуға жақындағанда, Ғ.Бейісов Түркістан комитетінің ақыны Қази Қазыбековтің ұзақ өлеңінің төмендегі үзіндісін оқып береді.

– Мен өлсем, құрбыларым молама кеп,

Күрескен жауыменен өжет жан деп.

Гүл егіп топырағыма жасын төгер,

Көксеген бостандығын шері үдеп.

Жоқ, сүймес күннің нұрын көлеңкелер,

Досым да мазақ қылып отқа итерер.

Төзімсіз жасықсың деп туған халқым,

Бейнемнен өлсем-дағы жиіркенер.

Қой ажал, қорқытпассың төнгенменен,

Қойныма қорқыныш боп енгенменен.

Күн туса азат етер туған елді,

Жалғыз-ақ соны ғана үміттенем… – деген өлеңді ести сала Үсен аға ойын былайша жалғастырды:

– Қази ақынды білемін, білгенде жақсы білемін. Мен оны әскери стратег деп естіп едім. Соңғы жылдары Институт гемайншафтыда «СС» полковнигі формасында, Қанатбаевқа келіп-кетіп жүретінін көретінмін. Сен өзің Түркістанның ОКВ-дағы насихатшысы едің. Шынында насихатшы екенсің ғой. Мен сенің тап осындай екеніңді білмеуші едім. Бұл өзіннің өлеңін болмаса да қазір керек жерінде айтылып тұр. Мен өлі жан едім, өлген адам едім. Менің жүйкеме қан құйдың. Түркістан ұлттық қанын құйдың. Мен тірілдім, маған жан бітірдің, осынау үш ауыз өлеңінің құдіретін түсінейікші. Сағыныштың, қан жұтқан қасіреттің, қайсар батырлықтың, қайтпас төзімділіктің, күрескер ерліктің, күтілген үміттің жуан кіндігі. Өлең – ұран, – деп тебіренді, ұзақ ойға шомды.

25 жылға сотты болған Үсен аға оның алғашқы жылдарын Ғ.Бейісовпен бірге өткізген. Адам тағдыры, ерік-жігердің мықтылығы туралы баяндалған кітаптан көп ой түйдім.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Қорқыт ата университетінің профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<