Тасқа қашалған тарих сыры

159

0

Жұмыр жер жаратылғалы әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзынсонар тарихы бар. Дүбірлі оқиғаларға толы тарихқа көз салсақ, адамзат қауымының бағыты мен бағдарына жол сызған, күллі әлемді өзгеріске түсірген нәрсе – бұл адамзаттың таным-білімге үйірсек болған өркениетке ұмтылысы еді. Соның ішінде өнер – эстетикалық тәрбие берудің басты құралы. Себебі, өнер адамның рухани дамуы мен дүниетанымының қалыптасуына әсер етеді. Адамның ішкі жан дүниесіне сұлулық сыйлап, санасына сәуле құяды.

Өткен тарихыңды таразыламай, болашағыңның жарқын болуы неғайбыл. Қазақтың тарихы – оның ішінде бізді кеңестік дәуірде оқытқан тарих оқып, жазып жүргенімізден мүлдем басқа болып шықты. Кеңестік дәуірде «Қазақта мәдениет болмаған, бұлар тек малдың соңында жүрген көшпенділер, олар жабайы өмір сүрген, т.б.» деген сияқты қасаң көзқарас қалыптастыруға тырысты. Алайда аспандағы айды алақаныңмен жасыра алмайсың. Қазір жаңаша көзқарас қалыптасып келеді. Бұл мақаланы жазуға, былтыр аудан төңірегіндегі бірқатар тарихи-мәдени ескерткішті аралаған сапарымыз түрткі болды.

Адамзат тарихындағы өркениет жазу-сызудан басталады. Алғашқы адамдардың жасаған бейнелеу өнерінің үлгілері аяқ астынан пайда болған жоқ. Ол көптеген жыл бойы дамып-жетілген тәжірибе мен дәстүрдің негізінде пайда болды. Алғашқы бейнелеу өнері адамдардың тасқа қашап салған, тіршілік үшін жасаған еңбегіне, қоршаған ортасына, табиғатқа және жан-жануарларға қатысты болды. Оларды ғылым тілінде петроглифтер деп те атайды. Петроглифтер дегеніміз – адам іс-әрекетінің формаларын жартастағы оюлар. Табылған петроглифтердің көпшілігі неолит кезеңі (б.з.д. 10000 – 3000 жж.). Бұл палеолит дәуірінен (б.д.д. 3,000,000 – 10,000) айырмашылығы топтардың әлеуметтік, экономикалық және саяси ілгерілеуімен және отырықшы режимнің енуімен сипатталады. Петроглиф сөзі грек тілінен шыққан, «петра» «тас» және «глиф» «жазу» дегенді білдіреді.

Бірнеше мыңдаған жылдар бұрын Қазақстан жерінде мекен еткен ежелгі тұрғындар әр аймақта өмір сүріп, аң аулады, терімшілікпен айналысты, өз қоныстары мен қалаларын салды. Мұнда дөң баурайында байырғы суретшілер өздерінің нанымдары мен салт-дәстүрлерін бейнелеп, бізге, ұрпақтарына таңғажайып жартас картиналарын қалдырды. Әр өңірдегі мұндай өнер туындылары тас ғасырынан кейінгі орта ғасырларға дейінгі адамдардың шаруашылығынан, тұрмыс-салты мен жол-жоралғыларынан, дүниетанымынан хабар береді. Басты сюжеттері адамдардың шаруашылық салаларын (аңшылық, балықшылық, т.б.), наным-сенімдерін сипаттайды. Суреттерде пропорция сақталмаған, түз тағыларының кішкентай суреттерінің жанына одан бірнеше есе үлкен адам бейнесі салынған. Бұл өнердің мәні терең, бейнелері мазмұнды болып келеді. Оларда аңыз әңгімелер, мифтік сюжеттер, қоршаған ортамен байланысты шаруашылық-тұрмыстық қарекеттер бейнеленді.

Мысалы, «Азия дауысы» жобасының басты символы болған күн басты құдай, жартастағы Ұмай ана бейнесі, топталған адамдардың алып жабайы аңдарды орға құлатып аулағаны, оны найзамен піскілеп өлтіргені, тіпті сонау сақтар дәуірінде атқа жегілген екі дөңгелекті арбадағы сарбаздың бейнелері де кездеседі. Қазақстанда 200-ден астам жартас суреттерінің шоғырланған орындары белгілі болып отыр. Солардың ішінде жан-жақты зерттеліп, ғылыми айналымға түскендері – Ақбауыр, Арпаөзен, Баянжүрек, Ешкіөлмес, Қаратау, Қойбағар, Майдантал, Мойнақ, Таңбалы, Теректі-Әулие, Сауысқандық және т.б. жатады. Петроглифтер – сонау тас дәуірінде қарапайым геометриялық сызықтардан бастау алып, ғасырлар бойы қазіргі ұрпақтарына жетіп, саналы өміріміздің кәдесіне жарап, жалғасын тауып келе жатқан өнер.

Орта ғасырларда қазақ даласына ислам дінінің келуімен тіршілік иесінің жанды бейнесін салуға қатаң тыйым салынғанына байланысты көптеген монументті балбал тастардың, жартастарға салынған кейбір бейнелердің жойылып кеткенін де жоққа шығара алмаймыз. Бұл діни фанатизмнің әсерінен болған жағдай деп баға беруге болады. Себебі ислам діні келгенге дейін арабтар Құдайға серік қосып, жаппай пұтқа табынып кеткен еді. Сондықтан пайғамбарымыздың «Тірі жанның суреті бар үйге періштелер кірмейді» деп айтқан хадисін әдепкі мұсылмандар қатаң ұстанды. Тіпті Меккедегі Қағбада 360 пұт тас мүсін болғаны туралы тарихи деректерде бар. Алайда ислам өнерге шектеу қоймайды. Тек Құдайға серік қосудан сақтандырады. Кейіннен Орта Азияда ислам дінінің келуіне байланысты мешіт, медреселер көптеп салынып, архитектуралық сәулет-құрылыс өнері қарқынды дамыды. Заман өзгеріп, әр ғасырдың сәулет өнері тарихтың куәгері ретінде қалыптасты. Әсіресе, Мәуреннахрдағы, Бұхара мен Самарқанд, Хиуа қалаларындағы медреселердің қабырғаларын көздің жауын алатын түрлі-түсті глазурмен өрнектеп, қаптау ерекше қарқын алды. Медреселердің басты порталдарында мозайкалық әдіспен салынған (Шер-Дор, Надир Диуанбегі медреселері) құстың, жолбарыстың бейнелері кездеседі. Орта ғасырларда қазақ жерінде ғасырлар бойы үздіксіз жалғасқан (Шыңғысхан шапқыншылығы, жоңғар шапқыншылығы, Ақтабан шұбырынды, т.б.) соғыстың салдарынан сәулет өнері біршама тұралап қалды. Одан кейінгі үш ғасырдағы орыстардың отарлау саясаты да біраз зардабын тигізді. Орыс ғалымдары қазақ жерінде біршама ғылыми-зерттеу жұмыстарын құпия жүргізді. Олардың негізгі көздегені байлық еді. Қаншама баға жетпес қымбат аса құнды жәдігерлерлеріміз Эрмитажға жасырын жөнелтілді.

Біздің Қызылорда облысының табиғаты негізінен шөлейтті аймаққа жатады. Бізде тек Шиелі ауданы, Еңбекші ауылынан шығысқа қарай 50 шақырым жерде орын тепкен қарт Қаратаудың соңғы сілемдерінде «Сауысқандық» шатқалында петроглифтер бар. Бұл жердегі петроглиф жазбаларының аумағы 500 гектарды құрайды. Ғалымдар мұнда 8-10 мыңға жуық тастағы жазба мен бейне кездесетінін айтады. Былтыр «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жалағаш ауданының аумағындағы тізімге алынғаны бар, алынбағаны бар бірталай тарихи орындарды араладық. Соның ішінде Жаңадария өзенінің бойындағы Сәтбай кесенесі мен «Қызылқұмдағы» Қабылтам (Қантай ана) кесенелеріндегі суреттер ерекше назар аудартты.

«Қызылқұмның» перзенті, ақын Қ.Адистің «Мен туған жерде Өркеш те, өркеш таулар жоқ, Шыңдарын мәңгі жапқан қар» деп жырлағанындай, біздің өлкеде тау-тастар болмаса да, бұрынғы өткен бабаларымыз сол замандағы тұрмыс-тіршілігін өздері мәңгілік тыныс тапқан кесенелердің ішіне бейнелеп қалдырған екен.

Солардың бірі – «Сәтбай» кесенесі ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Жаңадария ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 80 шақырымда орналасқан. Кесене Сыр бойы қазақтарының үйтам үлгісі бойынша салынып, көлемі 25х25х6 см, ортағасырлық күйдірілген қыштардан тұрғызылған. Іргетасы мен табаны да сол кірпіштен қаланған. Кесене портал салу арқылы ерекшеленеді. Сыртқы көлемі 8,20х8 метр, жалпы биіктігі – 5,70 метр. Порталдың биіктігі 4,50 метр. Төрт бұрышына 4 мұнара тұрғызылған. Әрқайсысының биіктігі 3,60 метрден. Кесене көлемі 6,10х6 метр бір бөлмелі, төбесі күмбез болып келеді.

Бұл кесененің тағы бір ерекшелігі, іші киіз үйдің жабдықталуына ұқсатып безендірілген және безендіру үшін архитектурамен тығыз байланысты монументальді живописьтің бір түрі қабырғаға салынған немесе сызылған «сграффито» суреттер техникасы пайдаланылған. Қабырғаларға сол кездегі қазақтардың көшін бейнелейтін суреттердің фрагменттері панорама үлгісінде майлы бояумен салынған. Суреттерде қой, жылқы айдалып, жүк артылған түйелер, сәйгүлік ат жетектеген атсейістер мен шабандоздар, қыз-келіншектер мен жігіттер көрінеді. Табиғат көріністері, киік, қасқыр, т.б. жабайы аңдардың суреттері тұтас композицияда панорамаға енген. Суреттер толық сақталмаған, көп жерлері өшіріліп, түсіп қалған. Қабырғалардың кейбір жерлерінде қызыл және көк түстермен салынған ою-өрнектердің фрагменттері де ұшырасады. Ол бояулардың қалай дайындалғаны, құрамына не қосылғаны әзірге бізге беймәлім.

Екіншісі – «Қабылтам» кесенесі, 1826 жыл. Аққыр ауылынан солтүстік батысқа қарай 22 шақырымда орналасқан. Кесене қамкесектен қаланған, порталды-күмбезді құрылыс. Ішкі-сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Жалпы формасы квадратты, 7,8х9 метр. Жалпы биіктігі – 7 метр. Жебе тәрізді етіп қаланған қуыстың ішінде орналасқан кесене есігі бар портал (пештак) оңтүстік-батыс жаққа қаратылған. Биіктігі – 3 метр. Қабырғасының қалыңдығы – 1,5 метр. Кесененің интерьері суреттермен, ұлттық ою-өрнектермен безендірілген. Ішінде бір қабірдің орны жатыр.

Құрылыс көлемі, шамамен 497,7 текше метр. Қазіргі уақытта күмбезі мен қабырғалары шатынап, жарылған. Порталының жартысы құлап қалған. Бұл кесененің де ішкі қабырғалары қазақы ою-өрнекпен безендірілген. Қазақтың этнографиялық өмірін тұтастай суреттеген десек те болады. Атап айтқанда, құмыралар, түйелер, жылқылар сонымен қатар жолбарыс пен пілдің суреті де салынған. Өкінішке қарай кесененің күмбезі жартылай опырылып ішке құлаған. Қабырғасы жарты метрге дейін жарылған. Енді бес-алты жылда түгел құлап, жермен-жексен болудың алдында тұр.

Қорытындылай келе ойға түйгеніміз, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі кең-байтақ даласымен үндестік тауып, ой-өрісінің дамығанын көрсетеді. Ою-өрнектің қай түрі болса да, ол – адам ойының жемісі. Бейнелеу өнерінде қазақтың өзіндік стилі қалыптасқан. Әдемі сурет пен ою-өрнек өз шеберін тапса, көзге қуаныш, көңілге жылылық, айналаға әсемдік сыйлайды. Біздің ата-бабаларымыз осындай өнер түрін шебер меңгерген. Қазақ халқы, яғни түркі бабаларымыз сонау ерте замандарда тасқа қашап жазу-сызу (Орхон-Енисей жазба ескерткіштері) және бейнелеу өнерін, сақтар дәуірінде алтын өндіруді, аң стиліндегі монументті (таутеке, бұғы, марал, қасқыр, қабан, барыс, т.б.) бұйымдар жасауды асқан шеберлікпен меңгерді. Кейіннен тұрмыстық бұйымдарға (кебеже, сандық, текемет, киіз үй, киім-кешек, шымылдық, ыдыс-аяқтар, қару-жарақ, ат әбзелдері, т.б.) ою-өрнек салған.

Ою-өрнек дегеніміз – есеп, геометрия, дәлдік, тепе-теңдік, үйлесім, жарасым, сәндік, сұлулық. Сол ою-өрнек (Қошқар мүйіз, арқар мүйіз, гүл, т.б.) арқылы әсемдікті, сұлулықты, гуманизмді насихаттаған. Сұлулықты сүйген халықтың да жүрегі нәзік, көңілі таза, мейірімді, болып бейбітшілікті аңсаған. Бүгінде әлемдік мәдениеттер тоғысып, жаһандану үдерісі жүріп жатқан заманда ұрпақтан ұрпаққа әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен беріліп келе жатқан осы қасиеттерді сақтап, тектілігімізді жоғалтпау – біз үшін үлкен сын. Осындай мәдени мұраларымызды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттап табыстау әрбір азаматтың парызы деп санаймыз.

Арыстанбек БАЙҚАБЫЛОВ,

Дін мәселелерін зерттеу орталығы Жалағаш аудандық бөлімінің меңгерушісі