Теңіздей тарихтың тамшыдай бір дерегі

1134

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында сөз сөйлеп, қасиетті топырақтың терең сырына назар аударды. «…Ұлытау ауданы орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді. Енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр» деген еді ол. Осы орайда, Президент ұлы ханның үлкен ұлы – Жошы мазары қазақ жерінде тұрғанын өз еліміздегі де, шетелдегі де жұртшылықтың көбі біле бермейтінін жеткізді. Алтын Орда негізін қалаушы Жошы ханға құрмет көрсетіліп, бүкіл ґлем назарын осындай тарихи тұлғаға аудару жґне оның кесенесін мґдени туризм нысанына айналдыру қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, Президент 1269 жылы Талас құрыл­тайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орда (Жошы ұлысы, Ұлық ұлыс) империясының 750 жылдық мерейтойын ме­рекелеу ту­­ралы да мәлім­деген бо­латын. 

Ал, енді Атын Орда ата­латын бұл тарихтың қа­зақпен байланысы қан­дай? Осы сұ­раққа жауап іздейік.

Қазіргі күнтізбе есеп­теуімен осыдан 750 жыл бұрын Талас өзені бойында Шағатай, Үгедей мен Жошы әулетінің ханзада-бектері жиналып, ұлы құрылтай өткізген. Тарихқа ол «Талас құрылтайы» деген атпен белгілі. Оған Үгедейдің немересі Қайду, Жошы ұрпақтары Беркечар мен Мөңке Темір, Шағатай ұлы­сынан Барақ қатысады. Құрылтайда үш ұлыстың шекарасы айқындалады. Шың­­ғыс хан құрған ұлы им­перия ыдырап, оның орнына дер­бес үш мемлекет – Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы және Моғолстан бой көтереді.

Құрылтайдан кейін Жошы ұлысының әміршісі Мөңке Темір өзін хан деп тап, өз атынан теңге бас­тырады. Осылайша Талас құрылтайы Алтын Орданың ресми түрде бөлек мемлекет болып қалыптасуына негіз қалайды.

Шыңғыс хан қайтыс болар алдында өз иелігіндегі жерлерді төрт ұлына бөліп берген. Жошының үлкен ұлдары Бату мен Орда-Еженнің еншісіне моңғол иеліктерінің қиыр батысында жатқан оңтүстік Ресей мен Қазақстанның жерлері тиеді. Бату Алтын Орданы билесе, Орда-Ежен Ақ Орданы басқарады. 1235 жылы Бату қолбасшы Сүбедей баһадүрдің кө­мегімен батысқа қарай жаңа жорық бастап, алдымен башқұрттарды, бір жылдан кейін Еділ Бұлғариясын жаулап алады. 1237 жылы Украинаның оңтүстік дала­сын бағындырып, ондағы құман­дарды батысқа қарай ығыс­тырады. Содан кейін Руське басып кіреді.

Сөйтіп, үш жыл бойы орыс князьдықтарын жау­лау­мен болады. Бату құ­мандардың батысқа қа­шып, Мажарстан коро­лінің жерін паналап отыр­ғанын желеу етіп, Шайбан, Орда-Ежен, Байдар және Мөңке сияқты Шыңғыс әулеті және өз бауырларымен бірге батысқа жорық жасайды. Өзде­ріне қарсы тұрған неміс-поляк рыцарьларынан жиналған әскерді тал­қан­дайды. Бірақ Үгедей ханның қайтыс бол­­ғанын естіп, енді ғана қоршап-қамай бастаған Венаны тастап, елге қайтып кетеді. Моңғол әскерінің батыс бағытындағы жорығы осымен тоқтайды. Бату 1242 жылы Мажарстан ар­қылы қайтып, жолшыбай Пешт қаласын, Болгарияны бағындырады.

Алтын Орда астанасы Сарай-Бату, ал кейінірек Сарай-Берке қаласы бол­ған. Түрік деректерінде Бату ханның әскерлері «қып­шақтар» деп аталды. Се­бебі ұлан-ғайыр өлкеде ор­наласқан мемлекет хал­қының басым бөлігі түркі­тілдес қыпшақтар болатын. Мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі – қыпшақ тілі деп белгіленген. Алтын Орда мемлекеті тарихи әдебиетте «Қыпшақ ұлысы» деп те аталады. Оның ор­наласқан аумағы қазіргі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказ жеріне дейін созылып жатқан.

Алтын Орда өзінің ша­рықтау дәуірінде Шы­ғыс Еуропаның Орал тау­ларынан Днепр өзенінің оң жақ жағалауына дейінгі жерлерді алып, Сібірге терең бойлай енген. Оңтүс­тігінде Орданың жері Қара теңізбен, Кавказ тау­ларымен және моңғол Хулагу мемлекетінің қол ас­тындағы Персиямен шек­тес­кен. Алтын Орда Өзбек пен Жәнібек хандар тұсында едәуір көтеріледі. Мәселен, Өзбек ханның кезінде мұсылман діні мемлекеттік дін болып жарияланады. Алғашқыда көне ұйғыр жазуы негізгі жазу болып қалыптасса, кейіннен ислам діні ықпалының кү­шеюіне байланысты араб жазуы да қатар қолданылған. ХІV ғасырдың екінші жартысы Алтын Орданың тәуелсіз иеліктерге бөлінген кезі.

Тоқтамыс ханның Алтын Ордадағы билігін соғыстағы жеңістермен бекіте түс­пек болып, 1382 жылы Мәскеуді өртеген оқиғасы да тарихта қалды. Ақсақ Темірдің басқыншылық жос­парларына солтүстік-батыста орналасқан Алтын Орда кедергі жасаған. Сондықтан Темір оларға қарсы өз жорықтарын бас­тайды. Әмір Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы шешуші шайқас 1395 жылы болады. Тарихтағы Сыпыра жыраудың жарқырай көрі­нетін тұстары да осы кезең. Жасында Тоқым хан аталған Тоқтамысқа қарата айтылған:

«…Он екі тұтам оқ атқан,

Одан соңғы ер Шыңғыс.

Оны көрген кәріңмін.

Мұнарасы қырық құлаш,

Өзден сұлтан Жәнібек,

Оны көрген кәріңмін.

Ұлы бабам Домбауыл,

Соны көрген кәріңмін.

Жүз сексенге келгенде,

Сонша хандар өткенде.

Жас та болсаң,

Тоқым хан,

Сені көрген кәріңмін, – дейтін толғау көбімізге таныс.

Әмір Темір Алтын Ордаға жойқын соққы жасап, астанасын қира­тып, Қырым сауда қала­ларын тонап, ең шебер қол­өнершілерін өз астанасы Самарқандқа айдап әкетеді. 1440 жылдары Ордада тағы бір азамат соғысы тұтанады.Осыдан кейін ол бірнеше хандыққа бөлшектеніп кетеді. Олар – Қасым хан­дығы, Қазан хандығы, Астрахан хандығы, Қазақ хандығы, Өзбек хандығы және Қырым хандығы болатын.

Ресейлік антрополог Л.Яблонский отыз жыл бойы Алтын Орда көш­пен­ділерінің бассүйегін, қаң­қасын зерттей келе, орта­ға­сырлық бұл жасампаз жұрттың бет-пішініне, қа­зіргі халықтардың ішінде пошымы жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды деген қорытынды жаса­ған. Сондай-ақ, палеоге­не­тикалық зертте­мелер нә­ти­жесі Алтын Орда арис­тократтарына гендік, қан­дық тұрғыдан қазақтар ғана жақын деген шешім шығарыпты.

Біз, әрине, теңіздей тарих­тың тамшыдай бір дерегін ғана тізіп отырмыз. Негізі тарихта Ақ Орда Алтын Орда атаулы қатар жүреді. Ақ Орданың астанасы Сы­ғанақ еді, оның билігіне 1379 жылы Тоқтамыс ие болады. Келер жылы ол Сарайды, Қажы-Тарханды, яғни, Ас­траханды, Қырымды және Алтын Орданы алады. Бұл жөнінде жоғарыда айтып өттік.

Айналып келгенде, сөз­дің анығы 1227-1502 жылдар аралығында, үш жүз жылға жуық салтанат құрған сәулетті қағанат Алтын Орда тарих көшінде Қазақ хандығының билігіне ұласа отырып, табиғи-тарихи тұрғыда мұрагерлік құқығын иемденген.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<