Тракторшы Гүлсара немесе бүгінде сол қыз қайда екен?

892

0

I

Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Абылай Айдосов «ВЛКСМ Орталық комитетіне мүше болып, Қызылорда облысынан Ғани Мұратбаевтан кейінгі сайланып отырған екінші адам сен» дейтін еді, – деп бастады әңгімесін Гүлсара Қуандықова.

Қарт журналист ретінде елеусіз болып ұмытылып бара жатқан, уақытында Одақ бойынша механизаторлардың жарысында бас жүлдеге ие болған қазақ қызының тамаша жеңісін келешек ұрпақ білсін деп, жаңғыртып очерк жазғаным – үлкендік парызым.

Гүлсара Қуандықова 1947 жылы Жалағаш ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген. Анасы Тәжі – дүниеге 8 бала әкелген Батыр ана. Әкесі Қуандық «Еңбек» ауылдық советінің председателі қызметін атқарып жүріп, 1954 жылы дүниеден өтті. Гүлсара Жалағаш кентіндегі №123 орта мектептің сегізінші класын бітіргеннен кейін, сол жылы №15 кәсіптік-техникалық училищеде алты айлық курста оқып, механизаторлық мамандық алып шығады. Бұл 1962 жылдың наурыз айы болатын. Содан кейін 15 жасында «Еңбек» колхозында тракторшы болып жұмысқа кіріседі. Ол кезде колхоз председателі Сүйіндік Қоқымбаев, партия ұйымының секретары Әмзе Күздеуов, бас инженер-механик Қартаңбай Қанатбаев, бас агроном Жұмабай Кенжебаев еді. Колхозда механизатор жетіспейтін. Олар өзара ақылдасып, Гүлсараны «Беларусь» тракторына отырғызды. Басшылардың сенімсіздігін сезген Гүлсара жас кезінде анасының да тракторист болғанын есіне алды.

Иә, анасы Тәжі 1939 жылы «Ақжар» МТС-ның үш жарым айлық механизаторлық курсын бітірген. Содан кейін №11 ауылдың шаруашылығына белсене араласады. 1945 жылға дейін ХТЗ тракторын айдап, соғыс жылдары әйелдерден құралған егіншілер бригадасын басқарды. Ел басына ауыр күн туған кезде ер-азаматтың орнын басып, еңбек етеді.

Жылдар жылжып өтіп жатты. Еңбек өтілі өскен сайын Гүлсараның да аты шыға бастады. 1965 жылдың наурыз айында колхозға аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінен келген «ДТ-75» жаңа тракторының тізгінін ұстау Гүлсараға тиді. Сол жылы ең жауапты «Жақаевшылар участогын» айдау Гүлсараға бекітілді. Бұл жерге Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Сәрсен Балқыбаева мен «Еңбек Қызыл Ту» орденді күрішші Рысалды Сүлейменова күріш еккен еді. Өзі айдап, өзі жыртқан жерден келер жылы әр гектарынан 40 центнерден күріш орып, Отан қоймасына 7000 центнер «Ақмаржан» құйды. Бұл оның 1965 жылдың егін жинау науқанының қорытындысымен қолы жеткен табысы еді. Сол жылдың желтоқсан айында КПСС мүшелігіне кандидат болып қабылданды. 1966 жылы Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің XI съезіне делегат болып қатысты. Съезде ЛКСМ Орталық Комитетінің пленум мүшесі болып сайланды. Бұл үлкен құрмет, сенім, жауапкершілік болатын.

Еңбек ете жүріп Гүлсара қоғам жұмысына белсене қатысты. Колхоздағы комсомол ұйымына жетекшілік жасады. Ауылдағы жастарды ұйымдастырып, көркемөнерпаздар үйірмесін құрды. Өзі де белсенді мүшесі болды. Тыңдаушылар Гүлсара салған «Тербеледі тың дала», «Арыс жағасында» атты әндерді қайта-қайта айтқызатын. Еңбекті әнмен ұштастырған Гүлсара шаруашылықтың айтулы, іскер механизаторына айналды. Ол атқармаған жұмыс қалмады. Шөп шабу, мал азығын тасу, канал қазу, жер жырту, егін жинау, күзгі зябь айдау, басқа да жұмыстарды атқарды.

1966 жылдың қорытындысымен Гүлсараның кеудесіне «Еңбек Қызыл Ту» ордені тағылды. Бұл аудан шаруашылықтары механизаторларының арасында «Еңбек Қызыл Ту» орденін алған он тоғыз жастағы тұңғыш қыз бала еді. Атам қазақта «Еңбексіз бақыт жоқ», «Еңбек сүйгенді – ел сүйеді», «Еңбек ет те, міндет ет», «Еңбек ширатады, өмір үйретеді», «Еңбек пен бақыт – егіз», «Еңбек – ырыстың бұлағы, еңбек – бақыттың шырағы» деген қанатты сөздер бар. Ауыл үлкендері бұл сөздерді Гүлсараға арнап айтатын. «Тәжінің үйінің жұлдызы күндіз-түні жанатын болды» дейтін. Осылайша отбасында басталған жақсылық Гүлсараның атақ-даңқына ұласып, аты ауылдан асып бара жатты.

Анасы Тәжі болса, қазақы дәстүрден аттамай «шүкір, шүкір» деп, жетісіне бір рет күлшесін пісіріп, оны көрші-қолаңға таратып ауыз тигендердің ықыласына бөленді.

II

1967 жыл ауылға үлкен жаңалық алып келді. «Еңбек» пен көршілес «Ақарық» колхозы бірігіп, совхоз болды. Әуелі «Еңбек» совхозы деп аталып, кейіннен Қазақстанның Ленин комсомолы атын иеленді.

Осы жылдың басында Гүлсара Алматы қаласында механизаторлардың республикалық жарысына қатысты. Жарыс бір жетіге созылды. Оған 17 механизатор қатысты. Он алтысы – жігіт те, он жетінші – өзі. Осы үлкен жарыста жүлделі бірінші орын алып, Мәскеуде өтетін механизаторлардың одақтық жарысына Қазақстаннан Гүлсара Қуандықова ғана қатысатын болды. Оны ауылға қайтармай, бір жеті дайындықтан өткізбек. Сол кезде Гүлсараның ауылға, анасына жазған хатын сол күйінше жариялауды жөн санадым:

«Мама, Алматыдағы жарыс өте қиындықпен өтті, жарысқа келген 17 адамның ішінде қыздан бір өзім болдым. Сірә, қазақ қыздары техника тілін меңгеруге не ықылассыз, не оларға жөнді көңіл бөлінбейтін тәрізді. Әйтеуір мен көрген шындық осы. Қыздан жалғыз екенімді көргенде үйге қайтып та кеткім келді. Бірақ, мама, дүйім бір облыстың намысын арқалатып жібергендері қинады мені. Ақыры қатыстым. Жігіттер арасында бірінші орынға іліктім. Енді Мәскеуде осындай жарыс бар екен, соған жіберіп отыр. Бұл жолғы жүгім тіпті ауыр. Бір ғана Қызылорда облысы емес, бүкіл Қазақстан намысын қорғау керек. Ал онда ел-елдің ерен шыққан механизаторлары келетін көрінеді…»

Гүлсара,

Алматы қаласы,

3 қазан 1967 жыл».

Механизаторлар жарысына 22 адам қатысатынын, оның 20-сы ер адам, екеуі қыз екенін білді. Бірі – өзі де, екіншісі – Украинадан келген Валентина Беспятая. Жарыстың Мәскеу облысының «Заря Коммунизма» атты совхозында өтуі жоспарланған. Мерзімі он күн. Қатысушылардың бәріне бір-бірден жаңа «ДТ-75» тракторын берді. Шарты күрделі. Оны да алдын ала ескерткен. Атап айтатын болсақ, техникадан ақау шықса, оған жарысушы жауап береді. Ақау үшін балы кемітіледі.

Бағдарлама бойынша жер жырту, тұқым себу, басқа да сынақтар көрсетілген. Олар мерзімінен асырылмай орындалуы тиіс. Жарысқа қатысқан 22 адамның жетеуі 60 балдан алды. Бұл жоғары көрсеткіш еді. Гүлсара бірінші орынды иеленеді. Содан кейін ширек гектар жерді 45 минутта айдап шығу тапсырмасын 37 минутта орындап шықты. Бас бәйгені алған жарыс жүлдегерін СССР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары К.Назиренко құттықтап:

– Гүлсара, сен енді үлкен жарыстың жүлдегерісің деп, «Озат тракторшылар конкурсының лауреаты» атағы берілгендігін хабарлап, бірінші дәрежелі диплом тапсырды. Жүлделі орынға ие болған Гүлсара Қуандықоваға «Сельская молодежь» журналының редакциясы «Қазіргі жастар прозасы мен поэзиясының» бестомдық сериялы кітапханасын сыйға тартқан-ды. Ал, озат механизаторлардың конкурсын ұйымдастырған ВЛКСМ Орталық комитеті мен Ауыл шаруашылығы министрлігі Гүлсараға үш аяқты мотоцикл мінгізіп, «Комсомольская правда» газеті алтын сағат сыйға тартса, «Крестьянка» журналы әрқашан «Маяк» хабарын тыңдай жүр деп, «Орбита» транзистрін тарту етті.

Бұл марапат осыдан 53 жыл бұрын 26 қазан 1967 жылы Мәскеу қаласында болған еді. Мұны бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Бұл марапат жастар үшін үлгі, үлкендер үшін мақтаныш болды.

III

Жарыстан келгеннен кейін Гүлсара бір топ құрбыларымен бірлесе отырып, механизатор мамандығын меңгеруге шақырған үндеу жазуды қолға алды.

Бұл идеяны аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Садық Әлиев бірден қолдап, аудандық партия комитетінің келісімін алып, аудандық газетке жариялауды ұйымдастырады. Сонымен бұл үндеу «Жас достарға хат» деген атауымен 1967 жылдың 23 желтоқсанында «Жаңадария» газетінде жарияланды.

Үндеу жас қыз-келіншектерді механизаторлық мамандық алып, ауыл шаруашылығына еңбек етуге жұмылдырған айтулы белес, жаңалық болды.

Аудан аумағындағы барлық бастауыш комсомол ұйымдары мен мектептерде кең талқыланды. 1964 жылы облыста жастарды күріш егуге шақырған Жақаевшылар қозғалысы басталса, бұл үндеу соның жалғасына айналды.

Жыл өткен сайын аудан шаруашылықтарында механизаторлықты игерген қыз-келіншектер қатары көбейе бастады. Олардың саны елуден асып, «Жаңаталап» совхозында «Рауан» атты қыздардың трактор бригадасы, Калинин атындағы совхозда «Қарлығаш» атты механизатор комсомол жастар бригадасы, «Таң» совхозында «Гүлдер» атты тракторшы қыздар бригадасы ұйымдастырылып, табысты еңбек еткендері баршаға аян. Аты облыстан асып, республикаға дейін жетіп жатты. Олар тракторшы Гүлсараның ізбасарлары еді.

IV

Осыдан жарты ғасыр бұрын атақты ақын Асқар Тоқмағанбетовтың Гүлсараға арнап жазған өлеңін тағы бір оқып көрейік:

«Өмір жаз, адам бір қоңыр қаз,

Балапан көркейер бағында.

Жастықта, достықта көңіл наз,

Шарықтар өзінің шағында.

Өмірге сен гүлсің жасыңда,

Қызғалдақ бол-дағы гүлдеп өс.

Жыл тұрар қас қақпай қасыңда,

Тіл тапсаң тілдесер саған дос.

Әр гүлдің иісі бар өзінше,

Әр гүлдің шешегі әр басқа.

Кім де кім өзінше жауапты сезінсе,

Көркейер, көзтүрткі болмас та.

Көрдің бе, Гүлсара – тұлпардай.

Тулатып трактор мінген қыз.

Қиядан ұшқан бір сұңқардай,

Москва, Кремль – барлығын көрген қыз.

Жүлде алған жарыста ту алған,

Гүлсара даңқымыз бұл біздің.

Жүрегі жарыла қуанған,

Жұлдызы жердегі күндіздің.

Ар деген бәрінен жоғары

Адамдық одан да биік қой.

Арды ешкім жеңе алған жоқ әлі,

О, достар осыны біліп қой.

Гүлсара, талпынсаң тас жарып,

Тауға шық атыңды тұлпар ғып.

Жолың тұр  жаңадан басталып,

Жақсы ісің көбейсін құптарлық».

Ақынның тебірене жырлаған ақеділ лебізін қабылдап, оның салмағы бар екенін жүрегімен сезінген Гүлсара еңбектегі қолы жеткен табыстарын одан әрі еселей түсуім керек деп түсініп, марапат-мақтауға желікпей, еңбек майданында қайраткерлік көрсете білді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Махмұтбай Әміреұлы айтады:

– 1967 жылдың қазан айының соңғы күндері болатын. Облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Қаржыекең – Қаржау Жарқынбеков композитор Тәңірберген Қалауов екеумізді өзіне шақырып алып, «Жігіттер, біздің Гүлсара Қуандықова деген тракторшы қызымыз Мәскеуде өткен механизаторлардың одақтық жарысында жүлделі орынды жеңіп алып, республиканың мақтанышына айналып отыр. Халық қашанда өзінің қалаулы ұл-қызын ән қанатымен көтеретін әдеті емес пе?! Ендеше тракторшы Гүлсараға арнап бірің әнін шығарып, екіншің өлеңнің текстін жазсаңдар, сөйтіп «Тракторшы Гүлсара» атты әнді өмірге келтірсеңдер, – деген еді.

Сол-ақ екен, жастықтың оты жалындап тұрған кезінде композитор Тәңірберген Қалауов пен ақын Махмұтбай Әміреұлы екеуінің «Тракторшы Гүлсара» атты әні өмірге келеді. Әннің толық тексті төмендегіше:

Жақсы үмітпен бір жарқ етіп жанары,

Дүбірлетіп жатқан байтақ даланы,

Таңнан тұрып темір тұлпар мінген қыз

Қырқа жаққа қайта кетіп барады.

Қайырмасы:

Бақытыңды шың сана,

Өміріңді гүл сана.

Жарыстағы құрбыңды,

Жаныңда әркез бір сана

Ер еңбекте жүлде алған,

Тракторшы Гүлсара.

Қыз арманы қайта бүгін гүлдеді.

Бақытымен бал-бұл жанып тұрды өңі.

Өнерлі қол өрге шапшып жарыста,

Озып шығып, жеңіп алды жүлдені.

Қайырмасы:   

Күн нұрымен бөленгендей нұр жүзі,

Туған елдің қызғалдағы қырмызы.

Аспанында Москваның жұлдыз боп,

Жарқырайды Сыр бойының бір қызы.                

Қайырмасы: 

Бақытыңды шың сана,

Өміріңді гүл сана.

Жарыстағы құрбыңды,

Жаныңда әркез бір сана

Ер еңбекте жүлде алған,

Тракторшы Гүлсара.

Әннің сазы да, сөзі де көпшілікке ұнаса керек, тез тарады. Жастар жиналған жерде жиі айтылатын болды. Механизаторлардың маршына айналды деуге де болады. Республикалық «Шалқар» бағдарламасынан да үзбей берілетін. Мұны естіген «Еңбек» ауылының үлкендері «біздің Гүлсара ән болып аспанда қалықтап жүр» деп мақтан тұтатын. Ой, заман-ай десеңізші! Сол Гүлсара бүгінде қайда жүр екен?! Асықпаңыз. Оны да айтамыз.

V

«Ленин жолы» газетінің 6 наурыз 1968 жылғы санында «Жастар орны – алғы шеп» деген тақырыппен облыстық XV Комсомол конференциясынан материал жарияланған. Сондағы жарыссөзге шығып сөйлеген Қармақшы ауданының Ленин атындағы совхозының механизаторы А.Күнтуарованың сөзі: …«Мен біріншіден, жас механизаторлардың байқау жарыстарын облыс және аудан көлемдерінде өткізіп тұруды дұрыс деп ойлаймын. Жас құрбыларымды механизатор болуға шақырамын. Сосын осы мінбеден өзімді көптен толғандырып жүрген бір жайды айтқалы тұрмын. Ол сырым мынау: Мен замандасым Гүлсара Қуандықованы мақтаныш етемін. Ол жас тракторшылардың бүкілодақтық жарысының жүлдегері атанғанда шексіз қуандым. Оның облыс жастарына арнап жазған хатын тебірене оқып, оны өте орынды деп таптым. Менің де Гүлсарадай болғым келеді. Гүлсара өзінің бақытын еңбекпен тапса, мен де бұдан былай өнімді еңбек ете отырып, өз бақытымды еңбектен іздеуге бел байладым. Гүлсара конференцияға қатысып отыр. Сондықтан осы сәтті пайдаланып, оны Социалистік жарысқа шақырамын».

Облыстық «Ленин жолы» (бүгінгі «Сыр бойы») газетіне «Кел, Гүлсара, жарысайық!» атты А.Күнтуарованың шақыруы мен «Құп алдым, Алтыншаш!» атты Қуандықованың жауабы жарияланды. Осылайша қыз-келіншектердің механизаторлық мамандықты игеруіне Гүлсара Қуандықова үлкен роль атқарды.

VІ

Ол облыстық, республикалық, одақтық комсомол пленумдары мен слеттеріне, кәсіподақ комитеттерінің әртүрлі деңгейдегі жиындарына қатысып, қоғамдық өмірге белсене араласты. Көп нәрсені көрді, көп нәрседен сабақ алды.

1968 жылы Совет Одағының бір топ жастарының құрамында Болгария орталығы Софияда өткен дүниежүзілік жастар фестиваліне қатысты. Сол фестивальға қатысқан ақын Олжас Сүлейменовпен шетелде танысқанын әліге дейін еске алып отырады. Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің секретары Іңкәр Абаева бастап барған, Ташкентте өткен Совет-Монғол достығының слетіне барған делегацияның құрамында Гүлсара да болды.

VIІ

Жуырда Гүлсарамен кездесіп, өткен кезең, әсіресе, еңбекке араласқан алғашқы жылдары жайлы айтуды сұрадық.

– Жаспыз, ел игілігін жасап жатқан ағалардың қимылын көріп, біз де соған ілескіміз келетін. Кей күндері он сағатқа дейін трактор рулінен түспей еңбек еткен кезіміз болды. Ауыл шаруашылығында жыл он екі ай бойы жұмыстың толастамайтыны баршаға аян. Әсіресе, егін жинау кезінде бір ғана мақсат. Ол – ауа райы бұзылмай тұрып, бітік егінді жинап алу. Бұл өзі шаруашылық өміріндегі ең жауапты науқан болып есептеледі. Өйткені еліміз қашанда дәнді қадір тұтқан ғой. Сондықтан бұл уақытта ешкім уақытпен санаспайтын, реніш білдірмейтін, қабақ шытпайтын. Біз сондай ортада еңбектің қадір-қасиетін біліп өстік. Әрине, механизаторлық мамандықты меңгеріп, оны алып жүру қыз-келіншектер үшін оңай шаруа емес. Әсіресе, отбасы бар аналардан бұл үлкен жігерді, қажыр-қайратты, шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Мамандықты жан-тәніңмен сүйе білуің қажет. Сонда ғана қуанышына кенелесің. Еңбек деген – сән-салтанат емес, жыл он екі ай бойы бел шешпей тер төгу. Әуестікпен тиіп-қашып істеген істің абыройы болмайды. Еңбек орынсыз паңсынуды, парықсыз намысқорлықты көтермейді, ол өзіне деген адалдықты сүйеді, сонда ғана адамға игілік болып оралады. Ең әуелі еңбек адамға қуаныш әкелуге тиіс. Қоғамға пайдалы ісіңе көңілің толса, демек өмірден өз орныңды тапқаның. Тракторшы мамандығы ұнаса, басқа кедергі түк те емес, онда мақсатыңа жеткенің. Мен де алғашқыда тракторды сырттай қызықтағанмын. Кейін ғана дегеніме жеттім. Дегеніме жеткенім емес пе, үзбестен он жыл бойы, яғни 1972-1982 жылға дейін трактор рулінде отырдым.

Сенім жүгі ауыр да ардақты. Сондықтан бәріне де уақыт таба білу керек. Адал еңбек, маңдай тердің зая кетпейтінін, оның құрмет пен абыройға бөлейтінін, мұратқа жеткізетінін әрбір адам жақсы біледі. Дегенде күнделікті жұмыс арасында әртүрлі қоғамдық, комсомолдық шаралардың болатынын, оны да орындауың керек екенін ұмытпауға тиіссің. Уақыт шіркін, неткен жүйрік десеңізші?! Ойлап отырсам, сондағы күнмен бүгінгі күннің арасында 48 жыл өтіпті. Аз уақыт емес. Жарты ғасырға жуықтапты-ау.

Кім де болса, өзінің өткен күндерін, сол күндерде атқарған жұмыстарын ойға алып шолу жасаса, өзі өмір сүрген дәуірдің ажырамас бөлігі екенін айқын сезеді. Әр адам – өзі өмір сүрген қоғамның перзенті, сол ортаның бөлінбес бір бөлшегі. Жекенің жалпыға айналуы деген осы болса керек-ті. Туралап айтқанда, әр адамның шағын өмір тараулары тоғысып келіп бүкіл еліміздің тарихын жасайды. Ұрпағымыз соларға қарап өседі. Бүгініміз – кешегінің жалғасы. «Келешек жастардыкі» деген қанатты сөз осындайда айтылған, – деп әңгімесін аяқтады кешегі комсомол қыз, бүгінгі 8 немеренің әжесі, ардагер ана, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Гүлсара Қуандықова.

VIIІ

Заманында есімі әнге айналған Гүлсара бүгінде Тасбөгет кенті З.Шүкіров көшесінде тұрады. Күйеуі, милиция майоры Аққали екеуі Ботагөз, Сайран және Ибрагимбек атты балаларды дүниеге келтіріп, олардың жоғары білім алуына қол жеткізді. Бүгінде бірі – тәрбиеші, екіншісі – банк саласында, үшіншісі кәсіпкер болып еңбек етеді.

Менің тәжірибемде жазбамның соңына ақындардың өлеңдерімен нүкте қоямын. Бұл жолы да сол әдісті қолданбасам, кеулім кеншімейтін сияқты. Олай болса ойға оралған ақын Аманжол Шәмкеновтің:

Ой шарлайды, оймен бірге жүгірем,

Әр адамға барлау жасап күнімен.

Әр адамның өмірі – бір хикая,

Әр адамның жүрегіне үңілем.

Бар мейірін бүкпей тура қараған,

Маған түрлі ой салады әр адам,

Гүл тәрізді күнге бойлап өсетін,

Әр адамның көзінен нұр, нәр алам,

Әр адамнан байқаймын мен әр ізді,

Қай із болсын, өзінше ол да маңызды.

Жақсысы үлгі, жаманы сақ жүргізер,

Әр адам бір маған мектеп тәрізді, –

деп жырлағанындай, Гүлсара Қуандықованың өмірі өз алдына бір мектеп деуге болады.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер одағы мен Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<