Ұлытаулық ағайындар

675

0

Сонау соғыс басталған жыл. Ол кезде біздің ауыл – қазіргі «Қоғалыкөл» екі колхоздан тұратын. Бірі – Сталин атындағы, екіншісі – «Ортақшыл». Ұлы көсем атындағы колхозда Әкімал мақсұмның, ал «Ортақшылда» Сражаддин, Жәркен аталардың алдынан ешкім кесе өтпейді. Екі колхоздың кәсібі – мал мен егін. Егін болғанда ауылдан қашықтағы «Қырықжігітке» бидай, тары егеді. Ол кезде күріш егу қолға алынбаған. Орталықтағылар қауын егіп, қақ тіліп, қыстық азығын жинайды. Еңбекке ерекше көзқарас бар.

Еңбек етпегендерді ауылдан көшіретін, қысқаша айтқанда, жер аударатын заң бар. Заң болғанда елдегі ақсақалдар үкімімен жүзеге асады. Ел тізгіні ақсақалдар қолында. Жұмыстың көбісін жесір келіншектер атқарады. Ал, біз мектептен шыққан бойда масақ теріп, күнкөріс жасаймыз. Кейде белсенді ағаларымыз масағымызды қолымыздан жұлып алып, қырманға төгеді. Жыламсырап үйге қайтатын сол бір кез естен кетпейді. Дегенмен, ауыл балалары ерте есейді. Әке-шешелерінің арқа сүйері болды. Күннің жаманы лезде кетеді екен ғой..

Сол бір кезеңнің оқиғасынан әңгіме қозғау көптен ойымда жүрген. Соның тиегін қаз қалпында ағытудың сәті түсті. Қырық бірінші жылдың көктемі еді. Мәскеуден Левитанның дауысын естиміз. Үрейіміз ұшады. Левитанның дауысы немістердің еңсесін басқандай әсер берерін байқаймыз.

Таңертең еді. Ауыл шетіндегі «Аманәжі» деп аталатын ескі қыстаулар жиегіндегі жайлауға үлкен көш келіп қоныстанып жатқан хабар келді. Иә, үлкен көш, бейтаныс ауыл. Бала біткен көшіп келген бейтаныс ауылға барып, таныса бастадық. Ойынға шықтық. Ойын болғанда жаппай ләңгі. Бізден Зұлқарнай, Ізбасар, Сәрсенбай, Алтынбектер ләңгі тебуден алдына жан салмады. Олардан ағайынды Кәкімжан, Әкімжан, оқта-текте Жылкелді қосылды. Сонан аралас-құралас басталып кетті. Сонымен, көш қайдан келді? Біздің ауылдағы Алуадин, Шәмшат, Мырзеке бастаған үлкендер сәлем беруге барды. Бір-бірін қонаққа шақыру басталды. Сөзді жаңа көштің басшысы Темірбай ата алды:

– Иә, ағайындар біз – ұлытаулықтармыз. Жезқазған жағында қуаңшылық орын алып, қоныс аударуды ұйғардық. Сырдарияның суы мол көрінеді. Егін егіп, отбасын қиындықтан шығарсақ деген ниет бар. Әзірше 23 үй келіп қоныстандық. Кейін бізге қосылып жатқан көш болса, қарсы болмассыңдар. Ел, жер – бәрімізге ортақ қой. Бұл сөзді іле Тұңғышбай, Рақымбек, Көшекбай, Хамитбек, Молдабек, Мықан қостай жөнелді.

– Жер кең. Құшақ ашық, кеңі сіздерге, тары бізге, – деді мақсұм Әкімал. – Қай рудансыздар?

– Көбіміз Тіней. Шоштан, Жырық, Жәлмендер, Ахмет, Оразай ишандар – біздің бабаларымыз.

– Өзіміз екен. Түбіміз бір туыс елміз, – деді Беген ақсақал.

Жаңа қоныстануға келгендер ескі қыстауларды жөндеп, баспана сала бастады. Жаз шыға жағалай егін егуге бетбұрыс жасалды. Шағын ауылдың бір бөлшегіндегі серіктестікте Қайыпназар Темірбаев, Мырзабек Мықанов билік жүргізетін болды. Хамитбек аға мектепке мұғалім, Рақымбек аға есепшілік тізгінін ұстады. Жылкелді бір шағын дүкенде сауда жүргізді.

Ауылға келген 23 үй түгелдей түйе өсіретін шаруа болып шықты. Беген ата бастаған түйекештер бригадасы құрылды. Қызылорданың «Заготзерносына» астық тасу басталды. Ауылдың арқа-басы кеңіп қалды. Алғы шепте бұрын егіншілікпен айналыспаған ағайындар көп қиындық көрді. Жергілікті тұрғындар оларды қауын, қарбыз, асқабақ, жүгері, тары өсіруге баулыды.

Алғашқы егін-терім басталды. Сталин атындағы колхоз астық тапсырудың көш басына шықты. Бұл орайда, қоныстанушылардың күш көлігінің көп шапағаты тиді. Байырғы тұрғындардың ол кезде өздері өсірген алғашқы қауын, қарбыздан бір-біріне дәм татқызу үрдісі болатын. Білікті диқан ауыл ақсақалы Жұмабай көш бастаушысы еді. Өзі бас болып күзгі егін-терім кезінде көшіп келген ағайындардың басын қосып, шай берді. Бұрын қауын-қарбыз егіп көрмеген олар қызу әңгімеге көшті. Жұмабай ата бір үлкен қара күләбіге пышақ тигізген бетте дар етіп, қақ айырылды. Көз тігіп отырған дастархан басындағылар шалқалай құлады. Дар еткен дауысты мылтық деп ұқса керек. Сәлден соң Жұмабай ата ішек-сілесі қата жарылған қауынды тіліктеп жұртқа таратты. Тіл үйірген қауын бейтаныс жұртты таңырқатты. Бүгінде сол баяғы көштің ұрпақтары «Қоғалыкөлде» тамыр жайды.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<