«Учитель Омар» атанған

211

0

ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан Сыр өңірінде алғашқы орыс және мұсылман мектептері ашыла бастады. Осы мектептерге ХІХ ғасырдың 80-90-жылдарынан бастап жергілікті қазақтардан шыққан Ешмұхамед Бөкин (Букин) бастаған мұғалімдер ұстаздық жасады. Олардың қатарында Иса Тоқтыбаев, Ерғали, Ибрай Қасымовтар, ағайынды Ешмұхамед, Досмұхамед Букиндер, Әліш Торғаев, Бабабек Есенов, Михаил Тарасович Широков (1895-1952 жылдары мұғалім болған) тағы басқа ұстаздар қызмет етті. Бұлармен бірге Қаракөл-Қуаңдария (кейіннен Аламесек) болысының қазағы Омар Самаев мұғалімдік қызметін бастаған.

ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында Аламесек елді мекені гүлденген, өркендеген №1 ауыл орталығы еді. Оған осы Аламесек мектебінің жетекшісі Досмұхамед Букин (Бөкіұлы) көп көмектесіп, ақыл-кеңесін беріп отырды. Бұл екеуі 1900 жылдан 1918-1919 жылдарға дейін бірге ұстаз болды. Талай жастың білімін көтерді, алға сүйреді.         

Ал Омар Самаевтың өзі шамамен 1879-1880 жылдары шаруа отбасында дүниеге келеді. Ағасы Иман Самаевтың айтуымен алғашқыда Перовскідегі реальный училищесін, кейіннен Ташкенттегі алты айлық курсты оқып бітіреді. Д.Букиннің ұсынысымен 1900 жылы Аламесекте қазақ тілінен сабақ береді. Оқу-құралдарының жоқтығынан, балаларға орысшадан қазақшаға аударған. Екіншіден, 1901-1903 жылдар аралығында Досмұхамед Букиннің басшылығымен Перовск қаласынан түйемен парта, тағы да басқа құралдарды тасып және 20 орындық интернат салуға мұрындық болады. 1916 жылға дейін қазіргі Жалағаш, Тереңөзек ауданында 2 мектеп ғана болған. Олар – «Аламесек» және «Хан» мектептері.

1900 жылы-ақ ел арасында «Учитель Омар» атанған Омекең ұстаздың алдын көрген, кейіннен қоғам және мемлекет қайраткері атанған Темірбек Қараұлы Жүргенов, Сәдуақас Баймаханов, Хамза Сарбасовтың есімдері елге белгілі болды. Бұлардан басқа Көбен Байкөбеков, Нұржан Жұдырықов, Кіребай Досовты оқуға тартқанымен кейіннен түрлі қиындыққа шыдамай, тастап кеткен. Т.Жүргенов, С.Баймаханов, Н.Жұдырықов, К.Досов тікелей Омар Самаевтың ықпалымен оқыған. Өйткені олар бір атадан тараған.

1918-1919 жылдары Перовск Совдепін басқарған Иосиф Гержот түрлі сылтаулармен О.Самаевті қуғындай бастайды. Сыр елі «Кәрі жұт» атаған шолақ белсендінің қаһарынан қаймығып Қарсақбайға барып, бой тасалапты. 1919-1930 жылдар аралығында Қарсақбай қаласындағы мектептер мен балалар үйінде қызмет атқарады.

1930-жылдардан кейін Омар Самаев Қармақшыдағы «Автозауыттағы» (кейін Жосалы механикалық зауыты – Т.Д.) жетіжылдық орыс мектебінде 1940 жылға дейін ұстаздық еткен. Бүгінде ол №250 мектеп деп аталады. Бұл мектеп ВКП(б) Орталық комитетінің міндетті оқуға тарту және жұмысшы қыстақтары, зауыты бар аудандарда міндетті түрде жетіжылдық мектеп ашу туралы қаулыға сәйкес құрылған.

Самай балаларының қай-қайсысы да – ауылдастар арасында беделі бар адамдар. Омардың ағасы 1870 жылы туған Иман Самаев сұсты да шешен тілді кісі болыпты. Қаракөл-Қуаңдария болысының №7 ауылында ауылнайлық қызмет атқарған. Ал Самай бабаның есімі 1868 жылғы Перовск уезінің құжатында (232 қорда) жазылып қалған.

Омар 1907-1908 жылдар шамасында Патимамен бас қосады. Үлкен баласы Әшімбек 1909 жылы туған. 1925 жылы ауыл шаруашылығы техникумында оқып, есепшілік мамандық алады. Ұзақ жылдар сот саласында, кейіннен өзінің мамандығы бойынша абыройлы еңбек етті. 1928-1930 жылдары Қарақалпақстанда, кейіннен Қызылордаға оралып әртүрлі қызмет атқарды. 1937 жылы Мәскеуде құқық курсында оқыған. 1983 жылы өмірден өткен. Омар, Әшімбек Самаевтар Қызылорда қаласындағы ескі орталық қорымға жерленген. Омекең Патима қайтыс болған соң, қоғам қайраткері Иса Тоқтыбаевтың Назым атты қарындасымен бас қосып, үбірлі-шүбірлі болады. Назым әжеміз 1955 жылы қайтыс болып, ескі қорымға қойылыпты. 

Сонымен, Омардан Әшімбек, Мұхамеджан, Асан, Кемел туады. Ең үлкен баласы Әшімбектен Ислам Самаев (1946 жылы туған), Сайраш, Кагор, Нұрлан, Ақмарал, Биғали болып жалғасып жатыр. Жоғарыда есімдері аталған шәкірттері қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілсе, бір шәкірті Рахым Алшынбаев өзінің жолын қуып, ұстаз болды. «Ленин» орденді ұстаз кезінде бастауыш сыныпқа арнап қазақ тілі оқулықтарын жазды. Р.Алшынбаев «Аламесек» мектебінде ұстаз болған Досмұхамед Букин мен Омар Самаевты жиі еске алып, құрмет тұтатын.

Тарихи суретте (1938 жыл) солдан оңға қарай бірінші қатарда Омар Самаев, екінші Құттымұратова, үшіншісі Ахмет Нұрекешов, тағы да басқа ұстаздар. Тарихқа енген бұл суреттен өздерінің аналары мен әке-ағаларын танып, білер деген ниетпен Омар Самаев туралы мақалама қоса бердім. Сыр еліндегі алғашқы мұғалімдердің бірі Омар Самаевтың қысқаша өмір жолы осындай.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

зерттеуші, жазушы,

«Құрмет» орденінің иегері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз