Жан шуағы немесе генерал Стабров, аға лейтенант Лобода және басқалар…

792

0

1972 жыл. Шілде айының 29-ы. Забайкалье. Мирная станциясы. №930 артиллерия полкінің оқу-жаттығу полигоны. Күн сенбі еді. Бүгін бұл жерде ешқандай жаттығу жұмыстары жүргізілмейді. Солдаттар полигондағы тазалық және қалпына келтіру жұмыстарымен шұғылдану үстінде. Кешкі сағат 18.00 шамасында полк жақтан жүгіріп келе жатқан жауынгердің қарасы көрінді.

Ол бірте-бірте жақындай берді. Осы кезде жүрегім бір жаманшылықты сезгендей су­­лап қоя берсін. Әкем ауыр науқас еді, таңертеңгі шақта көрген түсімде есік алдындағы сәкіде отырған әкемді бұрын о дүниелік болған Ертай наға­шымыз «Назеке, жүріңіз, жү­ріңіз», деп үй артына қарай жетектей жөнелген-ді. Осыдан секем алып қалғанмын. Әп-сәтте жүгірген солдат та та­қалды. Әскерге қатар келген Каландаров деген тәжік жі­гіт екен. Келген бойы қолын­дағы бүктеулі қағазды ұста­та берді. Бұл не нәрсе?! Теле­грамма! Әкемнің қайтыс бол­ғанын хабарлапты. Тұрған орнымда қалшиып қатып қа­лыппын. «Шешемнің де жү­регі ауыратын, әлі мектеп­ке де бармаған бір іні, екі қа­рындасым бар, ендігі күні қан­дай болады?» Тәжік бір­деңе деп шүлдірлеп жүр. Осы кезде полигонда қатар қызмет ететін Виктор Толстоногов телеграмманы көріп, үнсіз қалды. Сәлден соң сабырға шақырып, штабқа бару керек­тігін, құжаттарды дайындатып, жолға шығу қажеттігін ай­тып жатыр. Жаратушының құ­дыреті шығар, бойымды тез жинадым. Бұл жерде кім­ге мұң шағамын, салқын қа­лыпқа түстім де, жаңа хабар айтқан жауынгермен бірге штабқа қарай бет алдым. Ара­лық екі шақырым шамасы. Жүгіріп отырдық. Штабта полк кезекшісі аға лейтенант Лобода қарсы алды. Мен по­лигонда қызмет еткеніммен артиллерия полкінің 3-і ди­визионы, 5-і батареясында аға радиотелефоншы ретін­де есепте тұрамын. Соғыс жағ­дайында дереу өз бөлімшемде болуым керек. Бұрынғы ко­мандиріміз капитан Олист­ратов басқа әскери бөлімге ауыстырылып, Лобода бата­реяның командирлігіне жаңа тағайындалған жас офицер. Біздің артиллерия полкіне бас­қа әскери округтен ауы­сып келгеніне екі-үш ай ға­на шамасы болған-ды. Оқу-жаттығу жиындарында бі­рер рет кездескенбіз. Мені сырт­тай ғана біледі. Серігім офи­церге жағдайды баяндады. «Телеграмма келді, әкесі қайтыс болыпты», дейді ол өзінің шолақ орысшасымен. Кезекші офицер құжаттарға қол қою үшін штаб бастығы майор Камнеевке көлік жіберді де, маған тез арада жолға дайындал деген бұйрық берді. Айналасы жиырма минут ішінде казармадан штабқа қайта оралдым. Штаб бастығы сенбі күн болған соң әйелімен театрға кеткен екен, оны сол жерден алып келді. Маған елге барып келуі жолыма 12 күн, демалысыма 10 күн есептелді. Тәртіп бойынша жол шығыны­ның рұқсаты пойызға ғана бе­ріледі екен. Жол азығы үшін құрғақ азық-түлік немесе олардың құнын ақшаға шағып беретін секілді. Командиріміз: «Пойызбен жүрсең уақытың­ның бәрі жолға кетеді. Сон­дықтан Читаға барған соң, самолетке отыр. Аэропорттағы комендантқа құжаттарыңды көрсетіп, жағдайыңды айтсаң, көмектеседі. Мә, ақша», – деп өзінің сол күні алған айлы­ғынан 120 сомды қолыма ұс­татты. Полктегі қазақ жігіт­тері және жанымыздағы сапер батальонындағы жерлесте­рі­міз лезде 100 сом жинап әке­ліпті. Бұл – бірталай қаражат. Енді самолетпен ұшуға бо­лады.

Сонымен кешкі сағат 8-де Мирный станциясынан облыс орталығы Читаға баратын пойызға отырдым. 13 сағаттан соң, таңертеңгі 9-дан аса аэ­ропортқа табан тіредім. Алай­да, Новосибирск қала­сы ар­қылы Алматыға не Таш­кент­ке ұшатын сомолет рей­сінің бірде-біреуіне билет жоқ. Жазғы мезгіл болған соң билеттердің барлығы алдын-ала сатылып қойылған. Оның үстіне самолеттердің барлығы транзитті, яғни, Читадан тіке­лей рейс жоқ, жолай өтеді. Тыпыршып, біресе кассаға, біресе комендатураға барып жүргенде күн сәске, сынаптай сырғыған сағат біртіндеп жыл­­жи-жылжи түс болды. Қай­ғылы адамға тамақ та бат­пайды. Буфеттен сусын алып ішкен болып жүрмін. Түс қайтты. Күн болса ыстық. Түс ауған, сағат 3-тер шамасында тротуар бойындағы талды кө­леңкелеп тұр ем, осы соқ­пақпен бері қарай беттеп келе жатқан жалтырақ оқалы үш әскери кісіні көрдім. Ал­да генерал, соңында екі офи­­цер еріп келеді. Шашы ап­пақ корпус командирі ге­нерал Стабров көзіме оттай басылды. Біз қызмет ететін әскери полигонға кейде келіп, командирлердің атыс түрлері бойынша сынақ тапсыруын қадағалайтын-ды. Бір шет­ке ығысып тұрайын деп ой­лан­ғанымша, олар тіптен жа­қын келіп қалыпты. Сол сәт, генералға «Жағдайымды айтып көрейін», деген ойдың келе қалғаны. Дереу жағамды түзеп, киімімнің қыртысын жазып, соқпақ жолдың қап­талына сымдай тартылып тұ­ра қалдым. Таяу келгенінде қолымды шекеме қоя құрмет көрсетіп: «Товарищ генерал, разрешите обратиться» де­дім. Ол маған екі қадам жер­ге кідірді де баяндауыма рұқ­сат етті. Өзімнің қай әс­кери бөлімшеден екенімді, қандай жағдаймен жолға шық­қандығымды айтып, соңыра өзі білетін полигонда қызмет жасайтынымды да қосып қой­дым. Сөзімді мұқият тың­даған генерал «бізбен бір­ге жүр» деді де аэропорт бас­тығының кабинетіне кіріп барды. Қалбалақтап орнынан көтерілген одан бірден неше бронь бар деп сұрады. Әңгіме ауанынан байқап тұрғаным, бронь үш орынға бар екен. Оның рұқсатын жоғарғы жақ беретін көрінеді. Генерал те­лефонмен тез сөйлесті де, бас­шылардың келісімін алды. Сонан соң капитан мен бір аэропорт қызметкері менің әскери билетімді алып шығып кетіп, он минуттан соң оралды. «Жауынгер, қайғыңа ортақпын. Әкеңнің басына топырақ сал, еліңе менен сә­лем айт!» деген генерал Стабров Чита-Новосибирск-Ташкент авиабилетін қолыма тапсырды. Осы бағытпен кешке ұшаққа отырған мен түнгі 10-дар шамасында Өз­бекстан астанасында тұрдым. Содан сағат 11-де пойызға отырып, таңертеңгі 5-тен өте Түркістанға жеттім. Жолай Сүлеймен нағашымның үйіне соқтым да, Қандөзге қарай ұшатын АН-2-ге отырып, не керек, күндізгі сағат 9-дарда ауылға іліндім ғой. Мейрімді жандардың жәрдемінің арқа­сында 7 мың шақырымдық жолды осылайша 37 сағатта басып өтіппін. 

Мұны баяндаудағы мақ­­сатым – сол кездегі адам­дар­­дың бір-біріне деген қам­қорлы­ғы, мейірімділігі, қол ұшын созуға деген  ынта-ықы­ласының жо­ғарылығы еді. Әйтпесе, жыға танымайтын жа­уынгерге ко­мандирдің жо­лыңа жұмса деп айлығының жартысын қолма-қол бере салуы, сондай-ақ, айына небәрі 3 сом 80 тиын ғана получка алатын қазақ жауынгерлерінің айналдырған бір сағат ішінде 100 сом жинап алып келуі неге тұрады! Мұның бәрі «Бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін» деп үйреткен сол кездегі тәрбиенің жемісі ғой. Ал, генерал Стаб­ровтың шапағатын сөз­бен айтып жеткізе алар ма екен­мін. Қолбасшы басымен қа­тардағы солдаттың мұңына соншалықты мән берді. Қо­лынан келгенін аямады, қайы­рымын тигізді. Сөзімен де демеді. «Басыма қайғы бұл­ты үйірілген сол шақта жан­а­шырлық жасаған, жан шуағын сепкен айналайын сол адамдар, бәріңе рақмет! Ризамын, екі дүниенің жақсылығын көрің­дер!  Ұрпақтарыңмен мың жа­саңдар!» – деп осы оқиға есіме түскенде бір дұға қайырып қоямын.

Қабыл болсын деңіз!

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<