«Жат жерде Отанның, ананың қадірін түсіндім»

1362

1

1993-1999 жылдар аралығында 2 мыңнан аса офицер-сарбаздар тәжік-ауған шебінде бітімгершілік міндеттерін атқарды. Солардың бірі – Мейірман Бейімбетов 9 ай бойы тәжік-ауған шебінде 300 рет мемлекеттік шекараны қорғауға шығып, ерлігі үшін көптеген марапатқа ие болған. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында азамат атына, жауынгер міндетіне дақ түсірмеген ардагермен сұхбаттасқан едік. Бүгінгінің батырының перзент парызы, Отанға, елге құрмет турасындағы ойларын оқырман назарына ұсынамыз.


– 1996 жылы 16 мамырда Сары­өзек­тегі зениттік-ракеталық полкке түстік. Сарыөзек – үлкен гарнизон, қаншама полк бар. Командирі генерал Бақытжан Ертаев екен. Жоқшылық заман ғой. Жұрт «хб» деп атайтын кездеме матадан тігілген киім берді, шашымызды алды. Саптық жүріске үйретті. Осылай оншақты күн өткен соң саптық тексеру болды. Генерал Ертаев команда беріп жатыр. Дәрежелі кісі ғой, полк командирлерінің бәрі тік тұрады алдында. Байқағаным, әмірлі, өзгеше қуатты дауысы бар екен.


Екі мыңдай адам сапта тұр­мыз. Бір кезде балалардың бірі «Көке!» деп айқайлады. Сөйт­сек Мойынқұмнан, гарнизон коман­дирінің ауылынан екен. Әкесінің атын айтып, өзін таныстырып жатыр. Сонда Бақытжан ағамыз «Өй, айналайын» деп құшақтап амандасып, маңдайынан сүйді. Қарапайымдылығы ғой, әйтпесе, кейін біліп жатырмыз, Ауған соғысында өте беделді кісі болған екен.


Сарөзектен арнайы жиын өткі­зіп, шығарып салды. Сонда гвардия подполковнигі Мұрат Мұхамеджанов сөз сөйледі. Ол кісінің «Жауынгерлерім, кезінде Бауыржан Момышұлы қандай ерлік көрсетіп еді? Сендер де екі ел арасын қорғауға бара жатырсыңдар, Қазақстанға ұят келтірмеңдер» дегені есімде қалыпты. Сол сөз үнемі ойымда жүрді. Үш «Камазбен» өзіміз, тағы біреуіне қару-жарағымызды тиеп, «Жетіген» деген жердегі әскери базаға апарды. Ол жерден Луговойға, одан Душанбеге ұштық. Ол жақта ресейлік база күтіп алды.


Жат жерден алған алғашқы әсерім – қорыққаным. Тауларының өзі біздікінен бөлек екен. Әскерилерінің киім киісі де мүлде басқа. Аяқта кроссовка, бастарына орамал тартып алған. Үйлері ескі, терезелері жоқ. Әйелдері пәрәнжі жамылған. Ерлері етегі тізеден төмен көйлек киіп, сәлде тағынған. Шекарашыларының киімдері де сондай.


Біз барған жер – Тәжікстанның Таулы Бадахшан облысы Калай Хумб ауданындағы Джабай деген пост. Бір жыл бұрын, яғни 1995 жылы Пшихарв шатқалында 17 сарбазымыз қаза тапқан қанды қақтығыс болған аймақ. Ауған жағынан Пянджы өзені өтеді. Постқа орналасқаннан он күннен соң атыс болды. Талибандар Ауған жерін басып алып, тәжіктерге өткелі жатыр. Біз шекарадамыз.


Сонда оқтың өзінің бір құдіреті бар екенін аңғардым. Соғыс туралы фильмдерде уралап жауған оққа қарсы жүгіреді емес пе? Өмірде ондай болмайды екен. Өзгеше бір дауыспен ысқырып ұшады. Төбеңнен 3 метр биікте ұша ма, 10 сантиметр­ден жанап өте ме, бәрібір, адам жерге жабысып қалады. Құдды бір магнит сияқты.


Шекарадан өтпек болатындар көп. Арнайы тіркеу-бақылау пунктінде тұрамыз. Төлқұжат бо­йынша тексеріп, құжаты болмаса, ресейліктерге хабар береміз. Олар келіп, әрі қарай шара қабылдайды. Бірде пунктке «Урал» жүк көлігі келді. Автобус жоқ, жергілікті халық ауыл, аудан арасына сондай көлікпен қатынайды екен. Өздерін тәжіктерміз дейді. Бірақ киім киісі арғы беттің адамдары сияқты. Көліктің кузовында табытты ортаға алған бір топ адам отыр. Ашып көріп, мәйіттен шошып кеттік. Дереу сарбаздарға кері шегінуге бұйрық бердім де, көлікті өткізіп жібердім. Сосын ресейліктерге хабар жібердім.
Кейін белгілі болғаны, шекарадан өтпек болған содырлар екен. Сол жерде біз тексереміз десек, олар атысуға дайын тұр. Артынан ізін суытпай ұстады.


Пянджы – Әмударияның басы. Асау, ағысы қатты өзен. Арғы жағадағы адаммен айқайлап сөйлесесің. Бергі жағы – тәжік жері. Біз келгенге дейін содырлар малын, отынына дейін тартып алып кеткен. Мина алқабын қойып, ескерту іліп тастадық. Сағат оннан кейін шекарада ешкім жүрмеуі керек.


Түнде көру құрылғысы деген болады. Сол арқылы шекарада тұрып түнде өзеннің арғы бетінде торуылдап жүрген содырлардың түрін алғаш көріп шошығаным бар. «Осылар біздің елге келсе, не болмақ?! Ондайдан Құдай сақтасын» деп ойладым. Мысалы, ауылда аталарымыз бар ғой, сақал қойған, қолында құманы бар. Бала кезімізде «кімнің баласысың?» деп сұрайтын. Әкеміздің емес, атамыздың атын айтамыз. Сонда «Сенің әкең кітап ашқан, Құран оқитын кісі еді» дейтін. Маған: «Үлкен кісі атамды мақтап тұр, неге жаман болуым керек?» деген ой келетін. Ол бір қазақы тәрбие екен. Айтайын дегенім, сол шалдарымыз сақал қоятын, онысы мейірімді, сұлу көрінетін. Бұл содырлардың сақал қойысы біртүрлі. Түстері де суық. ­Отанында тыныштық болмаған соң адамның түрі бұзыла ма, болмаса отанының тыныштығын солар бұзды ма, әйтеуір суық.


Керемет бір ерлік көрсеттім демеймін. Бірер медаль тағынып, грамота алдық. Тәжік ақсақалдар батасын берді. Қақтығыстар болды, оққа ұшқан адамдарды көрдім. Ұрыста әркімнің белгіленген позициясы болады. Бір жерден оқ атып, аунап түсіп, екінші жерден оқ жаудырасың. Бірнеше елден келген жас жігіттерміз, арамызда түрлі ұлт өкілдері бар. Сонда қазақ жігіттеріне айрықша риза болдым. Шынында, қанымыз бөлек шығар. Басқа ұлт өкілдерінің арасында жылаған, жасықтығын көрсеткендер болды. Қарсы шабуылға бұйрық бергенде көбі окоптан бас көтере алмады. Қазақтың балалары тұра ұмтылатын. Ысқырып ұшқан оқтың даусына да уақыт өте етіміз үйреніп кетті. Кейін ойласам, 18-20 жастамыз, оқ тиеді-ау, бір жарықшақ көзімді ойып кетеді-ау деген қорқыныш қаперімізге де кірмепті.
Оқуда, әскерде облысқа бөлі­нетінбіз. Ол жақта бәріміз бір болдық. Елімізден барған басқа ұлт өкілдерін де бауырымызға тарттық. Күрестен, бокстан жарыстар өткізіп тұратын. Әскерге дейін еркін күреске қатысқаным бар. Қолкүрестен Тәжікстан мен Қырғызстан чемпиондарын жеңдім. Қармақшыдан Болат Батаев деген жігіт болды. Бір қасиеті – ұрғанын сындыратын. Тәжіктермен жұдырықтасып, та­лай жарыста жеңіп шықты. Қызылорданың өзінен Жарылқап Дүйсен деген жігіт болды. Ол да – нағыз батыр жігіт. Қазір екеуімен де жақын араласып тұрамыз. Елге келіп, қызмет жасауда. Айтайын дегенім, жастар спортқа қатысқаны дұрыс. Рухы мықты, дені сау болады. Кейін әйтеуір бір жемісін көреді.


Тағы бір түйгенім, туған жердің шын қадірін адам сыртқа барғанда ғана білетін сияқты. 1997 жылы болған бір жағдайды айтып берсем. Калай Хумб ауданының Рузвай деген қышлағына бірнеше қазақ жігіті қонаққа бардық. Тәжік қышлағының қазақ ауылынан айырмашылығы көп екен. Бізде жұрт қора-шарбағын мал кірмесін деп қоршайды ғой. Бұлар биіктігі үймен бірдей дуал соғып, қоршап алады екен. Әр үй бір қамал сияқты. Бір-бірімен аралас­пайды. Соқаны сиырға жегіп жер жыртқанды да сонда көрдім. Егін жинауға көмектестік. Халқы бар тірлігін есекке артады. Мініс көлігі де сол. Есекке теңдеп топырақ артып, таудан жібереді де, соның жүрген ізімен су апарады. Есек тепе-теңдік сақтайды екен де, ізімен су жүргізсе тасып кетпейді. Әйелдері бетін тұмшалап алған, қол ұшы ғана көрінеді. Дастархан басына да жоламайды. Содан бір тәжіктің үйінде әңгіме айтып, гитарамен ән салып таң білінгенше отырдық. Постымызға қайтуға жи­налып, сыртқа шықсақ, қарама-қарсы үйлердің бірінен қыз бала дуалдың есігін ашып:


– Бауырларым, – деді қазақша.


Бәріміз елең еттік. Оларда қыз бала ешқашан үйінің сыртқы есігін ашпайды.

Оған қоса, таза қазақша сөйлеп тұр. Барып жөн сұрассақ, өзіміздің Шымкенттің қызы. Таулы жер, қазақша ән салғанымызды естіп, әбден жылаған екен. Өзі біз отырған жерге келейін десе, жергілікті салтқа қайшы. Сыртқа шыққанымызды күтіпті.
Қазақ қызы Алматыда мединс­титутта оқып жүріп тәжік жігітіне тұрмысқа шығып, күйеуінің туған жеріне барғанда соғыс басталып кеткен. Екі-үш баласы бар, күйеуі соғыста қаза тапқан. Үйлері өртеніп, құжатсыз қалыпты. – Қолымда кәрі ата-енем ғана бар, олар өлсе далада қаламын ба деп уайымдаймын. Елге сәлем айтыңдар, – деп туыстарының мекен-жайын берді.
Кейінгі тағдыры не бол­ға­нын білмеймін, бірақ орыс офи­церлеріне тапсырып кеткенмін.


Халқымыз қасиеттінің бәрін анаға телиді ғой. Мысалы, Жер-Ана, Отан-Ана деген сияқты. Сонда түсінгенім, олай айтатыны тегін емес екен. Көз алдымда бір орыс баланың ішіне оқ тиді. «Мама, мамочка» деп шыңғырды. Өзіміздің Қармақшы ауданынан барған қазақ жігітке оқ тиді. «Апа, апоу» деп жанұшыра айқайлады. Сонда маған ой келді: «Неге әке немесе аға демейді? Адам шын қиналғанда алдымен анасын айтады екен». Оқ тиген бала: «Апау, мені атты ғой» деп жылап жатты. Көзі айналып кеткен. Жандәрмен ішін ашып, жарақатын қарап жатырмыз. Кіндіктен жоғары үш жерде оймақтай үш тесік тұр. Арқасына аударсам, опырып жіберіпті. Еті әппақ, қан да бірден сау ете қалмайды екен.


Ештеңенің мәнісін білмейтін жас бала болсам да, осындай бір ойлар мазалаған еді. Содан отырып анама хат жаздым. «Анашым, ренжіткен жерім болса, кешіріңізші» деп. Өліп кетсем өкініш қалмасын, жазып кетейін деп ойладым.
Айтайын дегенім, осы тәжік-ауған шекарасында болған уақыт менің ең бірінші анаға, Отанға деген құрметімді арттырды. Анам 1941 жылы туған, көп жыл сауда-саттық саласында еңбек етіп, 50 жасында зейнетке шықты. Ес білгелі «балам, балам» деп өбектеумен келеді ғой. Бала кезде, ауыл тіршілігі тым қарабайыр, қазіргідей жағдай жоқ. Анам қолыма өзі су құятын. Әуелі өзінің қолына құйып, ыстық-суығын көріп алатын. Сондай сәттер көз алдыма келіп, перзент парызын ойлап, өліп кетсем анама жақсылық істей алмаймын-ау деген ой мазалады. Отанға, әрбір қазаққа деген құрметім де артты.


Өйткені ол жақта күнде оқ атылады. Душанбенің өзінде жағдай сондай. Шекарада арғы жақтан атқан мерген оғынан бір офицерге оқ тигенін көрдім. Бір сөзбен, көшеге шығып, еркін жүре алмайсың. Сол жылдарды еліміз үшін үлкен ауыртпалық кезең дейміз ғой. Бірақ тәжік халқының көргенін көргеніміз жоқ. Жоқшылық бізде де болды. Бірақ оларда жейтін тамақ та, тыныштық та жоқ еді. Сол кездегі ел басқарған ағаларымыздың, Елбасының кө­реген саясатының арқасы шығар, елімізде ауыз­бір­шілік бар, қанша жоқшылық болса да, басқа елге көмек бердік.


Тәжікстаннан елге қайтарда ресейлік офицерлер қимай қош­тасып, шығарып салды. Біздің рота сол жерде тәртіп жағынан алдыңғы қатарда болды. Қаншама шабуылға тойтарыс берді. Осы уақытқа дейін халқымыз қаншама қырғыннан өтті. Жерімізде қан­шама батыр, әулие, ишан, ғұлама бабаларымыздың бейіті жатыр. Тәуелсіз ел болғанымыз солардың салған жолы, сіңірген еңбегі шығар. Шүкір, бүгінде әлем танитын деңгейге жеттік. Сонда жат жерде жүріп көргенім, қазақ екенімізді естісе, барлығы бөлекше құрмет көрсететін. Соның бәрі бабаларымыздың батырлығы, сесі шығар деген ой келді.

Сол бабалар секілді әрбіріміз қазақтың атын шығаруға, еңбек сіңіруге тырыссақ, ең болмаса, кір келтірмей жүрсек екен…

Биболат СӘТЖАН,


«Сыр бойы»

Пікірлер:
  • Мейірманның номері керек еді менің есімім Бақыт мен Мейірманмен бірге Сарыөзектен 12 ротамен барғанмын бірге барғанжігіттерді іздестіріп жатыр едім мына менің номерімге хабарлассыншы: +77752985575

Пікір жазыңыз