Жезқазғандағы Кеңгір көтерілісі

2912

0

Большевиктер 1917 жылы билік басына келісімен «Кім бізбен бірге емес, ол бізге жау» деген қағида ұстанды. 1919 жылдың өзінде 21 концлагерь болды. Атақты Беломор – Балтық каналы арзан жұмыс күшімен салынды. Алғашқы бесжылдықтарда алып құрылыстар үшін тегін жұмыс күші қажет болды. 1931 жылдың 15 ақпанында ОГПУ-дің бұйрығымен Лагерлер Бас Басқармасы – ГУЛАГ құрылды. Соғыс алдында оның құрамында 53 лагерь, 425 колония және кәмелетке толмағандардың , яғни сотталғандардың балалары үшін 50 колония болды.

 Соғыстан соң мемлекеттік қауіпсіздік министрі В.Абакумов Сталиннің тапсырмасымен «қауіпті мемлекеттік қылмыскерлерді» қамайтын каторгалық лагерлер ұйымдастырды. 1948 – 1952 жылдары 12 лагерь құрылды, оның төртеуі Қазақстанда орналасты. Жезқазғанға жақын жердегі Кенгірдегісі  «Степной лагерь № 4»-деп аталды.

1953 жылы 5-ші наурызда И.В.Сталин өлген соң, 27 нурызда амнистия жарияланып, 1 млн. 120 мың қылмыскер бостандыққа шықты, ішінде бірнеше рет сотталған аса қауіпті рецидевистерде жеткілікті еді. КСРО Үкіметінің бірінші орынбасары, НКВД-нің басшысы Л.П.Берияның (шын фамилиясы Какуберия) мақсаты елде төтенше жағдай қалыптастырып, соны сылтау қылып қаһарлы орган МГБ арқылы билікті өз қолына алғысы келді. Бұған ол дайындық ретінде үкіметтегі құзыретін пайдаланып, МГБ-ні НКВД-ға бағынышты етіп те қойған болатын. Бұл туралы Ресейде « 53-ші жылдың ызғарлы жазы» деген тамаша фильм түсірілді.

Кеңгір лагеріндегі тұтқындар амнистия жариялағаның естіп үміттенгенмен жағдайлары жақсармады. Себебі лагерде тұтқындардың үштен бір бөлігі, яғни 9596-сы бандеровшылар еді, оларды күзетшілер жек көрді, реті келгенде атып тастайтын. Сондай кезекті жанжал кезінде оларға күзет мұнарасында тұрған күзетші автоматпен оқ жаудырды, 13 өліп, 30 жараланды. Лагерьде осындай шиеліністі жағдай қалыптасқан болатын.

1954 жылдың 16-шы мамырында басталған Кеңгірдегі көтеріліске себеп болған жағдай Лида деген қыз зонаның алдынғы жағына жуған шұлығын кепсін деп іліп жатқанда күзетші атып тастады. Тұтқындар күзетшіні жауапқа тартылуын талап етіп жұмысқа шығудан бас тартты.

Лагерь бастықтары «ұмтылмастай сабақ беруді» көздеп лагерьге 650- ден аса қауіпті рецидевистерді жіберді. Олардың басшысы өмір бойы түрмеге отыруға кесілген «заңдастырылған ұры» (вор в законе) 30 жастағы Виктор Рябов еді. Қалыптасқан ереже бойынша «саясилер» мен «бандиттер» бірге отыруға болмайды. Саяси қылмыскерлер оларды жақтырмай «блатнойлар» десе, ұрылар мен бандиттер бұларды «халық жауы» немесе «контра» деп жақтырмайтын. Лагерь басшылары күткен «нағыз қасапхана» болған жоқ, саясилер мен зэктер тіл табысып бірін-бірі қолдады.

  Көтерісшілер әйелдер лагері мен шаруашылық қоймасын басып алып, жоғары жақпен келіссөз жүргізуге әрекеттенді, лагерь басшылары оны әрине Москвадан жасыруға тырысты.

        Көтерілісті екі адам басқарды, полковник Капитон Кузнецов қарамағындағы адам құпия құжатпен жау жағына өтіп кеткеніне байланысты тұтқындалған және рота командирі болған аға лейтенант Глеб Слученков тұтқында болғандықтан сотталған.

Көтерілісшілердің радио торабы болды оны үгіт-насихат жағына жауапты Ю. Кномнус басқарып, үнпарақ (листовка) шығарды. «КСРО Конституциясы жасасын», «Үкімет комиссиясын талап етеміз» деген ұрандар ілінді. Қару-жарақ жасалынды, бөгет мақсатында баррикада тұрғызылды.

Москвадан ішкі істер министрі С.Кругловтың орынбасары С.Егоров, ГУЛАГ бастығы И.Долгих, Қазақ КСР-нің ішікі істер министрі Губин т.б. көптеген адамдар келді.  КСРО Үкіметінің төрағасы Г.Маленков тапсырмасы бойынша келіссөз  күш көрсету  тұрғысынан жүргізілді.

Көтерілісшілер де қалыспады, оларға  полковник К.Кузнецов:  «зонаға әскер кіргізетін болсаңдар, қаруын тартып аламыз, осындағылардың көбісі Берлинді алғандар» десе, барлаушылардың рота командирі болған Г.Слученков: « боқ қарын қызыл погондыларды Қарағандыға дейін қуамыз» деп жауап қайтарды.

 Қантөгіс болатыны белгілі болғандықтан 409 жасөспірімдерге кетуге рұқсат бергенмен, олардың 13-ғана лагерді тастап шықты.

Тұтқындар шырт ұйқыда жатқанда, үш қақпа арқылы әскери күзеттің екі дивизионы, ішкі әскердің бір дивизионы  алдарына бес Т-34 танкісін салып бұзып кірді, төрт сағатқа созылған шайқас аяусыз басылып тасталынды.

  Көтерісшілердің ісі Қазақ КСР Жоғарғы сотының көшпелі сессиясында 1955 жылдың 21-ші шілдесі мен 8-ші тамызы аралығында Жезқазған қаласында қаралды. Көтерілістің басшылары К.Кузнецов, Г.Слученков, Ю.Кномнус, В.Иващенко, Г.Келлер, В.Скирчук, В.Рябовқа ату жазасы берілді. Полковник Капитон Кузнецовқа кешірім берілді, себебі ол басқарған полк Берлинге бірінші болып, басып кіргендіктен өлім жазасы 25 жылға ауыстырылды, 1960 жылы мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.

                                                                      Бақытжан Түменбай,

                                                                      тарихшы .

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<