Спортқа бағышталған ғұмыр

414

0

Бұрын біздің елдегі ақсақалдар әңгімесінің «Шойын жол салынған тұс», «Шойын жол салынғанға дейін» деген тәрізді тірек нүктесі болатын. Ата-әжелеріміз бертінге дейін теміржолды шойын жол деп келді. Біздің әңгімеміздің де бастау алар тұсы осы шойын жол бойындағы елден болмақ.

1890 жылдардың соңына қарай басталған теміржол құрылысы Құмсай ауылының үстімен өтті, ең алдымен су айдау мұнарасы және теміржолшыларға арналған бірнеше үй, сонан соң 1902-1903 жылдары станса үйі салынды. 1905 жылы «Орынбор-Ташкент» теміржолы іске қосылып, пойыз жүре бастағанда патша билігі есепсіз пайдаға кенелді де қалды. Екі көлдің арасы, мына беті Дәкі құмына дейінгі аралық сыңсыған сексеуіл болатын, олар енді паровозға сексеуілді пайдалана бастады. Сол тұста станса да Саксаульская атанып, ауылдың Құмсай атымен қоса аталып жүрді де, соғыстан кейін түбегейлі Сексеуіл атанып кетті. Бұған біздің қолымыздағы майданнан жазылған хаттар сыртындағы «ст. Саксаульская, пос. Кумсай» деген жазулар дәлел бола алады деген ойдамыз.

1910 жылы Сексеуілде 3 сыныптық орыс-қазақ мектебі ашылып, кейін ол сегіз жылдық мектепке айналады. Ұлы Отан соғысы аяқталған тұста ол Орынбор теміржолына қарасты №48 орта мектеп болып, 1950-жылдардың соңына қарай Қазақ теміржолына қарасты №422 орыс және №423 қазақ орта мектептері болып екіге бөлінді. Бұл мектептерде білікті мамандардың қызмет атқаруы түлектер арасынан әскери адамдар мен әскербасылар, заңгерлер мен жазушылар, дәрігерлер мен ғалымдар, спортшылар мен теміржол басшыларының өсіп шығуына мүмкіндік ашты. Міне, бүгін біз сол Сексеуілден шыққан Өмірзақ Жолымбетов туралы әңгімелемекпіз.

Республикаға белгілі спортшы, журналист-жазушы туралы толық баяндауға тырыссақ, ол біз бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында, ғылыми журналдарда, әлеуметтік желіде жазып жүрген Шеріпбай палуанның тұяғы еді. Қазақ спорты мен журналистикасында өзіндік орны бар тұлға Өмірзақ Шеріпбайұлы Жолымбетов – спортшы-зілтемірші, журналист-жазушы, ұстаз, жаттықтырушы, зерттеуші. 1939 жылы 25 қарашада жоғарыда аталатын теміржол бойындағы Құмсай жұмысшы поселкесінде өмірге келген Өмірзақ Жолымбетов оқушы кезінен-ақ алғырлығымен танылған болатын. Депо ұста цехындағы әкесіне бара жүріп, еңбекке де шыңдалды, орыс тілін де біршама меңгерді. Осындай ортада өскен Өмірзақ бала күнінен ауыр темірлерді еркін көтеруге машықтанған болатын. Ал анасы Ардақ болса аузы дуалы, сөзге шешен әулеттен шыққан жан еді, оның журналистикаға келуінің бір тіні сол текке қатысты болуы да мүмкін. Біздің қолымыздағы деректер Өмекеңнің мектепте зерек болып, жасынан сурет салып, өлең жазғанын, мектеп қабырға газетінің редакторы болып,  мектепті үздік бітіргенін көрсетеді. Оның замандастарымен әңгімелескен сәттерімізде де талай сырға қанықтық. Солардың бірі Өмірзақ Манашев аға сол кездер туралы баянында Өмірзақ Жолымбетовтің мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орнына оқуға түскен саусақпен санарлық сексеуілдіктің бірі екенін айта келіп: «Ол кезде ауыл жастары арақ ішпейтін, анда-санда, бірлі жарымы болмаса, темекі де шекпейтін. Бозбалалар спортпен айналысатын. Мысалы, бізбен қатарлас Өміртай Шаханов, Ибайдулла Сахиев футболмен, Жолай Ырзағазиев, Шамран Ахметов, Жақсыбай Сыдықов бокспен, Қанжар Қайымбаев, Бақтыбай Жакеев волейболмен, Ермек, Бұзаубай, Қуаныш, Өмірзақ акробатикамен шұғылданды. Осы төртеуі бірлесіп өнер көрсетіп, тіпті, ауданға да барып қайтты. Өмірзақ өте күшті болатын, теміржолшылар стадионында салмағы 105 келілік зілтемір (штанга) жататын. Оныншы сыныпта оқып жүргенде соны толық көтергені бүгінгідей есімде» дейді.

Спортқа келу жолын сұрағанымызда Ө.Жолымбетов аға өзіне теміржол мектебінде жақсы спортшы мұғалімдер сабақ бергенін айта келіп: «Алтыншы класқа өткен жылы бiздiң мектепке Уфа қаласынан дене тәрбиесi техникумын бiтiрген Валентин Иванович деген оқытушы келдi. Өзi велосипедшi екен әрi жақсы акробат. Сол жiгiт ашқан акробатика секциясына қатыстым. Қызықтым, жақсы нәтиже көрсете бастадым. Екi жылдан кейiн оны Владимир Сенчин деген боксшы жiгiт алмастырды. Сенчин еңгезердей, тұлғалы жiгiт болатын. Жартылай ауыр салмақ дәрежесiнде Орынбор қаласының чемпионы болған көрiнедi. Сол кiсiнiң қарамағында үш жыл бокспен айналыстым. Осы маған үлкен спортқа жолдама берді» деген болатын.

1957 жылы мектеп бітірісімен жолға шығып, арман қала – Алматыға табаны тиісімен Өмекең бірден дене тәрбиесі институтына барған болатын. Ондағысы – қандай оқуға баратынын елге де, үй ішіне де айтпаған-ды, тезірек оқуға түсіп, сосын қандай оқуға түскенін бір-ақ хабарлау. Бұл кезде сексеуілдіктер жоғары білімнің ең тәуірі – теміржол институттарында деп білетін және теміржолшылар поселкесі үшін бұл түсінікті де еді. Мектепті жақсы бітіргендер Мәскеу, Ленинград, Ташкент теміржол институттарына жол тартатын. Оның үстіне, мұндай оқу барынан ауылдағылар бейхабар да еді. Өмекеңнің анасы Ардақ әжеміз осы кез туралы кейін: «Балам оқып, жол бойына бастық болады деп жүрсем, бір күні ел: «Ойбай, мына Шеріпбайдың баласы төбелестің оқуына түсіпті деп» гу ете қалсын. Содан намыстанып жылайын кеп. Артынан түсіндім ғой, не оқу екенін» деп күле әңгімелейтін.

Студенттік күндер басталды, ол ауыр атлетикадан институтішілік, қалалық, жоғары оқу орындары аралық сайыстарда топ жарды, 1961-1964 жылдары ауыр атлетикадан Қазақстан құрама командасының мүшесі болды, 1962, 1963 жылдары екі дүркін ауыр атлетикадан республика чемпионы болды. 1963 жылы Тбилисиде өткен Бүкілодақтық студенттер спорт сайысында жүлделі орын иеленіп, 1963 жылы Мәскеуде өткен КСРО халықтары ІІІ спартакиадасында республика намысын қорғады. Моңғолия мен Болгарияда өткен халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, 1963 жылы МХР, Ұлан-Батырда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.

Қазақстан ЛКСМ ОК институт комсомол комитетінің бюро мүшесі болған және жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған оны Көкшетау облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушілігіне қызметке жіберді. Алайда, отбасы жағдайына байланысты көп өтпей-ақ, ол туған аймағына, Қызылорда облыстық комсомол комитетінің спорт және бұқаралық-қорғаныс бөлімінің меңгерушілігіне тағайындады. Міне, осы тұс облыс жастары арасындағы спорт жұмыстарының жоғары деңгейде көрінген кезі еді. Ұйымдастырушылық қабілетімен, ізденісімен ол облыстық партия комитеті басшылары назарына ілініп, облыстық спорт комитетінің төрағасы қызметіне жоғарылатылады. Бұл кезде ол бар болғаны 23 жаста еді. Облыс спорты ол басшылыққа келген тұста республикада көш соңында тұғын, бұл қызмет жас жігіт үшін үлкен сын болды. Жас төрағаның алдында үш мәселе тұрды: Оның ең бастысы – кадр мәселесі. Облыстың шалғай ауылдары түгілі, Қызылорда қаласының өзінде маман жаттықтырушылар жетіспейтін. Сондықтан сырттан жас спорт мамандарын шақыру, олардың жұмыс істеуіне жағдай туғызу кезек күттірмейтін шаруалар болды. Екіншіден, спортты дамыту үшін оған құрал-жабдықтар қажет, мұнсыз алға басу жоқ. Облыстық қаржы басқармасының әр есігін қағып жүріп, бұл жұмысты да біршама ілгерілетті. Қосымша қаржы алып, 50 спорттық велосипед, 5 штанга сатып алынды. Қызылорда облысының тарихында бұл жерден шыққан алғашқы Әлем чемпиондары Марат Сатыбалдиев пен Василий Капустин, қыздар арасында еліміздің чемпионы атанған Светлана Шалғынбаева сол жолы алынған велосипедпен жаттыққандар еді.

Өзінің білімін, тәжірибесін үйрету мақсатында Өмірзақ Жолымбетов сол жылдары ауыр атлетика секциясын ашқан еді. Ол жаттықтырған екі жігіт кейін халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сегіз жігіт спорт шебері атанды. Ол ауыр атлетикадан әлем рекордын 4 дүркін жаңартушы атақты спортшы А.Колодковтың, Әлем чемионатының күміс жүлдегері В.Можейковтің алғашқы жаттықтырушысы еді. Бұл еңбегі үшін оған республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді.

Ауыр атлетикадан қазіргі республика құрама командасының жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вилорий Пак Өмекеңнің шәкірттерінің бірі болса,  Әлемнің екі дүркін чемпионы, атақты атлетші Илья Ильин В.Пактың шәкірті екенін біреу білсе, біреу білмейді. Осыдан біраз жыл бұрын ауыр атлетикадан Арал қаласында өткен Ө.Жолымбетов атындағы турнир кезінде Вилорий Пакпен әңгімелескен болатынмын. Ұстазы туралы тебірене сөйлеген ол: «Умирзак Шерипбаевичтің мен үшін еңбегі ұшан-теңіз, ол Алматыдан келгенше бізде штанга жөнінде тек мағлұмат қана болыпты. Тіпті ол спорттан мертігіп қалуымыз мүмкін екенін де білмеппіз. Ол келісімен бәрі өзгерді, штанга спорты өз жолына түсті. Бұл орайда ол облыста шын мәніндегі штанга спортын өмірге әкелуші деп білемін. Жаттықтырушы тек спортшы ғана емес, ол психолог, педагог, тіпті дәрігер де болуы керек. Шерипбаевичте бұл қасиеттердің барлығы жоғары дәрежеде болатын. Сол кезде біздер ұстазымызды алматылық деп ойладық, оның сырбойылық, аралдық екенін білмеппіз. Ол жаттығуға келген әр баланың көңіл-күйін дөп басып, жүктемені соған сай беретін» деген еді. Сол турнирде жақсы тілектер айтылып, бұл сайысты дәстүрлі түрде өткізу туралы ұсыныс-пікірлер болған-ды, бірақ соңы сиырқұйымшақтанып, ұмытылып кетті. Бұл енді облыс, аудан спорт саласы басшыларының санасына салмақ болары хақ.

Қазақ дене тәрбиесі институтын үздік тәмамдаған Ө.Жолымбетов кейін С.Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін де үздік бітірді. 1967 жылы Өмекең республикалық «Лениншіл жас» газетіне, спорт және әскери-патриоттық тәрбие бөлімінің меңгерушілігіне шақырылды. Радио мен газеттерде бұрыннан спорт тақырыбына материалдары жарияланып тұратын ол бұл қызметті тез меңгеріп кетті. Сонымен қатар, бұл тұста ол Қазақ радиосының спорт коментаторы ретінде таныла бастаған болатын.  Ағадан журналистикаға келу себебін сұрағанымда: «Мен студент кезімде-ақ спорт тақырыбына жаза бастаған едім. Атақты балуан Әбiлсейiт Айхановпен, футболшы Тимур Сегiзбаевпен, волейболшы Жәнiбек Сауранбаевпен бiрге оқитынымды мақтан тұтып жүрдiм. Солар жайлы шағын мақалалар жазып, оларды жанкүйер қауыммен таныстырдым. Әбiлсейiт Айханов жайлы «Қазақстанда теңдесi жоқ» атты очеркiм 1959 жылы «Лениншiл жас» газетiнде басылды. Мақалалар жазып жүрiп Тельман Жанұзақовпен, Сейдахмет Бердiқұловпен, Талап Сұлтанбековпен, Қалдарбек Найманбаевпен таныстым. Олар спортты сүйетiн, спорттың нағыз жанашырлары, үлкен қаламгерлер болатын. Міне, содан соң газет пен радиодан комсомол қызметінде жүргенде де қол үзген жоқпын» деген-ді. Ол КСРО орталық телевидение журналистері, бас редакторлар А.Иваницкий, Н.Озеров, Е.Майоров, Я.Спарре, Н.Еремина және т.б. туралы мақтанышпен әңгімелейтін. 

Иә, ол келісімен газетте спортқа қатысты жаңа айдарлар ашуға ұйытқы болды, соған сай тақырыптардың ауқымы да кеңейе түсті. Енді ол спорт пен журналистікті, қаламгерлікті қатар алып жүрді. Оның қаламынан тек дене тәрбиесі, спортқа қатысты ғана емес, өзге де өмірлік маңызы бар мәселелер көтерілген мақалалар туа бастады. Осы жылдары ол Сыр бойының көкейтесті түйткілдерін қозғап, «Арал азайып барады»,  « Диқан ата, ұмыттың ба?» атты проблемалық мақалалар жазды, жазушы ағалары Айтбай Хангелдин мен Зейнолла Шүкіровтің жаңа кітаптары жайлы рецензиялар жариялады.

Өмірзақ Жолымбетов ширек ғасыр бойы 1969-1994 жылдар арасында Қазақ ССР телевизия және радио жөніндегі мемлекеттік комитетінің спорт және әскери-патриотизм бас редакциясын басқарды. Осы жылдары ол жас ұрпақтың денсаулығы мықты болып, еліне, Отанына пайдалы азамат болып өсуі үшін ұланғайыр еңбек етті. Оның Морриаль, Канада, Москва, Лейк-Плесиди (Азия), Сеулде (Оңтүстік Корея) өткен Олимпиадалық ойындардан жүргізген репортаждары мен жазған мақалалары қазақ тілін терең біліп, жатық сөйлеудің, білімділіктің нағыз үлгісі болумен қатар, спорт журналистикасындағы үлкен табыс болды. Оның «Қазақша күрес», «Олимпиада шақырады», «Бес шығыршық» және т.б. спорт тақырыбындағы кітаптары көпшілік оқырманға спорт шындығы мен жетістігін, еңбек пен жеңіс, ел атағын асқақтату мәселелерін жеткізіп қана қойған жоқ, ол жас буынға, өскелең ұрпаққа бағдар сілтер нұсқаулыққа, спорт мамандары үшін көмекші әдістемелік құралға айналды.

Қай қызметте болмасын, қайсыбір істі қолға алмасын, ол сол іске жаңа леп, қарқын әкеле білді. XX ғасырдың соңғы жылдарында ол Қаржы министрлігінде аударма бөлімінің бастығы, Алматы облыстық әкімшілігінде спорт пен туризм жөніндегі кеңесші қызметін атқарды. Осында жүріп ол қаржы туралы заң жобаларының банктік жинағын жасады, экологиялық апат аймағындағы Арал балаларына көмек көрсететін қайырымдылық қорын құруға атсалысты, оның көмегімен Арал қаласында балалар футбол командасы құрылды, Арал балалары Одесса, Мәскеу, Ленинград, (қазіргі Санкт-Петербург) қалаларына туристік жорықтарға қатысты, Финляндияда болды.

Өмірзақ Жолымбетовтің идеясымен Алматы облысында «Мың бала» деп аталатын 300-дей балалар отрядтары құрылды, жасөспірімдер арасындағы спорт сайыстары жаңа деңгейге көтерілді. Өмекең ақын Нұрмағанбет Қосжановтың «Сартай батыр» дастанын екі рет баспадан шығарды, жаңадан шыға бастаған  «Қазақ батырлары» жинағының VI томына енгізді. Сол зобалаң жылдардың жазықсыз құрбаны болған талантты ақынның өлеңдері мен айтыстарын, дастандарын жинақтауға, оның «Сырдария» кітапханасы сериясы бойынша баспадан шығуына атсалысты. Жерлес жазушының көлемі 300 баспа табақтай (4000 беттен астам) қазақ және орыс тілдерінде жазылған еңбектері жарық көрді. Оның сыртында телевизия мен радиодан жүргізген репортаждары, сөйлеген сөздері, газет-журналдарда жариялаған мақалалары қаншама?! Осы еңбектері үшін ол «1995 жылдың Қазақстандағы үздік журналисі», 1995 жылы Телерадио журналистерінің «Алтын Жұлдыз» республикалық конкурсының Гран-при жүлдегері, «Қазақстан Республикасының таңдаулы спорт журналшысы» атақтарына ие болып, халықаралық, 2001 жылы С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Елімізде 2008 жылға дейін ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты атағына бар болғаны екі журналист қана ие болғанын ескерсек, бұл да Ө.Жолымбетовтің журналистік шеберлігі деңгейін көрсетері анық. 

Құрметті демалысқа шыққанмен ол журналистік және ұстаздық қызметін жалғастыра берді. Ол өмірден озғанша Білім және ғылым министрлігі Алматы ғылыми-практикалық орталығының бөлім бастығы және Қазақ  Ұлттық туризм және спорт академиясының профессоры болып еңбек етті. Оның 2009 жылы «Спорт атауларының қазақша-орысша түсіндірме сөздігі» және «Қазақ тілі для специалистов спорта»  атты екі кітабы жарық көрді. А.Құлназаров екеуі құрастырып, 2009 жылы баспадан шыққан «Спортивная энциклопедия» атты еңбек қазақ ғылымы мен біліміне қосылған үлкен үлес болды.         2009 жылы оның «Құс қанатты Ғұсман», «Қазаққа сіздей ұл керек», «Даңқ тұғыры», «Спорт – бейбітшілік елшісі», «Әбдісаланның рухына арналған жырлар», «Спортқа бағышталған ғұмыр» атты деректі хикаяларын топтастырған «Намыс» атты көлемді жинағы «Сырдария кітапханасы» сериясы бойынша жарық көрді. Міне, осындай ғұмырын ел келешегіне, спортқа бағыштаған азамат 2013 жылы 23 шілдеде өмірден озды. Оның бақилық мекеніне аттанғанына да 10 жыл болып қалыпты.

Иә, Сыр елі және бүкіл қазақ спортының дамуында өзіндік қолтаңбасы бар, қазақ журналистикасындағы спорт саласының дамуына мол үлес қосқан осы азаматтың есімі Қызылорда қаласы көшелерінің біріне берілуге әбден лайық деген пікірмен мақаланы қорытындылағанды жөн санадық.

Алдажар ӘБІЛОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<