Әлеуметтік дүкендегі заттар тегін таратылуда

7

0

Көмекке мұқтажға жылылық таныту – ортақ мүдде. Бұл ретте Қазалы қаласындағы белсенді жастардың ұйытқы болуымен әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр.

Әлеуметтік дүкеннен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық заттар тегін үлестіріледі.

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы қаласына арнайы барып, әлеуметтік дүкеннің жұмысын көрді.

«Өнегелі» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі, үнемі қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын Жәнібек Жұбанғанов әлеуметтік дүкеннің ашылу тарихы мен негізгі мақсаттарын таныстырды.

Жәнібектің сөзінше, дүкен ашылғанда, Қазалы қаласындағы тұрғындар бұл сауапты іске үн қосып, әрқайсысы киімдер мен үйде пайдаланылмай тұрған теледидар, компьютерлерін ұсынған. Жергілікті кәсіпкерлер де игі акциядан қалыс қалмаған. Соның нәтижесінде әлеуметтік дүкенде су жаңа тауарларда бар. Бұның барлығы тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедек жандарға, көпбалалы отбасыларға, әке-шешесінен айырылған балаларға таратылыпты. Қазіргі таңда да солай, ұйымдастырушылар шынымен көмекке зәру адамдарға қолдау көрсетеді.

Әлеуметтік дүкендегілер өздерінде киімді есептемегенде, кітаптар, ойыншықтар, кішкентайларға қажетті құралдар барын айтады. Аталған бұйымдарды керек еткендер Қазалы қаласының орталығында орналасқан әлеуметтік дүкеннен алып кетуіне болады.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қала жастарының игілікті істеріне ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.