Алдағы уақытта көлікті тек жеке куәлікпен жүргізуге болады

404

0

Мәжілісте ТМД-ға мүше мемлекеттердің автокөлік құралдарының жымқырылуына қарсы бірлесе күресуді күшейтуге бағытталған заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасын таныстырған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қолданылған автокөлік саймандары техникалық құжатсыз сатылымға шығарылмайтынын мәлім етті.

«Ел ішінде біршама заңнамалық бастамалар легін, оның ішніде ішкі сауда ережелері турасында ережелерді енгіздік. Өткен жылдың маусым айында тиісті норма енгізіп, оған сәйкес автокөлік саймандары тек арнайы дүкендерде сатылуы керектігін бекіттік. Қазіргі таңда бұл арнайы дүкендердегі бақылау күшейтілді. Ломбардтағыдай, ендігәрі дүкен иесі сайманды сату үшін көліктің техникалық құжаты мен өзінің жеке куәлігін көрсетуі керек. Яғни көлік сайманы базарының өзінде қай сайман қай көліктен алынғанын біліп отырамыз», – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министр сонымен қатар ақпараттық жүйелердің интеграция туралы да сөз қозғады.

«Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінде 6 мың планшет бар. Автокөлікке қатысты әліметтер базасы интеграцияланды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен тиісті норманы енгізіп, жүргізушіге міндетті түрде құқығын растайтын құжаттарды алып жүру ережесін алып тастағалы жатырмыз. Жеке куәлігі болса болды. Себебі қалған құжаттардың бәрін біз планшет арқылы көріп отырамыз. Жүргізушінің қандай көлігі бар, қанша сенімхат жазылды, сақтандыру полисі қашан аяқталады, техникалық тексерістен қашан өтті, айыппұлы қанша – бәрі де планшетте көрініп тұрады. Сонымен қатар біз планшеттердің бәрін қазір көшедегі видеокамералармен интеграциялап жатырмыз», – деді ол.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз