«AMANAT»: «Цифрлық қоғам» партиялық жобасы аясында меморандумға қол қойылды

5

0

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының қолдауымен Байқоңыр қаласында цифрлық білім беру саласын дамытуға бағытталған маңызды кездесу өтті.

Кездесуде партияның «Цифрлық қоғам» жобасы аясында «Астана Hub» автономды кластерлік қорының Қызылорда қаласындағы филиалы мен Байқоңыр қаласындағы «IT-куб» цифрлық білім беру орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжаттың негізгі мақсаты – білім беру мен ғылым саласындағы серіктестікті нығайту, сондай-ақ IT бағыты бойынша білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.

Іс-шара барысында партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Бүгінде цифрлық трансформация – заман талабы. «Цифрлық қоғам» жобасы аясында жүзеге асып жатқан мұндай бастамалар – жастарға жаңа мүмкіндіктер ашатын нақты алаң. Біз үшін маңыздысы – жас ұрпақтың сапалы білім алып, заманауи IT саласында өз орнын табуына жағдай жасау. Бүгінгі меморандум – сол мақсатқа бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Байқоңыр қаласында қолға алынған бұл бастама – тек бір құжатпен шектелмей, ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған маңызды стратегиялық әріптестіктің бастауы. Алдағы уақытта партия тарапынан жастарды қолдау және олардың әлеуетін арттыру бағытындағы жобалар жалғасын таба береді», – деді Жандос Базартай.

Ынтымақтастық аясында білім беру және ғылыми әлеуетті тиімді пайдалану, заманауи оқыту стандарттарын енгізу, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ оқу процесіне инновациялық әдістерді енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі.

Бұл бастама жас ұрпақтың цифрлық сауаттылығын арттырып, олардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Алдағы уақытта «AMANAT» партиясының қолдауымен аталған серіктестік аясында көптеген тиімді жобалар жүзеге асып, өңірдің IT саласының дамуына тың серпін береді деп күтілуде.