Конституция

Ардагер ұстаз Қадірбек Бекетті 80 жас мерейтойымен құттықтады

6

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ауданның білім саласының дамуына зор үлес қосқан ардагер ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қадірбек Бекетұлын қабылдап, 80 жас мерейтойымен құттықтады.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен басқосуға білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері, мерейтой иесінің замандас достары қатысты.

Аудан басшысы мерейтой иесінің ауданның білім саласы мен ел руханиятының дамуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі жайында сөз қозғап, аудан жұртшылығының атынан ізгі тілегін жеткізді.

Қасиетті Қазалы – тарихы терең, тағылымы мол, талай дара тұлғаны түлеткен қасиетті мекен. Бұл өңірдің өсіп-өркендеу жолында әр кезеңде елдің амандығы мен жердің тұтастығын, халықтың әл-ауқатын басты мұрат еткен азаматтар аянбай еңбек етіп келген. Сондай азаматтардың бірі – ардагер ұстаз Қадірбек Бекетұлы. Ағамыз Еңбек жолын 1972 жылы Жамбыл Жабаев атындағы №234 мектепте тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Әр жылдары оқу ісінің меңгерушісі, 2 мәрте Лақалы сегіз жылдық мектептің директоры, Тасөткел бастауыш мектебінің меңгерушісі, Ойынды бастауыш мектебінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған. Ұстаздық қызметпен қатар, қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып, қаламгерлік қырымен ауданның рухани өміріне үлес қосты. Газет-журналдардағы тағылымды мақалалары, ғылыми еңбектері мен кітаптары — ағамыздың парасат-пайымыңыздың айқын көрінісі. Сіздің ұзақ жылдар бойы туған өлке игілігі жолында атқарған еңбегіңіз, халыққа сіңірген адал қызметіңіз – шынайы құрметке лайық. Бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Жиында аудан басшысы мерейтой иесіне мерекелік Құттықтауын табыстап, дәстүрге сай иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Игі шарада Қазалы аудандық «Білім беру саласы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі және Құрметті қызметкері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Серік Қуанышбай, білім саласының ардагерлері Айжахан Ысқақ пен Есет Аманбай сөз сөйлеп, Қадірбек Бекетұлын мерейлі 80 жасымен құттықтап, ыстық лебіздерін жеткізді.

Жиын соңында мерейтой иесі арнайы қабылдап құрмет көрсетіп жатқан барша жерлестері мен аудан басшысына шынайы алғысын жеткізді.

Қадірбек Бекетұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аудандық «Қазалы», «Тұран Қазалы» газеттерінде тәрбиелік мәні бар мақалалар жариялап келеді. Еңбек жолында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Әлихан Бөкейханның 145 жылдығына арналған «Алаш мұраты» және «Тәуелсіз Қазақстан» атты ғылыми конференциялардың жеңімпазы атанған. 2017 жылы Басықара батырдың 260 жылдығына орай «Басықара батыр, әрі би» атты кітабы жарық көрді. Әр жылдары білім саласына сіңірген еңбегі үшін Алғыс хаттарымен және Қазалы ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды.