Ардагерлерге құрмет көрсетілді

250

0

Серпінді Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, бүгінде 80 жасқа толып отырған еңбек ардагерлері Әбутәліп Есенов, Марат Сақтапов және Сергей Тоқсанбаевтарға құрмет көрсетілді.
Аудандық «Достық үйінде» өткен тағылымды шараға Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаев қатысып, мерейтой иелеріне жылы лебізін білдірді.
– Халқымызда «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген даналық сөз бар. Қариясын қадірлеп, үлкенін үлгі тұтқан елдің ұрпағы ретінде біз алдыңғы буын аға-апаларымызға зор құрметпен қараймыз. Ердің атын қашан да еңбегі шығарары сөзсіз. Бүгін ардагер ағаларымыз мерейлі 80 жасқа толып отыр. Бұл ардагер ағаларымыз үшін ғана емес, тоқсан жылдық тарихы бар ауданымыз үшін де зор қуаныш,-деген аудан әкімі Ғ.Қазантаев өмірі өнегеге толы ардагерлерге «Алғыс хат» табыс етіп, иықтарына қазақы шапан жауып, сый-сияпат ұсынды.
Тағылымды шарада мерейтой иелері құрмет көрсеткен аудан әкіміне шынайы алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта ауданды дамыту мақсатында атқаратын жұмысына жеміс тіледі.
Сонымен бірге, еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» А.Бақтиярова сөз сөйлеп, ардагерлердің қызмет атқарған жылдардағы нәтижелі еңбектері туралы айтып, тілектестігін білдірді.
Өз кезегінде тоқсанның төріндегі ардагер Р.Бәйменов жиналғандарға ақ батасын берді. Осылайша, іс-шара жоғары деңгейде қорытындыланды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<