Астана әртістері гастрольдік турмен үш ай Қазақстанды аралайды

233

0

Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында республиканың барлық өңірінде 12 мамырдан қыркүйектің соңына дейін елорданың мәдени күндері өтеді. «Астанадан ақ тілек» гастрольдік туры шеңберінде елорданың шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламаларын, көрмелерін мен қойылымдарын тамашалай алады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгін «Нұрлы жол» теміржол вокзалында астаналық шығармашылық делегацияны Қазақстанның батыс өңірлеріне аттандыру рәсімі өтті.

Астананың мәдени күндері аясында Ақтөбе, Орал, Ақтау және Атырау қалалары тұрғындарының назарына 12-28 мамыр аралығында театрландырылған қойылымдар, көрмелер мен мерекелік концерттер қойылатын болады.

«Астанадан ақ тілек» гастрольдік туры – бұл барша қазақстандықты мерейлі тоймен Астананың атынан құттықтау. Үш айдың ішінде ел өңірлерін 1500-ге жуық адам аралап шығады. Біз Қазақстанның батыс аймақтарынан бастап отырмыз. Онда Мемлекеттік филармонияның, Қазақ, Орыс драма театрларының, «Жастар» театры мен «Наз» би театрының, елорда циркінің әртістері өнер көрсететін болады. Біз әр өңірдің тұрғындары үшін бірегей бағдарлама дайындадық», – дейді Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

Астанадан «Сарыарқа» халық музыкасы және «Шалқыма» халық биі, эстрадалық би ансамбльдері, Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті, «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі, Камералық хор, «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы, қаланың Мемлекеттік академиялық филармониясының үрмелі және оркестрлері өңірлерге гастрольдік сапарға аттанады. Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ театры, М. Горький атындағы орыс драма театры, «Жастар» театры мен «Наз» би театр өз үздік қойылымдарын дайындаған.

Тәуелсіздік сарайының ұжымы көрермен назарына «Елбасы – Елорда» көрмесін ұсынса, астаналық цирк әсерлі шоуын көрсетпек. Спорт сүйер қауымды да жарыстар, біріншіліктер күтеді. Астананың мәдени күндерінің аясында түрлі өңірлерде жас жүзушілер, гандболшылар, дзюдошылар, хоккейшілер, кикбоксшылар арасында матчтық және жолдастық кездесулер өтеді деп жоспарлануда.

Батыс Қазақстаннан кейін елорданың шығармашылық делегациясы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарына аялдайды. Мұнда әртістер 2-22 маусым аралығында өнер көрсетеді.

14 және 15 шілдеде Павлодар, 17-18 шілдеде Семей және Өскемен қалаларының тұрғындары астаналық мәдени ұжымдардың өнерін тамашалай алады.

Келесі аялдама – Оңтүстік өңірлері. 25 шілдеден 3 тамызға дейін елордалық әртістер Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында болып қайтады. 18-19 қыркүйекте астаналық жалынды құттықтаулар Алматы облысына жетеді.

Гастрольдік сапардың соңғы нүктесі Алматы қаласы болмақ. Мұнда, сондай-ақ Астананың мәдени күндерінің гала-концерті 22-24 қыркүйекте өтеді деп жоспарланған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<