Конституция

Аудан әкімі ауыз су нысандарының жұмысымен танысты

4

0

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кенті мен Шитүбек елді мекеніндегі стратегиялық маңызы бар ауыз су нысандарын аралап, олардың жұмыс барысымен танысты.

Атап айтқанда, аудан басшысы Әйтеке би кентіндегі «Сыр суы» филиалының «Байқожа» топтық су құбыры өндірістік бөлімшесіне қарасты №6 су тарату бекетінде, «Арал–Сарыбұлақ» топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесінің №1 су көтеру-тарату бекетінде және Шитүбек елді мекеніндегі №2 су тазалау-тарату бекетінде болып, нысандардың қазіргі жай-күйін көрді.

Әйтеке би кентіндегі №6 су тарату бекеті бүгінде штаттық режимде жұмыс істеп, халықты тәулік бойы үздіксіз таза ауыз сумен қамтамасыз етуде. Бекет аумағында сыйымдылығы 1000 текше метр болатын 2 су сақтау қоймасы орналасқан. Мұнда тәулігіне 1500–2000 текше метр ауыз су қабылданып, «Қазалы–Арал Сарыбұлақ» топтық су құбыры өндірістік бөлімшесіне қарасты су көтеру-тарату бекетіне жіберіледі.

2023 жылы Майлыбас ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылы мен Байқожа елді мекенінің аралығындағы «Байқожа» топтық су құбырының сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту жобасы бастау алған болатын. Ауқымды жобаның негізгі мақсаты – Қазалы ауданының теміржол бойында орналасқан Әйтеке би кенті, Алтай, Ойынды, Көбек, Қызыләскер, Майлыбас, Еңбекшіқазақ, Байқожа және Ақсуат сынды 9 елді мекенді сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету. Қайта жаңғырту аясында су құбыры желілері жаңартылып, тозығы жеткен инженерлік инфрақұрылымдар алмастырылды. Бүгінгі таңда мердігер мекеме – «ТемірСтрой сервис и Ко» ЖШС тарапынан жоба аясындағы жұмыстар толық аяқталуда.

Одан кейін аудан әкімі «Арал–Сарыбұлақ» топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесіне қарасты №1 су көтеру-тарату бекетіне барды. Бұл нысан 1993 жылы пайдалануға берілген және ауданның негізгі су инфрақұрылымдық нысандарының бірі саналады. Бекетте жалпы сыйымдылығы 21 750 текше метр болатын 6 су сақтау резервуары орналасқан. Мұнда тәулігіне «Арал–Сарыбұлақ» топтық су құбырынан 8 500 текше метрге дейін, ал «Байқожа» топтық су құбырынан 1500–2000 текше метрге дейін ауыз су қабылданады. Нысанда 13 насос қондырғысы жұмыс істейді, олардың жалпы өнімділігі сағатына 1 195 текше метрді құрайды.

Жазғы кезеңде бекет арқылы Әйтеке би кентіне тәулігіне 8 000–10 000 текше метр, ал елді мекендерге 2 500–3 000 текше метр ауыз су таратылады. Нысан тәулік бойы төрт ауысыммен үздіксіз жұмыс істеп, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді. 2020 жылы бекетке күрделі жөндеу жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылымы жаңғыртылған.

Аудан басшысы бұдан соң Шитүбек елді мекеніндегі №2 су тазалау-тарату бекетінің жұмысымен танысты. 1986 жылы пайдалануға берілген нысанның жалпы аумағы 2,4 гектарды құрайды. Бекетте әрқайсысы 100 текше метр болатын 2 су сақтау қоймасы бар. Нысанның жобалық қуаты тәулігіне 2 000 текше метр ауыз суды тазалап, таратуға есептелген. 2005–2006 жылдары бекетке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Нысандарды аралау барысында аудан әкімі халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, мекеме басшыларына су тарату бекеттері мен станциялар аумағында санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізуді, нысандардың тазалығы мен техникалық тәртібін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.