Ауылды дамытудың жаңа үлгісі

6

0

Қамыстыбас ауылы жаңа серпінге ие болып, ел көлеміндегі маңызды реформалардың тәжірибелік алаңына айналды. Бұл ауылда іске қосылған SDG Hub – Қазақстандағы орнықты даму мақсаттарын ауыл деңгейінде жүзеге асырудың нақты әрі тиімді үлгісі. Бастама – тек жоба емес, басқару философиясының жаңаруы, халық пен билік арасындағы сенімнің нығаюы, ауылдан басталған ірі өзгерістердің айқын көрінісі.

Аталған жоба «GLOCAL – Қа­зақ­станда ОДМ жергіліктендіруді алға тарту бойынша жаһандық әрекет» ая­сында жүзеге асырылып отыр. Оның басты мақсаты – халықаралық дең­гейде қабылданған стратегиялық бас­та­маларды жергілікті халықтың нақты қажеттіліктерімен үйлестіру. Яғни, жалпыұлттық және жаһандық жос­парларды қарапайым ауыл өмірімен байланыстыру, тұрғын­дардың өз бола­шағын өздері айқын­дауына мүмкіндік жасау.

Жобаның жалпы бюджеті 428 мың еуроны құрайды, оның ішінде Еуропалық Одақтың үлесі 400 мың еуро болды. Бұл қаражат негізінен адам капиталына, яғни тұрғындардың білімін, біліктілігін және белсенділігін арттыруға бағытталды. Өйткені тұрақты дамудың басты тірегі – халықтың өзі.

Еуропалық Одақтың Қазақстанда­ғы өкілдігінің ынтымақтастық жө­ніндегі басшысы Йоханнес Баур бұл баста­маның мәнін кеңінен түсіндіріп, ауылдық деңгейдегі реформалардың маңызын ерекше атап өтті.

‒ Біздің мақсатымыз тек ірі қала­лармен жұмыс істеу емес, біз ауылдық өңірлерге ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені нақты өзгерістер дәл осы жерден басталады, ‒ дейді Й.Баур. ‒ Қазақстанда жергілікті өзін-өзі бас­қаруды дамыту бағытында маңызды өзгерістер жүріп жатыр. Жаңа сай­ланған әкімдер, мәслихаттардың кү­шеюі, осының бәрі халықтың шешім қа­былдау процесіне қатысуын арт­ты­рады. Біз бұл үдерісті толық қол­даймыз.

Йоханнес Баур Еуропа елдерінің тәжірибесін мысалға келтіре отырып, жергілікті басқарудың рөліне ерекше мән берді. Оның айтуынша, Польша шамамен 30 жыл бұрын Қазақстанмен бір деңгейде болды. Алайда олар жер­гілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, өңір­лерге нақты өкілеттіктер мен бюд­жет бөлді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні экономикалық тұрғыдан дамыған мемлекеттердің қатарына қосылды.

Қамыстыбас ауылында жүзеге ас­қан SDG Hub дәл осы тәсілдің нақты көрінісі болады. Мұнда алғаш рет ауыл тұрғындары өздерінің даму жос­парын әзірлеуге тікелей қатысып, ба­сым бағыттарды өздері анықтады. Нә­тижесінде алты негізгі бағыт бел­гіленді: сапалы білім, гендерлік теңдік, таза су және санитария, тұрақты елді мекендер, жауапты тұтыну және теңіз экожүйелерін сақтау. Баур мырза ауыл тұрғындарының белсенділігіне ерекше тоқталды.

‒ Біз Қамыстыбаста өте белсенді адамдарды көрдік. Олар өз ауылын дамытуға шынайы ниетпен кірісіп отыр. Экономикалық жағдайды жақ­сар­туға ұмтылады, мұндай бастама­лар­ды қолдау тұрақты дамудың ең тиім­ді жолы, ‒ деп бөлісті ол.

Бұл процесте TALD – аумақтық дамуға жергілікті тәсіл әдіснамасы қолданылды. Бұл тәсіл жоспарлау, іске асыру және мониторинг кезеңдерінің барлығына халықтың қатысуын қам­тамасыз етеді. Соның арқасында ауыл тұрғындары тек тыңдаушы емес, нақ­ты шешім қабылдаушыға айналды. Жо­ба аясында 76 адам арнайы оқы­ту­дан өтіп, олардың басқару, құқық­тық, талдау және цифрлық дағдылары ай­тар­лықтай артты. Оның ішінде 24 тұрғын үш жұмыс тобына бірігіп, ауылды дамыту бағдарламасын әзір­леуге және іске асыруға тікелей қа­тысты. Осының өзі халықтың өз тағ­ды­рына бейжай қарамай, белсенді ұс­та­ным танытқанын көрсетеді.

Сонымен қатар жоба шеңберінде жергілікті бастамаларды қолдау ме­ханизмі енгізілді. Нәтижесінде үш жо­ба қаржыландырылып, олардың жал­пы құны 18 млн теңгеден асты. Олар әлеуметтік қызметтерді дамытуға, эко­логиялық мәселелерді шешуге және ауыл инфрақұрылымын жақсартуға ба­ғытталған. Й.Баур осы тұста тұр­ғын­дар бастамаларының нақты жүзеге асуының маңызын ерекше атап өтті.

‒ Ең маңыздысы адамдар өз идея­ларының жүзеге асқанын көруі, егер тұрғындар өз ұсыныстарының нақ­ты жоспарға еніп, іске асырылып жат­қанын байқаса олардың белсенділігі артады. Бұл тұрақты дамудың негізгі қағидасы, – дейді маман. ‒ Жоба ая­сында көпдеңгейлі серіктестік жүйесі де қалыптасты. Мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және жергілікті тұр­ғындар арасында тиімді байланыс ор­нады. Өз кезегінде басқару сапасын арттырып, қабылданатын шешімдердің нәтижелілігін күшейтті. ‒ Бүгінгі таңда Еуропалық Одақ Орталық Азияға ірі көлемде инвестиция бағыттап отыр – мысалы энергетика саласына шамамен 4,8 млрд еуро бөлінді – бұл қаражат жаңартылатын энергия көздерін да­мытуға – энергия тиімділігін арттыруға бағытталған. Қызылорда жерінің ең ірі потенциалы күннен энергия алу бо­лып табылады. Бұл жобалар ау­қым­ды түрде талқыланып, іске аса­ты­нына сенімдімін. Су ресурстары – Орталық Азия үшін ең үлкен сын-қатердің бірі. Болашақта бұл негізгі мәселеге айналуы мүмкін, сондықтан біз су мен энергетика саласында за­манауи тех­нологияларды енгізіп, мем­ле­кетаралық ынтымақтастықты кү­шей­туіміз қажет.

Баур мырза көлік және логистика саласына қатысты да қандай жұмыс жүріп жатқанына тоқтала кетті. Оның айтуынша, Орталық Азия­да­ғы көлік инфрақұрылымын дамы­туға шамамен 10 млрд еуро инвес­ти­ция қарастырылған. Бұл Еуропа мен Азия­ны байланыстыратын страте­гия­лық дәліздерді дамытуға бағыт­тал­ған. Қызылорда облысы осы тұр­ғыдан маңызды логистикалық орта­лыққа айнала алады. Ол өңірдің гео­гра­фия­лық артықшылықтарын да атап өтті. Аймақ Еуропа – Орталық Азия – Қытай бағыты бойынша маңызды транзиттік торапқа айналып келетінін баяндап, инфрақұрылымды дамыту бүкіл өңірдің экономикалық өсіміне ықпал ететінін айтты.

Сонымен қатар Global Gateway бағ­дарламасы аясында инфрақұрылым, энергетика, цифрландыру және эко­логия салаларында ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл ұзақ мерзімді серіктестіктің берік негізі ретінде қарастырылады.

Білім беру саласы да назардан тыс қалған жоқ. Erasmus+ бағдарламасы арқылы студенттер мен оқытушыларға халықаралық тәжірибе алмасу мүмкін­дігі ұсынылады. Бұл ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Қамыстыбас ауылында тұрғындар пікірі ескеріліп, әр ұсыныс нәти­же­ге ұласып жатыр. Бұл – қоғам­дағы се­німнің, бірліктің және жауап­кер­ші­ліктің көрінісі.

Сондай-ақ Қамыстыбас – бүгін тек ауыл ғана емес, жаңа Қазақстанның үл­гісі. Мұнда халық өз болашағын өзі қалыптастырып жатыр. Бұл жер­де басталған өзгерістер ертең басқа өңірлерге таралып, тұтас елдің да­муына серпін беретіні сөзсіз.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»